ЖАН ТАЗАЛЫҒЫ (әңгіме)
14.05.2024
1302
0

 Әскер қатарына алынған Жайлау мектеп қабырғасында жүргенде тек жағырапия пәні арқылы танып-білгені болмаса, ауасын жұтып, суын ішемін деген ой түсіне де кірмеген сонау қиыр шет­тегі Приморье өлкесінің Ольга ауданына орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрамынан бір-ақ шықты. Мұнда келгеніне екі айдың жүзі толар-толмас мезгіл өткенімен, Жапон теңізінен соғар ызғырық желге де, екі күннің бірінде төпеп жауар қарға да бойы үйреніп, әскери өмірге тез төселіп алған. Әскери оператор мамандығына машықтандырушы бөлімше командирі сержант Цыганковтың ықылас құрметіне ие болып жүрген мұны бірде бөлімше бастығы капитан Осипов өзіне шақырып:
– Қатардағы жауынгер – Малдыбаев! Сен ертеңнен бастап «дембельге» кеткен жауынгердің орнына казармаға жылу беретін қазандыққа «қызметке» барасың. Жаңа мансабыңмен құт­тықтаймын! – деп мысқылдай күлді. Капитанның кемсіткеніне намысы келіп, қаны басына тепкенімен, амалсыздан дымы құрыған. Сөйтсе де:
– Құп болады, жолдас капитан! Кетуге рұқсат етіңіз? – деп кілт бұрылып шыға жөнелген. Алайда капитан Осиповтың өзін әжуалаған мысқылы құлағынан кетпей, жүрегіне шемен болып қатып үлгерген болатын. Бірақ «битке өкпелеп, тоныңды отқа тастама» дегендейін, өз міндетін мінсіз атқарып жүре берді. Ауық-ауық ауылды есіне алып, дос-жарандарын, әсіресе Гүлбаршынды аңсай сағынатыны болмаса, көңіл-күйі бір қалыпты еді. Ара-тұра таяу маңдағы «Веселый Яр» қалашығына серуенге шығып тұратын. 23-ақпан мерекесі қарсаңында өзіне посылка келе қалғаны. Гүлбаршыннан екен. Қауынқұрт, қауынқақ, мейіз, жаңғақ, сары өрік, печенье-конфет деймісің – бәрі-бәрін салыпты. Посылканың түбінен өзі қанша оқыса да құмары қанбайтын Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» мен Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар», «Айқас» ат­ты қос романы енген кітабы шыға келгенде қуанғаны-ай. Өзге жауынгерлердің мұнымен ісі жоқ, посылканы орталарына алып, мәре-сәре. Осы сәт казармаға капитан келе қалмасы бар ма. Бұлардың жанына жетіп келіп:
– Саяси сабақ неге өткізілмей жатыр? Мынау кімнен келген посылка? Жылан сияқты оралған мына бір нәрселер немене? Мынау не қылған «шарик?» – деп құрт­ты қолына ұстап көрді де аузына салып жіберді.
Сосын:
– Тфу! – деп тыжырына аузындағыны қолына алып, есікке қарай атып жіберді.
– Жолдас капитан, мұныңыз қалай? Бұл – сүт өнімінен жасалған құрт деген біздің халықтың ұлт­тық тағамының бір түрі. Ал мыналар – қауын деген дақылдан дайындалған қауынқақ пен қауынқұрт, – деп өзін тежей сабыр сақтап түсіндіруге кіріскен бұған капитан Осипов қабағын түйе:
– Дәрі еді, маған бұларың. Саяси сабақты неге бұзасың? Мынау не кітап? Көрсет, қане? – деп дүрсе қоя берді де қолындағы кітаптарды жұлып алып, ары-бері қарады:
– Мұның орнына әскери «уставты» жат­тағаның жөн болар. Екінші қайтара бұл кітаптарды қолыңнан көрсем, өз обалың өзіңе! – деді ызғар шаша. Сосын басқаларға:
– Ленин бөлмесінде саяси сабақ өткізіледі. Тез дайындалыңдар. Қазір старшинаны жіберемін, – деп шыға жөнелді. Жауынгерлердің бірі:
– Мінезі – мінез емес. Осы бір капитансымақтан қашан құтылады екенбіз? – деді.
Бұл ренішке өзге жауынгерлер қосылғандай сыңай байқат­ты. Жайлау бұл жолы да іштен тынған.
Күндер өтіп жат­ты. Бірде…
Түн мезгілі. Қазандық орналасқан жайдың бүйіріндегі демалыс бөлмесінде «Ұшқан ұяны» беріле оқып отырған. Капитан Осиповтың кіріп келгені. Оның көзі дереу мұның қолындағы кітапқа түсті.
– Казарма салқын. Ал сен болсан, от жанында қаннен-қаперсіз кітап оқып отырсың. Әкел, өткен жолы ескертпеп пе едім?! – деп мұның қолындағы кітапты жұлып алып, сыртындағы әскери киімдегі Бауыржан Момышұлының суретін көре тұра қазандық есігін ашып, лапылдап жанып жатқан отқа лақтырып жіберді. Жаны шыға ышқынған бұл қазақшалап:
– О, әкенді.., – деп капитанның иығынан жармаса бергені сол еді, ол тапаншасын суырып алып:
– Жаныңды жаһаннамға жөнелтпесем бе осы, – деп ызғар шаша кезене бергенде, бірге кезекшілікте жүрген майор Дубков ішке кіріп келіп, оның қолындағы тапаншаны жоғары қарай көтеріп үлгерді. Оқ тарс ете қалды. Мұны орнынан тұрғызып, мән-жайды сұрап білген ол капитанға бұрылып:
– Сіз қандай ағат іс жасағаныңызды білесіз бе? Бұл үшін әскери трибуналға кететініңізді есіңізден шығармаңыз. Ал енді менің көз алдымда кешірім сұрауыңызды бұйырамын! – деді қатулы дауыспен.
– Кешіргейсің! Кінә менен. Ағат кетіппін, – деп капитан честь берді де сыртқа қарай бет­теді.
…Көктем күндерінің бірі болатын. Округтен жауынгерлердің жалпы тазалығын тексеру мақсатымен комиссия келе қалды. Олардың ішінде мұның ескі «досы» капитан Осипов та жүр. Жауынгерлердің киген киімінен бастап, төсек-орнын, тіпті дене, тән тазалығын тексермек көрінеді. Әлдебір қауіпті сезгендей Ілияс Есенберлиннің кітабын киімінің ішіне тыға қойды. Сәлден кейін казарма ішінде бұларды сапқа тұрғызып, киімдерін, содан соң дене, тән тазалығын тексере бастады. Кезек бұған да келіп жеткен. «Шешінсем, тыққан кітабымды көріп қояды» деген сақтықпен:
– Жолдас капитан, осыдан екі күн бұрын ғана моншаға түсіп, ішкиімімді ауыстырған болатынмын. Шешінбеуге рұқсат етіңіз? – деп өтінгені сол еді, капитан Осипов:
– Бұйрық талқыланбайды. Бол, қане! Шешін! – деді жекіре. Жайлау амалсыздан көнген.
Осы сәт­те мұның не себепті шешінгісі келмей тұрғанына енді ғана көзі жеткен ол мұның қойнына қыстырған кітабын жұлып алып, жерден жеті қоян тапқандай комиссия жетекшісіне жетіп барып:
– Жолдас полковник, қатардағы жауынгер «устав» жат­таудың орнына киімнің ішіне жасырып, мынадай кітаптар оқумен шұғылданып жүр. Бұл үшін қандай шара қолданған жөн деп санайсыз? – деді.
Полковник кітапты қолына алып:
– Бұл автордың еңбектерін оқығаным бар. Тамаша жазушы. Ал сізге айтарым, жолдас капитан, жауынгерлердің тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да мән беріп жүргеніңіз жөн, – дегенде Жайлаудың көзіне жас іркілді.
Бұл қуаныштың жасы еді. Ол әскери тәртіпті жөнсіз, қаталдықпен, тіпті қатыгездікпен ұштастырғысы келетін, өзінен шені төменді таптауға, қорлауға, оның талғам-тілегімен санаспауға үйренген Осипов қана емес, мейірбан, адамгершілігі мол мына полковник-майор Дубковтай жақсы адамдардың барына керемет қуанған болатын…

 

 

Бекен ЕЛУБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір