ҚАННЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ – САУЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ
15.05.2024
110
0

   Қолыма ғалым, онколог, эпидемиолог, КСРО мемлекет­тік сыйлығының иегері А.В.Чаклиннің «Құпияға саяхат» ат­ты кітабы тиді. Дәрігер бұл еңбегінде әр түрлі елде болған сапары жайынан мол мағлұмат берген. Ең басты нысана қорқынышты рак ауруын жан-жақты зерт­теп, оған ғылыми тұрғыда тұжырым жасап отырады.
Еңбекте қан тазалығына байланысты да жан-жақты айтылыпты. Бір тұсын келтірейін. Мәселен, пигмент­ті қорғаныш туралы: «Жер бетіндегі адамдар еуропоидтар, негроидтар, моңғолоидтар болып нәсілдік үш топқа бөлінеді. Австралияда, мұхит­тарда нәсілдік тағы бір төртінші топты – австалиодтар деп бөлуге болады. Қатерлі ісікпен ауру себептерінде нәсілдердің арасында айырмашылық бар ма? Ісіктердің барлық түрі төрт топта да кездеседі. Дегенмен ерекшеліктер де бар. Негроидтарда тері ісігі біршама сирек, бауыр ісігі жиі ұшырасады, моңғолоидтарда – жұтқыншақ пен өңеш ісігі жиі кездеседі, еуропоидтарда өкпе мен тері рагы жиі тіркеледі және бес құрлықтағы тұрғындарда олардың тірлішік ұстанымы, әдет-ғұрып үрдісі, климатына байланысты аталған дерт күрделене түсетініне көзім жет­ті», – дейді ғалым. Сосын адам терісі хақында сөз саптай келіп: «терісі қара көк бала туа біткен жүрек ақауымен ауырады», – деп келетін қорытындының қателігін келтіреді. «Планетамызда АҚШ-тың Кентукки штатының оңтүстік шығысында, Трамблкам-Крик таулы ауданында терілері көк аппалачилар тұрады. Олардың терісінің түсі қанның сирек кездесетін генетикалық ауруының нәтижесінде әлгіндей күйге ұшырағанын жазады. Бұл құбылыстың себеп-салдары – елдімекеннің таулы жерде оқшау тұруы және немере туыстар мен аға-қарындастарының ұдайы некелесіп отыруы»… Осы жолдарды оқығанда біздің ата-бабамыздың әулиелігіне тағы да бір мәрте көзің жетіп, қазақ болып туғаныңа разы боласың. Жеті атадан қыз алыспайтын ұстанымымыз болмаса, өзі аз қазақтың күйі не болар еді дейсің… Қайран менің қара тырнағына дейін асыл, алтын ата-бабаларым-ай!..
Дәрігер-ғалым әйел сұлулығына қатысты да қызықты мәлімет­тер келтірген екен, бей-жай оқи алмадым. Авторға сүйеніп сөз сабақтасам, бұдан екі жүз жыл бұрын Рамаччини Пауеде тұрмыс құрған әйелдерге қарағанда, монах әйелдерде сүт безі рагымен ауыратындардың саны көп болған көрінеді. Кейін бұл статистикалық тұрғыда қуат­талған. Италияда монах әйел­дердің денсаулығын тексеру туралы шешім қабылдап, Ватикан да бұл бастамаға тосқауыл болмайтынын мәлімдейді. Нәтижесінде 14 мың монах әйелге профилактикалық байқау жүргізіледі. Бірінде жатыр мойны рагы, 39-ында сүт бездерінің және 400-інде бездердің ісік алды зақымдалуы байқалады.
Дәл осындай тексерулер кейін өзге аймақтарда да жүргізіледі. Нәтиже сол, монах әйелдер тұрмыстағы әйелдерге қарағанда аталған дертке көптеп шалдығады екен. «1977 жылы американ остеопат­тарының журналы монах әйелдердің сүт безі рагын тағы бір зерт­теу туралы хабарлады. Монах әйелдерге 1500 анкета жіберіліп, 1178 жауап алынған. Монах әйелдерде сүт бездерінің рагы барлық ракпен ауырғандардың 55 пайызын, ал қалған әйелдерде 27 пайызын құрады», – деген мәлімет­ті оқимыз кітаптан. Бұл мәлімет­тердің шаңын неге қағып отырмыз, «қыз бала ана болуға талпынуы керек» дейтін қазақы қағида мен ата-баба тәрбиесінің артықшылығын атап өткіміз келеді.

ҚАСҚЫРДЫҢ ҰЛЫҒАНЫН ГҮЛ ДЕ ҰНАТАДЫ

Қасқыр болмаса табиғат сүрең тартады, тіпті тіршілік тоқтап қалуы да мүмкін еді. Табиғат­тағы бүкіл жасыл жамылғы, яки өсімдіктер мен ағаштар әлемі қасқырдың болғанын қалайды. Бөрілердің ұлығанын тау-тас пен су, орман жақсы көреді. Нәзік гүлдер де ұнатады. Неге дейсіз ғой! Оның себебі, қасқыр бар жердің суы тұнық, ауасы таза болса, өсімдігі мен тал-терегі түзу өседі, алуан гүл мен шөп-шүйгін еркін өседі. Жеміс-жидектер өнімді болады. Күллісі көк бөрілердің арқасында табиғи қалпын сақтайды. Тәңір бөріге үлкен міндет жүктеген. Тау көтере алмасты ең әуелі адамға салмақ етіп салған, сосын осы – көкбөрілерге артқан.лексе сасып, су ластанады, тайыз тартып, тас бұлақтардың көзі бітіп те қалады, жасыл өскіндер де жойылады. Олармен бірге жәндіктер мен құстардың түрі құриды. Қадағалаушы, қорушы болмаған соң жан-жануарлар төңірегіндегінің барлығын күйсеп жеп, жапырып отап, суды сарқып, батпаққа, сорға айналдырып, ақыры табиғат­ты өлтіріп тынады. Бұл сөзімізге дәлел өте көп. Қасқырды қолдан құртып жіберіп, жер бетінің көптеген ел мен жері сұлу табиғатынан айырылды. Американың ұлт­тық парктері ұзақ жылдар, тіпті ғасыр бойына зардап шекті. Бұл өңірлерге қасқырларды алып барып, оқымыстылар бір амал қылғаннан кейін барып, Йеллостоун сияқты ұлт­тық парктері қайтадан қалпына келіп, гүл жайнады, тіршілік оралды.
Қасқырлар болса, олардан қорыққан аң мен құстар табиғатқа орасан зиян келтіре алмайды, аяқтарын аңдап басып, сақ жүреді, бір жерден, екінші жерге қашып, су мен нуға аса зиян тигізе алмайды. Олар қайта айналып соққанша өсімдіктер мен ағаштардың «жарасы» жазылып, мың құлпырып, түлеп тұрады. Зат алмасу үдерісі үзілмей жүріп, бұғы, марал, елік, қабан, қоян, құндыз секілді шөп жегіштер мен кеміргіштердің кезекті қорегі болуға дайын тұрады. Бұлақ көздері мен өзен-көлдер де тұнып, тұңғиығын сақтап, жан-жануарлардың суаты болуға әзірленеді.
Қасқырлар аңдардың тек ауруын аңдып жүріп, жемтік қылады. Сау аңға тимейді. Сау аңның өзі де азулыларға оңай олжа болмасы анық. Бұл да – мың мәрте дәлелденген дүние. Қасқыр қарны ашқандықтан аңға шаппайды, онда есеп бар, сол есебін түгендейді.
Американың Миннесоте штатындағы тағы бір ұлт­тық паркте құндыздарды (бобр) жеп, судың көзін қорғаған қасқырлар хақында көпшілік біледі. Міне, көкшуландардың сезімталдығы, ойлау жүйесі басқа аңдардағыдай емес, бөрілер табиғат­тың қамын ойлайды, оның тазалығын қорғайды. Бір сөзбен айтқанда, табиғат сақшысы һәм санитары.
Сонымен қасқыр бар жерде – өмір бар, тіршілік тұрақты болып келеді. Нәп-нәзік гүлдер мен көбелектер де маңайында бөрілердің болғанын қалайды екен. Бір үйір, тіпті бірнеше үйір қасқыр бір ізбен жүреді. Құмырсқаларды жазатайым басып кетпейді. Олардың айналасына һәм бір-біріне адалдығы мен махаббат­та тұрақты екені де ежелден мәлім. Мен таныған, біз білетін көк бөрілер осындай! «Ит­тің – иесі болса, бөрінің – Тәңірісі бар» деп ата-бабамыз біліп айтқан.

 

 

Мұнайдар БАЛМОЛДА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір