Ғасыр бұрынғы қазақ газеттері қайта басылды
21.12.2023
338
0

Жуырда «Қазақ», «Сарыарқа» газеті мен «Айқап» журналының жинақталған нұсқасы кітап болып шықты. Ғалымдар көне басылымдарды топтастырып, араб қарпінен кириллицаға түсірген. 1913-1918 жылдары жарық көрген «Қазақ» газеті 7 том кітап болса, «Айқап» журналының 88 саны 2 том болып басылды. 1917-1919 жылдары шыққан «Сарыарқа» газетінің кейбір сандары шетелдік мұрағаттан табылған. «Шерлі шежіре» бағдарламасы аясында жарық көрген бұл 30 том үш жыл ішінде толықтырылған екен. Томдықтардың халық игілігіне қолданылуына мұрындық болған филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес мұрағаттағы жәдігерлермен жұмысы жайлы айта келіп: «Халқымыз айналдырған қырық жылда үш рет жазу-сызуын өзгертті ғой. 1929 жылға дейін ғасырлар бойы араб қаріпті жазуды қолдандық, 1930-1940 жылдары латын деп бас қатырып, одан беріде орыс графикасын тұтынып келеміз. Бажайлап қарасақ, Алаш қайраткерінің ке­секті дүниелері, кітаптары 1929 жылдан кейін мүлдем жария­лан­ба­ған екен. Бір сөзбен айтқанда, Алаш қайраткерлерінің қаламынан туған араб қаріпті кітаптардың, мақалалардың толық базасын жа­сау, ұлттық құндылыққа жататын мұраларды іздеп табу, оларды бүгінгі жазу үлгісіне көшіру, псев­донимдер мен лақап аттарды анықтау мақсат болды», – деген болатын. Ғалымның айтуынша,  бастамаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының басшысы әрі «Алаш Орда» баспасының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы қолдау көрсеткен.  «Басылымның редакциялық алқасында профессорлар Дихан Қамзабекұлы, Сағымбай Жұмағұл, қоғам қайраткерлері Азат Перуашев пен Қазыбек Иса сынды алашшыл азаматтар бар. Барша қиындықты көтеріп, мәтіндерді қазіргі жазу қалпына келтірген – араб тілінің маманы, белгілі библиограф Толқын Замзаева», – дейді зерттеуші жұмыс барысы жайлы.
Қазақ руханиятының қоржынына ба­ға жетпес байлық болып қосылған көне газет­тердің жинағы кітапханаларға таратылған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір