ДОМБЫРА КҮМБІРІ, СЫРНАЙ САРЫНЫ немесе МӘДІ ЖЫРШЫ, КҮЙШІ ТУРАЛЫ МӨЛТЕК СЫР
31.08.2018
2118
0

Қазақ жұртының ежелден қоныс тепкен, талай қиындықта елге пана болған қасиетті Қаратау өңірі дүлдүл ақын-жыршылар мен күйшілерден кенде болмаған. Ұлтымыздың дәстүрлі өнерінің – Қаратау күйшілік, жыршылық мектебінің жалғастырушысының бірі Мәді Шәутиев еді. Оның творчествосы жайлы Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков, Ілия Жақанов, Уәли Бекенов, Абдулхамит Райымбергенов, Жанғали Жүзбай, Мұрат Әбуғазы, Базарлы Мүптекеев, Саян Ақмолдаев сынды фольклортанушы-зерттеушілер мен сазгерлер әр жылдары әртүрлі баспаларда мақалалар жариялады. Соған қарамай, Мәді күйші туралы мәлімет әлі де жалпы көпшілікке жақын таныс емес. Тіпті, оның есімін ол дүниеге келген, бүкіл саналы өмірін өткізген Қаратау өңірінің азаматтарының бірі білсе, бірі білмейді. Өйткені, оның шығармасын бұл күндері дәріптеп жүрген адамдар некен-саяқ.


Мәді Шәутиев 1909 жылы Жам­был облысы Сарысу ауданы­ның бұ­­­рынғы орталығы Саудакент (Бай­қа­дам) ауылының жанындағы Игілік ел­ді мекенінде дүниеге келген. Ұлы жүз­дің Бәйдібек бабадан тараған Ыс­тының Тілік руының ұрпағы. Та­би­ғат берген дарын иесінің тағдыры жеңіл болмапты. Әкесі Шәути ерте өмірден озып, Шәлібек атасының қо­­лында өсіп, жетіледі. Туғанынан зе­рек болып өскен ол алты жасында арабша хат танып, шебер қолдары дом­быра мен сырнайды меңгеріп, на­қышына келтіре терме мен әндер орын­дай бастайды. Жігіттік шағы 1930-1933 жылдардағы ашар­шы­лық­қа дөп келіп, одан кейінгі 1941-1945 жы­лары болған Ұлы Отан соғы­сы­ның шарпуы жас Мәдінің өміріне елеулі әсер етті, қиын-қыстау кезең­дер­ді басынан өткерді. Он алты жа­сында шешекпен ауырып, екі көзден ай­рылып, зағип болып қалады. Кез­дескен қасіреттің барлығы жиыла ке­ле жүрегін жаралап, шығарма­шы­лы­ғына әсер етпей қоймады. Өңірге аты шыққан Қосқұлақ Пірімбет де­ген күйшіден ол тәлім алған. Пірім­бет күйшінің кім болғаны туралы де­рек жоқ, тек «Қосқұлақ» деген оның ел-жұрт қойған лақап аты еке­нін білеміз. Ұстазы оған күймен қа­тар жыршылық өнерді де үйрет­кен, соның арқасында жеткіншек Мәдіні қалың елі хисса-дастандарды мол білетін жыраулығымен де та­ныған. Зар заманның зардабына ұры­нып, өмір қиындықтарының өт­келінен өткен Мәдінің күйлері­нен, жыр-термелерінен сол ауыр ке­зеңдер мол орын алды. Айту­шы­лар­дың сөзіне сенсек, ол отыздан ас­там күй шығарып, ел арасында саз­гер-күйші ретінде Қаратау өңі­рінде танылды. Уақыт өте келе ауыл төңі­регіндегі той-томалақ, жиындар Мәдісіз сирек өтетін болды. Қолына қоңыр үкілі домбырасын, немесе гар­монын алып дүйім халық алдында күм­бірлетіп күй шертіп, төгілтіп ән ай­тып шеберлігімен елді тәнті етті. Қа­ратаудың сілеміндегі екі тау өзені­нің арасына орналасқан шырайлы ме­кен Ақтоғай аулына қоныс ауда­рып, Ұлтай деген келіншекпен ота­сып, бір шаңырақ астында 25 жыл ғұмыр кешеді. Бірақ, Игіліктегі ағайын­дары қолқалап Мәдіні туған ау­лына кері оралтады, қалған өмі­рі сол ауылда өтеді. Жұбайы Ұл­тай Ақтоғайда қалып қояды да ол екін­ші рет Кәрима деген әйелге үй­ле­ніп, одан Гүлзипа және Тұрсын де­ген екі қыз дүниеге келіпті. Тұң­ғы­шы Гүлзипа 13 жасында аққан (лейкоз) ауруына душар болып, көп ұзамай сол дерттен көз жұмыпты. Бұл қасірет сазгерді қамықтырып, санасына жүк артып, жүрегін жа­ралап, ауыр мұңға бөлейді. Сөйтіп, сүйік­ті қызының қазасы күйші-термешінің «Зар қосбасар» күйінің шығуына себеп болады. Мәдінің өмір­лік серігі болған домбыра мен сыр­найы өле-өлгенше қолынан түс­пей өткен екен. Ол той мен асқа қа­тысқан атақты өнерпаздармен бір­ге болып, көзі көрмесе де өнер до­дасында талай жүлде алып, жұртқа танылады.
Мәді Шәутиев Қаратаудың ете­гін­дегі Созақ өңірінде өмір кешкен ауы­лы аралас, қойы қоралас шертпе күйдің шебері, күйші Сүгірмен, өнерпаз-жыршы, қобызшы Сағын­тай Елепанұлымен, күйші-домбы­ра­шылыр Төлеген Момбековпен, Әйкен Қоңырбайұлымен және де басқа жыршы-күйшілермен қадір­лес, сырлас әрі творчестволық бай­ла­ныста болып, өнерін ұштаған.
Дала композиторы атанған Мәді күйлері өмірді терең түсінген, ой­шыл, қиялшыл жанның сыры мен се­зі­мін аңғартады. Шығармалары фи­лософиялық түйіндерімен аста­сып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орын­дауға қиын, күрделі болып келеді. Домбырашының күйлеріндегі ли­рикалық сарындар, әуен толқын­да­ры қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын бейнелейді. Біраз күй­лерінде зар замандағы халықтың мұңы мен қасіретін, өмірден торығу, мұңая толғану, іштей мүжіліп, таусы­ла тебірену сарыны бел алып жата­ды, күйші оларды шебер суреттейді. Ол Ықыластың, Қорқыттың қобыз­бен орындалатын бір топ күйлерін домбыраға түсірді, кейінірек оларды радиоға жаздырды.
Дәстүрлі музыка өнерінің ай­шық­ты тұлғасы Мәдінің талантын тауып, күйшілік мұрасына алғаш зерт­теу жүргізген белгілі сазгер, жазу­шы Ілия Жақанов пен түр­кі­тану­шы ғалым, академик Мырзатай Жол­дасбеков екен. Мәдінің күйле­рі­нің радиодан, күйтабақтардан ес­тілуі осы уақыттан басталады десек бо­лады. Оған дейін күйшінің дауысы Алматыға жетпеді, дүйім халық та­нымады, Мәдіні тек өз айнала­сын­дағылар ғана білді.
М.Жолдасбековтің «Күнде­рім­нің куәсі» атты мемуарлық кітабын­да мынадай естелік жолдар бар: «Сарысудан өлеңші, жыршы, күйші Мәдінің келуі де ылғи оқиға болушы еді. Шіркін-ай, өнерпаз еді. Кейін 1972 жылы Мәдіні, ақын Төреқо­жаны Жамбылдың 125 жылдық тойына Алматыға алдырып едім. Біз­дің үйде екеуі бір аптадай жатты. Ал­матының теледидарына да шы­ғар­дым. «Астра» дейтін магнитофо­ны­ма екеуін де жазып алып едім. Сол жолы біздің үйде таңға дейін оты­рып сол «Астраға» Төлеген Мом­бековті де жазған едім. Үйсіз-күйсіз, кө­шіп-қонып жүргенде, әттең, еңбе­гім рәсуа болды. Мәді де, Төреқожа да менің өтінішім бойынша Қара­таудың ескі әуендеріне салып еді. Амал не, бәрінен де айырылдым. Тө­­легенмен бірге Өмірзақ Айтбаев, Ке­рімбек Сыздықов келіп, Төлеген өз күйлеріне түсініктеме беріп оты­рып тартып еді. Сүгір де, Әйтпенбет те, Төлеген де тырп етпей, тапжыл­май отырып тартатын. Кеудесі сөй­леп тұрғандай көрінуші еді маған…».
Осы кездесу барысында Мәді Жам­был тойында дүркірете күй тар­тып Алматының зиялы қауымын тән­ті етеді. Оның орындауында ха­лық күйлері үнтаспаға жазылады.
Мәді күйші ауылында тұрғанда жағ­дайы орташа болмаған көрінеді, Са­рысуға арнайы іс-сапармен кел­ген сол кездегі Орталық комитеттің арнайы өкілі Мырзатай Жолдасбеков оның құбатөбел тіршілігін көрген соң, жергілікті басшылардың алды­на мәселе қойып, Мәдіге Игілік ау­лы­нан жаңа баспана салдырып бе­реді. Жергілікті атқамінерлерге күй­шіге қамқор болуды тапсырады.
Дарабоз талант иесі Мәдінің өмі­ріндегі жарқын кезеңдер зерт­теу­ші, ғалым Уәли Бекеновпен кез­дес­кен уақыттарда болды. Марқұм Уәли Бекенов оның күйлерін жазып алды, нотаға түсірді, арнайы очерктер жаз­ды, радиода кең насихатталуына ық­пал етті.
«Тума талантының арқасында да­ла күйшілерінің ортасында Мәді абы­ройлы болды, оның күй тарту өресі өз тұрғыластарымен салыс­тыр­ғанда, шынында биік еді. Себебі, ол жаңа заман үнімен қатар көне күй­лерді де өз бойына көп сіңірген бо­латын. Оның репертуары мол, ерек­ше музыкалық қабілет-зейіні бар екені шындық», – деп жазады күй­ші, өнер зерттеуші ғалым Жанғали Жүз­бай («Егемен Қазақстан» 4.06.2018).
– Мәді күйшімен Қаратау бөк­те­ріндегі Ақтоғайда бала кезден көп жыл көрші тұрдық. Ес біл­ген жас кезімізден оның орындауындағы «Жел­дірме», «Кесенкөк», «Қоңыр» және де басқа сырлы күйлерін құла­ғымызға құйып, жыр-термелеріне қанығып өстік. Кейде Алматыдан ауылға демалысқа келген жерлесіміз Ілия Жақанов Мәдіні атқа қонды­рып, Көкжон өңіріндегі жайлаудағы ел-жұртты асықпай аралататын. Менің әкем Мелдебай аракідік үш атты ерттеп, әлгі ағаларға мені де қо­сып жіберетін. Барған жерімізде жұрт өнерпаз Мәді мен Ілия ағаны құр­метпен қарсы алып, мал сойып, қазан көтеріп, ауылдастарын дастар­қан басына жиып, ұзақты күн репер­туары кең Мәдінің өнерін тамаша­лап, жан рахатына бөленетін. Мә­­ді­нің біраз күйлерін, жырларын
І.Жақанов сол жылдары магни­тофонға жазып жүргеніне куәгерміз. Олардың біразын республикалық радионың «Алтын қорына» жаз­ды­рып, ара-тұра орындатып жүрді. Өңір халқының алдында өнер иесі Мәді абыройлы болды, той-жиын­ның, астың сәні болды. Оның күй тарту өресі, жыр, ән-терме айту мә­не­рі ерекше еді. Мәдінің бойындағы музыкалық дарын Алланың берген, туа біткен ерекше қасиет болатын.
Осы жерде айта кеткеніміз жөн, екі көзінен зағип болған Мәді 70 жас­тан асқан шағында Рахымбай де­ген туысының үйіне қонаққа барады. Мәдінің тізесінде еркелеп отыр­ған Рахымбайдың кішкентай не­мересі абайсызда оның көзін тыр­нап алады. Құдайдың құдіреті емес пе, сол сәтте күйшінің көзі ашылып, жа­нарында табан жолын көре ала­тындай саңлау ашылады.
Өмірінің соңғы жылдарында туыс інісі Өмірзақтың ұлы Қуаныш­бек­ті ол қолына алады. Мәді қария өз шаңырағында 85 жасында дүние салды. Күйшінің Тұр­сын қызы қазір сол Сарысу ауда­нының Игілік аулында тұрады. Оның айтуынша, Мәді атаның сыр­найы және де басқа құнды жәді­гер­лері оның отбасында сақтаулы екен. Домбырасы Алматыда тұратын жие­нінің қолында тәбәрік ретінде сақ­таулы.
Халық жыршысы, термеші, ке­меңгер күйші Мәді Шәутиевтің өл­мес өнерін қадірлеп, ел-жұртқа жет­кізіп, жерлестерінің мақтаны­шы­на айналдырып, оның бейіті басына белгі қою біздің парызымыз. Жерлесіміз, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы Ыбыраев таяуда елге келгенінде күйшінің басына белгі қою­ды қолға алатын болыпты. Жал­пы ел қолдайтын, өте орынды ой, жағымды іс-шара, – дейді бұл күн­дері Астана қаласында тұратын елі­міздің құрметті құрылысшы-ин­женері, «Құрмет» орденінің иегері Жам­был Мелдебаев.
Сазгер, жырау Мәді Шәутиев туралы зерттеуші Уәли Бекенов былай деп пікір білідіріпті: «Оның қолы жүрдек, асқан домбырашы, шерт­пе күйдің шебері. Кішкентай қолдан жасалған қалақша қоңыр домбырасының үні ашық, тілі анық шешен аспап. Мәді көне мұраның көзі… Мәдінің репертуарында ха­лық­тың асыл қазынасына жататын, халық күйлері «Қара жорға», «Боз ай­ғыр», «Тепеңкөк», «Ақжелек», «Қа­зан күйі», «Жау қарға», «Алты қой­дың дауы», «Сабау күйі», «Іле­байдың баласын жоқтауы», «Ақ­сақ қыз», т.б. күйлер және Ықылас, Сү­гірдің бірнеше күйлері бар» (У.Бе­кенов «Күй табиғаты», Алматы, «Өнер» баспасы, 1981 жыл. 83-бет). Солардың бір тобын Мәді «халық күйі» деп кезінде радиоға өз орын­дауын­да жаздырып, халыққа жеткіз­ді (оларды ғаламтордан қазір де табуға болады).
«Қаратаудың шертпесі сай-сүйе­гіңді сырқыратады, тұла бойыңды түгел аралап, жан дүниеңді тербейді. Меніңше ұстаздар балаларға нотаны үлестірумен шектелмеу керек, олар күй­дің тарихын, табиғатын терең білу керек. Себебі, күй болсын, бас­қа өнер болсын, бәрі де – топы­рақ­тан. Қаратау шертпелері жай ғана ре­пертуар болуға, жүрдім-бардым орын­дауға көнбейді. Оның сабасы, арнасы, табиғаты басқа, жара­ты­лысы бөлек, ешбір жердің күйіне ұқса­та алмайсың», – деген Мырзатай Жол­дасбековтың Қаратау өңірінің күй­шілері жайлы пікірі бар.
Ел арасында, Қаратау өңірінде Мә­ді күйшінің аузынан шыққан жыр, қисса, дастандардан үзіктер, өз жанынан шығарған термелері си­рек­теу болса да кездесіп қалады. Бо­лашақта соларды жиып, зерттей­тін арнайы топ құрылып жатса игі іс болар еді.
Заманының дәулескер күйшісі атан­ған Мәді Шәутиевті тек оның өскен аймағының ғана емес, бүкіл елі­міздің мақтанышы, ортақ тұлға деп қабылдаған жөн. Оның бізге жеткізген күйлері өзіндік шежі­ре­сі­мен, ұлыстық ірілігімен құнды бо­лып қала бермек.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
                                                            медицина ғылымдарының докторы, профессор,                                               Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір