Алғысым шексіз сіздерге!..
05.03.2024
462
0

Алғыс айту күні… Осы датаға орай: «Кімге алғыс айтсам екен? Сәулелі ғұмыр сыйлаған Жаратқанға ма, әлде өмірге келуіме себепші болған, ақ сүтін беріп, түн ұйқысын төрт бөліп бағып-қаққан ата-анама ма? Бәріңізге де айтар алғысым шексіз десем, көңілі толар ма екен? Сөзім сенімді шығар ма екен?» – деп ойландым.

Жо-жоқ. Бұл сөзге әуелі өзім сенем бе? Салмағы жоқ жеңіл көбіктей жаттанды сөзді бәріміз де айта аламыз. Сондықтан болар, «алғысым шексіз» деген сөз құнсызданып кеткен секілді. Құнды мен құнсыздың парқын ниет анықтаса керек-ті. Ендеше, шын ниетіммен алғыс айтар болсам… Сіз де ойланып көріңізші, шын ниетіңізбен кімге алғыс айтар едіңіз?
…Қазақ даласы сан алуан тарихты бастан өткерді. Тұлпарының тұяғы жеткен жерге дейін әмірін жүргізген бабаларымыз ұлы далаға әділдік орнатты. Еліне қамқор болды. Халқымыз мамыражай заманда өсті, өнді.
Одан кейінгі тарихтың «тар жол, тайғақ кешу» топалаңында жауына өліспей беріспеген, жеңілсе де жасымаған, кеудесінен жаны шықса да арын таптатпаған аталарымыз бен апаларымыздың өмірі – біз үшін өнеге. Біз үшін қастерлі.
Алаш баласының білекке сенген заманда ешкімге есе жібермегенін айтып, білімге сенген заманда көштен қалуға болмайтынын ғазиз жанын тәуекелге тіге отырып ұқтырып кеткен қайран біздің арыстар… Желтоқсанның жан шыдатпас ызғарынан ықпай, саясаттың салқын қабағынан қорықпай, қазақ жерінің иесіз емес екенін ашық білдірген бейкүнә боздақтар… Алаңда ақырып теңдік сұраған асыл азаматтар. Сол тұста Ләззат Асанова әпкеміз, қазіргі өз жасыммен салыстырсам, менен 1 жасқа ғана үлкен болған екен. 16 жасында азаттық үшін күрескен қаһарман қыз. Мұзды жарып шыққан нәзік гүл. Біздің қолымыздан осындай ерлік келер ме еді?..
Әлмисақтан қазақтың еншісіндегі қара жердің тұтастығын сақтап қалған, осынау қастерлі атамекенді ұрпақтарға аманаттап кеткен ұлы бабалар, батырлар! Алғысым шексіз сіздерге!

Бейбіт БЕЙСЕНБЕК,
№7 мектептің
8 «Ғ» сынып оқушысы
Алматы облысы
Іле ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір