«Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек…»
19.08.2025
125
0

Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға

Қадірлі қауым!
 Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын!
Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.
Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.
Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!

Қасым-Жомарт Тоқаев
10 тамыз, 2025 жыл

   

Алаш арыстарының бірі ғана емес, бірегейі болып табылатын Міржақып Дулатовтың Абай заманынан неғұрлым алыстаған сайын, оның рухына соғұрлым жақындай түсеміз деген мағынада сәуегейлікпен айтқан сөзі шындығында уақыт өткен сайын расқа айналып келеді. Соны нақты мысалмен айғақтау мақсатында өткенге қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн болар. Айталық, екінші бір алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев сол заманның өзінде хакім ақын деп лайықты бағасын берген Абайдың өмірден озғанына он жыл өтуіне орай, Семейде әдеби-музыкалық этнографиялық кеш ұйымдастырылады. 1914 жылдың 26 қаңтарында осындағы мұғалімдер семинариясында өткен бұл мағыналы да мазмұнды кешке аталған оқу орнының оқытушылары, ерлі-зайыпты Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар отар елдің осы өңірдегі бірінші басшысы болып саналатын губернатордың есігін тоздыра жүріп ұйытқы болған екен. Сонымен бірге бір дерек Семейде келер 1915 жылдың 13 ақпанында бас ақынның (Ахмет Байтұрсынов) жетпіс жылдығы аталып өтілгенін айғақтайды. Ал арада үш жыл өткен соң, яғни 1918 жылы Семейде халқымыздың болашақтағы қабырғалы қаламгерлері Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің бастамасымен «Абай» журналы шыға бастайды. Өкінішке қарай, осы игі бастама көп ұзамай тоқтап қалған, яғни жаңада ғана орнығып жатқан кеңестік билік Алаш арыстары ардақтаған ақынға, ақын мұрасына оң қабақ таныта қоймаған. Соған қарамастан сол тұста Ленинград университетінде оқып жатқан жас Мұхтар Абайдай дананың өмірден өтуінің жиырма жылдығына орай 1924 жылы Семейге келіп, бір жақсы кешке мұрындық болыпты. Ал Абайдың 80, 90 жылдық мерейтойлары байтал түгілі бас қайғы дегендей атаусыз қалған. Десе де, уақыт өткен сайын өз шыңына өрлеп келе жатқан кемеңгер Әуезов сұрапыл соғыс жүріп жатқанына қарамастан Абайдың алдағы жүз жылдығына дайындықты бастап кеткен. Бұл енді Мұхаңның тарапынан қабылданған жанкешті қарекет, адам сүйсінерлік тың шешім еді. Солайша соғыс өрті енді өшіріліп жатқан шақта Семей өңірінде, Қарауылтөбеде Абайдың жүзжылдық тойы дүркіреп аталып өтілген. Абайдың үкімет тарапынан алғаш қолдау табуы осы болар.
1970 жылы Абайдың туғанына жүз жыл толуы «күн көсем» Лениннің жүз жылдығына дөп келуіне орай келер жылға шегерілген. Қалай болғанда да хакім ақынның 125 жылдығы Қарауыл, Қарауылтөбе, Жидебайда дүркіреп атап өтілген. Жидебайдағы Абай үй-музейінің қайтадан жаңғыртылып қатарға қосылғаны сол кез.


Ал одан кейінгі жерде ел егемендігінің елең-алаңында хакім ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО сынды мәртебелі ұйымның шешімімен әлемдік деңгейде атап өтілгені баршамызға мәлім. Осы торқалы той алдында бейне бір дала кемесіндей Ақтаудың ақтасымен өрнектелген Абай-Шәкәрім кесенесі қатарға қосылған. Солай дегенмен Абайдың 175 жылдығы әлемді әбігерге түсірген шақта шектеулі жағдайда ғана атап өтілген. Соған қарамастан,ұлылар елінде бірқатар шаралар жүзеге асырылған еді. Айталық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен текті әулеттің қорымы жатқан атақты Ақшоқыда қарадан шығып хан атанған, өмірге Абайдай алыпты келтірген Құнанбай сынды ақылманға арналған музей үйі ашылып, 10 тамыз Абай күні деп жарияланған. Іле бұрынғы Семей облысы Президент Жарлығымен Абай облысы болып қайтадан құрылған. Сол тұста Семейде салынған сәулетті мешіт үйіне Абай есімі берілген, ауқымды мәдени-спорт аренасы ашылған.
Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңажылдық құттықтау сөзінде, «ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» дегені көзі қарақты жандардың есінде болар. Содан кейін-ақ облысқа жаңадан келіп жатқан аймақ басшысы Берік Уәли өзінің командасын тездетіп жасақтап қызу іске кірісіп кеткен. Тегінде әлемдік үрдісте әлемдік деңгейдегі алыптардың мерейтойлары әрбір ширек ғасырдан соң ғана кең көлемде аталып жатады. Оған бірақ жоғарыда айтқандай хакім ақынның 175 жылдығын үлкен деңгейде атап өтуге тәжтажал мүмкіндік бермеген.
Сонымен, осы он күнде не атқарылып, не тынды дегенге тоқталсақ дейміз.
Атап айтатын болсақ, мерейлі мерекенің алғашқы күнінде М.Әуезов атындағы педагогика колледжінің «Ес аймақ» рухани орталығында «Абай академиясы» атты энциклопедиялық порталының тұсаукесері өткізілді. Бұл портал хакім ақын мұраларын бүгінгі жас өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ, яғни Абай туралы ақпарат іздеген адам осы портал арқылы толық қол жеткізе алады. Абайды біліп танимын, ұғып түсінемін дейтін жанның барлығына көмек берудің басты құралы осы энциклопедия болмақ дейді белгілі семейлік абайтанушы ғалым Арап Еспенбетов. Осындай ауқымды шараның бәріне аймақ басшысының мынадай қарбалас шақта қатысып қолдау білдіргенін де естіп отырмыз.
Ал одан кейінгі шаралар біріне бірі жалғасып әрі қарай жүре берген көрінеді. Мәселен, белгілі суретші Аңсаған Мұстафиннің «Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі Бейбітшілік аралындағы этноқалашықта өтіпті. Онкүндік аясында «Аспан Синема» жобасы бойынша Абай туралы фильмдер көрсетіліпті. Мыңнан астам адам қатысқан «Абай куиз» интеллектуалдық ойынының да жөні бөлек. Зағип жандар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да осы күндері ашылған көрінеді. Семейге той қарсаңында бір-ақ келгендіктен мұнда атқарылған көптеген игілікті шараны көпшіліктен естіп білдік. «Өлең сөздің патшасы» атты халықаралық ақындар мүшайрасы Семей қалалық әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Абай облыстық филиалы және Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханысының қолдауымен өткізілген екен. Ал «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» деген атпен Абай музейінде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өткен «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деп аталатын халықаралық поэзия фестивалі «Түрксой» халықаралық ұйымы мен Михай Эминеску атындағы халықаралық поэзия академиясының, Абай облыстық әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған екен. Ал бұл шараның мақсаты Абай өлеңдерін әлем тілдеріне аудару болатын. Аталған фестивальға АҚШ, Мексика, Италия, Швеция, Конго елдерінің ақындары қатысыпты. «Түрксойдың» бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев сөз сөйлепті. Осы шара аясында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» аталатын қазақ және ағылшын тілінде шыққан дүниежүзі поэзия антологиясының, Ион Биасконың қазақ тілінде жарық көрген «Ол құс – мен» атты романы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» атты румын тіліндегі жыр жинағының, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Ақын тойы аясында, сондай-ақ М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындаған Абайдың үштомдық академиялық жинағы мен Қаныш Сәтбаевтың бестомдық еңбегінің тұсауы кесілді. Осы орайда Абайдың үштомдық жинағын «Атамұра» корпорациясы бір мың данамен өз қаражатына шығарғанын айта кеткеніміз жөн болар.
Ал онкүндік соңы «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мерекелік гала-концертпен қорытындыланды. Оған еліміздің ондаған өнер саңлақтары қатысты. Соның ішінде белгілі өнер шеберлері күйші Секен Тұрысбеков пен әнші Майра Ілиясова облыс аудандарында да өнер көрсеткен көрінеді. Ел асыға күткен аламан айтыс «Адамзаттың Абайы» деген тақырыппен өтті. Онда бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов жеңіп алып, темір тұлпарды ауыздықтады. Айтыс соңында аймақ басшысы арнайы тапсырыспен тігілген Абай шапаны мен тақиясын Жүрсін Ерман, Сауытбек Абдрахманов, Төлеген Жанғалиев, Аманжол Әлтай сынды әдебиет пен мәдениет қайраткерлеріне салтанатты жағдайға табыстады. Одан кейінде мұндай құрметті Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, одақ хатшысы, әдебиетші ғалым Қансейіт Әбдезұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов, алаштанушы, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай иеленді. Жоғарыда аталған шаралардың бәріне облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық ішкі саясат департаментінің басшылығы іскерлікпен басшылық жасағанын айтпасқа болмайды.


Тағы бір астын сыза отырып айтатын жайт сол, хакім ақын тойына еліміздің басқа өңірлері де өз үлестерін қоса білді. Айталық, Маңғыстау облысы Семей қаласында Достық үйін салып бермек. Оның ірге тасын қалау рәсіміне аталған облыстың әкімі Нұрдәулет Қилыбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты. «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде Шымкент қаласы шығармашылық, Түркістан облысы көрме, Ақтөбе облысы жекпе жек, Павлодар облыс үстел тенисі орталықтарын, Астана қалалық әкімдігі келешек мектебін салып, ал Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр. Міне, соның бәрі шындығында Абайға, ұлылар еліне құрмет емес пе!
Енді, «Абай тойы барысында Абай елінде не атқарылды?» дегенге келетін болсақ, тілге тиек етерліктей жарқын мысалдар жетіліп артылады. Мәселен, Абай-Шәкәрім кесенесі аумағында «Этноауыл Жидебай» кешені бой көтерді. Алпыс гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдыруға қызмет етпек. Онда жыл бойы жұмыс істейтін киіз үйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы, қонақүйлер бар. Сондай-ақ осындағы ипподром, хайуанаттар бағы, конференц-зал, тимбилдингке арналған аймақтар, электромобильдерді қуаттау стансылары қымыз құю желісі халыққа қызмет көрсететін болады. Олардың бәрі дүбірлі тойдан кейін де ел игілігіне қалатын дүниелер.
Сонымен қатар, Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгегі құрылып, интернет қосылып жатыр. Той қарсаңында Қарауылтөбеде «Абай елі» стелласы ашылды. Оған көтерілетін баспалдақ салынып, маңы абаттандырылды. Бұл шара аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен жүзеге асырылды. Сәулетті ескерткіштің авторы өткенде республика бойынша бас жүлдені иеленген қымызды Саржал ауылының тумасы Нұрбол Қалиев деген азамат.
Той қарсаңында ұлылар елінде республикалық «Жеті қазына» мәдени-спорттық және туризм фестивалі, қазақ аруларының көркі мен нәзіктігін дәріптеген «Сұлу әйел» байқауы өткізілді. Бас бәйгеге ие болған сұлу аруға бес тұлпар сыйға тартылды. Оған да аудан шаруа қожалықтары демеуші болды. Осы орайда аудан әкімі Мейіржан Смағұловтың да іскерлік танытып, елге ұйыт­қы болғанын айта кетсек дейміз.
Қарауылдағы Абай тойы осындағы хакім ақын ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталды. Одан кейін қасиетті Жидебайда төрт түліктің үлкені түйе малы құрбандыққа шалынды.


Бұдан соң Қарауылтөбе етегінде қорытынды жиын, ойын-сауық басталып кетті. Оған арнайы келіп қатысқан Республика Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев дүбірлі той қонақтарына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізе келіп, мемлекет басшысының хакім ақынның 180 жылдығына орай берілген тапсырмаларының бәрі толықтай орындалғанын айтты. Ашық аспан астындағы қорытынды шараға Республика Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, көршілес Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, халық жазушысы Төлен Әбдіков, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Қарауылтөбеде Абай күні аясында «Бала Абайдан дана Абайға дейін» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылым режиссері Жұлдызбек Жұманбай жұлдызды ақынның жарқын бейнесін сахнаға жарқыратып шығара білді. Осыдан кейін ұлттық спорт­тың бірнеше түрінен, нақтылап айтқанда жорға, топ бәйге, аламан бәйге жарысы өткізіліп, түйе балуан, өгіз балуан анықталды. Демеушілер тарапынан жеңімпаздарға 90 бас жылқы, 10 автокөлік табысталды. Маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылқанов түйе балуан, алматылық Жігер Еркінұлы өгіз балуан атанды. Топ бәйгеде Алматы облысының, аламан бәйгеде Павлодар қаласының, жорға жарысында Қырғызстанның жүйріктері алда болды. Тоғызқұмалақ, жаяу жүріс жеңімпаздары да сый-сияпатқа кенеліп жатты.
Қарауылтөбе етегінде белгіленген 180-нің орнына екі жүз елудей киіз үй тігілді. Ұлы дүбірлі тойды тамашалауға елу мыңдай адам жиналды. Он тоғыз облыстан арнайы делегация келді. Оларға төрт жүзден астам еріктілер қызмет жасады. Біздің аңғарып байқауымызша, той барысында артық ауыс сөз, орынсыз бейбастық әрекет болмады. Ұлылар елінің ұл-қыздары алыс-жақыннан келген қонақтарға аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетті. Біз мұны да Абайға құрмет деп түсіндік. Солайша «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп бас ақынның басты шәкірті Шәкәрім қажы айтпақшы «бұл той бұрынғы тойдан өзгерек» болды.

Дәулет Сейсенұлы,
«Қазақ әдебиеті» газетінің Абай облысы бойынша тілшісі

Алматы–Семей–Қарауыл–Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір