«ӘДІЛ СҰЛТАН» ЖЫРЫ
Редакциядан: «Қазақ әдебиетіне» әдебиетші-ғалым Тұрсын Жұртбай әкеліп ұсынған бұл жыр баспасөзде тұңғыш рет жарияланып отыр. Петербор қаласының мұражайынан табылған «Әділ сұлтан» эпикалық жыры «қазақта жазбаша әдебиет болмаған» дейтін шолақ байламдар мен кеміс кесімдерді кезекті рет жоққа шығарған көне мұра екендігін сүйіншілегенді жөн көрдік.
Санкт-Петербург мемлекеттік университеті ғылыми кітапханасының Шығыс бөлімінде сақтаулы тұрған, патша заманындағы мұрағат қызметкерлері «Қырғыз өлеңлері» (№ 493-қолжазба (Ms. 493) деп тізімге алған қазақ қолжазбасын тауып, оның мәтінімен танысудың құтты сәті 1983 жылы түсіп еді.
Салыстырмалы түрде жүргізілген мәтіндік зеттеудің нәтижесінде, Санкт-Петербург университетінің ғылыми кітапханасының Шығыс бөлімінде № 493 ретпен тізімделген (Ms. 493) бұл қолжазба кітап – орта ғасырлардағы жыраулар мен айтыскер ақындардың және әншілердің қазақ тілінде жазылған төл шығармаларының бірегей жинағы екені анықталып отыр. Сол қолжазбаның ішіндегі XVI-XVII ғасырларда жырланған «Әділ сұлтан» эпосы қолжазба кітаптағы шығармалардың екінші уақытнамалық (хронологиялық) кезеңіне жатады. Әсілі, XVII-XVIII ғасырларда жыр мәтінінің қолжазбалық нұсқасы болғанға ұқсайды. Қолжазба кітаптағы қара өлеңдер мен айтыстар, қағытпа-қалжыңдар XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың аяғы аралығында қазақ арасында, соның ішінде, Батыс Қазақстанда кеңінен тараған. Оларды қолжазба түрінде тарату үрдістері XVII-XVIII ғасырларда жалғасын тапқан. Бізге жетіп отырған мәтіндердің қағазға түскен соңғы нұсқасы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басындағы ерте мерзімді қамтиды. Өйткені сол кездің өзінде қолжазбадағы әдебиет ескерткіштерін «ескі заманның туындылары» деп есептеген.
Сонымен, ортағасырлық ноғай мен қазақ, қарақалпақ пен қырымлы жырауларының шығармалары ауызша да, жазба нұсқалар арқылы да қалыптасты. «Халық поэзиясы ауызша ғана дамып келді» деген пікір үстірт айтылған пікір. Жыраулардың шығармалары мен эпикалық жырларының бір парасы жазбаша тарап, жаңғырып отырды деген пікірді сеніммен және осы қолжазбалық нұсқа арқылы ғылыми дәлелденген тұжырым ретінде ұсынамыз. Санкт-Петербургте сақталған қолжазба кітап осылай тұжырым жасауға толық негіз қалайды.
«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында дайындалған қолжазба мәтіндерінің ішінен, көркемдік құны бүгінгі талаппен қараған күннің өзінде жоғары деңгейде орындалған «Әділ сұлтан» жырының жазба нұсқасын (үзінді) «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына ұсынамыз.
Амантай ИСИН,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің
профессоры
(ЖЫРДЫҢ ТРАНСКРИПЦИЯСЫ)
Ей, енеке, мен бүгіші бір түс көрдім,
От жағалай іс көрдім.
Жақсы болса – құлының ұлыңа жорышы!
Жаман да болса – мен қарабет,
Мен шаянның өз басыма көрінсін!
Толғай-толғай жүгірген
Тоқпақ жалды торының
Құйрығы ту түбінен
Кесіліңкі көрінді.
Атқа алған адырна
Жазылыңқы көрінді.
Садақ толған сай кез оқ
Шашылыңқы көрінді.
Ер қаруы екі қол
Бүгуліңкі көрінді.
Ер шырағы екі көз
Жұмылыңқы көрінді.
Жақсы болса – ұлың құлыныңа жорышы!
Жаман болса – мен қарабет,
Мен шаянның өз басыма көрінсін!
Қайын анасы хайырге жори-дүр келінінің көрген түсіне:
Ей, толғай да толғай жүгірген
Тоқпақ жалды торының
Құйрығы ту түбінен
Кесіліңкі көрінсе,
Құлыным менім Әділім,
Түйіп те жауға шапқан-ды.
Садақ толған сай кез оқ
Шашылыңқы көрінсе,
Құлыным менім Әділім
Шашып та жауға атқан-ды.
Атқа алған адырна
Жазылыңқы көрінсе,
Құлыным менім Әділім,
Жау қолы қайтса деп,
Жазып та қойып жүрген-дүр.
Ер қаруы екі қол
Бүгуліңкі көрінсе,
Құлыным менім Әділім
Ғарық олжалы болған-ды.
Ер шырағы екі көз
Жұмылыңқы көрінсе,
Құлыным менім Әділім
Ал еңлікті сұлумен
Айқасып, кұшып жатқан-ды!
Бұ түсіне қайын анасы жорып тұрған халда екі кісі жетіп келділер, Әділ сұлтан жауға түсіп қалғандықларынан хабар берділер. Анасы жылады, бү-дүр шиғыр айтты:
Ей, құлыным менім Әділім
Бір жасына келгенде
Бірелі күстай бірленді.
Құлыным Әділім
Екі жасқа келгенде
Жай тасындай жайнады.
Үш жасына келгенде
Құлыным менім Әділім
Ұшар құстай талпынды.
Төрт жасына келгенде
Төрелер, хандар сөзін сөйледі.
Бес жасына келгенде
Бесті бедеу ат мініп,
Жасаулы жау қаруын сайлады.
Алты жасқа келгенде
Алпыстап сақтау жаратты.
Жеті жаска келгенде
Жетпістеп сақтау жаратты
Сегіз жасқа келгенде
Шараптан өзге сусын ішпеді,
Сүйегіме сіңсін деп.
Тоғыз жасқа келгенде
Торқадан өзге тондар кимеді,
Бойым сұлу өссін деп.
Он жасына келгенде –
Өлерін сонан білгенмін –
Шүлдір-шүлдір сөйлеген,
Сөйлегенін адам білмеген,
Атқа амал үйреткен,
Ат артына арба сүйреткен,
Алдаға тоба демеген,
Жылқы етін жемеген,
Қара шекпен жамылған,
Қу ағашқа табынған,
Мінген атын матаған,
Атасының атауына
Шошқа сойып атаған,
Омыртқа мұрын, шұңқыр көз
Орысты алған құлыным менім Әділім!
Ей, қалт-қалт басқан қара атың
Ғафыл болдың қараңғыда мінімге.
Балдағы алтын ай болат
Ғафыл болдың алып белге ілмеге.
Жағасы алтын кіреукең
Ғафыл болдың аны үстіңе кимеге
Әулие Қызыр сен емес.
Жауырыншы құшанаш тағы емес,
Өлерінді білмеге.
Қартайғанда менім қарағым
Қараңғыда алдымда
Лаулап жанған қос пілтелі шырағым,
Аңқағанда таудан аққан
Жатып ішер бұлағым.
Мен-ақ қайдан білейін
Таудан аққан бұлақтың
Таре тиылып тынарын,
Лаулап жанған алдымда
Қос пілтелі шырақтың,
Мен-ақ қайдан [білейін]
Дауыл да қағып сөнерін.
Әулие Қызыр мен емес,
Жауырыншы құшанаш тағы емес,
Мен-ақ қайдан білейін
Құлынымның Әділдің
Үйге қайтпай өлерін.
Емді Әділдің хатыны шығыр айтып жылай-дүр:
Ай, ел көшсе де мен көшпен,
Артарға менім түйем жоқ.
Ел қонса да мен қонман,
Байларға менім бием жоқ.
Ордасын ел тіксе де мен тікпен,
Уай менім айқасып ойнар ием жоқ.
Мен иемнің жанында көшер едім
Жазлықгың ду-ду ескен желдейін.
Қонушы едім Жайықгың
Бір шығанақ басына біткен көлдейін.
Ел көшкенде көше алмас,
Қонса қоныс қона алмас
Өзіңнен қалған байтағың тозар
Бұғай ұзайды әуеден,
Құс шайқаған желдейін.
Өзіңнің барында
Ғафыл болдым қарауынды білмейін.
Енді қалдым жаманға,
Кадырым жоқ есіктегі күңдейін.
Бұ барғаннан қайтпасаң,
Қайтып үйге түспесең
Тордағы құстай талпынып,
Тасқа ұрынып өлейін!
Әділ сұлтан жауға түсіп қалғаннан соң шиғырмен айтқан сөздері:
Ай, мен өзім тауда ілгенді бөрі едім,
Талшығыма күнінде тайлы бие жер едім.
Ендігісін қолға түстім, қой болдым,
Қамалаған көп жаманға қор болдым.
Кертағыдайын тандасқан тарпандайын,
Тіздескен тауда жүрген мырза едік.
Енді түстік тар жерге
Дуадақ құста ұшу жоқ,
Там үйлерде көшу жоқ.
Таңданса болмас мекен-дүр,
Қадыр алдам несі жоқ.
Туырлықсыз қара үйге
Ту көтермек не керек.
Туғаны жоқ жалғызға
Сопайып жауға шаппақ не керек.
Жауға шапқан жалғыздың
Аралап алар көп туғаны болса игі.
Аралап алар көп туғаны болмаса
Туғаннан тумағаны ол игі.
Етек тозбай жең тозса –
Мен, мен өзім жарлылықтан көремін.
Жағама жаттар қолы көп тисе
Мен өзім жаңғыздықтан көремін.
Ей, күлдір де күлдір кісінетіп
Күреңді мінер ме екенміз!
Күдеріден бау тағып
Көбені киерме екенміз.
Күрең-жирен ат мініп,
Жал-құйрығын шарт түгып,
Төбедегі төрт жүлдызды оңға алып,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Әуелгідей ғалтақ күн –
Біз енді жортуыл жортар ма екенбіз!
Ей, керегеден қараған,
Дестелеп шашын тараған,
Мойыны алманың сабындай,
Буғағы ақбөкеннің таңындай,
Жасы байтақ, жалқын шаш,
Қобағы мұрын, қиғаш қас,
Бетін айдай балқытып,
Көзін судай толқытып,
Омырауын салқытып,
Иісін жұпар аңқытып,
Сыбыр-сыбыр сөйлесіп,
Сыңқылдасып күлісіп,
Шыныақган ас ішіп,
Шынашақган алтын жүзік алысып,
Мұңын бірдей мүңдасып,
Сырын бірдей сырласып,
Әуелгідей ғалтак күн –
Біз енді сұлуды қушар ма екенбіз!
ПІКІРЛЕР1