Қазыналы Руда
14.09.2018
1821
1

Ғылым, ғалым, ұстаз… Осы бір үш сөздің мағынасы мен мәні қандай? Ғылым, Абай айтқандай, ғайыптан пайда болатын кездейсоқ құбылыс емес, ол шын дүниенің бойындағы объективті шындықтардың біртіндеп ашылып танылуы арқылы бірте-бірте жиналатын рухани қазына. Бұл қазынаның бір ғана иесі бар. Ол – Ғалым. Кімде-кім талмай еңбектеніп, сарыла ізденіп, санасын мәні ашылған шындықтармен толықтырып отырса, ғылымның бір саласын жете меңгерген ғалым болуы қиын емес деген-ді. Ал бүкіл ғұмырын ұстаздық жолға сарп етіп, ұрпақты ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін ұлағатты ұстаз әдебиет атты ұлы құдіретте өзіндік қолтаңбасын қалдырар ғалым атануы қиынның қиыны.

Осы бір ұстаз бен ғалым есімі­нің ауыр жүгін көтеріп, тыныс-тір­шілігін танытқан Қазақ еліне та­н­ымал үлгілі ұстаз, қайсар ару, ар­дақты ана, оқулық жазу ісінің біл­гірі, әдебиеттанушы ғалым Руда Зайкенова екеніне ешкімнің та­ласы жоқ.
Руда Зайкенова – Қыздар пе­да­гогикалық университетінде дә­ріс оқып, шәкірт тәрбиелей жү­ріп, ғылымнан қол үзбеген қа­лам­гер. «Ақ қағаз – арым, қара сия – қаным» ұстанымын бек ұс­тан­ған ғалым еңбектері қазіргі таң­да Тәуелсіз Қазақстанның жа­ңа әдебиеттану ғылымында әлем­дік деңгей әлеуетін таныту­да. Ға­лым қаламынан туған «ХХ ға­с­ыр басындағы әдебиет», «Қ.Жұмаділов шығармаларында қол­данылған мақал-мәтелдер», «Роман және тәуелсіздік», «Қазақ әдебиетінің тарихы: ұлт тағдыры және көркем шындық», «ХХ ға­сыр басындағы әдебиет және Алаш ұстанымы», «Қазіргі әдеби үр­діс», «Абайтану», «Қазақ әде­бие­ті» сынды 30 шақты оқулық пен 200-ден аса мақала мен мо­нография соның айғағы.
Ол – ҚазМемҚызПУ-нің про­­фессоры, «Ыбырай Алтын­сарин» атын­дағы төсбелгісі, уни­вер­си­теттің «Құрмет белгісі» ме­да­лімен ма­рапатталған хал­қының еңбек­қор қызы, «ЖОО-ның үздік оқы­ту­шысы» мемле­кеттік грантының ие­гері, Қажы­тайдай ақынның ән­деріне арқау болған жары, Ал­малы ауданы ардагерлер мүшесі, Ер­жан мен Нұржандай өнерлі ұл­дардың аяулы анасы, Мар­жан­дай тәтті немересінің асыл әжесі, адал құрбы, шәкірттеріне қамқор жан.
Ұстазымның 60 жасқа толған қуанышында бірқатар өнер қай­раткерлері әдемі естеліктер айт­ты. Кезінде ұстаздың жары Қа­жы­тай Ілиясұлы «Кешіктің неге сен» деп ән шығарыпты. «Иә, сол бір Қажекеңнің Руда жеңгеге ға­шық болып, артынан қалмай жүр­ген кезі еді. Руда жеңеше қа­ра­май қойды. Оқуды бітіріп туған ауылына кеткен жас маман, сол кезде дүрілдеп тұрған комму­нис­тік партия қатарына өту нау­қа­нынан шыға алмай кешігіп күз айын­да бір-ақ келеді. Сол кезде жең­гені сағынып күтіп жүргенде шық­қан ән болатын. Руда жеңге ауы­лынан келгенде, осы бір әнді Қажекең ақын жүрегімен айтып бер­ген болатын. Сол кезде-ақ Ру­да қыз сөзімді қабыл алды», деп еске алады екен ақын ағамыз. Тіп­ті, «Осы әннен кейін жеңге­ле­рің қалпақтай түсті» деп мақта­на­тын да көрінеді. Осы әнді Ер­жан Белғозиев нақышына келтіре айтып, бәрімізді баурап алды.
Секен Тұрысбеков рухани аға­сы Қажытай Ілиясұлының шын­шыл келбетімен қоса, сері­лі­гін де айта келіп: «Шынында да Руда жеңгейдің бойына жиған бі­лімі ұшан-теңіз. Кезінде өзіне емес, өзгеге әсіресе Қажағама кө­бірек мән беріп, ағайын ай­на­ласында, соның көлеңкесінде көп жүріп қалды. Әсіресе кейінгі аз уақытта жазған еңбектерін оқып, бұл сөзді көзім жеткеннен кейін айтып отырмын. Соның бә­рі ежелден жиналып келген дү­ниелер. Сондықтан шабытты ша­ғыңыз көп болсын. Келешек ұр­пақ қамы үшін әлі де талай дү­ние жазады деген үміттемін», – деді.
Ал арқалы ақын Ұлықбек Есдәулеттің:
Қажытайдай арыстанның,
Жалына ерте жабысқан кім?
Семей менен Алматының,
Барлық жерін тауысқан кім?
Білім қуып, ғылым қуып,
Қиындықпен алысқан мың.
ЖенПИ-дегі жұрағаты –
Абайдайын данышпанның.
Ол кім десе?
Ол Руда жеңешем деп дауыс­тадым! – деген экспромт шығар­ған өлеңі студенттер қауымын риза қылды.
Абай өлеңдерін жатқа оқитын Руда Зайкенқызының «Абайтану» оқулығы қолыма тигенде апай­дың «Абайға жеті атада қосы­лады екенмін» деп таң қалып оты­ра­тыны есіме түсті. Міне, ақынның ұшқыр ойынан тұтқиылдан туған осы экспромт өлеңге Руда апай­дың бүкіл өмір жолы сиып кет­кендей әсер етті.
Естеліктің екінші парағын Ру­да Зайкенованың сырлас дос, адал құрбысы 40 жыл достықтары берік Бағила Бақытжанқызының сөзімен жалғағанды жөн көрдім.
«Студеттік кез… 18-19 жаста­ғы қыз едік. Бір бөлмеде жатып, бір нанды бөлісіп жедік. Төрт жыл бірге оқығанбыз. Уни­вер­си­те­тіміздің белді студенттері бол­дық. Мен алып-ұшып 2-курста тұр­мысқа шығып кеттім. Бір күні Коммунистік партияға өтіп кел­сем, «Арман алға жетелейді» де­ген мақаласы «Лениншіл жас» га­зетіне шығыпты. Мен жайлы екен. Ол уақытта партияға өту сту­дент үшін өте үлкен абырой бо­латын. Сол кезде екеумізге рес­публиканың әр түкпірінен қан­шама хат келді десеңізші! Руда досым жазуға қабілеті бар еке­нін сол тұста-ақ көрсеткен еді. Иә, достығымыз керемет болды. Қазір қашан барсаң ноутбугін ты­қылдатып отырғаны немесе сол зілдей сандықты көтеріп алып, таңертеңнен кешке дейін Ұлт­тық кітапханадан шықпайды. Мі­не сөйтіп жүрген Рудамен бір­ге біз де 60-қа келіп қалыппыз. Зы­мырап өтіп бара жатқан уа­қыт­қа таң қалмасқа шара жоқ…», – деп құрбысының студеттік ке­зін сағынышпен еске алды. Орайы келгенде Руда апай айтқан бір әңгімені айта кетейін. Заман­ның қиын кезінде Бағила досы «Не істеп отырсың?» деп телефон шалса, Руда апай «Бір мақала жазып бітірдім» деп қуанады екен. Оған Бағила апай «Әй, бір қой сойдым дегендей болмашы осы» дейді екен. Артынан апай­дың жазғандарын оқи бастаған­нан кейін оған тәнті болады. Бір күні үйіне келген Бағила апайға «Сенің атаң Қажым Жұмалиев туралы керемет мақала жаздым, соны оқып берейінші» деп ноут­бугін ашады. Мақаланы оқып отырғанда Бағила апай кө­зі­не жас алады. Мақалам әсер еткен екен ғой деп ойлаған Руда апай «Неге жыладың?» десе, ол «Сені аяп» дейді. Сөйтсе баса-баса әріп­тері өшіп қалған әрі сандар мен белгілерді қою үшін тілін орысшаға ауыстырып, үлкен әу­ре-сарсаңмен қаншама жұмыс жазып отырған досына жаны ашы­ған ғой. Кенет Бағила апай: «Қажым атамыз туралы моног­рафия жазам деп отырсың ғой, соны жаңа ноутбуктан баста» деп сол күні су жаңа ноутбукты шо­пырынан беріп жіберіпті. Мен де апайдың кейбір әріптерінің шеті ғана қалған ноутбугін тықыл­да­тып, жаңылмай басатынына таң қалғанмен, артынан көзім үйре­ніп, мән бермеген едім…
Күйші Нұржан Қажы­тайұлы­ның: «13 жаста едім. Сыныптас­та­­­рыммен бірге 8-наурыз ана­ла­рымызға гүл алатын болдық. Ал менде ақша жоқ, жаратып қойған болатынмын. Сен неге алмайсың деген сұраққа, мен анашыма күй арна­дым деп жауап қаттым. Бала­лар таң қалды. Үйге келе сала, жанталаса күй шығарып әкеме көр­сеттім. Ол күй әкеме ұнап «Па­на» деген ат қойдық» – дегені өнерлі ұлдарды тәрбиелеген ардақты ана, ақынға аяулы жар, от­басыға ұйытқы бола білген қазақ қызының бейнесін аша түскендей.
Ескірмес естеліктер толастар емес, 22 жыл бұрын Руда апайдан білім алып, әр қияға ұшқан шә­кірт­тері бүгін, міне, өздері де шә­кірт тәрбиелеп жүр. Сол шәкі­рт­тер де студенттік шағының қы­­зық­ты сәттерімен бөлісті. «Шә­кірт­тің жақсысы – ұстазы­нан» дегендей, ең алғаш білім іздеп қалаға келіп, анамызды са­ғынып жүрген кезде бізге екін­ші ана болған Руда апайымыз еді. «Сіздердің кураторларыңыз «Әде­биет теориясы» пәні мұға­лі­мі Руда Зайкенова» деп таныс­тыр­ған сәтте бәріміз ду күліп, «Қа­зына деп қоя салмады ма екен?» демесіміз бар ма?! Міне, осы ҚАЗЫНАМЫЗ бүгінде ару­лар ордасынан талай шәкіртті бі­лім нәрімен сусындатып келеді. Көңіліміз тоқ болса да, қарнымыз аш екенін сезіп коятын. «Әй, үйге барасыңдар ма? Жүріңдер» деп ертіп әкететін. Бәріміз «Иә» деп шауып барамыз. Бар тәттісін ал­дымызға қоятын.
Менің Руда апайым! Неге ме­нің? Ғалым З.Қабдолов «Менің Әуе­зовім» десе, шәкірт ретінде ай­тарым, бұл кісі – «Менің Руда апайым». Себебі, алғаш Алматыға келгенімде ғылым жолындағы ұста­зым болса да, менің өмір жо­лындағы анамдай болды. Әрине үйренгенім көп, үйренетінім әлі де бар. Ол кісінің шәкіртке деген жан тазалығы, берер жылуы, қам­қорлығы бұның барлығы ғы­лымнан бөлек берер өнегесі. Ме­ні «Ботақан» деп еркелеткенде шынымен ғылым жолында ұстаз­дан жолы болған шәкірт болға­ны­ма қатты қуанамын.
«Иә, анамыздай қамқор жан­ды ешқашан ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да» деген бірі Назарбаев мектебінен, бірі Тал­дықорғаннан, бірі Мақаншыдан келген шәкірттерінің сөзі Руда апайдың жанының ізгілікке толы жайсаң жан, керемет ұстаз екенін тағы бір дәлелдегендей.
Ендеше, асыл сөздің қыр-сы­рын меңгерген, өзінің қалам­гер­лік шеберлігін жетілдірудің қиын асуларынан шаршап-шалдық­пай, жасқанып-жасымай, тауы ша­ғылмай өткен, еңбегінің нәти­жесі ел сүйсінерліктей деңгейге кө­терілген Руда Зайкенованың ғұмыр жолы – көпке ұлағат, ұр­паққа үлгі болсын!

Наргиза Балтабаева,
Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.04.2021 | 16:52

Менің керемет ұстазым жүз жасаңыз Руда Апай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір