Бұрынғы билер соты және бүгінгі медиация
28.08.2015
7402
1

????????????????????????????????????

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 3 шілдеде Астанада өткен Индус­трияландыру күніне арналған телекөпір барысында сөз сөйлеп, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жария еткен болатын. Елбасы осы жиында сөйлеген сөзінде: Әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайды. Ал бұл, өз кезегінде, жаһандық дауылдарға қарсы тұра алу үшін жаһандық тұрақсыздық жағдайында, жаңа ғасыр жағдайында, Қазақстан қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауапты талап етеді. 2011 жылы даулар мен жанжалдарды соттан тыс қарауды қамтамасыз ететін «Медиация туралы» Заң қабылданды. Алайда, оның резервтерін еңбек жанжалдарын сейілту үшін қолдануға болатындығына қарамастан, медиацияның жалпыұлттық жүйесін құру жөніндегі нақты шаралар әзірге байқалмайды», – деп айтқан болатын.

Осы тұста, ең алдымен медиация дегеніміз не, оның тиімді тұсы қайда, кімдердің медиатор бола алатынына, олардың тізбесін (реестр) жүргізетін органдарға, медиацияны өткізу тәртібіне тоқталып кеткен жөн шығар. Жалпы, медиация сөзі – латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиацияны қарапайым тілмен айтқанда бітімгершілік деп түсінуге болады, яғни белгілі бір мәселе бойынша келіспеушілік, дау туындаған жағдайда жеке немесе заңды тұлғалар, оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Бұл үшін тараптар, тағы да өзара келісім бойынша кәсіби немесе кәсіби емес медиаторға жүгіне алады.Медиация тараптардың ерікті келісім бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады. Жоғары білімі бар, 25 жасқа толған, ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін жүзеге асыра алады. Медиацияның мақсаты: дауды шешудің медиацияның екі тарапынан да қанағаттан­дыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы және медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рәсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерінің бірі. Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тәсілді тиімді қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен шешіп келгендіктен, бұл заң қазаққа жат емес, тек медиация деген атауы ғана томпақтау болып тұр. Бұрынғы заманда билер соты секілді құқықтық институт болғаны және қоғам өмірінде ерекше роль атқарғаны белгілі. Ал бүгінгі медиация соның жаңаланған түрі.
Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс.
Билер сот ісін жүргізгенде өзі қадағалайтын тәртіптілікті қатаң сақтай отырып, істің күрделілігі мен тараптардың мүдделеріне ерекше назар аударған. Сонымен қатар, іске қатысатын тараптар мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған. Билер соты даудың дұрыс-бұрыстығына баға беру қорытындысында екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңіліп емес, екі жаққа да шындықты мойындата білген. Халық алдында өзінің әділ әрі шынайы шешімімен тараптарды татуластырған билердің даңқы артқан. Ондай билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымнан даушылар іздеп келіп, жүгінген. Белгілі заңгер, академик Салық Зиманов өзінің «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын», – деп жазған. Кезінде қазақ қоғамындағы даулы мәселелерді, екі ауыз сөзбен шешкен аузы дуалы билердің болғаны мәлім. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілікпен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға бар ақыл-ойы мен күш-жігерін жұмсағаны белгілі.
Еліміз егемендік алған уақыттан бергі кезеңде, өзінің құқықтық саясатының басты бағыты ретінде адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерінің қорғалуына негізделген құқықтық мемлекет құруды таңдағаны мәлім. Осы мақсатта Елбасының 2009 жылғы 24 тамыздағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі құқықтық саясатының Концепциясы» бекітіліп, онда сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, сотқа қатысушы тараптардың өз құқықтарын барынша толық жүзеге асыруына жағдай жасау, тұлғаның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам және мемлекет мүдделерінің уақтылы қорғалып, қалпына келтірілуіне қол жеткізу шаралары көзделген. Концепцияда тараптардың арасындағы жеке құқықтық дауларды шешуде сот ісін жүргізу және соттан тыс тәртіпте дауды бітімгершілікпен шешудің әр түрлі баламалы жолдары мен әдістерін, оның ішінде медиация, делдалдықты қолдану айтылған.
Осы Концепцияны өмірде жүзеге асыру шараларының бірі ретінде 2011 жылы 28 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Медиация туралы» заңы қабылданып, ол 2011 жылғы 5 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл заңды қабылдауда басты мақсат ретінде, біріншіден, дауды шешудің медиацияға қатысушы екі тарапты да қанағаттандырарлық жолына қол жеткізу, екіншіден, тараптар арасындағы даулы жағдайлардың деңгейін төмендету негізге алынған. «Медиация туралы» заңның қолданыла бастағанына биыл төрт жыл толып, қоғамда аталған институтты қолдануда белгілі бір тәжірибе қалыптасты деуге болады. 2015 жылдың 15 мамырында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмидің қатысуымен өткен кеңесте жасаған баяндамасында: «Істерді медиация тәртібімен шешу өз жемісін беріп келеді», – деген еді.Шындығында да, қазіргі кезде барлық даулы мәселелер сот арқылы шешімін табатындықтан, соттарда қаралатын істердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұдан 4 жыл бұрын күшіне енген «Медиация туралы» заң ұсақ-түйек даулардың сотқа бармай-ақ, екі жақтың келісімі арқылы араағайынның араласуымен шешілуіне жағдай туғызды. Заңға сәйкес медиация, кейбір қылмыстарды есептемегенде, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істерге, азаматтық істер бойынша медиация, кейбір санаттағы істерді есептемегенде, азаматтық, еңбек, отбасылық және жеке, заңды тұлғалар қатысатын өзге де құқықтық қатынастар жөніндегі істерге қолданылуда.
Өткен 3-4 жылда біздің облыстағы соттар тарапынан «Медиация туралы» заңды нақты өмірде жүзеге асыруды насихаттау, оның қолданысын кеңейту мақсатында жоспарлы түрде бірқатар кешенді жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, БАҚ құралдары арқылы 100-ден астам сұхбаттар беріліп, 400-дей мақалалар жарияланды. Мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі семинарлар мен «дөңгелек үстел» мәжілістері өткізіліп, сотқа жүгінген тараптарға істі сотта қарауға дайындау сатысында және істі сотта қарау кезеңінің өзінде де, олардың медиаторларға жүгіну мүмкіндіктері толық әрі кеңінен түсіндірілді. Соттарда халыққа қолжетімді жерлерде медиацияны қолдануды түсіндіру туралы арнайы тақтайшалар (стендтер) қойылды.Сонымен қатар, 2012 жылы Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Жоғарғы Сот пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы үйлестірушісімен бірлесіп, «Қазақстанда медиация институтын енгізу» тақырыбында өңірлік семинар өткізіп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салған болатын. Оған Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігінің жауапты қызметкерлері мен Қызылорда, Жамбыл облыстарының судьялары мен облыс әкімдері аппаратының бөлім меңгерушілері және Астана, Алматы қалалары мен облыстардағы «Медиаторлар одағы» мен бірлестіктерінің директорлары қатысқан.Осындай атқарылған іс-шаралар 2012 жылдан бастап өзінің белгілі бір нәтижесін бере бастады.
Мысалы, 2011 жылдың тамыз-желтоқсан айларында медиаторлардың қатысуымен жергілікті соттарда аяқталған істердің саны санаулы ғана болса, 2012 жылдың 12 айында облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттарында 74 азаматтық, 63 қылмыстық және 52 әкімшілік істер медиаторлардың қатысуымен қаралып, бітімгершілікпен аяқталған. Одан кейінгі жылдары облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріповтің тікелей қолдауымен атқарылған бірқатар нақты шаралардың нәтижесінде 2013 жылы облыс соттарында қылмыстық істердің 191-і, азаматтық істердің 176-сы және әкімшілік істердің 359-ы бойынша даулар медиация тәртібімен қаралып, екі жаққа да тиімді шешімдер шығарылған.
2013 жылы 20 қарашада Елбасы Қазақстан Судьяларының VI съезіне қатысып, еліміздің сот жүйесіне, сот істерін жүргізуді жетілдіру мен жеңілдетуді және баламалы әдістерді, атап айтқанда, бітімгершілік рәсімдерін және медиацияны кеңінен енгізуді тапсырған болатын.
Елбасының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі өкімімен азаматтық сот өндірісіне судьяның қатысуымен бітімгершілік рәсімдерді (сот медиациясын) енгізудің пилоттық жобасы қолға алынған еді. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты пилоттық жобаны БАҚ-та түсіндіру мақсатында, Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандық соттары мен Экономикалық және Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарының төрағалары мен судьялары тарапынан телерадио арқылы 14 сұхбат беріліп, басылым беттерінде 18 мақала және веб-сайтқа 15 материал жарияланды. 2014 жылдың мамыр және желтоқсан айлары аралығында Жоғарғы Сот азаматтық сот өндірісіне сот медиациясын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асырып, республика соттарында сот медиациясы қолданылып, барлығы 3939 іс аяқталған. Соның ішінде, аудандық соттарда – 3816 іс, ал апелляциялық тәртіппен облыстық соттарда – 123 іс қаралған. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру барысында түскен тұжырымдар мен ұсыныстар осы институтты заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесін шешу үшін Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасын әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобына жолданып, қолдау табуда.
Бүгінгі таңда Жоғарғы Соттың басшылары тарапынан медиация институтын дамыту мен оны халыққа түсіндіру жұмыстарына қатысты мәселе әлі де жалғасуда. Жоғарғы Сот жанындағы департаменттің тарапынан «МЕДИАЦИЯ – келісімге келудің таптырмас кілті» тақырыбында, тағы басқа да бейнероликтер түсіріліп, жергілікті соттарға таратылып берілген.
Дегенмен, бүгінгі күнге қоғамымызда медиация институтын халық, дауласушы тараптар арасында насихаттау жұмысының кенжелеп, кемшін түрде қалуының, аймақтардағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жөнінде қолжетімді, толыққанды ақпараттардың болмауы, олардың тізбелерін (реестрін) жүргізуге өкілеттік берілген ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың бұл мәселеге тиісті дәрежеде көңіл бөлмеуі салдарынан, медиация институты қанатын еркін жайып, қолданылу аясы кеңеймей, дауласушы тараптар арасында тиісті сұранысқа ие бола алмай отыр. Бұл өз кезегінде, «Медиация туралы» заңмен көзделген мақсаттардың біріне, яғни сот тәртібімен қаралатын даулардың санын кемітіп, қазіргі таңда бекітілген нормативтерден елеулі түрде артық болып отырған, облыс соттары судьяларының бір айлық орташа іс жүктемесін азайту ісіне қолбайлау болуда.
2011 жылы дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, яғни заңды ізгілендіру арқылы жаза қолданудың бас бостандығынан айырудан басқа балама түрлерін сот өндірісіне енгізуге мүмкіндік берді. «Медиация туралы» заңның аты бөлек болғанымен, қазақ халқы үшін таныс дүние. Бұл «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған билеріміздің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деп санаймыз. «Медиация туралы» заң қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік, ұмытыла бастаған жақсы салт-дәстүрін қалпына келтіру бағытындағы игі қадам. «Ұрыс тұрған жерде ырыс тұрмас» деген сөз дұрыс айтылған. Ендеше, біздің бүгінгі судьяларымыз, бұрынғының билеріндей араздасқан адамдарды бітімгершілік жолмен татуластырып, ұрыс-керісті азайтсақ, елге ырыс қонары анық. Дегенмен, ел болған соң, дау-дамай болып тұрады. Бірақ «Дәлдеп атып жауды жең, дәлелдеп айтып дауды жең» дегендей бітімгершілік жолмен екі жақты да татуластырғанға не жетсін! Әрине, бітіспес дау жоқ, бәрі де бидің төрелігіне байланысты болса керек. Кезінде елдің, жердің дауларын екі ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясатының жаңа серпінмен қолға алынып, медиацияның дамуы, қоғамдағы оң өзгерістің бір көрінісі екендігі даусыз. Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады.
Бүгінгі медиаторлардың қызметі ерте кездегі қазақтың билер институтының жаңа заманғы көрінісі деуге болады. Қазақ мемлекеті қазір әлем елдерінің тарихи көшіне ілесіп, жарқын болашаққа бағыт алып, медиация мәселесінде де жетістіктерге жететініне сенімдімін.
Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тағы да атап көрсетейін, бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА» өтуге барып тіреледі.Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі.
Мен өзімнің болашақты қалай елестететінім­мен бөлісейін. Бүгінде әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы өмірге дайындаудан, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен кең көлемді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табудан, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекітуден тұрады. Жаңғырту үдерістері шеңберінде қандай маңызды міндеттерді шешу қажет? Бұл тізім құрғақ және ұзақ-сонар көрінуі мүмкін, бірақ оны атап айтқан жөн.
Жанжалды жағдайларды ескертудің, реттеу мен шешудің әділетті заңдары мен нақты құқықтық нормаларын, сондай-ақ, әлеуметтік қатынастардың барлық жүйесінің қызметін қабылдап, іске қосқан ұтымды» – деген сөзі еске түседі.
Обл.сот (5)Еліміз егемендік алып, тәуелсіздіктің алғашқы таңы атқаннан бергі кезеңнен бастап, озық өркениеттерге теңелу, құқықтық мемлекет құру мақсатында қоғамымыздың барша салаларында көпсатылы реформалар жүргізіліп келеді және ол әлі де жалғасын табуда. Мұның барлығы, мемлекеттік билікті халыққа етене жақындастыру, адам мен азаматтың өмірін жайлы да ыңғайлы ету, осының арқасында халықтың мемелекеттік органдарға деген сенімін арттырып, оның еркін де қауіпсіз жағдайдағы тіршілігін, болашағын қамтамасыз етуді көздейтін ізгі ниеттен туындаған, атқарылып жатқан игі іс-шаралар. Ал солардың нақты өмірімізде жүзеге асып, еліміз және халқымыздың игілігі үшін қызмет етуі баршамызға қатысты шаруа, бұлай болмайынша қандай да болмасын өте маңызды деген іс-әрекеттің өзінің де жемісін бермейтінін тереңнен түйсінгеніміз абзал.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы: – Біз зайырлы құқықтық мемлекет құруымыз керек. Адам құқығы әркез қорғалуы тиіс. Заңдылықтар сақталса, адам өзінің заңды түрде қорғалатынын айқын сезінсе онда дұрыс жолмен келе жатқанымыз, – деген еді. Елбасының осы айтқандары толықтай іске асып, Қазақ елінің өз Ата Заңы бар құқықтық мемлекет атанды. Оған биыл 20 жыл толып, бүкіл ел болып жоғары деңгейде атап өтудеміз. Өркениетті қоғам құруды алдына мақсат еткен елдің Конституциясы мен Заңдарын қорғайтын әділ соты және заңды құрметтейтін адал азаматтары бар құқықтық мемлекет.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының
Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.12.2019 | 17:36

Ауыл билерінің қуқығы туралы қандай қуқықтар бар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір