АДАМДАР ШЫНЫМЕН ҚАЙТЫП КЕЛСЕ ҒОЙ…
Бұл түсті мен екі рет көрдім.
Біріншісін – сонау 1983 жылы. Сол жылғы тамызда әжем қайтыс болып еді. Мен әжемнің бауырында өскен баламын. Тек ол кісі дүние салғаннан кейін ғана туған әке-шешемнің «құзырына» өткенмін. Әжемнің қайтқаны 11 жастағы маған ауыр тиді. Үйдегілер менің көзімше ол жайында әңгіме қозғамауға тырысатын. Әжем туралы сөз басталса – бітті, жанарыма мөлтілдеп жас шыға келетін де, арты ұлы жылауға ұласатын. Жарайды, ол жағы бөлек әңгіме.
Әжемнің қырқы өткеннен кейін бір күні жарықтық түсіме кірді. О дүниеден қайтып келіпті! Қуанышымда шек жоқ.
– Әже, енді кетпеңізші! – деймін бауырына тығыла түсіп.
– Болмайды ғой, – дейді әжем.
– Неге?
– Ол жаққа кеткен адам қайтып келмейді.
– Сіз келдіңіз ғой, міне!
– Мен уақытша келдім… сұранып. Сені сағынып кеттім…
– Қанша күнге?
– Жиырма күнге.
Көңілім сәл тоғайғандай болып, ойынға айналып кетемін. Сәлден соң әжемнің қайтып кететіні есіме түсіп, тағы да сұраққа аламын:
– Әже…
– Әу, жарығым.
– Қайта кетпей-ақ қоюға, тағы да сұрануға болмай ма?
– Болмайды, – дейді ол басымнан сипап. – Бір-ақ рет сұрана аласың. Онда да жиырма күнге ғана.
– Жасырынып қалсаңызшы! Іздеп келсе, біз «жоқ, көрген жоқпыз» деп айтамыз.
Әжем үндемей кекілімді тарайды.
– Болмайды ғой, – дейді сосын.
…Сөйтіп жатып оянып кеттім. Жастығымды жасқа шылап, ұзақ жаттым.
Екінші рет – 2014 жылдың аяғында көрдім осы түсті. Бірақ басты кейіпкері әжем емес… Таласбек аға! Әсемқұлов. Таң қалдым. Өйткені, мен ол кісімен қойын-қолтық араласқан емеспін. Шешіле әңгімелесіп, арқа-жарқа сырласқан да кезім жоқ. Рас, марқұмды жақсы көрдім, жазған-сызғанын іздеп жүріп оқыдым, Құдай сәтін салып аз-кем дастарқандас та болдым. Бірақ түсіме кіретіндей етене жақындығым жоқ сияқты еді…
Мына қызықты қараңыз: Талас ағам да сұранып келіпті! Түсімде ғой.
– Қанша күнге? – деппін тағы да.
– Жиырма күнге.
Құданың құдіреті!
– Сізден сұхбат алайыншы онда, – деп жата жабыстым.
– Жарайды, – деп күлді ағам.
– Кешке хабарлас.
Сөйтті де, сәл кідіріп:
– Сен басқа жастарға да айт: сөйлесем, пікірлесем, тіпті сұхбат алам деушілер болса, мені тауып алсын. Бірақ жиырма күннен кейін қайта кетемін. Соған дейін үлгеріп қалсын! – деді.
– Жақсы, аға! – деп, қуана тұра жүгіргенімді білем…
…оянып кеттім. Таң қалған күйде мең-зең боп біраз жаттым.
Шіркін, адамдар шынымен қайтып келетін болса ғой. Сұранып. Жиырма күнге болса да. Сол жиырма күнде оларды қалай қадірлер едік, ә?
Сәкен Сыбанбай
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.