«Өлгендер қайтып келмейді» түрік тілінде
Өткен аптада ҚР Ұлттық кітапханасының кіші залында қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай қаламгердің түрік тілінде жарық көрген «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының тұсаукесері өтті.
Жиын барысында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Алматы облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Түркияның Алматыдағы бас консулы Эврен Мудеррисоглы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан
Қуантайұлы, кітапты түрік тіліне аударған қаламгер Хусейн Варал, Қазақстанның Халық жазушысы, «Түркі дүниесі» әдеби сыйлығының лауреаты Смағұл Елубай, Түркі халықтары Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлық иегері Ұлықбек Есдәулет және Б.Соқпақбаевтың қызы Самал мерейтой иесінің ұлттық дәстүр-салт, қазақы таным-тағылым мәселелерін өзек еткен шығармаларының өзгеге ұқсамас ерекшеліктерін тілге тиек етті. Бүкіл оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген жазушының кезінде мемлекет тарапынан дұрыс бағасын ала алмағаны да назардан тыс қалмады.
Ұлттық кітапхана қызметкері Таңжарық Орынбек Б.Соқпақбаев сөзін жазған «Қазағым» әнін орындады. Жиынды «Қазақ радиосы» Алматы филиалының Бас редакторы Бақыт Жағыпарұлы жүргізді әрі қорытты.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ