Домбыра, сен табасың жүрек кілтін
20.09.2023
737
1

Мінуар Әкімханов,

Халықаралық «Алаш»
сыйлығының иегері

Мен ойлаймын

Мен, алдағы жылды ойлаймын,
Жалғасар жол болған соң.
Мен, жазатын жырды ойлаймын,
Бейнетім сол болған соң.

Мен, ертеңгі күнді ойлаймын,
Асатын бел болған соң.
Өзіңнен өзге кімді ойлаймын?
Аңсарым сен болған соң.

Мен, бітпеген істі ойлаймын,
Ашылмаған арнам ба деп?
Мен, көрген түсті ойлаймын,
Жалт еткен арман ба деп?

Мен, таныс қызды ойлаймын,
Қиылып қарады-ау деп.
Мен, басқан ізді ойлаймын,
Қар басып қалады-ау деп.

Мен жазды көпсінбеймін,
Алдымда қыс жатқан соң.
Кей түнде көз ілмеймін,
Мықтыдан тіс батқан соң.

Бақытты кезді ойлаймын,
Бір сәтті іс пе екен деп.
Қуатты сөзді ойлаймын,
Қағазға түссе екен деп.

Қысқы баққа барғанда

Жан деуші ем, жүрегіне сырды сақтар,
Есіңде бар ма албырт, нұрлы шақтар?
Жүргенбіз сұхбаттасып қысқы бақта,
Жер үсті жамылғанда тұңғыш ақ қар.

Шоқ болып басылғанда тұлғаң көзге,
Ой бөлер пенде жоқты бұл маңда өзге.
Есімде мойныма қар құйғаның,
Алаңсыз сырға бойлап тұрған кезде.

Күлкіңді құйдың дағы құлағыма,
Содан соң қаштың, мені сынадың ба?
Балағам осы бір сәт құрбым сені,
Маралдың желдей ұшқан лағына.

Күннен түскен сәулеге ұқсадың да,
Арман болып алдымнан ұшпадың ба?
Соңыңнан қуып бердім сүріндің де,
Тұрдың сен күлімсіреп, құшағымда.

Десең де, қалжыңыма қалма налып,
Бір уыс қарды аппақ талдан алып.
Бетіме жаға салдың, қалды есімде,
Салалы саусақтарың таңбаланып.

Уақыттың мініп ұшқыр кемесіне,
Өмірдің шықтық талай белесіне.
Қаңтардың ақ мамықтай қарын көрсем,
Түсесің қысқы бақ пен сен есіме.
* * *
Күн көзі шоқ таратып,
Жер төсін тағы құшты.
Жолыңа көп қаратып,
Күшейттің сағынышты.

Далаға шуақ тұнып,
Жерге гүл толатындай.
Мен жүрмін құлақ түріп,
Бір хабар болатындай.

Алтын күн жер төсіне,
Мейірін төкті кілең.
Оралтпай мүлде есіңе,
Ұмытып кеттің білем.
* * *
Кім кепіл қайтып қолға қонбасыңа,
Жыр жаздым атыңды атап жол басыңа.
Үйіме бірді-екілі хат келгенде,
Сенбеймін сенен хабар болмасына.

Күтемін жолығар деп ертеңде мен,
Тәтті сөз есіңде ме еркем деген?
Көшеде өзіңе ұқсас жанды көрсем,
Қалайша сен екен деп елпеңдемен.

Бейнебір түйісердей нұрлы айдынмен,
Сен жайлы сұрамадым тыңбай кімнен.
Телефон сыңғырласа өзің бе деп,
Орнымнан ұшып тұрып,
тыңдаймын мен.

Саған ұшам

Бір сапарға кетерімде аттанып,
Сені қимай қабағыңа қараймын.
Жақсы өлеңдей көкірегіме жаттанып,
Жолда бірге болғаныңды қалаймын.

Кейде осылай ұзап кетсем көп сенен,
Сағынамын жүрек отын жандырып.
Қарлығаштай жылы ұясын көксеген.
Саған ұшам қанатымды талдырып.

Келгенімде басып бейнет жол әрең,
Көрмегенің жақсы болды бір барып.
Иығымнан жүк түскендей болар ем,
Сен алдымнан шықсаң
сонда нұрланып.

Өзге өнер маған
бұйырмай

Құлашты өрге жиі ұрмай,
Жүргем жоқ арзан желікпен.
Өзге өнер маған бұйырмай,
Сөзге үйір болдым неліктен?!

Деймін де іштей толғанып,
Іздеймін ойлар құрыштай.
Шыққанмен өнер жолға алып,
Жыр құсым биік жүр ұшпай.

Сол үшін талмай ізденіп,
Озбақшы болдым басқадан.
Біреулер салған ізге еріп,
Кетуден бірақ жасқанам.

Өмірге тілек

Мен үшін алыс болсын баратын жер,
Қыранның талмай ұшар қанатын бер.
Саңқылдап, аспанды бір аралайын,
Оянсын ұйқысынан қара түндер.

Көктемнің еншіме бер жарқын майын,
Нұр төгіп, әр жүрекке жақындайын.
Торласа көктің төсін қара тұман,
Мен сонда найзағайдай жарқылдайын.
Жаныма тазалық бер ақ қарыңдай,
Көркемдік сыйла көктем бақтарындай.
Алдында туған елдің арқалаған,
Қалмасын бір міндетім атқарылмай.

Осы шақ өрге құлаш нақ сілтерім,
Мөлдіреп самайымнан ақсын терім.
Жарқырап жан жүректі жарып шыққан,
Оқысын жырларымнан пәк сырды елім.

Сені қалай жоғалтамын?

Жанымды ұға қойсын барша қайдан,
Қалжырап жүргенімді қаншама ойдан.
Домбыра сен табасың жүрек кілтін,
Өзіңе серік болдым қаршадайдан.

Сан қилы қиындықпен жағаластым,
Бірақ та дей алмаймын жаза бастым.
Кейбіреу көңілімді қалдырған күн,
Үнсіз кеп, жан сырымды саған аштым.

Қос ішек қосыла аққан асыл арна,
(Ол талай толқып әлі тасынарда)
Домбыра мәңгілік бір махаббатсың,
Махаббат тіршілікте басылар ма?!

Қазақтың дұрыс болса енді есебі,
Өзіңдей өрнекті аспап кем деседі.
Домбыра – жанымды ұқпас
жалған достан,
Санаймын артығырақ кейде сені.

Деймін де бір әдемі болар тағы үн,
Өзіңе үнсіз келіп, қол артамын.
Жасырман жаным сондай
жадырайды,
Ағылса қос ішектен жомарт ағын.

Құйылса қос ішектен жомарт ағын,
Көңілді бөтен ойдан оңалтамын.
Жаныма жалау болған
жақсы доссың,
Домбыра сені қалай жоғалтамын?!

Қыз қуу

Ауылдан алыс емес жақын қырда,
Бас қосты неге бүгін халқым мұнда.
Десең дос қазағыңның сәл ескілеу,
Жиналды бір дәстүрін жаңғыртуға.

Бұл жерге қарт та келді, жас та келді,
Ішінде басқарған бар жастан елді.
Атақты қызық ойын қыз қууды –
Жігіттер жіберді ғой бастап енді.

Өскенмін отбасында тәтті ұялы,
Жасырман жан емеспін тар қиялы.
Есімде сонда алаңға атқа мініп,
Қыз шықты үкі таққан тақиялы.

Көрініп көзге адамдай бір жігерлі,
Жүйрігін еркіне енді қыз жіберді.
Жұлдыздай зулап аққан ат арыны,
Алдынан қарсы соққан бұзды желді.

Сол сәтте ақылдасып, түйіп тоқтам:
Сендегі ыстық еді үміт шоқтан.
Деп жұрты мінгізгенде шабдар атқа,
Жарқ етіп шыға келді жігіт топтан.

Денесі әуелгіден қыза терлеп,
Жөнелді қыздың аты ұзап, өрлеп.
Шабытсыз шабдарының кесірінен,
Жігіттің кетті жанын ыза кернеп.

Қас жүйрік қыз мерейін биіктетіп,
Жіберді тілеулеске сүйікті етіп.
Қырандай шүйіліп кеп қыз-жігіттің,
Барады бас киімін іліп кетіп.

Жүректің отын үрлеп қыздыратын,
Көргенбіз шын жүйріктің біз қуатын.
Қалғыған намыстарға шоқ түсірер,
Қазақтың жақсы ойыны, қыз қуатын.

Алсын деп сырлас танып,
Таныстық, өзге жолға жүгірмедік,
Біреуге ақыл сұрап жүгінбедік.
Жүректер бірін-бірі түсіністі,
Отырмыз отбасы боп бүгін берік.

Жанымның сырын саған арнадым да,
Жалғасты жалын атқан арманым да.
Сен таудың мөлдіреген бұлағы едің,
Білмеймін, әлде лайлап алмадым ба?

Алсын деп өнер қуған сырлас танып,
Мен жүрмін қиялыма жыр жастанып.
Кездейсоқ қиындыққа тап келгенде,
Кеттіме жанарыңнан бір жас тамып.

Жүргем жоқ жан сырыңды сезіп білмей,
Шаттықтан қалдым кейде безіп күлмей.
Аяулым өтсек болды махабаттың,
Жолында бір қателік кезіктірмей.

Келемін құлашты өрге сермеп кілең,
Жақсы жыр жазған күні сергек күлем.
Бір бақыт өмірімнің өзі болса,
Бір бақыт – жанымды ұққан сен деп білем.

Біздің жақтың
таулары

Болмасаң сұлулыққа босқа еліктер,
Тауларын біздің жақтың дос,
келіп көр.
Жалаң төс жартастағы жазулардан,
Табасың талай сырлы естеліктер.

Тауларым аймағымның мақтаны шын,
Жатсын ба өршіл мінез ақпаны үшін?
Көресің көз сүрінер көркемдікті,
Қыдырсаң құз-қиялы шатқал ішін.

Бір тауым бір тауымнан биіктеліп,
Тұрады қарсы алдыңда иық керіп.
Шаншылып, найза шыңдар дәл төбеңнен,
Қарайды қарлы басын иіп келіп.

Таулардың қуысына мұнар түнеп,
Қалса оны долы боран қуар күреп.
Көп көркем көрініске көзің қанбай,
Көңілің қыдыруды тұрар тілеп.

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 23.09.2023 | 02:09

Курстас ағамыз Мінуар Әкімхановтың » Домбыра, сен табасың жүрек кілтін» топтамасын оқып, өте қуанып қалдым. Қызық, кеше ғана түсімде көріп, «Аға» қайда екен, осы?-деп ойлап қойған едім. Өлеңдеріңіз өте жүрекке қонымды, ойлы екен, «Алаш» сыйлығын да алыпсыз, құтты болсын! Жыр әлеміндегі жолдарыңыз айшықты болып, шабытыңыз шалқи берсін, аман жүріңіз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір