Кино әлемінде Айманов пен Бабочкинге айтар алғысым шексіз
Белгілі актер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Димаш (Дінмұхамет) Тілеулесұлы Акимов бүгінге дейін әлемнің 20-дан аса киностудиясында 130-дай фильмге түскен екен. Әйгілі өнер майталманымен өмірдегі, өнердегі жолы туралы сұхбат жасай отырып, біраз сырға қандық.
– Димаш аға, әсем Алматы алыс ауылдан барған сізді қалай қарсы алды?
– Ауылдан алғаш ұзап Алматыға барғанда нағашым болып келетін Салық ағаның үйіне түскенін есімде. Орысша дым білмеймін. Денешынықтыру институтына түсе алмадым. Асқақ Алатаудың етегіне орналасқан қаланың биік-биік үйлерінен басым айналып, көшесімен жүріп келемін. Көшеде сенделіп келе жатып, бір жарнамаға көзім түсті. Оқып көріп едім, орысша жазылған, толық түсіне қоймадым. Сосын бір қазақ жігіттерінен сұрап едім, «Қыз Жібек» деген кино түсірілмекші екен. Соған адам жинап жатқан көрінеді. Сұрастырып жүріп, «Қазақфильмді» тауып алдым. Бақ сынаған жұрт қалың екен. Ішке кіру үшін ұшы-қиыры жоқ үлкен кезек. Сол жерге барсаң іштегілермен телефон арқылы сөйлесесің. Кезегім жетіп, телефон тұтқасын құлағыма тосып: «Әлеу…» деп едім, арғы жақтан: «Да! Говорите!» деді гүрілдеген орысша дауыс. Қапелімде сасқалақтап, аузыма сөз түспеді. «Ну, что вы молчите? Говорите!» деп ол құрғыр тұтқаның арғы жағынан одан сайын дігірлеп тұр. Сөйлейін десем, орысшам шала-пұшық, маңайымдағы қыз-қырқыннан ұялам. Еріксіз телефон тұтқасын келесі адамға ұстатып, көпшіліктің соңына барып, қайтадан кезекке тұрам. Ойым қыздар кетіп қалғаннан кейін сөйлесу. Қойшы, орысша білмесем де бойымның биіктігінің арқасында сынақтан өтіп, фильмге түсуге жолдама алдым. Сол кезде бойым 1-де 96 болатын. Екінші режиссер Виктор Пұсырмановқа бірден ұнадым. Бірер күннен соң атқа мінуді, ат үстінде қылыштасуды үйрете бастады. 15 күннен соң Қапшағайдың маңайында 40-50 киіз үй тігіліп, кино түсіру жүріп жатқан алаңға әкелді.
– Денешынықтыру институтына түсе алмадым дедіңіз. Жалпы, сол кездерде спортпен айналысушы ма едіңіз?
– Әрине, ауылда әйгілі күрес бапкері Жихаревтің қол астында жаттыққанмын, күрес өнерінің қыр-сырына қанықпын. Ой, бауырым, Жихарев деген тамаша адам еді ғой. Кейін 2002 жылы ма екен, «Ленфильм» киностудиясында фильмге түсіп жүрген кезімде ұстазым Жихаревпен жолығып қалдым. Ол Санкт-Петербургте тұрады. Студияға алып келіп, түсіру алаңын тамашалаттым. Тек кинолардан ғана көретін әртістерді жақыннан көріп, бапкерімнің көзі атыздай болды. «Ой, Димаш, сен үлкен азамат болдың! Ризамын! Ризамын!» – дей береді. Өзі ол кісі қазақша сөйлегенде қамшы салдырмайды. Қазақша сөйлесіп жүрген біздерге студиядағы әртістер қызыға қарайды. Үйіне апарып, ет асып қонақ қылып, жік-жапар болған… Негізгі әңгімеден ауытқып кеттім-ау деймін. Иә, спортқа баулыған сол кісі. Сондықтан, спорт маған таңсық емес…
– Содан әртіс болып, киноға түсуге бел байладыңыз ғой!
– Иә, қызық болды. Түсіру барысында марқұм Құдайберген Сұлтанбаев бір кітапты қолынан тастамай әлденені жаттап жүреді. Бір күні: «Сен не оқып, жаттап жүресің осы?», – деп сұрадым. Ол әртістік оқуға дайындалып жүргенін айтты. Таңғалдым! «Ой, Алла-ай, бұл әртістік оқуды да оқиды екен-ау», – деп. Сол күннен бастап, консерваторияға (ол кезде әртістікті де сол жерде оқытады) мен де оқуға түсуге дайындала бастадым. Кейін оқуға түсіп тұрған жерімнен бір деканның кесірінен шығып қалдым. Мен Шәкен аға Аймановтың қамқорлығын көрген адаммын. Ол кісінің беделі бізде ғана емес, Мәскеу өнер ордасының ортасында да күшті еді ғой. Сол жақпен сөйлесіп, мен Мәскеуде оқитын болдым. «Қыз Жібекпен» қатарлас түсірілген «Атаманның ақыры» фильмінде де шағын ғана эпизодта ойнадым. Не екенін де білмеймін, қаз-қатар тұрғызып қойып бір адам шаммен келіп, «Мынау ма? Мынау ма?» деп сұрайды. Біз тек үнсіз тұрамыз. Осы бір шағын эпизод үшін Шәкен аға «Өзі әкесіз жетім жігіт екен», деп Ізет Бошаевты шақырып алып, 200 сом ақша жазғызып берді. Мен Мәскеуге оқуға барады дегенді естіп, анам Мұқыштың қуанышында шек болмай, бір сиырын сойып, 400 сом жіберген-ді. Мол ақшаны қалтаға басып алып, Мәскеуден, ВГИК-тің (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) төрінен, әйгілі Борис Бабочкиннің шеберханасынан бір-ақ шықтым.
– Орысша білмейсіз?
– Иә, қайдағы орысша!? Әйтеуір, өзге республикадан жолдама арқылы келген мен секілділерге бас жағында кеңшілік жасады ғой. Сосын өзім де намысқа тырысып, жатпай-тұрмай оқыдым. Мағынасын түсінбесем де сабақты түгелдей жаттап келем. Сөйте-сөйте үйрендік қой. Тіпті, 3-4 курстарда топқа староста болдым. Оны айтасыз, жоғары шәкіртақы алып жүрдім. Мектепте басқа сабақты қатырмасам да тарих пен географияны сүйіп оқығанымның сол кезде де, кейін де көп көмегі тиді. Чапаевтың ролін ойнаған Борис Бабочкин менің әкемдей болған адам. Қамқорлығын көп көрдім. Өзге суденттердің көзін ала беріп, анда-санда маған 25 сом ақша беріп қояды. «Ұлым, арақтан аулақ бол! Ішпе!» деп ақылын айтуды да ұмытпайды.
– Бұзықтық жасаған кездеріңіз болған ба еді?
– Қалай десем екен енді… Ондай болды… Бірде Мәскеуде бір жолдасымның үйіне барайын деп, жатақханадан шығып келе жатып, есік аузында үш жігітпен байланысып қалғаным. Өздерінің сазайын жақсылап берген соң, «Сенен болды», «сен бастадың» деп тәжікелесіп тұрғанымызда біреуі барып, телефон-автоматтан милицияға хабарлап үлгеріпті. Әп-сәтте тәртіп сақшылары келіп, әлгілерді емес, мені алып кетті. Әлі күнге дейін ұмытпаймын, Ионкин деген тергеуші 7 жыл арқалайтынымды айтып, үйіп-төгіп басыма бәле жапты. Мұндайды көрмегем, шыны керек, қатты қорқып кеттім. Күнде тергеу, күнде сұрақ. Бір күні әлгі Ионкинім жәбірленуші жақтан мені кешіргені жайлы өтініш пен Үлкен театрға екі билет алып берсем, істі жабатынын айтты. Мұндай қуанбаспын! Сөйтсем, ерте қуаныппын. Біріншіден, Үлкен театрға билет болмайды екен, болса да шет ел валютасымен сатылады екен. Әлгі үш «жәбірленушім» күнде күнде мен құйған араққа тойып алып, «әне, міне» деп өтініш жазбай есімді шығарды. Қойшы, әйтеуір, Бабочкиннің арқасында айтқандарын орындап бердім де құтылдым-ау, әйтеуір! Сөйтіп жүріп, инситутты тәмамдап, емтихан тапсырдық. Дипломдық жұмысымыз Шекспирдің «Отеллосында» басты роль — Отеллоны ойнадым. Гогольдың «Ревизорында» қала мэрі — Городничыйды сомдадым. Мамандар тарапынан жақсы бағаланып, мені Свердлов киностудиясына жолдамамен жіберді. Ол жаққа барысымен хакастар туралы «Бүркіт биі» «Танец орла» деген фильмге түстім. Кейін Мәскеуге оқуға жіберілген 13 баланы Алматыға қайыра шақырды. Онда да «Отеллода» басты роль – Отеллоны ойнадым. Айтпақшы, институттан соң 1 жыл әскер қатарында болып, өзіміздің Зайсанда шекара қызметінде борышымды өтедім.
– Аға, сіз туралы, сіздің кейбір қылықтарыңыз жайлы көп естиміз. Соның бірін айтып бересіз бе?
– Қандай?
– Әлгі «кипяток» оқиғасы туралы…
– Ә-ә-ә! Кезінде шынында да сондай қызықты бір оқиға болған. Мына Бурабайда «Однажды и на всю жизнь» деген көркем фильмге түсіп жатқанбыз. Күн жаңбырлы болып, демалып жатқан біздің жігіттер сол жердегі құрылысқа келген кавказдықтармен байланысып қалған екен. Кәдімгідей топ пен топ болып төбелесіп кеткенбіз. Бір кезде ішіндегі бір мықтысымен мен бетпе-бет келіп қалыппын. Қолындағы пышағын жалаңдатқан ол: «Подходи! У меня кровь горячая!» – деп айғайлайды. Шыдай алмай кетіп: «А у меня кровь кипяток!» – деп кірісіп кеткем ғой. Біршамадан соң әлгі кавказдық «Болды! Енді татуласайық!» деп қолын ұсынған. Ойымда түк жоқ оң қолымды бере бергем, ол шынашағымнан шап беріп ұстап алып, бұрап сындырып жіберді. Бірақ, сазайын алды бишара. Осы оқиға Алматыдағы Олжас Сүлейменов бастаған әдеби, мәдени ортаға да белгілі болып, бәрі де ризашылықпен айтып жүрді. Тіпті, бірде Ғабит Мүсірепов те мені көріп, сол оқиғаны еске алып, сылқ-сылқ күлгені бар. Енді мұны бұл жерде мен мақтан қылып отырғам жоқ. Тек бала кезден бойға біткен бір рух пен намыс осындай сәтте байқалады ғой.
– Әлемнің көптеген елінде болып, талай фильмге түстіңіз. Есіңізде ерекше қалғандары қайсысы?
– Шынында да осы 50 жылдық шығармашылық өмірімде 100-ден аса фильмге түстім. Көп енді… Латвияда «Фараон», Өзбекстанда «Әмір Темір», Иранда «Имам әл-Бұхари», Италияда «Бобабу», Америкада «Марко Поло», Ресей мен Германия бірігіп шығарған бірнеше фильмге түстім. Жапониямен бірлескен киностудияларда көптеген режиссерлермен жұмыс істедім, небір экран шеберлерімен қанаттаса еңбек еттім. Әрқайсысы өзінше ерекше, өзінше қымбат. Айта берсең, таусылмайды.
– Димаш аға, әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Берікхан Тайжігіт