Жырлары жылдарменен жасай бермек
Қайнекей Жармағанбетов
Көрнекті ақын, жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Қайнекей Жармағанбетов 1918 жылы 25 тамызда (шын аты Ғайнетдин) Қостанай облысы, Жангельдин ауданы, Шилі ауылында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетін (1941), аспирантурасын (1949) бітірген. Қазақстан комсомолы Орталық комитетінде хатшы (1941-1948), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде аға оқытушы, доцент, директордың орынбасары (1948-1958), бұрынғы «Әдебиет және искусство», қазіргі «Жұлдыз», сатиралық «Ара», «Шмель» журналының Бас редакторы, Мәскеу қаласынан шығатын сатиралық «Крокодил» журналының Қазақстандағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы, әдеби кеңесші (1958-1964) болған.
Қ.Жармағанбетов 1964 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысты. Ол «Заман біздікі» (1950), «Адам туралы аңыз» (1951), «Мұғалима туралы баллада» (1957), «Балладалар» (1962), «Соңғы түн» (1967), «Сырлы тал» (1971), «Шыңдағы шамшырақ» (1976) деп аталатын және басқа да бірнеше өлең, баллада кітаптарының, әйгілі әнші Әміре Қашаубаев жайлы жазылған «Әнші азамат» повесінің, талай әңгіме, новелла, көркем очерктердің авторы.
Қ.Жармағанбетов ақын-жазушылар С.Мұқанов,
Қ.Шаңғытбаев, М.Әлімбаев, Ж.Өмірбековтермен бірге
Қайнекей ұлттық әдебиетке оқиғалы өлеңді, баллада жанрын берік орнықтырған, оны әбден кемелдендірген қаламгер.
Жармағанбетов көне Торғайда туса да, алғыр азамат ретінде танылды. Өзінің тұрақты ізденісі, қарымды қабілеті арқасында ұлтаралық қатынас тілін өте жетік меңгерді. Энциклопедиялық білімімен көзге түсті. Чилидің патриот, коммунист ақыны П. Неруданың «Қашқын» поэмасын, И.С. Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын, Б. Ершовтың «Тұлпартай, Сұңқартай» ертегісін, жапон жазушысы Карридің «Шығыстағы бір бейбақ» драмасын, И. Шиллер, А. Мицкевич, А. Барто, М. Лермонтов, А. Пушкин, В. Маяковский, сонымен қатар көптеген туысқан қырғыз ақындары өлеңдерін қазақшаға аударған. Әйгілі әдебиеттанушы ретінде А.Н. Радищев, А. Рудаки, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ж. Жабаев, Н. Ахметбеков шығармаларын зерттеп, зерделеген.
Қайнекей 1974 жылы, қыркүйек айының 10-шы жұлдызы күні бар болғаны 56 жасында дүниеден озып, туған жері Шилі ауылына жерленді. Қазіргі таңда көрнекті ақын есімінде Торғай селосында көше, кітапхана бар. Шилі ауылындағы орта мектеп Қайнекей Жармағанбетов атын иеленген.
Ұлттық әдебиет тарихына тереңнен үңіліп, таразылап, саралап көрсек, Қайнекей Жармағанбетов негізінен елді елеңдетіп, жан жүректі тебірентетін оқиға желісінен туындап, шынайы суретті көз алдыңа әкелетін балладаның хас шебері деуге әбден болады. Оның «Кекті бала», «Большевик туралы баллада», «Жидебайдың түндері мен күндері», «Галлилей», «Фердоуси» туындылары сөз жоқ рухани қазынаға айналған. Қиян-кескі сұрапыл соғыста болмаса да, ақын елмен бірге егіле отырып, майдан көріністерін көркемсөзбен қаз қалпында суреттейді. Әсіресе қарымды қаламгердің:
Толқынды Днепрдің жағасында,
Туған жер Украина даласында,
Жорықта жүрді біздің партизандар
Түн қатып қалың орман арасында, – деп басталатын әйгілі «Кекті бала» балладасын кім ұмытар. Кейде қазақ кино өнерінде маңдай терін төгіп жүргендер сценарий жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Көзі көреген, көкірегі ояу, ой-кеңістігі керемет режиссер болса, осы балладаның оқиғасы деректі фильмге сұранып-ақ тұрған жоқ па?!
Жармағанбетовтың «Мұғалима» деп аталатын балладасы баяғыда мектептің оқулық кітабына енгенінен ересектер жағы толық хабардар. Неге екені беймәлім, сол туынды соңғы жинақтардан мүлде алынып тасталған. Оның есесіне оқырманға есімдері пәлендей белгілі емес авторлардың күлдібадам шығармалары еніп кетіпті. Мүлде түсініксіз. Сөз реті келгенде айта кету керек, «Мұғалима» балладасын ешкім ұмыта қойған жоқ. Шынында да:
Әлі есімде мектепке алғаш барғаным,
Сумка асынып, дәптер, қалам алғаным,
Бір бұрышында сол сумканың жатқаны
Кеней сақа, кендір баулы қармағым, – деп басталатын оқиғалы өлең балғын бала кейпін ғана емес, бүкіл қазақы ауыл тірлігін кинодағыдай елестетпей ме?!
Қ.Жармағанбетов туысы, құрдасы О.Мұқатұлы
Осы жерде академик жазушы, атақты ғалым Зейнолла Қабдоловтың парасатты пайымын келтіруді жөн санадық. Зерделі жан ең әуелі «Баллада өзінің ұзақ даму тарихында талай өзгерістерге ұшырады. Әуелде бір топ адам қол ұстасып, би билеп жүріп айтатын ән түрінде көрінсе, кейін сыршыл толғау түріне ауысты. Соңғы түрдің үлгісі ретінде белгілі француз ақыны Франсуа Виионның «Бұрынғы өткен арулар» деген балладасын атауға болады. Мұның әсіресе ел намысын қорғаған ержүрек батыр апаларын аңсап, армандайтын жерлері айрықша жылы, сырлы» деп жазса, одан әрі өз ойын «Қазіргі қазақ ақындарының ішінде оқиғалы өлеңдердің кейбір нұсқаларын Қ. Жармағанбетов жасаған еді. Оның «Бидай туралы балладасы», сондай-ақ «Мұғалима», «Күзетші» деген балладаларын кезінде өлең сүйген қауым жылы қабылдаған» деп түйіндейді.
Бұдан бірнеше жылдар бұрын республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде академик Серік Қирабаевтың «Туған әдебиеттің еңбек торысы» деп аталатын зерттеу жұмысы жарық көрді. Елуінші жылдары көрнекті ақынның ағалық ізгі, ілтипатын сезінген ғалым оның оқиғалы өлеңдерінің өміршеңдігін, шынайылығын, деректілігін дәл жаза отырып, «Оқиғаға құрылып, лирикалық сарында дамитын бұл өлең үлгісінің адам тіршілігінің ерлік пен қайғылы кезеңдерін, оқыс әрекеттерді суреттеу арқылы қазақ әдебиетінде орнығуы Қайнекей еңбегімен тікелей байланысты. Оның алғашқы бастаушысы Саттар Ерубаев болса, кейін ол Қайнекей шығармашылығы арқылы кең өрлеу жолына түсті. Ақын жанрдың ішкі ерекшеліктерін жетілдіруде, көркемдігін көтеруде сәтті қадамдар жасады», – деп жазды.
Ақын-жазушылар. Хамит Ерғалиев, Қайнекей Жармағанбетов, Зейнолла Қабдолов
Қазақтың көрнекті ақыны, абыз ақсақал Мұзафар Әлімбаев көзі тірісінде Қайнекей Жармағанбетовпен аралас-құраласта болды. Олар қоғамдық орындар түгіл, дастарқан басында да амандық-саулықтан соң, әдебиет әлемі, оның күнгей, көлеңкелі тұстары туралы әңгіме шертіп отыратын.
Кезінде Мұз-ағаң және өзге әріптестері қуана мақұлдаған туындылардың бірі «Толыбай сыншы» балладасы. Лебізімізді шашыратпай, түйіндеп, нақтылап айтатын болсақ, осы шығармадағы сыншы толғанысы өте нанымды. Автордың суреттеу шеберлігі сүйсіндіреді. Артық айтты деп, айып таға көрмеңіздер, бір қарағанда Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын еске түсіреді. Мәселен мұнда:
Есектей еңкіш тұлға,
қыршаңқы, арық,
Келгенде сылти басқан
боз атты алып,
«Тақсыр хан, анық тұлпар осы» деді
Толыбай шын қуанып, қайран қалып, – деген жолдары бар.
Қ.Жармағанбетов, Қ.Сәтпаев, О.Батырбеков
Әдебиеттанушылар Қ.Жармағанбетовтың баллада жанрына сүбелі үлес қосқанын жақсы біледі. Бірақ оның лирикалық өлеңдерді де жазғанынан мүлде беймәлім. Ақын қолына қару алып, соғыс даласына аттанбаса да қаламымен намысын қайрады. Майдан тақырыбына поэзиялық және прозалық шығармаларымен қалам тербеді. Айталық «Аттанардағы ант» өлеңінде:
Бер бұйрықты, Отан маған,
Күң етпекші жарымды жау,
Азалы етпек арымды жау
Талап кетпек барымды жау, – деп төгіледі.
Қайнекей Жармағанбетовтың «Алтай аясы» деп аталатын өлеңінде:
Жол түсіп араласаң Алтай маңын,
Көресің тарлан
таудың қартайғанын,
Тентек жел,
долы нөсер әжім салған
Жартастың
тынығуға жантайғанын, –
деген жолдар бар. Осы жырды оқып, аса разы болған Ілияс Омаров авторға арнайы хат жолдап, онда «Мінекей, тарихи шындық. Көркем теңеулер осылай жымдасу керек» деп жазған екен.
Заман да, адам да, табиғат та өзгеріп жатыр. Ең қауіптісі пенде атаулының жан дүниесінің ластануында болып отыр. Түбі сол үлкен мәселеге айналып кетпесіне кім кепіл. Қайнекей кітаптарын ақтарып отырсақ, лирикалық өлеңдерінің көбі адамгершілік, кісілік, жолдастық, сыйластық, тазалық тақырыбын қозғайды. Ақынның бойындағы болашақты болжау, көріпкелдік қасиетке қалай сүйсінбессің?! Жармағанбетовтың:
Өскенді де көргенбіз,
Бөскенді де көргенбіз,
Өсіп-бөсіп ақыры
Өшкенді де көргенбіз.
Асқанды да көргенбіз,
Тасқанды да көргенбіз,
Асып-тасып ақыры
Сасқанды да көргенбіз.
Болғанды да көргенбіз,
Толғанды да көргенбіз,
Болып-толып ақыры
Солғанды да көргенбіз, – деген шумақтарын оқығанда бүгінгі құбылмалы замандағы құбылмалы адамдар, жемқорлар, алаяқтар бірден еске түседі.
Қайнекей кітаптарында ұрпақ тәрбиесіне ұлағат ұрығын себер салиқалы ойларға құрылған жырлар жеткілікті. «Күлме балам» деп аталатын өлеңіндегі жолдар әрбір ата-ананың күнделікті қақылдап, тақылдап айтатын ақылдарынан үзінді тәрізді. Ал оқып көрелік:
Күлме балам, екі қолы шолаққа,
Ұстаз болған өзіңдей сан олаққа,
Бейбіт өмір тілеп алға басады ол
Қомсынба сен әрекеті сол-ақ та.
Әр жылдары жарық көрген кітаптарға енген «Менмендік», «Аға мен іні», «Мінсіз бар ма», «Кім ана, кім пана», «Сенім», «Асықпа» деп аталатын өлеңдер және басқа да лирикалық туындылар баяғы кеңес дәуіріндегі моральдық кодекстегі мәнерлі сөздер іспетті.
Қайнекейұлы Нұрлан, ақын, зерттеуші Нағашыбай Мұқатовпен бірге
Үстіміздегі жылдың тамыз айының 25-ші жұлдызында көрнекті ақын, жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Қайнекей Жармағанбетовтың туғанына 100 жыл толғалы отыр. Аталған шараға орай, туған жері Жангельдин ауданында әдеби кеш өтіп, көрме ұйымдастырылады. Қостанай қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық университетінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу қазан айының алғашқы аптасына жоспарланды. Көрнекті қаламгер мұраларын насихаттау бұқаралық ақпарат құралдары белсенділігімен біршама жүріп жатыр. Алдағы уақытта да заңды жалғасын таппақшы.
Қайнекей Жармағанбетов ортамызда жоқ болса да, оның артында қалған бай қазынасы арқылы екінші рухани ғұмыры бізбен, әдебиет сүйер қауыммен бірге. Жырлары жайсаң қазақ жүрегіне баяғыда жайғасқан көрнекті ақынның көркемсөздегі күмбезі әлі мұндалап тұрарына еш күмән жоқ.
Нағашыбай МҰҚАТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,
филология ғылымдарының кандидаты, қайнекейтанушы
ПІКІРЛЕР2