Әкеден қалған мал
24.08.2018
1289
0

 

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында қызмет еткен, өмірінің соңғы жылдарын Қарағандыдағы Абай қаласында өткізген Қойшыбаев Шынарбек Төлеубайұлы зейнетке шығып, жұбайы бақилық болған соң өз өмірінен естеліктер, тілі мірдің оғындай ауыл айтқыштарының сөздерін, еңбегімен елге танылған адамдардың қиын да қызықты өмірлерін жазумен айналысты. Ақын-композитор Әсет Найманбайұлының туған жері Қызыларай екенін дәлелдеп, жария еткен алғашқылардың бірі. Атақты ақынның ұрпағы екенін мақтанышпен айтатын. 75-ке толғанда естеліктерін кітап етіп шығарып, тарту еткенде қуанғаны әлі есімде. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тұрақты оқырманы, сырттай тілшісі болып, талай естелігін жариялады. Ағасы Төлепбек екеуі жетім өссе де, өмірге құштарлығы оларды ел қатарына тез қосты. Ұсынып отырған әңгімені өзі жиі айтып отыратын. Осы әңгімедегі оқиғадан кейін әкем балалар үйіне кетіп, ағасы ауылда қалып, ержеткен соң табысқан еді…

Айгүл ШЫНАРБЕКҚЫЗЫ


1944 жылдың жаз айы, Қы­зыл­арай тауының сілеміндегі Ай­накөзде отырған шөпшілер бригадасы Томай қыстағының айналасын шауып бітірді. Дең­гел­бай қыстағының төменгі жа­ғын­дағы Қарасудың маңына көшіп қонған ауылдың біраз үйі Шелпек қыстағының батысын­дағы шоқ қайыңның түбіне киіз үйлерін тігіп, орналаса бастады. Әукеңдер бас болып, сонда қо­нып үлгерген. Ендігі көшу бізде. Отырған жеріміз – Деңгелбай қыстағының сай-саласынан жайылып аққан қар суына шық­қан шалғыны белуардан келетін кең сала. «Алапат соғыстың дүбірі батысқа қарай ойысты» дегендерімен, мерт болғандардан қара қағаз келуі жиілеп тұр еді. Сондай хабар Әубәкірдің інісі Түсіпбектен келіп, үй іші сол жақ­­қа бата оқырға кеткен-ді. Қа­заға байланысты Әукең жұмысқа шықпай, сол кісінің шөп маши­на­сына жегілген төрт өгіздің жетекшісі мен де үйде едім. Ойым – ұйқыны қандырып, келесі күнгі жұмысқа тың күшпен кірісу. Олай болмады. Батыстан көте­рілген бұлт тұтасып, күн көзін жауып кетті. Жел екпіні күшейді. Киіз үйдің туырлық, үзік, түңлік­тері желмен бірге желпілдеп, ағаш­тары сықырлады. Үйде жал­ғыз едім. Шұбар тауықтың қо­қылы мен балапандардың шиқы­лын естіп, дауылға қарамай дала­ға жүгіріп шықтым. Сөйтсем, олар жерошаққа ұқсатып төбесін жауып берген үйшіктеріне кіре алмай жүр екен. Таспен бас­тырыл­ған аузын ашып кіргіздім. Шөп төселген үйшікке кірген тауық балапандарын бауырына басып, мүлги бастады. Ірі там­шылар жұқа көйлектен өтіп, етім­ді осқылап жатыр. Жүгіріп үйге кірдім де, шапанға оранып қисайғаным сол еді, үйді көлкіген су басты. Судан қашып ағаш төсекке барып отырдым. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық. «Сен қараңғыда қалған екенсің» дегендей найзағай жарқылы түнекті аппақ сүттей жарық қыл­ды да, іле-шала құлақ тұн­дырар­дай шатыр-шұтыр дауыс шықты. Жел күшімен ығысқан қара бұлт киіз үйдің төбесіне тасыған су болып құйылды. Шаңырақ көзіне қадалған уықтардың сықырлап сынғаны естіліп, долы дауыл екпіні мен нөсер салмағы шыдат­сын ба, шаңырақ бар жабуымен ортасына құлады. Төсек үстінде отырған менің басыма уық тиіп, бір жағыма қарай құлап түстім. Қанша уақыт жатқанымды мөл­шер­лей алмадым, есімді тез жи­ған сияқтымын. Нөсердің екпіні азайып, бірқалыпты жаңбырға айналыпты. Анда-санда найзағай жарқылдап, күркіреген дауыс алыс­тан естіледі. Жатқан жерім туырлық пен үзіктің біріккен тұсы. Екі жағым да еңкіш болған­дықтан, жаңбыр суы сырғанап ағып кетіп жатты. Ұйықтап кетіп­пін. Түс көріп жатырмын… ой­пыр­м-ай, қонақтайтын орнына шыр-пыры шығып, қанатын қағып зорға көтерілетін шұбар тауығым балапандарын соңынан ертіп, тырналарша тізіліп, батыс жақтағы қара бұлтқа қарай ұшып барады екен. Шұбар тауық маған мойнын бұрып бір қарады да, балапандарымен бірге қара бұлт­қа кіріп жоқ болды. Жабайы құс­тардай емес, тауықтар көкте қалықтамаушы еді ғой. Мыналар болса, қанаттарын да қақпай ұшып барады. Мұнысы несі ек­ен?.. Оянсам, самбырлаған дауыс­тар естіледі. Үй іші келіп, киіз үйдің бауларын шешіп, жабуларды босатып жатыр екен. Тұра сала, шалшыққа қарамастан, даладан тауықтарды іздей бас­та­дым. Өзім қалдырған ұяға барсам, тауығым балапандарымен бірге суға тұншығып өліп қалыпты. Суда қалқып жатқан балапандар­ды көргенде көзімнен жас шығып кетті. Жыламсырап барып жабу­лар­ды жайысып жүрген ағам Төлеп­бекке болған жағдайды айттым. Ол «Жылама, басымызға келген ауыртпалық осымен кетсін деп тілейік. Жүр одан да тауықтарды көміп келейік» деді. Есік алдындағы төбешікке, то­был­ғының арасына көме баста­дық. Төлепбек алдымен тауықты сирағынан ұстап, «Шешеден ерте айырылдық, әкеден қалған мал едің, біздің садақамыз бол, бала­пан­дарыңмен бірге екеуміздің басымыздағы ауыртпалықты ала кет. Ей, Алла тағала, осы тілегі­міз­ді қабыл ет, енді бізді жылат­па», – деп, алдымен менің ба­сым­нан үш рет, сосын өз басынан үш айналдырып тобылғының арасына тастады. Балапандарын да Құдайға жалбарына басы­мыз­дан айналдырып, көміп тастадық. Денем жеңілдеп, иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Басымның ісіп ауырғаны да білінбеді. Қай­тып бара жатып артыма қарасам, тауықтар жатқан төбешікті бір қарақұс айналып ұшып жүр екен. Ауылға келсек, керегелер жи­на­лып, уықтар қайта ұшталып, шаңырақтың сынған жерлері жөн­деліп, кейбір тұсына қап­сыр­ма салыныпты.
– Баймұқанның әйелі боса­нып, ұл тауыпты.
– Мына дауылда босанған Ақан байғұстың қалы не болды екен?
Жаратушының шеберін-ай! Қасындағы үй қарақағаз алып, қара жамылып отырса, көрші үйде сәби үні шығады. Сапы­ры­лысқан өмір тіршілік өзегін осылай табады ғой…
Жармаға жегілген қос өгіз жүк тиелген арбаны орнынан жайлап қозғап, бірқалыпты аяңға көшті. Біз жаңа қонысқа қондық…

Шынарбек ҚОЙШЫБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір