ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰЖАТЫ
Ата-бабаларымыз Ұлы далада тарихын тасқа қашады! Дала заңын көзінің қарашығындай сақтады! Әлемді тітіренткен Шыңғысхан «Ұлы жасақ» заңын жазып, Қазақтың ұлы хандары Керей мен Жәнібек «Ұлы жасақ» ұстанымын жалғастырды.
«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», ертеден қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары жетіле келіп, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» шықты. Халықтың ықыласынан шыққан осы заң жүйесі
ХХ ғасырдың басына дейін қолданылды. Ғұлама Абай да «Жеті жарғыға» мән беріп, өзі жазған заң жобасына үлгі етті. Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның тапсыруымен кәсіби білікті заңгер Барлыбек Сырттанов заманауи талапқа сай «Қазақ елінің уставын» жазды. Ал бұл устав шын мәнінде мемлекеттің басты құжаты – Конституция болатын. Құжатта мынандай баптар болды:
І.І. Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.
ІІ.10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм Құдай алдында жауап береді.
ІІІ. 18. Қазақ жері оның меншігінде болады.
ІV. 26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге құқы бар, (т.б.).
Алашордадан кейін Советтік Қазақстан тұңғыш 1924 жылы, сосын, 1937, 1978 жылдары заңды жазбаша түрде қабылдады. Еліміз Тәуелсіздік алған соң 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Ата Заң бекітілді! 1995 жылы 30 тамызда уақыт талабына жауап бере алатын жаңа Конституция бекіді. Бұл күн – мемлекеттік мереке. Тамырын арғы тарихтан тартатын құнды құжат ескірмесін, еліміз тыныш, берекелі болсын!