Өткен ғасырларда сөздің майын тамызған халық ретінде талайларды тамсандырған бабалар тілін бүгін қалай жалғастырып жүрміз? Өкінішке орай «менің тілім ысылмаған, менің сөзім ысылмаған» деп ойланатын, мойындайтын адамдар аз. Керісінше «мен не айтсам да, қалай айтсам да дұрыс айтып тұрмын» деп ойлайтындар жетіп-артылады. Ауызекі сөз сөйлеуде той-томалақта қолына микрофон ұстап, бос, мәнсіз, мағынасыз сөздерімен елдің уақытын алып тұратын тойшыларды былай қойғанда, радио, теледидарларда сөздің жоғын жоқтап жүрген журналистердің сөздеріне де қарнымыз ашатыны жасырын емес. Мұны бәріміз көріп те, естіп те жүрміз. Менің осы ойымды «Қазақстан» телеарнасының мазмұнды хабарларының бірі «Айтуға оңай» (31.07.15) хабары осы кемшілікті көтерді де, ойда жүрген түйткілді қозғап, менің қолыма қалам алғызды.
Өкінішке қарай, өзінше тың жол іздейміз деп, «артық қылам деп тыртық қылып» жатқандар да аз емес. Сондықтан радио, телевидение журналистері өзінің “жұлдыз болсам” деген ойын ысыра тұрып, «жаман нәрсе – жұққыш» екенін есте ұстап, «менің сөзімнен кім не алар екен, жастарымыз не үйренер екен?» деген ойды басты орынға қойса екен деймін. Сөз тіркестерін ойына келген сөздермен өзгертуді олар ерекшеленудің бір жолы деп түсінетін сияқты.
Сөзім дәлелді болу үшін «ауыздары ысылмай келген» кейбір журналистердің тіркестерінен біраз мысал келтірейін. «Қазспорт” телеарнасындағы мына тіркестерге назар салайық: «Жарақат алып қалу қаупі бар…». Адам қауіпті алдын-ала болжап барып қауіптенбеуші ме еді? Спортшы ол қауіпті өте жақсы біледі. Бірақ ол сайыс үстінде қауіпті емес, жеңісті ойлайды. Қауіпті ойлап тұрса оған қайдағы жеңіс! Оған ойланатын уақыт жоқ. Жарақат я алады, я алмайды, белгілі нәрсе. Сондықтан сайыс кезінде «жарақат алып қалуы мүмкін» деген сөз орынды емес пе?.. «Мұхит асып келген жанкүйерлердің қарасы да көрініп тұр…». Ол қандай «қара»? Дұрысында «қара» деген омоним көз ұшында келе жатқан нәрсенің кім екені, не екені белгісіз, алысқа көзі жетпеген жағдайда айтылатыны белгілі. Ал көз алдында тұрған адамдарды «қара» дегені қалай? (8.02. сағат 14.45). Тағы осы арна (9.02 сағат 21.25) кезекті хабарында «қателікке иек артты» деген тіркес айтты. Сонда ол сайыс үстінде қателікке «қауіпке дайындалғаны сияқты» алдын-ала дайындалып, иек артып келе жатқан болды ғой… Қалай түсінесіз? «Әттеген-ай, қателесті немесе қателесіп қалды», т.б. десе біреу тондарын шешіп ала ма екен? «Жаттығуды орындады» деудің орнына еш шарт жоқ болса да «шартын орындады», т.б. деген тіркестерді естіп отырып, назаланасың да Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деген жолдарын еріксіз есіңе аласың. Бұл келтірілгендер бірер ғана мысал. Осы сияқты сорақы тіркестер мен мазмұнсыз бос сөздерді тікелей хабар жүргізіп отырған радиожурналистерден күнде естиміз. Сондықтан да журналист болғысы келетіндердің, жалпы журналистердің кедір-бұдыр сөйлемей, «ауыздарының ысылып» келгендері дұрыс шығар! Сондай-ақ, қазір бүкіл қазаққа, тіпті журналистердің өздеріне де бір тіркес қосылды. Ол – екі сөз сөйлесе бірін «…және де…» деп сөйлейтіндері . Мұндағы «және» де, «де» де – шылаулар. Шылауларда еш мағына жоқ. Оның міндеті – сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыру, кейбір сөздерге үстемелік мағына беру. Өкінішке орай, біз осы 2 мағынасыз сөзді, яғни екі шылауды екі сөздің арасына қатар қолданып, ойланбастан солай сөйлеуге көштік… Біреу айтып еді, бәрі сөздіктеріне қосып алды. Міне – жаман нәрсенің жұққыштығының дәлелі. Көпшілігіміз «онда тұрған не бар?» деп, өзімізді жұбатып жатамыз. Ол – өзіне, өзінің сөзіне сын көзбен қарай алмайтын жандардың жауабы. Түсіне білсек, дұрыс қоғамда, дұрыс адамда, әсіресе, журналистерде мүмкіндігінше «онда тұрған не бардың?» болмағаны абзал.
Келесі бір жан айқай – тыңдармандарының кумирине айналған кейбір орта буын мен жас әншілеріміздің де осы бағытта ән шырқайтындығы. Ауыз әдебиетіміздегі тақырыпсыз жеткен қара өлең жолдарын халықтық әуеннің кез келгеніне салып айтқандарыңызға қарсылығымыз жоқ. Ал тақырыбы бар халық әндері белгілі бір мағынаға құрылатынын естеріңізге салғым келеді. Сол мағыналы сөздерді өз қалауларынша мазмұнсыз сөздермен ұйқастырып, ауыстырып жаңалық ашуға құмартпасаңыздар екен!? Баяғыдан тасқа қашап жазып кеткен халықтың, сонымен қатар бұрынғы ақындарымыздың құлағымызға сіңген әдемі сөздерін өздерінше ауыстыруға әншілеріміз құмар болып барады. Ол өлеңнің сөзін қалауларыңызша өзгертетін хақы-
ларыңыз жоқ. Өйткені, оны сіздер жазған жоқсыздар. Сүйікті әншілеріміздің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, «ішің білсін әлу-ай» демекші, өздерін өздері тауып алар…
Мысалы: «Әйкен-ай» әніндегі «Әйкен-ай, кел, шырқалық, кел, кел-ай» деген жолды «Кел, билейік, кел, кел-ай» деп айтуды ұнатады. Сол ән шыққан кездегі Әйкендердің бүгінгі қыздардай билемегенін әншілеріміздің білмегені ғой… «Қарай көзім жете алмадым жер шалғай, жалғыз өзім» деген жолдардағы мағына – алысқа көшіп кеткен адамын сағынып, зарығып, оған жете алмай отырған адамның сағынышты зары туралы зарлы ән, қымбатты әншілер! Ал бір әнші «Қарай көзім, есіңде ме кешегі айтқан сөзім» деп «жаңалық» ашып еді, кейінгілер де тура солай қайталап жатыр. Сіздердің өзгерткен жолдарыңыздағы – әңгімелесіп отырған екі адамның бірінің кешегі айтқан сөзін екіншісінің бүгін ұмытып қалғанынан не пайда таптық? Ал ән – зарлы ән! Адамның көзіне жас алдыратын ән! Біреудің кешегі айтқан сөзін бүгін ұмытып қалғанына осынша зарлана ма адам! Осы да жаңалық па?! Төлеген Мұхамеджановтың Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Аяулым» деген әніндегі:
«Өмір түгіл өзімді де білмеймін,
Сені ойласам, көзімді де ілмеймін.
Бір білерім – сені сүйген екенмін
Сені мәңгі аялаумен өтермін», – деген қайырманы біраз әншілер «төзімді де білмеймін» деп шырқап жүр.
Ал төзімді білмеген адам орнынан атып тұрып бір шара істеуі керек қой, себебі оның төзімі жоқ, төзе алмайды! Ал мұнда төзімнен гөрі жақсы көретін адамын кездестіріп, оның махаббат па, басқа ма өзі де түсіне алмай, соны ойлап көзін іле алмай жатқандық туралы емес пе? Әрі, шын ақын өлсе де екі «білмеймінді» (әсіресе мағынасыз «білмеймінді») қатар қоймайды. Шумақтардағы қайталанып тұрған «білмейміндер» басқа әңгіме, ал қайырма олай қайталанып тұрған жоқ! Шумақ пен қайырманың ұйқастары екі түрлі ұйқас! Бұл – ана тілін түсінбегендік! Маған «сіздікі дұрыс емес, әншінікі дұрыс» десе автор өзі айтар.
Нұтфолла Шәкеновтің сөзіне жазылған Қапан Мусиннің «Пошташы әнін» біраз әншілеріміз айтып жүр… Бұл әнді Суат Әбусейітов ағамыз:
Е-е-ей! Алақай дей бер, хатты ал, ал!
Ей, алдымен секір хатты ал, ал!
Ей, алғаным алғыс сіздерден,
Тағы да келем күнменен! – деп құлағымызға сіңдіріп кетіп еді. Бір басқа ұлт өкілі соңғы жолды айтуды қиынсынып, өзінше «Қымбатты достар, до- ос-тар» деп еді, бүкіл қазақ осылай шырқады да кетті… Ойланған бірі жоқ! Ал бұны Суат атасынан түпнұсқасын тыңдамаған кейінгі жас толқын қайдан білсін, олар да осы жолмен шырқап жүр. «Қымбатты досты» осы араға қыстырудың қанша қажеттілігі бар!? Пошташы «қымбатты досына» ғана келіп тұрған жоқ қой. Ол бүкіл елді аралап жүретін адам екенін де білмейміз бе, сонда? Осылайша түпнұсқасы естімеген жас ұрпақты неге бұрыс жолға саласыздар, қымбатты әншілер!
…Бәрін тізу мүмкін емес, осылайша кете береді… Осындай өрескел бұзылып жатқан қателіктерге тосқауыл қоятын жанашыр қазақтың табылмай тұрғаны да өкінішті! Ең өкініштісі– бұл қателіктерді көзі ашық адамдардың бәрі білетіндігі, бірақ соған мән бермейтіндігі! Осы мән бермеушілік түбімізге жете ме деп қорқам! Бұл– мен келтірген 2-3 мысал ғана. Мектеп сахналарында ән шырқап жүрген оқушыларымыз әншілердің қате айтылған сөздерін тура солай қайталап жүр! Осыған не айтар едіңіздер? Көрдіңіздер ме, қандай жауапкершілік! Олай қателеспеңіздер, себебі сіздердің таспаға қашап жазған әндеріңіздің келесі ұрпақтарға қалатынын ұмытпаңыздар!? Жазу-сызуы жоқ заманның өзінде ауыздан-ауызға саф таза, дұрыс қалпында жеткен халық еңбегін жазу-сызу дамыған бүгінгі заманда ұрпағымызға қалай болса солай бұзып қалдырғанда ұтпағымыз не!? Ол ән таспаға жазылып қалған соң, оны солай естіген келесі ұрпақ солай ойламай ма? Кедір-бұдыр сөз сөйленіп, кедір-бұдыр әндер айтылмаса қандай ғанибет! Елдің болашағына шын жаны ашитын болса, «жұлдыздарымыз» осы туралы ойланып, айтатын әндерінің сөзі мен мәтінінің мазмұнын алдымен өздері түсініп алса екен. Cіздердің қарапайым тыңдаушыларыңыз ретінде, бет-әлпеттеріңіз бен сыртқы имидждеріңізге қалай көңіл бөлсеңіздер, айтатын әндеріңіздің мазмұны мен сөзіне де сондай көңіл бөлсеңіздер екен деймін. Біз сіздердің әндеріңізді сүйіп тыңдаймыз. Алайда, халықтың шын ықыласына бөленгілеріңіз келсе, әндеріңіз де шын болса екен. Өздеріңіздің қымбат бағаларыңызды арзан сөздермен, арзан әрекеттермен арзандатпасаңыздар екен! Өйткені, ұрпақ тәрбиесіне сіздер де жауаптысыздар, құрметті жұлдыздар!