ТҰҢҒЫШ
31.08.2018
2221
0

Қанатты сөзді қайталай беру де адамды жерітеді. Бірақ авар ақыны Расул Ғамзатовтың «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген тәмсілін осы жолы лаж жоқ еске алуға тура кеп тұр.

Мысалы, көзі тірі әр ақын, әр жа­зу­шы өмірден өткен қалам­гер­лер­дің шығармашылығын өз білім-білігі деңгейімен бағалап, аузына келгенін айта берсе, классиктердің ішінен оқыр­манға жарамды біреуін де тауып бере алмай қалулары кәдік. Ал егер сол «сыншының» ішкі мәдениеті мен адам­гершілік асыл қасиеті тәкаппар бол­мысынан биік тұратын болса, қан­ша жерден көкірек кергенімен, өзі­нің жастық шағына нәр берген әде­биетіне тас атып, сатқындық жа­сай алмас еді. Қайта сол кезді са­ғы­ныш­пен еске алып, алғашқы оқыған шы­ғармаларына оқтын-оқтын ора­лып отыруға мәжбүр болмақ.
Өз басым Кемел Тоқаевтың шы­тырман оқиғалы шығармаларын оқу арқылы Артур Конан Дойл әлемінің есі­гін аштым. Ал, Кемел аға шытыр­ман­­дарымен танысуым – «Қара мы­сық» жайлы қызықты, бәлкім, қор­қынышты оқиғаны естуімнен бас­­­­талды. Оны алғаш ауылдағы бір до­­сымнан естідім. Ол өзі кітап оқы­май­­тын, бірақ дастарқан басында әке­­­сінен, ағасынан естіген әңгі­ме­ле­рін бізге кеп жеткізудің хас шебері бо­­­латын. «Қара мысық» хикаясының бас­­қа жерде емес, «өзіміздің» Жам­был қаласында болуы маған, тіпті, қат­­ты әсер етті. Бұл әсер жазушы кі­­та­­бын оқыған соң мүлде ұлғая түсті. Ба­ла емеспіз бе, сүйегі әлдеқашан қу­рап кеткен «Қара мысық» терезе­міз­дің сыртында тұрғандай, түнде да­лаға шығуға қорқушы едік.
Кім не десе, о десін, міне, мен сон­­дықтан бұл жазушыны, бұл кітап­ты әлі күнге дейін ұмыта алмаймын, әлі күнге дейін көркемдік дәрежесін сол кезде өзімді тамсандырған, таң­ғалдырған, толғандырған Эдгар По, Жорж Сименон, Артур Конан Дойл шығармаларымен қатар қоямын. Рас, бала кезімдегіге қарағанда білім-бі­лі­гім өсті, талап-талғам деген де артты, бі­рақ мен үшін Кемел Тоқаев шығар­ма­шылығының бағасы бөлек. Әлгі по­вестің аты «Көшкен үйдің қонысы қай­да?» деп аталса да ол менің жүре­гім­де «Қара мысық» күйінде мәңгі­лік­ке сақталып қалды. Міне, осыдан кейін барып Артур Конан Дойл деген ағыл­шын жазушысы бар екенін, оның «Баскервилей иті» деген үрейлі шы­ғармасы әлем жұртшылығының ау­зында жүргенін білдім. Бірақ бірін­ші кезекте қазақ жазушысының шы­ғар­масы әркез жадымда тұрды.
Шырғалаңға толы шым-шы­ты­рық оқиғалы шығармалардың өзіндік ерек­шелігі болады. Мысалы, оларда де­рек пен дәйекке иек артқан нақты­лық басым болып, ұзақ-сонар сурет­теу­лер аздау келеді, мәйекті сөзбен май­далап отырамын деп, оқырманды жалықтырып алуға да болмайды. Сон­дықтан детектив жанрындағы шы­ғармаларды Мұхтар Әуезовтің «Абай жолымен», Бейімбет Майлин­нің «Шұғасымен», Ғабит Мүсіре­пов­тің «Ұлпанымен» салыстыра баға­лау­ға әсте жол беруге болмайды. Бұл көз­қарас шытырман оқиғалы шы­ғар­малар көркем әдебиетке қойылатын талаптардан азат екен деген ұғымды да қалыптастырмаса керек.
Кемел Тоқаев мұны жақсы білген. Сон­дықтан оқырманын еліктіріп, елі­тіп әкету үшін: «Вокзал басында екі адам қалды. Біреуі қызыл күрең бар­қыт түстес тон киген, шоңқайма еті­гі бар егде әйел. Екіншісі – жас қыз. Қынама бел, кең етекті бастон па­льтодан бойшаң, талдырмаш кө­рінеді. Екеуі де сарыала қалың был­ға­рыдан тысталған чемодандарын ұмы­тып, көз ұшында ирелеңдеп бара жатқан жолаушы поезына аса бір мұңмен жарыса көз тігіседі» деп бас­тап­ты «Қара мысық» туралы пове­сі­нің алғашқы жолдарын. Ары қарай кейіпкерінің мінез-құлқын, бет-бей­несін суреткерлікпен көз алдыңа әке­ліп, ұтымды диалогтар тереңіне тар­та жөнеледі.
« – Ұры емеспін, үрейленбеңіз, біл­сеңіз өз адамыңызбын, – деді. Теріс қарап сәл тұрды да, мырс етіп кү­ліп, шегеленіп буылған жәшіктің қы­рына келіп отырды. Күс сау­са­ғы­мен чемоданды шертіп.
– Мен бол­ма­ғанда бұл мүлік әлдеқашан бөліске тү­сетін еді. Жаңа ғана екі сауысқан­ның көз тіккені. Сайтандар мені кө­ріп зытты. Не дерсің оған. Кәзір со­ғыс уақыты. Тиярға мұрша бар ма олар­ды. Тіпті еркінсіп кетті ғой. Көз ал­дыңда қылмыс жасаудан тайын­бай­ды»
Жазушы кейіпкеріне осылай деп бір сөз беріп алады да, екінші қаһар­ма­нының ойын өзі баяндайды.
«Өз қиялынан айырылған қыз жер сүзіп сөйлеген адамның қолдан же­лімделген айыртұмсық қалың та­бан галошына, қонышы тілім-тілім пи­масына, сонан соң шолақ етек па­льтосына енді ғана назар салды. Бет пішіні орыс сияқты болғанымен қал­маққа тартқан ұқсастық бар. Көз ет­тері бітіктеу, жақ сүйегі шығыңқы кел­ген.
Әлгі адам төмен қараған бойы қо­нышынан кір-кір газетті алып, оны ұзыннан-ұзақ жыртты да, көк темекі ора­ды. Сасық ащы түтінді ішке жұт­қанда көкірегі күркілдеп, қатты жө­телді. Бұрыла қақырынып, аяғымен бір таптап, әңгімесін жалғастырды».
Оқырмандарын осылайша шу де­геннен жетелей жөнелетін қалам­гер­ді ғайбаттағандардың көрінеу қия­натына бұдан кейін қалай қарның аш­пасын?!.
« – Байқауымша, беталыстарың алыс жақтан көрінеді. Әскери адам­ның семьясына ұқсайсыңдар. Иә, иә, көрініп тұр. Бұл қарғыс атқыр соғыс не істемеді дейсің. Талай семьяның шыр­қын бұзып, босытты ғой жұртты.
Ол ауыр күрсініп, бір сәт үнсіз отырды да, басын қалтақтата изеді.
– Бұрын кім аңғарған мұны. Үй бе­­­рекесі кәрімен болса, қызығы – жас­пен екен. Сол тентек бала кеткелі бе­рі жегеніміз желім боп біз де күл­кіден айырылдық…».
Мәскеуден келген әскери отба­сы­ның адамдарын іштарта әңгіме ай­тып отырған кім? Сөзінің мәйегі мен мәніне қарағанда жаны жайсаң біреу сияқты. Арбасына жүктерін са­лы­сып, пәтер іздесуі де адамгершілік. Бі­рақ ішің жылымайды. «Қара мы­сық» деген атышулы бәле осы емес пе деп күдіктеніп отырасың. Алыстан кел­ген әскерилердің отбасына қатер төн­бесе екен деп те тілейсің. Бірақ…
«…Бет қарыған салқын желден ұй­қысы шайдай ашылған жолаушы әйел басын жұлып алды. Есін жия ал­май, екі көзі шарасынан шығып, жан-жағына үреймен қарай береді. Ақылға келе алмай дағдарды… Ол есік-терезесі мықтап бекітілген оңа­ша бөлмеде жатқан жоқ па еді? Онда мынаусы несі? Дәл маңдайында мыс табақтай бір нәрсе жалтырайды. Иә, қал­қыған кәдімгі ай. Сонау жақта бе­лестеніп қарлы төбешіктер де со­зылып жатыр…
Осы сәтте қалқыған айдың қара таң­басына қыбырлап жан біткендей болды. Бара-бара ұлғайып барады. Мі­не, жақындап та қалды. Сөйткен­ше терезені кернеп біреу аттап өтті.
– Ой, Клава, қаш. Құтыл, – деп та­лықсыған әйел шыңғырып, жан-жа­ғын сипалай бастады. – Бұл адам­дар қайда?!.
Ол орнынан тұрмақ еді. Үстін сояу­дай қара қылшық жүн басқан аю­дай албасты ұзын сапты айбалта ұс­тап, өзіне төніп тұр екен.
– Клава, – деп айқайлап, бұрыл­ған­ша көзінен от жарқ ете түсті…
Ышқынып ауа қармап еді. Жы­лым­шы жас қанның исі келді. Бұдан кейін ол ешнәрсені сезбеді. Бұл соң­ғы тыныс еді…
Құбыжық көлеңке тастаған тол­ған ай қанды кештің куәсі болудан тай­салғандай қалың қоңыр бұлт ара­сына кіріп бара жатты».
Осы үзінділердегі жазушының бол­ған оқиғаны оқырманның көз ал­дына әкеліп, жүрегіне жеткізу мақ­са­тындағы шеберлігіне назар ау­да­райық. Оқырман ретінде «Осы сәтте қалқыған айдың қара таңбасына қы­бырлап жан біткендей болды. Ба­ра-бара ұлғайып барады. Міне, жа­қындап та қалды. Сөйткенше те­ре­зені кернеп біреу аттап өтті» деген сөй­лемдерді нағыз шеберліктен туған су­реткерлік ретінде қарастыруға бо­лады. Әсіресе, «терезені кернеп біреу өтті» деген сөйлем «қалқыған айдың қара таңбасына қыбырлап жан біт­кендей болды» деген алғашқы суретті толықтырып, бейнеге жан бітіріп тұр. Оқиғаны кинодан көріп отырғандай сезінесің. Бірақ жазушы қала тұрғын­дарының зәресін алып, үрей құша­ғында ұстаған «Қара мысықтың» кім екенін бәрібір білдірмейді. Шытыр­ман оқиғаны аяқтағанша сыр ашпай­ды.
Тұңғыштардың жолы қашанда ауыр. Жазушы Кемел Тоқаев та қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының тұңғышы. Алдында «Бауырым, былай жазу керек» деп, жол салып, үлгі көрсетіп кеткен ешкім болған жоқ. Ал Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қу­ған Хамитінде» қуғын-сүргіннің, атыс-шабыстың элементтері болға­ны­мен оны шытырман оқиғалы детектив жанрына толықтай қоса ал­маймыз. Сондықтан осындай тың та­қырыпқа түрен салып, оны өзіндік өрнекпен игеріп, жемісін оқырма­ны­на ұсынған Тоқаевты қазақ әдебиеті бүгін де, ертең де мақтан тұтуы тиіс.
Жазушы Кемел Тоқаевтың тусы­ра­ған жердей тың тақырыптарға ұм­ты­л­атын тағы бір ерекшелігі «Соңғы соққы» романында айқын көрінді. Бұл туындыны оқыған да бар, оқыма­ған да бар. Сонау 1970 жылы режиссер Шәкен Айманов (авторы Андрей Кончаловский, сценарийін жазған­дар: Эдуард Тропинин, Андрей Тар­ковс­к­ий) «Атаманның ақыры» филь­мін экранға шығарды. Көрермендер оны жылы қабылдады. Ел тарихында ұрпақ ұлықтайтын Қасымхан Шадия­ров сынды жаңа қаһарман пайда болды. Оның экрандағы бейнесін та­­лантты әртіс Асанәлі Әшімов ше­бер­лікпен сомдап шықты. Кейін біл­дік, фильмдегі басты қаһарман Қасымхан Шадияровыңыз Қасымхан Чанышев деген өмірде болған адам екен. Фильмнің идеясын Шәкен Ай­мановқа сол тұстағы ел басшысы бол­ған Дінмұхамед Қонаев айтып бе­ріпті. Бірақ…
Кемел Тоқаев арада он бір жыл өт­кенде, яғни, 1981 жылы «Жазушы» баспасынан 49 000 данамен шыққан «Соңғы соққы» романында атаман Ду­товты атып өлтірген басқа адам еке­ні туралы ақиқатты Ресейдің фе­дералдық қауіпсіздік қызметінің Ор­талық архивінен табылған және ондағы «При входе к Дутову я передал ему записку, тот стал ее читать, сидя на стуле за столом. Во время чтения я незаметно выхватил револьвер и выстрелил в грудь Дутову. Дутов упал со стула. Бывший тут адъютант Ду­това бросился ко мне, я выстрелил в упор ему в лоб. Тот упал, уронив со стула горевшую свечу. В темноте я нащупал Дутова ногой и выстрелил в него еще раз» деп жазылған М.Қо­жамияровтың хатын пайдалана оты­рып, именбей ашық айтты. Егер жазу­шы Кемел Тоқаев күн қай жақтан түссе басын сол жаққа қарай иетін күнбағыс сияқты біреу болғанда, он­да белгілі фильмдегі нұсқадан ауыт­қымақ тұрмақ, ол туралы ойламас та еді. Ал Тоқаев болса романында Қа­сымхан Чанышевтің Ревкомның пред­седателіне жазған рапорты ар­қы­лы «Дутовтың пәтерінен үш рет атыл­ған наган дауысын естіп Байсы­мақов күзетшіні атып салды. Қарауыл үйінен сыртқа қарай лап қойған солдаттарды наганмен есік пен тере­зені атқылап кейін ысырдым. Қожа­мияров жолдас шығысымен біз дереу атқа отырып қамал қақпасына шық­тық» деп баяндайды.
Жалпы, атаман Дутовты кімнің атып өлтіргені туралы болжамдар көп ай­тылып, көп жазылған. Олардың авторлары бірде Чанышевке, енді бірде Қожамияровқа тоқталады. Неге? Өйткені, кейбір деректерде Қа­сымхан Чанышев Жаркенттің бе, Қорғастың ба уездік милициясының бастығы ретінде көрсетілсе, туған-туыстарының айтуы бойынша, ол Қытайға апиын мен бұғы мүйізінен жасалған қуатты дәріні жасырын жол­мен өткізіп, алтынға айырбастап отыр­ған нағыз контрабандашы бо­лып­ты. Тасымалдаушылардан, өт­керу­шілерден тұратын үлкен қыл­мыстық топқа да жетекшілік еткен кө­рінеді. Тіпті, қызыл комиссарларға қар­сы соғысқан атаман Александр Ду­товпен де достық қарым-қаты­на­сын үзбеген. Бірақ, большевиктер Қасымхан Чанышевтің сүйікті ұлы мен жарын тұтқынға алып, егер ата­ман Дутовтың көзін жоймаса, баласы мен әйелін атып тастайтындарын ай­тып, қатаң талап қояды. Міне, Қа­сым­хан Чанышев сол кезде Қытайға ба­рып, ақ гвардияшы атаман досын атып өлтіреді. Дегенмен ол қазақ хал­қының жадында режиссер Айма­нов­қа бірінші хатшы Қонаев «фильмге лайық қаһарман» деп ұсынған сайып­қыран чекист Қасымхан Шадияров бейнесінде өмір сүре беретіні анық.
Бірақ, архив құжаттары арасында сақ­талған М.Қожамияров дерегінен көрер көзге аттап кету де ақылға сый­май­ды. Оның үстіне М.Рузиев өз кі­та­бында 1935 жылғы 7 қарашада жа­рық көрген «Сталин жолы» газетіне сіл­теме жасай отырып Феликс Дзер­жинс­кийдің қолынан М.Қожамия­ров­тың атаулы маузер алғанын жазады. Маузерге «За лично произве­ден­ный террористический акт над ата­маном Дутовым товарищу Ход­жа­мьярову» деп ойылып жазылған екен. Жазушы Кемел Тоқаев, сірә, осы соңғы байламды дұрыс көрген сияқ­ты. Осы арқылы ол өз үні, өз ұстаны­мы, өз пікірі бар қайраткер-қаламгер екенін кеңестік идеологтарға мойын­дата білді. Сол тұста АҚШ Конгресі кітапханасы мен Йллинойс универ­си­тетінен «Соңғы соққы» романының 2 данасын салып жіберуді өтінген хаттардың келуі де жазушы мерейін өсіре түскені анық.
Жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің қаламгерлік парызы­на қашанда адал болғандығы туралы: «Әкей, әсіресе, Жетісудың алғашқы қызыл комиссары Ораз Жандосовтың қызметін, ақтардың атаманы Дутовты өлтіруді ұйымдастыру туралы мате­риалдарды көп зерттеді. Өкінішке қарай, қатал цензураның кесірінен осы­нау күрделі де қызықты істің бір­шама жәйттары «Соңғы соққы» ро­манына енбей қалды. Менің білуім­ше, әкем бұл кітабында Қазақстан ау­мағында патша генералы Анненков пен оның жандайшаптары жасаған қатыгез қылмыстары туралы жазғысы келген, бірақ оған ұлтаралық қаты­нас­тардың бұзылуына әкеледі деп, жазғызбай қойды… Шығармаларын жазуға түбегейлі дайындық арқа­сында Кемел Тоқаевқа ешкім де: Фак­тілерді өзгерттің, насихаттауды күшейттің деп айып таға алмады. Ол бірде бір кітабында коммунистік идеологияны мадақтаған емес, олай істеген күннің өзінде түсінуге болар еді, себебі 1944 жылы майданда жү­ріп, кезекті шабуылдың алдында Ком­мунистік партия қатарына өткен. Оның шығармаларында Қазақстан чекистері мен милиционерлерінің ауыр әрі қауіпті өмірлері ешқандай әсі­релеусіз суреттелген. Сондықтан сан­сыз көп оқырмандары жазу­шы­ның кітаптарын жақсы көретін, ал партия идеологтары жақтырмады. Кемел Тоқаевтың шығармалары мың­даған басылымдармен шық­қа­нына қарамастан, кітап дүкені сөре­лерінде жатып қалмайтын. Ал ресми «классиктер» мен басқарушы идео­логия авторларының кітаптары кері­сін­ше жағдайда – оларды бұйрықпен кітапхана, мектеп және институттарға таратады. Оқырман қауымды трак­торист пен сауыншының махаббаты, партия функционерлерінің «жан­кешті» еңбегі немесе Қазақстанның жекелеген аймақтарында Кеңес үкі­метін орнатудың ұзақ-сонар тарихы қызықтырмады…
Бірде үйде үстел басында әкейдің «Менің кітаптарымның есебінен бас­палар кейбір «классиктердің» еңбек­те­рін жариялаудан шеккен шығында­рын жабады» деп әзілдегені бар. Аны­­ғында осылай еді: көп жылдар өт­кен соң, мен тәжірибелі баспагер­лер­ден сол кездегі жұмыс жағдайлары туралы сұрағанда, олар істің дәл әкем айтқандай болғанын растады», – деп жазды өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында.
Иә, жер жәннаты Жетісудың Қа­ра­талынан ұшқан қыран тектес қа­лам­гер соғыс зобалаңын көргені аз бол­ғандай, ғазиз басынан жазушылық жа­змыштың да тағдыр-тәлейін бір кісі­дей өткерді. Қаламынан туған «Сол­дат соғысқа кетті», «Соңғы соқ­қы», «Ұясынан безген құс», «Қас­тан­дық» романдары, «Сарғабанда болған оқиға», «Тасқын», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Түнде атылған оқ», «Таудағы жаңғырық», «Замандас сы­ры» атты повестері және «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында», «Сыр бойында», «Асудан асқанда», «Тоқ­ты-ака» деп аталатын әңгімелері дүниеге оп-оңай келе салған жоқ. Басылып жатқан жерінен өндірістен алынып тасталғаны да, қысқарып, «қайшыға» түскендері де, сол үшін қа­ламгердің қызметімен қоштасуына тура келген кездері де болды. Бірақ қай­сар жазушы жасымады, бар ашуын қалам мен қағаздан алып, жа­за берді. Соның нәтижесінде бір өзі детектив жанрындағы бір дәуірдің шын­дығын түзді. Сол шындықты жазу­ды тағдыр бір жазушының – Ке­мел Тоқаевтың маңдайына жазыпты. Қазақ әдебиеті детектив жанрын жан­дандыру үшін жаңа авторлар із­деп қаншама бәйге жариялады. Бірақ Кемелден асқан кемел детективші бәрібір шықпады.
Бұл да бір дәуірдің ақиқаты. Тұң­ғыштар жолы қашанда ауыр, қашанда тағдырлы, тәлейлі дейтініміз сондық­тан.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Тараз қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір