Әр күнім өлең жазумен басталады
Оуянг Ю:
Оуянг Ю – аустралиялық қытай ақыны. Ханзу және ағылшын тілдерінде әдеби шығармалар жазатын Оуянг Ю өткенде «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық жыр кешіне қатысты. «Әлемдік тілдерде кітап жазатын мүмкіндікті қалай меңгердіңіз?» – деген сұрағымызды қоя отырып, Ю мырзамен әңгімелесе жөнелдік.
– Ағылшын тілін 12 жасымнан бастап әкемнен үйрендім. Өйткені, ол кісі ағылшынша мен орысшаға жүйрік еді. Мектеп бітірген соң, ағылшын және Америка әдебиеті мамандығы бойынша университетке оқуға түсіп, ағылшынша, сондай-ақ ағылшынша-қытайша араласқан өлеңдер жаза бастадым. Оқуымды тәмамдағаннан кейін Қытайдағы коммерциялық ірі ұйымдардың бірінде аудармашы болып жұмыс істеп, Америка мен Канададан келген тәжірибелі мамандарды кездестірдім. 1986-1989 жылдары Шанхайда ағылшын және Аустралия әдебиеті саласында магистратурада оқып жүріп те қытайшамен қоса ағылшынша өлең жазудан қол үзген жоқпын. 1991 жылы Аустралияның Мельбурн қаласындағы Ла Троб университетіне PhD докторантураға түскеннен бастап менің ағылшыншам жаңа деңгейге көтерілді. 1995 жылы докторантураны бітіргенде ағылшын тілінде екі жыр жинағым дайын тұрды. Оның бірі – «Мельбурн көгіндегі Ай және өзге өлеңдер» сол 1995 жылы жарық көрсе, екіншісі – «Соңғы қытай ақынының әндері» 1997 жылы басылып шықты. Міне, содан бері үздіксіз ағылшынша өлең жазып, кітап ретінде шығарып келемін.
– Сіздің поэзия, проза, әдеби сын және аударма салаларында жазған 100-ден астам кітабыңыз бар екенінен хабардармыз. Бұл – қаламгер үшін үлкен жетістік. Әртүрлі жанрда, екі тілде мұнша еңбек жазу үшін уақытыңызды қалай тиімді пайдаландыңыз?
– Иә, бүгінге дейін жаңа өзің айтқан бағыттарда 105 кітабым жарық көріпті. Өзгелерден жалғыз айырмашылығым – жазуға адалдығым және темірдей тәртіппен, нақты жоспармен жұмыс істеуім шығар.
– Күн тәртібіңізді айтып берсеңіз.
– Әр күнім өлең жазумен басталады. Әр таңда 3-4 жыр туады. Содан соң күнделік жазамын. Қытайша жазған күнделіктерім 16 том екен. Ірі көлемді шығарма жазуға кіріскенде, күніне бірнеше сағатымды сол іске арнап, апталап, айлап немесе жылдап табанды түрде еңбектенемін. Мысалы, романды 3-4 жыл жазамын. Жазудан шаршағанда, үйімнің жанындағы саябаққа барып, бірер сағат серуендеп қайтамын. Ағылшын және қытай тілдерінде жылына шамамен 1200 өлең жазады екенмін. Түнде теледидар көремін немесе кітап оқимын. Жалпы, үнемі ізденіп жүремін. Бірде-бір күнім кітап оқусыз өтпейді.
– Әдеби шығармаларыңыздың басты тақырыбы?
– Біраз туындымда жалғыздық, адамдар арасындағы салқындық, өзара қарым-қатынаста жылылықтың жетіспеуі, келімсектердің жаңа мемлекеттегі тіршілігі, махаббат тақырыптары қамтылған.
– Кітаптарыңыз қай елдерде басылып шықты?
– Әдеби аудармаларым қытайша Қытайда, ағылшынша Аустралияда жарық көрді. Ал поэзиялық жинақтарым Қазақстан, Қытай, Аустралия, Жаңа Зеландия, Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Эстония, Швеция, Дания, Сингапур, Малайзия секілді мемлекеттерде басылып шықты.
– Сүйіп оқитын қаламгерлеріңізді атасаңыз. Олар көп пе?
– Өте көп. Бірнешеуін ғана атап өтейін: Томас Харди, Дэвид Герберт Лоуренс, Арнольд Беннет, Сэмюэл Беккет, Эмиль Мишель Чоран, Томас Джеймс т.б.
– Ал қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді білесіз?
– Қазақтың ұлы ақыны Абай жайлы оқығанмын. Бірақ қазақ әдебиетімен аса таныс емеспін. Мұның себебі: қазақ поэзиясының қытайшаға не ағылшыншаға аударылмауынан секілді. Алайда Ардақ Нұрғазыны кездестірген соң, қазақ поэзиясын, негізінен, Ардақ пен Бақытжан Қанапияновтың өлеңдерін қытайшаға және ағылшыншаға тәржімалай бастадым. Аудармаларымның барлығы да жарияланған. Олардың поэзиясы философиялық, лирикалық жағынан ерекше сапаға ие деп ойлаймын.
– Тырнақалды өлеңдеріңіз жазылған балалық шағыңызға қайта оралсақ. Неге ақын болдыңыз? Біреу бағыт-бағдар сілтеді ме? Әлде бұл қабілет Жаратушының сыйы ма?
– Ақын боламын деп ақын болған жоқпын. Жаратылысымда бір сезімталдық бар. Бала күнімнен бері қайда барсам да, өлең өзі соңымнан еріп жүретіндей. Кішкентай кезімде әкем классикалық қытай әдебиетін оқытатын. Тіпті, бірнеше жырды жатқа айтушы едім. Дегенмен, ақындықты «Жаратушының сыйы» дегеніңе келісемін. Меніңше, өлең – қасиетті әрі тылсым дүние.
– Аустралиялық және қытай оқырмандары көбіне әдебиеттің қай жанрын оқиды?
– Әр адамның талғамы әртүрлі болғандықтан, бүкіл халық үшін жауап бере алмаймын, әрине. Дегенмен, жалпы алғанда, қытайлық оқырмандар үшін әлі күнге дейін поэзияның орны бөлек. Сондай-ақ, фантастикалық және драмалық шығармалар, тіпті, бұл жанрдағы фильмдер де Қытайда кең танымал. Ал Аустралияда әдебиетке мемлекет қолдау көрсететіндіктен, барлық жанрда шығармалар жазылады. Бірақ поэзияға сұраныс төмендеу. Әйтсе де, зиялы қауым поэзияны сүйіп оқиды.
– Ағылшын ақыны Дэвид Герберт Лоуренстің өлеңдерін қытайшаға аударыпсыз. Неге дәл осы қаламгерді таңдадыңыз? Одан басқа кімдерді тәржімаладыңыз?
– Лоуренсті аударуға кітапты басып шығарушы ұсыныс жасады. Оның шығармашылығын жақсы көремін бе, жоқ па, білмесе де, мені таңдапты. Бұл шешімі дұрыс болды деп ойлаймын. Өйткені, Лоуренстің поэзиясы жаныма жақын келгені соншалық – 30 жасыма дейін оның көптеген туындысын тәржімалап үлгерген едім. Сонымен қатар, еврей ақыны Иехуда Амихай, грек ақыны Яннис Рицос, ағылшын ақындары Уилфред Оуэн мен Томас Харди және т.б. көптеген шайырды аудардым.
– Алдағы жоспарларыңызды айтып берсеңіз.
– Жақында ағылшын тілінде екі новелламды аяқтап едім. Қазір екеуі екі баспада қаралып жатыр. Сонымен бірге, ағылшын және қытай тілдеріндегі бірнеше жыр жинағым да дайын тұр. Үш романнан тұратын трилогиям жуырда Тайваньда жарық көрмек. Бұл – Қытайда әлі күнге дейін қозғауға тыйым салынған тақырып – мәдени революция туралы кітап.
– Әңгімеңізге рақмет!
– Саған да рақмет!
Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА