ЖАЗУШЫ. СЫНШЫ. ҒАЛЫМ
17.08.2018
3298
0

Ілиястануда ізашар еңбек жазып, зерт­теу ісін тың­ғы­лықты қолға алған Мырзабек Дүйсенов сөз өнері әлеміне қалай келгенін еске ала отырып, ілгеріде былай деп жазған екен:

«Бұл жақта Шораяқтың Омарының, Ешниязұлы Жүсіптің, Тұрмағамбеттің өлең­дерін жұрт дәптерге көшіріп алып, қолдан-қолға таратады екен. Бір дәптер менің де қолыма түсті. Термелерді жаттап алдым…
Құрманғазы, Соқыр Есжан, Сейтектің оннан аса күйін үйреніп алғам, ел ішіне тараған халық әндерінің бәрі болмаса да көбісін білем. Домбырашы, күйші болсам деген арман пайда бола бастады».
Сыр өңірінің тумасы қобызшы Нышан мен жырау Рахмет Мәзходаевтардың аузынан шыққан жыр, термелерді жаттай жүріп өзі де домбыра үйреніп, жүрген жерін той-думанға бөлейтін әнші жігіт атадан балаға мирас болып қалған жыршылық, күйшілік, әншілік, шешендік өнерді жал­ғастыра білген өнерпаз да болды.
Әдебиетке деген осындай құштарлық оны Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне алып келді. Университетте ауыз әдебиетінің білгір маманы Мұхтар Әуезовтен тыңдаған мәнді де мазмұнды дәрістер болашақ әдебиетшіні ұлттық құндылықтарымыздың астарына үңілуге жетеледі. 1948 жылы Республикалық «Лениншіл жас» газетінде төртінші курс студенті Мырзабек Дүйсенов туралы «Отличник» деген мақала жарық көрді. Осылайша жиырма жасында респу­бликаға танылған оның бүкіл ғұмыры ұлттық әдебиеттің төңірегінде өтті.
Ол негізінен балалар әдебиетіне қомақ­ты үлес қосқан жазушы. «Алтын ұя» (1957), «Мен қалай торғай болдым» (1958), «Жо­лың болсын» (1959), «Қалыңдық» (1962), «Ана ма­хаббаты» (1965), «Гүлжан сүйеді» (1969), «Мей­мандар» (1971), «Ант» (1974), «Үміт» (1979) әңгімелері мен повестер жинақ­та­ры­ның басты кейіпкерлері балалар мен жастар. Ал «Біз – күн перзентіміз» (1984), «Бір – аспанның астында» (1986), «Сағанатас сыр­лары» (1992) повесть-эссе циклында әлем­нің жаратылысы, жан-жануарлар мен адамзат баласының қашан пайда болып, қалай өсіп-өнген тарихи жолдары ғылыми негізде қызықты әңгі­ме­ленеді.
Жазушы алғашқы әңгімелерін былайша еске алады:
«Ең алғашқы әңгімем 1948 жылы «Қазақс­тан пионері» газетінде басылды. Содан кейін-ақ әңгіме, очерк жаза бас­та­дым. Сол жылы «Социалистік Қазақстанда» «Қызыл тулы колхоз» деген очеркім жарық көрді. Бір келгенімде Асқар Лекеров, Зулфуқар Айтмағамбетов деген редакция қызметкерлері:
− Бала, қадамың жаман емес, жаза бер, – деп тілек білдірген соң, көңілім тасып сала берсін.
1949 жылдың январь айында біз біреудің бір бөлмелі үйін жалдап тұрдық. Мен уни­верситеттің соңғы курсында оқып жүрмін. Жатақханада орным болса да, көбіне ағайымның үйінде жүремін. Бір күні үйге Асқар Тоқмағамбетов келді. Бұл кісі ағайыммен әрі құрдас, әрі жолдас.
− Оқуың қалай? – деп сұрады Асекең.
− Жаман емес.
Мен былтырғы «Қазақстан пионері» газетінде басылған «Жас мерген» әңгімем­нің қиындысын бердім. Ол кісі мұқият оқып шықты да:
− Әй, мынауың балаларға лайық, жақсы дүние екен. Жазуды тастама, – деді. Жасы үлкен, тәжірибелі ағаның бұл сөзін мен шын ықыласпен қабылдадым. Содан кейін балалар бақшасы туралы повесть жазуға кірісейін. Бір жағынан «Алпамыс батыр» туралы диплом жұмысын да жазып жүр едім, повесім шықпады.
Университетті бітіріп, аспирантураға түскен соң кандидаттық минимумге дайын­далып, уақыт тапқанда әңгіме де жаздым.
Тәжірибе аз, тақырып тапшы. Де­ген­мен әңгімелерім «Қазақстан пионері», «Пионер» журналы, «Лениншіл жас» газет­терінде аз да болса жариялана бастады. 1955 жылы «Нұрқанның үйінде» деген әңгімем «Қазақ­стан әйелдері» журналында жария­ланды (№5).
Жаздың күні Мұхаметжан Қаратаев жеке бір үй жалдап шықты. Қыдырып сол үйге келсем, Тайыр Жароков отыр екен.
− Мынау менің нағашы інім, – деп та­ныс­тырды Мұхаң.
− «Қазақстан әйелдеріндегі» әңгіме се­нікі ғой, – деп Тайыр аға жымия күліп бе­ті­ме қарады.
− Ие.
− Жақсы. Тек концовкаңды ойлауың ке­рек. Әсіресе, бірінші жақпен сөйлеп отыр­ған кейіпкеріңнің сөзі онша сәтті шықпаған. Плакаттау. Қарапайымдау сөй­лесін.
Бұл әңгімені Мұхаметжан аға да оқыған екен. Оған да ұнаған сияқты. Сонымен әңгіме жазуды тоқтатқаным жоқ. Жасы үлкен ағалар менің тауымды шақпайын деп жылы сөздер айтты, оны мен, әрине, кейі­нірек түсіндім. Алғашқы әңгімелер жина­ғым балаларға арналып, «Мен қалай торғай болдым» деген атпен 1958 жылы жарық көрді. Келесі жылы «Жолың бол­сын» деген атпен екінші әңгімелер жина­ғым шықты.
«Мен қалай торғай болдым» әңгімелер жинағының өзім қойған аты – «Бақытты балалар» болатын-ды. Кітап шыққанда оның өзгеріп кеткенін көрдім. Оқушыны кітап атымен де тартып тұруы керек деп осылай өзгерткен студент кезімнен досым, баспа қызметкері Амантай Байтанаев екен. Оған, әрине, ренжігенім жоқ. Балалар үшін жазу оңай шаруа еместігін мен кейін түсін­дім. Бала психологиясына лайықты идеяны таңдау, оқиға, сюжет құру, тартымды ком­позиция, әсіресе, олардың қабыл­дануына оңай тіл табу керектігін ертерек түсінсем де, «көңілдегі көрікті ойдың» қағазға түскенде әрі қаша беретіні болады екен. Жинақтағы кейбір әңгімелерім өзіме ұнағанымен біразы көңіліме онша қона бермеді. Тәжірибесіздік бой танытты. Қазір жазсам, әрине, басқаша жазар едім, біразын тіпті жинаққа енгіз­беген де болар едім. Дегенмен осы жинаққа баспа бетінде екі-үш мақала жарияланды. Қ.Мыр­залиев сын айтты, Ә.Нарымбетов, Ә.Нұршайықовтар, тіпті, өсіре мақтады.
«Жолың болсын» әңгімелер жинағы негізінен юмористік бағытта жазылған. Онда­ғы әңгімелердің біразы менің күн­де­лігім­нің негізінде пайда болған. Кейде өмір­дің өзі дайын тақырып, оқиғаны, характер­лерді алдыңа тоса бермей ме? Соны сәл-пәл ғана әдеби жанрдың си­патына лайықтап жазасың. Кейбір әң­гімелер, әрине, осылай болуы керек-ау де­ген қиялдан да туады».
Әдебиетке осылай келген жазушының шығармаларын көпшілік оқырман жылы қабылдап, әдебиетшілер қауымы оң пікір­лерін білдіріп жатты. Оның «Гүлжан», «Ана махаббаты» повестері орыс, «Емтихан» по­весі өзбек тіліне аударылуы да тегіннен тегін болмаса керек.
Ал, сыншы ғалымның «Ілияс Жан­сүгіров» (1965) атты монографиясы – ақын өмірі мен шығармашылығын тыңғылықты зерттеуден туған монография. Моног­ра­фияның жазылған уақытына қарайтын болсақ, өткен ғасырдағы мәдениет пен әдебиет төңірегіндегі айтыс-тартыстардың еріксіз еске оралатыны анық. Сталиндік репрессияның құрбаны болған ақынның азаматтық, идеялық үні 1957 жылы ресми ақталған соң, оның шығармаларын зерттеу әдебиеттану ғылымының кезекті міндет­терінің бірі саналды. Міне, осындай сәтте зерттеу нысанына алынған тақырып өз нәтижесін көрсетті. Ғалым ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуде оның ауыз әдебиеті мен Абай поэзиясының озық дәстүрлерін қалай меңгергендігіне, толыса келе үйренуші бала ақыннан дара ақынға жету жолдары сыршыл лирика мен кең құлашты эпикалық поэмалары негізінде зерттелді. І.Жансүгіровтің өлеңдері мен поэмалары, әңгіме-фельетондары, роман­дары мен пьесалары түгелге жуық ғылыми сараланды. Ұлттық әдебиеттің осы аталған жанрларымен бірге сатираның өсіп-өркен­деуіне үлес қосқан ақынға берілген «қазақ совет поэзиясын тақырыптық, жанрлық, көркемдік сапа жағынан қауырт дамытуда І.Жансүгіров салған олжалар аз емес» деген баға қашан да өз құнын жоймайтыны бел­гілі.
Қазақтың көрнекті ақыны Әбділдә Тәжібаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған «Ақын мұраты» (1967) атты монографиясында ғалым ақын шы­ғар­маларын өзі өмір сүрген қоғам шын­дығымен бірлікте қарады.
Соңғы жылдары М.Дүйсеновтің інісі Елеусін Төлегенұлының қолға алуымен бірқатар еңбектері (М.Дүйсенов. Таңда­малы. 2-том. Алматы. ҚАЗақпарат 2004.) қай­­та басылып, оқырман қауыммен қауыш­­ты. Сондай-ақ М.Дүйсеновтің уни­верситет табалдырығын аттағаннан өмірінің соңғы жылдарына дейінгі аралық­тағы табанды ыждаһаттылықпен жазылған күнделік-эссесі Қызылорда баспасынан 2006 жылы «Жылдар мен сырлар» атты 2 томдық кітап болып жарық көрді. 2013 жылы «Бекзат болмыс» атты ол туралы естеліктер жинағы шықты.
90 жылдық мерейтой қарсаңында қа­лам­гердің 8 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Мырзабек Дүйсеновтің мұра­ларын зерттеу, насихаттау, қайта жария­лау, атын мәңгілік есте қалдыру тәрізді игілікті істердің басы-қасында інісі Елеусіннің жүр­гені баршаға аян. Қазіргі таңда Мыр­забек Дүйсенов атында Қызы­лорда қала­сында №15 мектеп-лицей мен көше бар. Осы­лардың барлығы еліне адал қызмет ж­а­саған перзентіне қазақ халқының ыстық ықыласы мен ерекше құрметі екендігі бел­гілі.
Алдағы уақытта Алматы қаласында ға­лым тұрған үйге Мемориалды тақта орна­тылса деген үмітіміз бар.


Өмір-дерек:

Дүйсенов Мырзабек Төлегенұлы әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, жазушы. Ол 1928 жылдың 20 желтоқсанында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, 1-Май ауылсоветінде дүниеге келген.
Мырзабек Дүйсенов Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасында оқып (1952), әдебиеттанудағы тыңғылықты зерттеулерімен филология ғылымдарының кандидаты (1953), филология ғылымдарының докторы (1968) дәрежесін алған. Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкерінен бастап (1952), аға ғылыми қызметкері (1956), Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі (1972) қызметтерін атқарды. 1966 жылдан СССР Жазушылар одағының мүшесі болды.
Мырзабек Дүйсенов – көркем проза, сын, әдебиеттану салаларында бірдей еңбек еткен қарымды қаламгер. Оның 3 әңгімелер жинағы, 20 повесть, 7 ғылыми монография, 200-ден аса ғылыми, сын мақалалары жарияланды.
Сонымен бірге ол «Қазақ әдебиеті тарихының очеркі» (1958, 1959 қазақ, орыс тілдерінде), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (ІІІ том, екі кітап 1967, орыс тілінде 1971), «История многонациональной советской литературы» (1-том, Москва 1971) сияқты ірі-ірі академиялық кешенді еңбектердің белді авторларының және редколлегия мүшелерінің бірі. Тұңғыш қазақ совет энциклопедиясына (12 томдық) белсенді қатысқан авторлар қатарында есімі жазылған ғалым. «Ақын жырлары» (1958) деген жинақ пен «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясын» (орыс мектептерінің ІХ-Х кластарына 1968-1986) құрастырды. Көптеген ғылым кандидаттарын дайындап, ғылымға жолдама берді. Қазақ ССР ҒА және Қазақ мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының біріккен ғылыми кеңестерінің мүшесі болды.
Қызылорда қаласында биылғы 17-тамыз күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым Комитеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қазақстан Жазушылар одағы басқармасымен бірлесіп, көрнекті жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор МЫРЗАБЕК ТӨЛЕГЕНҰЛЫ ДҮЙСЕНОВТІҢ 90 жылдығына арналған Республикалық ақындар айтысын және «Рухани жаңғыру және ұлттық әдебиет» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.


Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір