ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ – БИЗНЕС ЕМЕС…
14.03.2023
181
0

Редакциямызға арнайы ат басын бұрған Сәуле Отарбаева есімді оқырман әлдебір мәселе төңірегінде сөз қозғағысы келетінін айтып қалды. Оқырманның уәжіне құлақ түрсек, қазіргі көптің көкейінде жүрген «Қажылыққа бару» жайлы мәселені алға тартқалы келген екен.

«Күйеу балам күні кеше Умраға жол жүрді. Оның бұл сапарға жиналып жатқанын кетерінен үш күн бұрын ғана білдім. Үлкен қызым да Стамбұлға жолға шығатын болып, уақытымның барлығы дерлік сол қызымның үйінде өтті де, күйеу баламмен үлкен жол алдында жолыға алмадық (күйеу балам өз баламдай болып кеткен). Кеше сәт сапар тілейін деп хабарлама жазғалы отыр едім, өзі телефон шалды. Қажылыққа барардың алдында ұйымдастырушылар арнайы жиналыс өткізеді. Сонда үйден шығарда бірден ихрам (қажылар киеті арнайы киім) киіп алуды тапсырыпты. Олай дұрыс емес екенін айтқан адамға ұстаз бірден қарсылық танытып: «Ауыздарыңды ашпаңдар маған қарап. Маған қарсы сөйлесеңдер, қазір тозаққа түсіп кетесіңдер», – деп ты­йып тастаған көрінеді. «Міне, жиналып жатырмыз. Үйден бірден ихрам киіп шығып, таксимен жүргелі отырмын», – деп күйеу балам көңілімді күпті етіп қойғаны. Себебі, кеше күн салқын болды, жаңбыр тоқтамай жауып тұрды. Әрі Қазақстаннан шыққанда тек бірдей түсті жекетті сырттан киіп, еркін киімде жүруге рұқсат бар емес пе?! Салқында құр ихрам киіп суықтап қалмаса болар еді деп алаңдап отырғанымда, таңға жуық қызым хабарлассын. Түнгі бір жарымда ұшу керек болған рейс таңға дейін кідіріп, жеті жарымда бір-ақ ұшыпты. Кіші қажылыққа ниет еткен отыз адам таңға дейін ұйықтамаған. Ұшақтың іші де салқын болатыны бәріне мәлім. Умраға мен де барғанмын. Әдетте, ихрамды Сауд-Арабияның шекарасына кіргенде немесе арнайы бөлінген қонақ үйде кисе де үлгереді. Бұл компания мұндай заңды қайдан шығарып алған», – деп кідірді Сәуле Отарбаева. Оқырман редакцияға келерден бұрын Қазақстан діни басқармасына хабарласып, осы жайттың жай-жапсары туралы білгісі келгенде, басқармадағы маман бұл компанияға қандай да бір уәж айтуға заңдық құқықтары жоқтығын алға тартқан екен. Оқырманның тағы бір ашына айтқаны: «Қазір осындай компаниялар толып кетті. Қажылыққа баруды бизнес көзіне айналдырып алған. Тіпті сапарға шыққан адамдардың денсаулығына да дұрыс көңіл бөлмейді. Бұны үкімет тарапынан бір ретке келтіру керек қой». Иә, расында қазір кез келген қуанышта қажылыққа сапарды сыйға тарту сәнге айналып кеткендей. Бұған үкім айту дұрыс емес шығар. Алайда сапар барысында әр адамның денсаулығына дұрыс көңіл бөлу де – жауапкершілікті алған компанияларға уәжіп болар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір