ҚАЛАМГЕР ШЫҒАРМАСЫ – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ШЕЖІРЕСІ
12.06.2024
338
1

Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихы тұтас ұлт­тың тарихының бір тарауы десек, артық айтпаспыз. Бүкіл қазақ қаламгерлері сияқты бұл Одақтың менің өмірім мен шығармашылығымда алатын орны ерекше.

1971 жылы шығармашылық Одаққа мүше болып қабылданған екенмін. Содан бергі ұйымның тыныс-тіршілігі көз алдымда. Жазушылар одағы дегенде менің есіме алдыңғы толқын ағалар, замандастарым, кейінгі буын інілерім түседі. Әр сәт туралы, әрқайсысы туралы ұзақ толғап, жазуға болады.
Әуелі Жазушылар одағына мүше болудың өзі үлкен жауапкершілік деп ойладық. Мен әдебиетке ерте араластым. Бесінші курста кітабым шықты. Өз қатарластарымнан озып пьеса жаздым, ол сахнадан қойыла бастады. «Гауһартас» киносы түсірілді. Қазіргі талабы қандай екенін білмеймін, біздің кезімізде екі кітабың шығуы керек болатын, үш жазушыдан пікір алуың керек еді. Мен ол кез­де екі-үш кітабым баспадан шығып, кәдімгідей танылып қалған жазушы болсам да, жүрексіне өтініш тапсырғаным есімде. Әрине, біздің заманымыз басқа болды. Бірден КСРО Жазушылар одағының да мүшесі атандық. Ол кез­де партиялық номенклатура шығармашылық ұйымдардың жұмысына тікелей араласпаса да, идеологиялық тұрғыдан нұсқау беретін. Есесіне, барлық шығармашылық одақтардың жұмысы қайнап жататын. Түрлі конференциялар, тәжірибе алмасулар, іс сапарлар көп болды. Он бес одақтас республикадан шыққан жазушылар жиі араласып тұратынбыз. Кітаптарымыз одақтас елдердің тіліне аударылып, Мәскеуден, Ленинградтан шығып жат­ты. Әлбет­те, осы істің басы-қасында Жазушылар одағы тұрды.
Біздің буын – Тәуелсіздікті аңсап, ұзақ күткен ұрпақ. Тәуелсіздік үшін күрескен, ұлт­тық азат­тықты дәріптеп, шығармашылығына арқау еткен де менің замандастарым деп мақтанышпен айта аламын. Сол тұстағы Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшелері тарихтың әділет жолынан адаспауына, дәстүрдің сақталуына, тілдің жойылып кетпеуіне қызмет ет­ті. Әрине, кеңес идеологиясының құрсауы барынша қысып бақты. Туысқан республика, тең дәрежелі қарым-қатынас дегенмен, бізді үнемі шөміштен қағатын. Әсіресе шетелге шығатын кез­де ескермей, дүниежүзінің мәдени шараларына жібермеуге тырысатын орталық. Соған қарамастан қазақтың өнері, әдебиеті әлемге танылып жат­ты. Бұл да сол кез­дегі шығармашылық одақтардың, оларды басқарған азамат­тардың беделі мен абыройының зор болғанын көрсетеді.
Қазақ­стан Жазушылар одағын басқарған тұлғалардың арасынан Әнуар Әлімжановты ерекше айтар едім. Қадірлі тұлғаның болмысынан Мәскеудегі партократ­тардың өзі ығып тұратын. Бір мысал, Алматыда 1973 жылы Азия мен Африка елдері жазушыларының 5-конференциясы өт­ті. Жоспар бойынша бұл жиын Тәшкенде өтуі тиіс болатын. Әнуар Әлімжанов бұған қарсы шығып, табандап тұрып алған. Қазақ қаламгерінің уәжіне ақыры Мәскеу көніп, қос құрлық жазушыларының бас қосуы Қазақ­станда өт­ті. Бұл ұлт әдебиетінде жаңа бетбұрыстың басы болды. Қазіргі Әдебиетшілер үйінің салынуына да бар күш-жігерін салып, республика басшыларының алдына дейін барғанын көзбен көрдік. Әнуар Әлімжановтың басшылығы тұсында қазақ жазушыларының кітаптары орысшаға аударылып, орталық баспалардан жүйелі түрде басылып тұрды. Әсіресе жастардың бүкіл одаққа танылуына жол ашты, жағдай жасады.
Қазақ­стан Жазушылар одағын басқарған Әнуардың ұлт қайраткері болғанын кейінгі ұрпақ білуі тиіс. Ол тарихта Кеңес одағының «жаназасын» шығарған адам ретінде қалды. Құжат бойынша 1991 жылғы 26-желтоқсанда Әнуар Әлімжановтың төрағалығымен өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жоғарғы палатасының сессиясы Кеңес Одағының қызметін тоқтату және КСРО-ның барлық билік органдарын тарату туралы №142-Н ресми декларациясын қабылдады. Бұл тарихи құжатқа Әлімжанов қол қойған.
Жоғарыда біздің буын – Тәуелсіздік үшін күрескен ұрпақ дедім ғой. Ол оңай болған жоқ. Шүкір, енді жемісін көріп отырмыз. Тәуелсіз ел болу ең алдымен, қазақ қаламгеріне жаһанның жолын нұсқап, әлем оқырмандарының ортасына есік ашты. Мен осыған шүкір етіп, тәубе деймін. Повестерім мен әңгімелерім орыс, ағылшын, басқа да әлем тілдерінде жарық көріп, пьесаларым әлемнің 26 елінде сахналанды. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы. Міне, күні кеше Стокгольм қаласында менің шығармашылығыма арналған әдеби кеш өт­ті. Швед тілінде шыққан «Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp» кітабым таныстырылды. Нобельдің Отанында осы уақытқа дейін Орталық Азия аймағында туып-өскен қаламгерлердің шығармашылығына арналған бір де бір кеш өтпеген екен. Бұл белесті –қазақ әдебиетінің шыққан биігі деп білемін.
Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы ұлт әдебиетін, қаламгерлерді шетелге көбірек таныстыратын жобалардың бастауында тұрса деймін. Кезінде «Бұл одақ керек емес…» дегенде қарсы болып, шығармашылық ұйымды сақтап қалдық. Біз сол кез­де Жазушылар одағының болашағына сендік. Жазушының қолындағы қаламынан туған шығармасы – Қазақ елінің шежіресі. Ал қаламның қолдан түспеуіне кепіл болу, жазушының шығармашылықпен айналысуына жол ашу – шығармашылық одақтың қасиет­ті парызы болса керек.

Дулат ИСАБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.06.2024 | 15:08

Жазушылар Одағының 90 жылдық торқалы тойына орай жазылған Дулат ағамыздың мақаласы тұщымды, ағаларымыздың әр жазғаны тағыылымға толы асыл сөз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір