Астанаға ақындар келді!
Астана қаласының 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық поэзия кеші болатыны жайында оқырман қауымды құлағдар еткенбіз. Ел іші елеңдей күткен жыр дүрмегіне аустралиялық ақын, Шанхай университетінің профессоры Оуянг Ю, армениялық ақын, баспагер Гагик Давтян, ресейлік прозашы, ақын, сыншы, «Литературная газетаның» Бас редакторы Максим Замшев, қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтар уақытында келіп жетті. Сонау Финляндиядан, Польшадан келген қаламгерлер де сол аталған жыр кешінен табылды. Халықаралық саясат пен геоэкономикалық мәселелердің хабына айналған Астанаға осы жолы арқалы ақындар келді.
Жыр жүйріктері жиналған кештің шымылдығын ашқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Дүниенің әр қиырынан ескен самал мен ағын біткеннің лебіне құшағы ашық Ұлы қазақ даласының қақ жүрегінде, көне аңыздан жеткен гүл тәрізді, ғажайып қала – Астана бой көтерді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың теңдессіз ерлігі мен ерен еңбегінің арқасында салынып, дамыған Қазақстан астанасына, міне, жиырма жыл болды! Ол – заңды түрде мәдениет, әдебиет, ғылым, өнер, білім, жаңа саяси және гуманитарлық идеялардың тоғысына айналған қала. Астана – әрі жас, әрі көне қала. Ол бар-жоғы екі онжылдық ішінде қайталанбас өзіндік бірегей ландшафтқа ие болып, осы жерде бұрын салынған дүниенің бәр-бәрінен асып түсті. Астана заманауи Қазақстан мен бүкіл жер жүзінің ең озық идеялары мен технологияларын кейіптейтін мегаполиске айналды. Азияның інжу-маржаны, Еуразия континентінің саяси және экономикалық орталығы – Астана өсіп-дамып, көркіне көрік қосып келеді. Оған өзгерістер жат емес. Көне түркі эпосының, ғажап қазақ әндерінің, сазды домбыра күйінің қойнауынан өсіп-өніп келе жатқан, өзгеріс атаулыны жатырқап, жасқанбайтын Поэзияның нақ өзіндей…
Елбасының «Рухани жаңғыру» – «Қоғамдық сананы жаңғырту: Нұрсұлтан Назарбаев моделі» атты ауқымды бағдарламасы ұлттың поэтикалық әлемімен һәм ақындардың туындыларымен ұштаса түсетіні айтпаса да белгілі.
Біз ару Астанада, оның жиырма жылдық тойы қарсаңында әлемнің әр түкпірінен келген ақындарды қуана қарсы аламыз! Қош келдіңіз! Сізге бейбітшілік пен келісім тілейміз!» –деді.
Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те сөз алып, кешке келген қалам иелеріне жылы лебіз білдірді:
«Қасиетті Сарыарқа даласында, Елордамыздың төрінде «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық ірі фестивальдің ұйымдастырылуы және оған қазақ ақындарымен қоса, алыс-жақын шетелден қаламгерлердің тартылуы Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына үлкен сый деп білемін. Міне, бес күннен бері Астананың жұпар ауасын жұтып, ақынның өлең жолдарындай сұлу ғимараттарына тамсанып жүрміз. Күні кеше келген қонақтар Бурабайға, Баянауылға барып, қазақ даласының қасиеті мен қастерін ұғынғандай болып қайтты. Әсіресе, шетелден келген қонақтардың әсері ерекше. «Астана бүгінде – Қазақстан жетістігі мен жеңістерінің символы» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқаны еш шүбәсіз шындық. Жаңа астана салу идеясының авторы – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» тарихи стратегиялық бағдарламасы, міне, өздеріңіз куә болып жүргендей, қазірдің өзінде нәтижесін беруде. Бұл шара да «Рухани жаңғырудың» көрінісі. Ақындар да, халық та іштей түлеп, жандары нұрланып жатқаны көздерінен-ақ көрініп тұр. «Ақ ордалы Астанам» жыр кешіне жиналып, ақындардың жырына сусап отырған астаналық ағайынның ақеділ көңіліне мың алғыс! Бүгінгі күн Астанамыздың төбесінен жыр жауған күн болсын!» – деді Жазушылар одағының төрағасы.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан поэзия кешіне қатысушылардың Декларациясын оқыды:
«Поэзия – біздің поэтикалық өміріміздің қозғаушы күші. Ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында Астананың шын мәніндегі поэтикалық образы қалыптасты. Осы бір кереметті ежелгі Есілдің жағалауында адамдар жасады. Бурабай мен Баянауылдың ұмытылмас ландшафтары қазақ халқының жадындағы мифтер мен аңыздарға, өлмейтін эпосқа жол ашады. Бұның бәрі біздің ақындық бауырластықтың жаңа өлеңдері мен поэмаларында, аудармаларында көрініс табады. Астанадағы Халықаралық поэзия кешін Ұйымдастыру комитетіне, ҚР Мәдениет және спорт Министрлігіне, Қазақстан Жазушылар одағына және «KZ SF» ЖШС-іне шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Австралия, Армения, Моңғолия, Польша, Финляндия мен Франция ақындары, поэзия кешіне қатысушылар аталмыш поэтикалық кездесу XXI ғасыр астанасы – Астана қаласында жыл сайын өтетініне сенімді. Және бұл сенім мен үміт осы Декларация арқылы беки түседі. «Ақ Ордалы Астанам» поэзия кеші бірауыздан қабылданды».
Қазақстанның Халық жазушысы Олжас Сүлейменов шет елден өзінің құттықтау хатын жолдады. Хатта: «Астанамыздың жиырма жылдығына орай ғажайып Елордамыздың төрінде өткелі жатқан «Ақ Ордалы Астанам» атты поэзия кешіне жиналған түрлі елден келген ақындар – Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Ақын сөз сұрамайды, ақын сөз алады! Қазақстанда болғанда дүниеге келген Сіздердің поэтикалық сөздеріңіз, сіздердің поэтикалық образдарыңыз осынау қарама-қайшылықты әрі қиын заманда мемлекеттер мен ұлттарды рухани біріктіруге қызмет етеді деп сенемін. Өкінішке орай, қазір Қазақстаннан тыс жерде жүргендіктен әрі уақыттың тығыздығына байланысты сіздермен бірге бола алмадым. Астанадағы поэзиялық кездесулер жыл сайын өтетініне сенімдімін. Келесі поэзия кешінде міндетті түрде боламын!» – деді.
Фестиваль бағдарламасы бойынша қатысушылардың бір тобы Бурабай өңіріне сапар шексе, бір тобы Баянауылға ат басын тіреді. Көрнекті қазақ ақындары Исраил Сапарбай, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Бақыт Беделхан, Ардақ Нұрғазы, Хамит Есаман, Бағашар Тұрсынбайұлы, Бекзат Смадияр, Нұртас Тұрғанбекұлы және Қырғыз Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов, фин ақыны, эссеші, славян, орыс әдебиетінің аудармашысы Юкка Маллинен, армиян ақыны, баспагер Гагик Давтян, орыс ақыны, аудармашы Михаил Сидельников, аустралиялық қытай ақыны, Шанхай университетінің профессоры Оуянг Ю Баянауылда болып, табиғат аясында тыныстап, оқырмандармен кездесті.
Қазаққа Бұқар жырау, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев сынды кесек тұлғаларды сыйлаған Баянауыл өлкесіне келген қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов, аппарат басшысы Қайыркен Абылғазин,
Баянауыл ауданының құрметті азаматы Қорабай Шәкіров күтіп алып, ел мен жердің терең тарихы мен мәдениеті жайлы әңгіме өрбітті. Қасиетті аудан өзінің қонақжайлығын көрсетіп, қонақтарға төрін ұсынды. Ақындар келесі күні Қ.И.Сәтбаев мемориалдық мұражайында жас оқырмандармен кездесу өткізді.
«Қасиетті, қастерлі Баянауылдай елге, жерге деген құрметіміз шексіз. Баршаңызға үлкен рақмет. Қазақтың жаны қанша сұлу болса, Баянауыл да соншалықты сұлу», – деді кеш тізгінін қолына алған ақын Есенғали Раушанов. Ал ресейлік ақын Михаил Сидельников: «Мені Қазақстанға шақырғанда алдымда не күтіп тұрғаны, қандай сапар тосып тұрғаны маған беймәлім еді. Сөйтсем, мен өмір бойы Баянауылды іздеппін. Менің көзім осыған жетіп тұр. Бұл жерде табиғи өмір, ерекше әсер, мол поэзия бар екен», – деп жүрек жарды сөзін айтты. Өз кезегінде сөз алған Оуянг Ю: «Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Қазақ елін көріп көзайым болып қалдым. Себебі, мен Аустралияда болсам да, мені азияқанды ақын-жазушы деп түсінеді. Менің көзіме Азия десе болды, Шығыс Азия, Оңтүстік Азия секілді өзім көрген мемлекеттер елестейтін. Ал, Орталық Азияға келгенде Азияның жаңа бір бетін ашқандай болдым. Табиғаты, салт-санасы маған қатты әсер етті. Бақытжан Қанапиянов, Ардақ Нұрғазы секілді қазақ ақындарын аудару арқылы мен қазақ әдебиетімен ептеп таныспын. Шығармашық адамы ретінде менің осы сапарым, өзім таныс ортаға келуім, қазақ әдебиетінің өкілдерімен етене араласуым бір ғанибет оқиға болды», – деді. Ал, Акбар Рысқұлов: «Мен Баянауылға келіп, Бұқар жыраудың, Қаныш Сәтбаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қасиетті жерін көргеніме қуаныштымын. Бар бол, Баянауыл! Аман бол, Баянауыл!» – деген тілегін жеткізді.
«Ақ ордалы Астанам» идеясының авторы және Баспа тобының жетекшісі Бақытжан Қанапиянов өзінің құттықтауында: «Поэзия – біздің поэтикалық болмыс-бітіміміздің қозғаушы жүйесі. Ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында Астананың поэтикалық образы пайда болып, тас пен шыныдан көне Есілдің жағасында осы кереметті тудырған адамдар арқылы нақты шындыққа айналуда. Ал естен кетпес Бурабай мен Баянауылдың көркем жер бедері поэтикалық тұрғыда көз алдымызға мифтер мен аңыздарды, қазақ халқы жадының өлмес эпосын жайып салады. Мұның бәрі жаңа өлеңдер мен поэмаларға, біздің поэтикалық бауырластығымыздың жаңа аудармаларына жан бітіретініне сенемін және соған көзім жетеді. Әлбетте, бұл кітапшаның ауқымы барлығын дерлік, бәрін бірдей қамти алмайтыны анық. Сондықтан, біздің поэтикалық кездесуіміздің нәтижелеріне сай, осы мереке аяқталысымен, жер шарының әр түкпірінен келіп, біздің елордамыз Астанада, аттары аңызға айналған Бурабай мен Баянауылда бас қосқан ақындардың өлеңдерінен жинақ шығаруға дайындықты бастаймыз. Поэтикалық бауырластық табыстырған қадірлі достар, өз шығармаларыңызды жіберіңіздер! «Астанадағы поэзия кештері» мұқабасы аясында әлем ақындары бас біріктірсін! Жақсы да сан қилы ақындар! Белгілі бір уақыт, бір немесе екі жыл өткеннен кейін XXI ғасырдың елордасы – Астанада тағы қауышайық!» – деп жүрекжарды сөзін айтты.
Халықаралық кештің мақсаты – Астананың кеңге құлаш жайып, көз тартқан сұлулығын жырлап, еліміздің рухани құндылықтарын, бірлігін ту етіп, жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіру болып табылмақ. Іс-шара барысында «Рухани жаңғыру» айдарымен «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты мазмұны биік туындылар жинағы жарық көретін болды.