Ғасыр бұрынғы қазақ баспасөзі не жазды?
29.12.2022
1695
0

Қазақ халқы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жаңа тарихи кезеңдерге қадам басты. Алғашқы қазақ кітаптары, ұлттық баспасөз құралдары, жаңаша мектептер пайда болып, ұлттық қозғалыс қалыптасты. Ресей түркілері арасындағы қоғамдық-cаяси және ағартушылық қозғалыс – «жәдитизмнен» қазақ қоғамы да қағыс қалмады. Қазақтар арасында да жәдиттік бағыттағы ағартушылық қозғалыс барынша өркен жайып, Алаш идеясы өрістеді. Ұлтты ең алдымен ағартушылық һәм іскерлік жолға салу басты бағыт болды. Халықтың сана сезімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып теңдік пен еркіндікке жетуге тырысты. Бұл жолда, бұл бағытта қазақтың тұңғыш баспасөздерінің атқарған міндеті өте пайдалы болды.

Қазақ баспасөзі тарихы XIX ғасырдың екінші жартысында Ташкентте шыққан «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінен (1888-1902) бастау алады. Бұл екі газет те – патша өкіметінің жергілікті басқару органдары арқылы шығып тұрған басылым еді. Сондықтан да мұнда көбіне үкімет қаулылары жергілікті ұлт тілдеріне аударылып жарияланып тұрды. Газеттің кей сандарында өлке тарихына қатысты құнды жазбалар да кездеседі.
1905 жылғы бірінші орыс революциясынан соң ұлттық тілде мектеп ашу­ға рұқсат беріліп, ұлттық баспасөз шы­ғаруға мүмкіндік туды. Бұл уақытта Ресей Мемлекеттік думасында қазақ депутаттары да өз пікірлерін айта бастады. Ұлттық баспасөзге деген қажеттілік туын­дады. Алғашқылардың бірі болып Торғай қазақтары 1907 жылдың басында Троицк қаласында Хайым Шомылов Сасновский, Жетпісбай Андреев, Ешмұхамед Имамбаев басшылығымен «Қазақ газеті» атты газет шығып, бірнеше саны басылған соң тоқтайды. Газетті шығарушылар мен газеттің өзі туралы та­тар басылымдары ұнамды пікір айтпайды. Ұстанған бағыты мен тұтынған жо­лының дұрыс еместігін газет бетінде жарияланған жазбалар арқылы сынап жазады.
Көп ұзамай, 1907 жылы наурызда Петербург қаласында Ғабдрашид Ибраһимов пен дума депутаты Шәймерден Қосшығұлов жетекшілігімен «Серке» атты 15 күнде бір шығатын газет басылады. Бірнеше саны шыққан соң «Серке» газеті һәм онымен қанаттас татардың «Улфат» газеті де цензурамен жабылып, таратылған сандары полиция тарапынан тәркіленеді. Тек 1911 жылы шыққан қазақтың тұңғыш журналы – «Айқап» пен Ордада шыққан «Қазақстан» газетінің ғұмыры ұзақтау болды.
Жоғарыда аты аталған «Қазақ газеті» газеті мен «Серке» газетінің шыққанына да, міне, тура 115 жыл толып отыр. Сонымен қатар өткен жылы қазақтың тұңғыш «Айқап» (1911-1915) атты журналына 110 жыл толған болса, келер жылы алғашқы жалпыұлттық «Қазақ» (1913-1918) газетіне де 110 жыл толады. Төменде осыдан 105 жыл бұрын жарық көріп, қазақ халқының рухани жоқтаушысы, саяси партиялардың үнпарағы, халық қызметшісі болған қазақ газеттерінің бірнешеуіне тоқталып, қысқаша шолу жасап, басылым беттерінде жарық көрген тарихи мәліметтерді оқырманмен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Аталған басылымдар арасында Алаш автономиясын қолдап, «Қазақ» газетінің бағытын ұстанғандар да, оған қарсы болып, жазба жариялағандары да бар. Бұл басылымдар «Халықтың қай дәреже алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді» деп, «Айқап» журналының (1911-1915) тұңғыш санында журналды шығарушы Мұхаметжан Сералин айтқандай, немесе «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек!» деп, «Қазақ» газетінің (1913-1918) алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, ұлтты ағарту, ұлтты ұйыстыру бағытындағы өздерінің тарихи міндеттерін адал атқарды.
«Сарыарқа» газеті (1917-1919) Семей қаласында «Алаш» баспаханасында басылды. 1917 жылдың маусым айынан бастап шыға бастады. Газеттің алғашқы санының басылуы және газетке көмек ретінде «Қазақ» газеті баспасынан Имам Әлімбековтің Семейге кеткені туралы хабарламалар «Қазақ» газетінде жарияланады. Алғашқы сандарын Райымжан Марсеков шығарды. Одан кейін Халел Ғаббасов пен Имам Әлімбеков кезектесіп шығарды. Газеттің кей сандарында шығарушы ретінде Әлихан Бөкейхан есімі көрсетілген (№45 – №47 сандары). 1919-жылдан қазір бізге жеткен №75 – №88 сандарын Шенже Керейбаев шығарды. Газет беттерінде әр түрлі тақырыптар жазылып тұрды. Алаш зиялыларының ұлттық мәселелер, съезд шақыру, жиналыс жасау, земство, оқу-білім, аш қазақтарға жәрдем жинау, Алаш Ордасының бұйрық-жарлықтары, Алаш әскерінің соғыс жағдайы жайлы түрлі тақырыптардағы жазбалары кезедеседі. Газеттің 1917 жылғы сандары жеке кітап болып басылды. Төменде 1918 жылы және 1919 жылы газет бетінде жарық көрген бірнеше тарихи мәліметке назар салсақ. Орынборды болшевиктер алған соң Алаш Орда жетекшілері Семейге кетуге мәжбүр болады. Сонымен қатар «Сарыарқа» газеті арқылы саяси іс-қимылдарынан, келіссөздерінен хабарламалар басып тұрды. Арасында Алаш Орданың бұйрық-жарлықтары да кездеседі.

Алаш Орданың бұйрық-жарлықтары
Номер 6
Ақмола облысындағы Алашорда саветіне бекілді: бастығы Ережеп Итбай баласы, мүшелері: ерқосай Мұқыш баласы, Мұратбек Сейт баласы, … Сейдалы баласы, Мағидшаһ Абылайхан.
Ақмола облысындағы қазақ сотына бекілді: бастығы Сейілбек Жанайдар баласы, мүшелері: Мұсылманбек Сейт баласы, Ғабдытәліп Шонай баласы, Ахмет Жантәлі баласы.
Атбасар уиезіндегі Алашорда саветіне бекілді: бастығы Сыдық Мишенбай баласы.
Славгород уиезіндегі Алашорда саветіне бекілді: бастығы Сағат Желкілдек баласы.
Семей облысындағы Алашорда саветіне бекілді: Биахмет Сарсенбай баласы, Ғайдмұхамет Болат баласы, Райымжан Мәрсек баласы, Әбікей Сатбай баласы, Сыдық Дүйсембі баласы, Ахметжан Қозыбағар баласы.
Алашорда бастығы Ғалихан Бөкейхан. Жолдасы Халел Ғаббас. Мүшелері: Мұхаметжан Тынышбай баласы, секратеры Серікбай Ақай баласы («Сарыарқа». №45. 1918).
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің Қытайға баратын «Шәуешек сапарының» қарсаңында Қажымұқан Мұңайтпасұлымен 1918 жылдың басында Алаш қаласында түскен фотосуреті бар. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасұлының Алаш қаласында цирк өнерін көрсетіп, түскен ақшаны Алаш Орданы қолдап «Ұлт қазынасына» және аштыққа ұшыраған Жетісу, Сырдария қазақтарына бергені туралы хабар 1918 жылғы «Сарыарқа» газетінде 26 шілде, бейсенбі күнгі санында басылып, жарнамасы көрсетілген. Мұнда ойын қойылатын мекен-жай және уақыты, көрсететін ойын түрлері туралы былай жазылған: «Алаш қаласында мұғалімдер курсының қорасында (Қаражан Үкібаев үйі). Жұма күні жаңа санмен 9 авгүст 1918-інші жылы. Қазақтан шыққан бірінші балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы, өзінің күшін халыққа көрсетеді». Ал ойынның бағдарламасы туралы: «Тәртіп: 1. Кірпішті басымен сындыру; 2. Кеудесіне темір соққызу; 3. 2¼ дюмдық темірді мойнына салып, 20 кісі отырғызып көтеру; 4. ¾ дюм темірден қолына білезік орау; 5. Үстіне автомобил, оның артынан 3-4 извозчик жүргізу; 6. Бір арбаға 15 кісі отырғызып жаяу сүйреу», – деп, арнаулы хабарлама басылады. Жарнама соңында ойынның сағат 5-те басталатыны, билет ақысы 1 сомнан 10 сомға дейін екені ескертілген.
Қажымұқан туралы қысқаша: «Қажымұқан қазақтан шыққан 1-нші палуан. Орыс патшалығында болсын, басқа мемлекеттердің қайсысында болсын циркте күреске түсіп, осы күнге шейін жауырыны жерге тимеген үлкен палуан», – деп таныстыру да басылыпты. «Белет сататын орындар: Алаштың уақ қарыз серіктігінде, Қазақ камитетінің баспаханасында, «Сарыарқа» басқармасында» («Сарыарқа». №48. 1918).
Газет беттерінде Алаш әскерінің шайқастары, соғыстағы ерліктері туралы және Алаш әскеріне арналған өлең-жырлар да басылып шығып, жауынгерлерді жігерлендіріп, ерлікке шақырды. Газеттің 1919 жылғы №83 санында «Алаштың құрбан болған қаһарманы» атты жазбада Момынжан Ақшолақ баласының ерлігі туралы баяндайды. Момынжан Ақшолақұлы Өскемен уезі, Шар болысынан, Бура тұқымынан екенін, марқұмның 1915 жылы өз еркімен тіленіп Герман соғысына – майданға барып атақты Карниловдың ғаскерінде қызмет қылғанын, қылған қайратына, ерлігіне үш Гиоргюский кавалир, бір күміс медел мақтау алғанын, 1918 жылы қазақ өз алдына жұрт болғалы жатыр дегенді естіп Алаш қаласына келгенін жазады. «Момынжан жасы 25 де еді. Көзі қып-қызыл, жарқабақ, қасқыр кеуде, жауырынды, орта бойлы, жүзінен төгі шыққан отты, айбатты жігіт еді. Жауға шапқанда екі көзі қанға толып, құлшынып, жаны рахат табушы еді. Қолының әлеуеттігі сонша, бір салғанда болшевикдің талай басы домалап қалушы еді. Талай басдарды қанжығасына байлап келуші еді. Осы қысқы соғысда: «болшевик Отыншы Әлжановды 55 жасында өлтірді, соның кегін алуға 55 болшевикдің басын алсам…» деп жүруші еді. 50 кісіні өлтірді, енді 5 ке тағдыр жібермеді, көзсіз ерлік басын жойды», – деп, соңғы демі қалғанша шайқасып, ерлікпен қаза тапқанын айтады. Соңында көңіл айтып, «Муса» деген атпен жазбасын аяқтайды. Газеттің осы санында «Алаш әскері» деген өлең де басылған. Өлең авторы – Бекмұхамед Серкебаев. Қазақстан ғана емес, әлемге танылған музыка саласының майталманы – Ермек Серкебаевтың әкесі, Байғали Серкебаев пен Жамиля Серкебаевалардың атасы еді.

«Алаш әскері»
Алаштың намысын сақтаймыз,
Отанды жат жұртқа сатпаймыз,
Жау шықсын, тау жүрсін, оқ жаусын,
Бір шыққан жолдан еш қайтпаймыз.

Көрпеміз жамылыс қар болсын,
Төсегім қара жер, саз болсын,
Бөгелмей, тоқталмай асармыз,
Мейлі, жолымыз жар болсын.

Құм, дәриа, ыстықта, шөлдерден,
Қиа тас, асқар тау, белдерден
Өтерміз, кетерміз, ойға алсақ,
Көк теңіз көз жетпес көлдерден.

Айанбай соғысқа кірерміз,
Дұспанға қасқырдай тиерміз,
Шегініп қорғалау бізге ар,
Қанымыз Алашқа ақ төгерміз.

Ұрандап шақырса қалмаймыз,
Ұзаққа, жайауға талмаймыз,
Ат мінсек, асынсақ сайманды,
Киіктей, орғыған ойнаймыз.

Біз қормал Алаштың баласы,
Ардақты көзінің қарасы,
Күңіренсін, жаңғырсын дауыстан,
Ұйықтаған қазақтың даласы.
Біз қырдың бос жүрген құланы,
Арқада мекені, тұрағы,
Ілетін қиадан қаз, үйрек
Ақ иық тұйғынның қыраны.
Бекмұхамед Серкебаев.
(«Сарыарқа». №83. 1919).

Газет 1919 жылдың соңына дейін шығып тұрғаны белгілі. Семей мұрағаттарында «Сарыарқа» газетінің 1919 жылы 7 қарашада шыққан №90 саны сақталған. Бас бетінде: «Ұлтшыл, жұртшыл қазақ газеті», – деп жазылған. Бұдан соңғы сандары туралы қазірше дерек жоқ. Мүмкін, осы санынан соң тоқталған болса керек. Себебі 1919 жылы желтоқсан айынан бастап Семейде «Қазақ тілі» атты жаңа газет жарық көреді. Сәбит Мұқанов «Қазақ газеттері» деген жазбасында «Сарыарқа» газеті туралы: «100% Алаштың газеті. Кеңес өкіметіне қарсы сөз таратып, қазақтың қалың бұқарасының көзін бояды. Калшакка намаз оқыды. Жазушылары: Ғаббасов, Бөкейханов, Тұрғанбаев, Әуезов, тағы басқалар. Бұл газет адмирал Калшак газеті (1917-18-19 жылдарда)», – деп, атап өтеді.
«Бірлік туы» газеті (1917-1918) – Ташкент қаласында шығып тұрған, қазақ-қырғызға ортақ басылым. Газеттің алғашқы сандарын Мұстафа Шоқай шығарған болса, одан кейінгі сандарын Хайредин Болғанбаев (№6-№16) пен Сұлтанбек Қожанов (№17-№29) шығарып тұрды. Алғашқы сандарын Мұстафа шығарғаны туралы «Қазақ» газетінде жазылды («Қазақ» газеті. №236. 1917). Газеттің қазірге дейін 29 саны ғана табылып, зерттеушілердің қолына тиіп отыр. «Бірлік туы» газеті Түркістан автономиясы мен Алаш автономиясын қолдап, онда «Түркістан автономиясы», «Бостандық һәм автономия», «Қоқан шаһарында болған жалпы мұсылман съезінің қаулылары», «Екінші жалпықазақ сиезі», «Алаш автономиясы», «Сырдария қазақ-қырғыз сиезі» сияқты мақалалар басылды. Сонымен қатар болшевиктердің Түркістан өлкесінде жүргізген саясаттарына наразы болып, газет беттерінде «Кім дос, кім қас?», «Өзіміздің большевиксінгендерге», «Қазақ халқының дұшпандары», «Тұла бойы қан сасиды», «Қоқан қырғыны», «Мұстафа хаты» сияқты бірнеше мақалалар да жариялайды. «Мұстафа хаты» мақаласын кейіннен Семейдегі «Сарыарқа» газеті, Қазандағы «Алтай» газеттері де көшіріп басады.
«Сырдария қазақ-қырғыздарының сиезі» атты жазбада сиездің қаулылары да жазылды. «6-9 ншы январда Түркістан шаһарында Сырдария қазақ-қырғыздарының сиезі болып өтті. Сиезге Сырдария облосының барлық уиездерінен келген қазақ-қырғыз өкілдерінің саны 70 шамалы болды. Онда Сырдария облосының өз өкілдерінен бөтен «Алаш Ордасынан» келген Бақыткерей Құлманов, Тұрағұл Құнанбаев һәм Міржақып Дулатов онан соң Қоқандтағы Түркістан уақытша хкүметінен келген өкілдер һәм Орал облосы темір уиезінен келген 3-4 адамдар болды. Бастап бұл сиезге арнап шақырылған адамдардан Мұқаметжан Тынышбаев һәм Әбдрахманбек Оразаевтар келе алмады. Һәм бұл сиезді шақырушылардың біреуі Мұстафа Шоқаев та келе алмады», – деп, сиездің басы-қасында болған Алаш Орда өкілдері туралы құнды ақпарат берілген. Соңында Сырдария қазақтарының Алаш автономиясына қосылу немесе қосылмауы туралы қаулы дауысқа салынады. «Дауысқа салғанда кәмисия жобасын қуаттаушы 34, қарсы 11 дауыс алды. Сол қарсы 11 дауыс Сырдария қазақ-қырғыздарының көбі бұ күн «Алаш» автономиясына қосылуды тілегендер. Міржақып Дулатов жобасын қуаттаушылар 10, қарсы 38, тартынып қалушылар 8 болып, көпшілік кәмисия қаулысын түзетулерменен қабұл алды. Қабұл алынған кәмисия қаулылары:
1) Сырдария облысы осы күні тегіс Түркістан автономиясы болғандықтан, әзірге Түркістан автономиясында қалады.
2) «Алаш» автономиясы жар қылып Түркістан мен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғызы со күннен бастап «Алаш» автономиясына қосылады.
3) Сырдария қазақ-қырғызы қосылғанда «Алаш» астанасы Түркістан шаһары болады.
4) Сырдария Алашқа қосылғанда Түркістан құрылтайына сайланған өкілдер «Алаш Ордасының» сайлау жобаларына тура келсе, алаш құрылтайына да өкіл болып сайланады.
5) Осы сиезде болған қаулыдар Түркістан Құрылтайына сайланған өкілдерге наказ болады.
Міржақып ұсынған қауылдар мыналар:
1) «Алаш» автономиясы жар қылынғанша Сырдария Түркістан автономиясында тұра тұрсын.
2) «Алаш» автономиясы жар қылынуында Сырдария «Алаш» облыстарының бірі болып саналсын.
3) Алаш астанасы Түркістан шаһары болсын.
4) «Алаш Ордасы» мен Түркістан автономиясы одақ болсын. 9 ншы январда Ырғыз уиезінен өкілдер келіп 28-29 нші декабрде болған Ырғыз қазақтарының жасаған сиез қауылдарын айтып, Сырдария қайда болса Ырғыз да сонда болатынын білдірді.
…Түркістан уақытша ұлт кеңесіне сиез бір ауыздан мына кісілерді сайлады. Ақмешіттен Мұстафа Шоқаев, Әулие-атадан Ғазымхан Кенесарин, Шымкенттен Сейджаппар Байсейітов, Ташкенттен Ғалимұхамед Көтібаров, Түркістаннан Дәулетияр Алтыбаев, Қазалыдан Меңдіолла Күзембаев (Меңдолла Күзембаевқа орынбасарлыққа Мәзірап Қасымов сайланды). Мұнан кейін Ырғыз өкілдеріне жауап беруге сайланған кәмисия ұйғарған жауаптарын әкеліп, сиезге ұсынып, сиез кәмисия қаулысын бір ауыздан құбыл қылды» («Бірлік туы» газеті. №18-19. 1918).
Сонымен қатар газеттің ең бірінші бас мақаласы Ташкент пен Түркістан аумағындағы және Ресейдегі саяси оқиғаларға арналған. Тағы да тың деректердің бірі – Түркістан даласында болған аш қазақ-қарғыздар туралы жазбалар еді. Аштарға көмек көрсетіп, үлгілі болған істерді де атап өтеді. Жарнамалар да берілді. Аш қазақтардың жағдайын сипаттап жазған мақалалар әр сан сайын басылып тұрды.
«Бірлік туы» газетінің соңғы 28 және 29-сандары қаржы қиындығымен зорға жарық көргенін ескертеді. Газеттің жабылуына қаржы тапшылығымен қатар саяси сабептер де әсер етті. Сәбит Мұқанов «Қазақ газеттері» деген жазбасында «Бірлік туы» газеті туралы: «Басқарушы Мұстафа Шоқаев. Қазір шет мемлекетте қашып жүр. 18 жылы Жетісу, Сырдария елдерінің үстінде ұлы соғыс болғаны бесіктегі балаға мәлім. «Бірлік туы» сол қанды соғыста Ақтардың сусыны болып жүрді», – деп, атап өтеді. Осылайша «Бірлік туы» газеті 1918 жылдың сәуір айында тоқтады.
«Ұран» газеті (1917-1918). Ордада шығып тұрған басылым. Алғашқы саны 1917 жылы 28 шілдеде жарық көрген. Шығарушы – Ғабдулғазиз Мұсағалиев, бастырушы мұсылман бюросы болды. Жалпы 40-қа жуық саны шығып барып тоқтады. 1918 жылы 28 шілдеде №38 саны шыққаны белгілі. 1918 жылы 17 қарашада «Ұранның» орнына «Хабар-Известия» деген болшевиктердің екі тілді газеті шыға бастайды. Газеттің кей сандары жинақталып, жеке кітап болып басылды.
«Қазақ» газеті және оның ізбасар басылымдары туралы Тұрар Рысқұлұлы өз еңбегінде былай жазады: «1913 ынші жылдан 1916 ыншы жылға шейін қазақтың ұлтшыл оқығандарының қозғалысы едәуір күшейді, олардың қала сайын үйірмелері, ұйымдары болады. Феврал төңкерісінен кейін қазақтың осы ұлтшыл оқығандары «Алаш» атты саясат партиясын жасайды да, «Қазақ» осы «Алаш» партиясының орталық газеті болады. Осы кезде «Қазақстан» басқа да қазақ тілде газет, журналдар шыға бастайды. Мәселен, Семейде «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы, Ташкенде «Бірлік туы» газеті (бұл «Алаш Орда»ның Түркістан бөлімінің газеті еді» мұны бастап шығарған Шоқай ұлы Мұстафа), Аштараханда «Ұран» газеті, Қызылжарда «Жас Азамат» газеті. Бұл газет, журналдардың бәрі де «Қазақ» газетінің бағытын ұстап, соның жергілікті бөлімдері есебінде болды» («Қазақстан». Ырысқұлұлы Тұрар. Қызылорда. Қазақстан мемлекет баспасы. 1927. 40 б).
Жоғарыдағы аты аталған қазақ тілді басылымдардан өзге, солшыл бағытты ұстанған «Үш жүз» (1917, Петропавл) газетін атауға болады.
Газет бағыттары туралы Тұрар Рысқұлұлы «Қазақстан» деген еңбегінде: «Қазақ жастары мен кейінгі дәрежелі оқығандар арасында кадетші зиалыларға (Әлихан, Ахметтердің жігіне) наразылық біліне бастайды. Бұлар өз алдына үйрімелер ашып, қатта бөлек газет шығармақшы болады, бірақ осы солшыл оқығандардың өзі де ұлтшылдық пікірінен тазармаған еді. 1917 інші жылы Ташкенде шыққан «Алаш» газеті, онан кейін (Түгес ұлы Көл-бай шығарған) «Үш жүз» газеттері «Қазақ» газетіне қарсы боп жазады. Бірақ соңғы екі газет құр солшыл ұран ұстаған мен, мақсат жағынан белгілі бағыты жоқ, құр бәсекені қолға алған еді. Басындағылар да «ауырдың асты, жеңілдің үсіт мен жүріп», оңай атақ бен оңай олжаға құмартқан, қолайсыз кісілер еді», («Қазақстан». Ырысқұлұлы Тұрар. Қызылорда. Қазақстан мемлекет баспасы. 1927. 40 б) – деп сипаттайды. Жалпы «Алаш» газетінің 30-дан астам саны, «Үш жүз» газетінің оннан астам саны шығып жабылды. «Үш жүз» газетінің беттерінде Алаш Ордаға, Әлихан бастаған топқа қарсы бағытталған мақалалар жарық көреді. Олардың қатарында: «Алаш автономиясы», «Алаш патиясының қара жүзлері», «Имансыздың ісі», «Тағы алдады», «Ахмет Байтұрсыновқа ашық хат» деген жазбалар басылды.
Мерзімді басылымдармен қатар, қазақтың оқыған жастары қолжазба журналдар да шығарып тұрды. Бұлардың қатарында, биыл 105 жыл толып отырған Алматыда «Садақ» жураналы (1917-1918), Петропавлда «Жаңа заман» журналдардары (1917-1918) шыққанын атап өтуге болды.
Ресей және Қазақстан аумағында Азамат соғысы (1918-1920) аяқталып, бүкіл елде болшевиктер билікті қолға алған соң, жер-жерде баспалар ретке келіп, ұлттық басылымдар қайта жарық көре бастады. Шығарушылар бұрынғы Алашорданың белді мүшелері болғандықтан, көпшілік газет-журналдардың идеялық бағыты ұлттық сипаттан ажырамады. Олардың қатарында Петропавлдан «Бостандық туы» (Мағжан Жұмабайұлы, Жанұзақ Жәнібекұлы), Семейден «Қазақ тілі» (Жүсіпбек Аймауытұлы, Мәннән Тұрғанбай), Қостанайдан «Ауыл» (Мұхаметжан Сералин), Ташкенттен «Ақжол» (Сұлтанбек Қожанұлы) газеттері шыққанын айтуымыз керек. Көп ұзамай, бұл басылымдар үкімет тарапынан шектеуге ұшырап жабылды, атауы өзгертіліп, шығарушылары ауысқандары да бар.
Жоғарыда, осыдан 105 жыл бұрын жарық көрген қазақтың алғашқы журналдары мен газеттеріне қысқаша тоқталдық. Ғасырлық тарихқа ие басылымдарға көз жібердік. Аталған басылымдар мыңдаған тиражбен басылып, Алтайдан Астраханға дейінгі қазақ даласына таралып, жұртты қажетті ақпаратпен сусындатты. Газет-журналдардың көпшілігі негізінен бүгінде Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Кейбіреулері жеке кітап болып жинақталып шықты. Кешегі Алаш аманаты, бүгінгі – тәуелсіз Қазақстан. Алаш туы биіктей берсін! «Алаш автономиясының» 105 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Абай МЫРЗАҒАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір