САНА-ТҮПТІҢ САН СИҚЫРЛЫ СӘУЛЕСІ
Светқали НҰРЖАН
Т.Әбдікәкімов
(Т.Әбдікәкімовтің «Алқоңыр Дүние» кітабы хақында)
«…Сахнада – «Дариға-ай» жастар театрының әртістері.
Ә.Кекілбайұлының Тыныштықбек туралы толғамдарын кезекпе-кезек төкпелеп келіп, ақын өлеңдерінен жасалған қойылымға ауысты. Әншейінде, ұғымға ауыр көрінетін ақын жырлары тереңнен тербеген, жүректен қозғаған жастар талантының арқасында әр жүрекке шымырлап сіңіп жатыр. Қасиет пен қасіреттің бесігіндей Семейден басталып, барша адамдық, ғаламдық кеңістіктерге қанат ұрған ақын шығармаларының шырайы бір шықты-ау!.. Санамыздың барлық тірі Сәулелеріне тіл бітіп жүре берді.
Тыңдаңыз:
«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді
Сен маған осы қазір қисаң қидың!» –
деп түнгі құрбым отыр,
Омырауынан
Бүр жарған жұлдыздардың исі аңқиды… –
Бұл Қарауыл өзенінің жағасында ерте көктемде түн жамылып отырған балауса ақын ғой.
Не деп саған жазайын, қой қоздаған,
Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,
Түсініксіз діріл бар бойда аздаған… –
Бұл енді Шұнай тауының бөктерінде қой бағып жүрген бозбала шайыр. Адам бір түрлі «Абай жолының» кейіпкеріне айналып, Абай заманына өтіп кеткендей ме, қалай?!
Бозбала ақын, енді бір қарасақ, Шыңғыстаудың баурайында шешесіне түс жорытып отыр:
… – Шеше деймін, тыңдашы, шеше деймін,
Бұл бүгінгі түс емес, кеше деймін,
Бір ашқарақ қой маған көп маңырап,
Түсіп кетті қолымнан кесе деймін!
– Қайдағыны, қарағым, ойға аласың,
Қар мен жаңбыр жатыр ғой найзаласып.
Ашқарақ қой сендегі – алаң көңіл,
Сынған кесе – кешегі ай жаңасы…
Көкірегі – көңілі дала-мекен,
Дала-мекен, шешем-ай, балаңа кең.
Қызыл-жасыл ойлардың хикметі
Құбылмалы маусымнан ғана ма екен?
Қайдағыны жоқ менде қайғы санау,
Қайратыма, ісіме алғыс алам.
Көрген түсті көктемге жорысаң да,
Көп күрсіне бердің ғой, байғұс Анам?!
Әттең-ай! Манағы бір көзінде көгілдір нұр дірілдеген, көңілінде көп періште күбірлеген, ерте көктемнің ексімінен кірпігі ілінбеген уыз-бозбаланың ақжелең дәурені тым қысқа болды-ау.
Қап-қараңғы.
Үрейдің қаңқасындай
Мына түннен азырақ қорқасың да.
Сыртта боран булығып…
Жын күледі
Моп-момақан пешіңнің қолқасында.
Манағы елжірек көңіл, желбірек сезім қайда ұшып кетті екен? Енді ол, енем екен деп әр қойдың алдынан шығып, оңбай таяқ жеп жүрген «Жеке қоңыр» – жетім қозының соңында шырылдап жүр.
Неге оларға барасың…
Бүйіріңнен
Солқ еткізе салмай ма мақұлықтар! –
деп жанұшыруда.
Сөйтсек, ақын көкірегіндегі көгілдір таулар көнеріп, көгілдір көлдер сыздап, көгілдір түндер қанталап үлгеріпті! Өйткені айналаның бәрі – «кіл күйік тау, ісік төбе» көрінеді; «Бұлт емшегін тек сайтан-сағымдар» ғана сорғылап жатыр; «Ағысы жоқ арналар бұралқы итке айналып ұлып» кетіпті; Ұйқыдағы жұрт соңғы рет «Шыңғыстаудан тамырларын қопара бұлттар ұшқанын» ұмытып қалыпты; «Қақпалардың алдында тау желіне қосыла маңыраған арқарлардың мүйіздері» ғана қалған. Даланы «гүлдің тілімен пішіндесе» де ұқпайтын ел бар. Себебі олар «өз тілдерін өздері түсінбейтін» болған! Демек, бұл далада қаттырақ күрсінудің өзі қауіпті: «Қурап тұрған дала лап-п ете түсері анық!» «Дегелеңнің миы атылып кеткелі», «жер төсіне атом сына қаққалы» бұл далада «мияулаған иттер» мен «ұлыған мысықтар» сондай-ақ, «ата жолын қуғыш момын», «ақ қанды қара халық» қалыпты. Себебі: Ата-Қазақтың «тілі төресініп, көзі көсемсініп, құлағы құдайсынып, дулығалы басы үшке бөлініп, Дуалы Ауызы отыз рулы тіске бөлініп, Қызыр болған Ағаны «Қызыл» болған аға атып» жүргенде, қонақ біткен қойынынан қорған тауып, «таңданғандары – тамыр болып еркелеп, жонданғандары – әмір болып қонып алыпты желкеге». Содан бері, Ата-Қазақтың «нәзік тылсым жанын бұ Дүниенің полигондары қақтап», «күлтілдеген қу далада қара түннің қолтығындағы қызыл без – қып-қызыл Ай шошыпты!..» Содан бері, «Дәті – Кәлимадан да ауыр, зәресі – Жәһаннамнан да терең» Қазақ «аш ауыздардың сілекейлеріне асылып өле» бастапты. «Қызылпатшалық империя ындыны қызыл сөздер түндігін бүлкілдеткенде – Текті Ойлардан қан ағып», «шаңырағын шой балғалап, маңырағын қол орақтап, түзін жүз мың түренмен сойғылап, Аруақтардың басындағы Ай құлап!..» сөне бастапты. «Жүрегінен құлағы үлкен жұлдызы мол иықтар мемлекеттік миықтан күле жүріп, Абыройына Атом сұғыпты»! Содан бері: «Қазақтың Қара өлеңі табытының тақтайын қызыл тілмен жона жүріп Ән айтып келеді» екен! Содан бері, сөзімен «қанжардың жүзін жып-жылы, жыланның тілін тәп-тәтті, көрдің өзін жап-жарық» қылып жіберетін Ақын «төртбұрышты сұп-сұр Дүниенің ортасында» «төртбұрышты қызыл қағаздарға» «үшбұрышты табыт сатып алмақ» болып отыр. Баяғы «сауысқан саз таң – бозарып атады», баяғы «қарға сарын Күн қарайып батады…» Кенет осынау аласат Дәуір, аласапыран Жырдың алып сахнасының төрінен:
Қош бол, Сен, Шағанайым – үр асылым,
Ашылмай кетер елге бұла сырым.
Қара заң буындырған Қара өлеңнің
Қазақы қаны ұйыған дұғасымын! –
деп аяулы жары – Шағанын жетектеп, қазақтың Қара Өлеңін жетпіс жылдық дерттен, кірден, ыластан, мерезден тазартқан, қазақы кермиық сөздің барша мүмкіншілігін ашқан, қазақы тұңғұйық ойдың барлық қиырларына түрен салған, барша қазақтың барлық уақыттағы ұлы ақыны Тыныштықбек шығып келеді екен!..».
Бұл – келте үзінді менің осыдан он бес жыл бұрын Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімовтің 50 жасқа толған тойынан алған әсерімнің бір парасы еді. Иә, шынында, ол кезде, сол сәтте мен дәл осындай хәл кештім. Дәл сол сенімде едім… Он бес жылда көгімізден қанша жұлдыз ағып өтпеді, қанша жасын көкірегімізді қарып өтпеді; қаншама таулар опырылып құламады, қаншама сулар сапырылып жыламады дейсің?..
Жә, басынан бастайыншы. 1986 жылдың қаһарлы Желтоқсаны өткен кез-тін. Барлық жерді тіміскілік, жымысқылық жайлаған. Көзі көгіс жұрттың бәрі – құдай! «Құдайға» тірі жазған біз, бір түрлі, мынау қоғамның, мынау қоныстың, мынау қаланың, мынау мемлекеттің өгей баласы сындымыз. Өгей болғанда да, жеті насыры жерге бүгілген, ашуға болмайтын есікті ашып қойған, қайтып келімге келмес бір нәрсені оңдырмай бүлдірген жұтықы баладаймыз. Көзі көгісің не, осы топыраққа тағдырдың түрлі толқыны салындыдай лақтырып әкеліп тастаған келімсек атаулының бәрі бізге бапандай! Бірақ, обалы не керек, сол ызғарлы қыс көкірегінде тірі еті бар қазақты қайраудай қайрап еді! Өкімет пен партияға өлердей сеніп келген қаймана жұрт Алладан басқа панасы, қазақтан басқа қарасы жоғын сол жолы бір ұғынып еді-ау…
Қарлы қаңтардың сондай күндерінің бірі болса керек, Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза басқаратын «Қазақ әдебиеті» газетіне Тыныштықбек Әбдікәкімов деген ақынның «Құбылмалы маусымның қызыл-жасыл ойлары» атты топтамасы жарқ ете қалды. Газеттің поэзия бөлімінің меңгерушісі Иран-Ғайып ағамыз-тын. Өлшемі өзгелеу, мөлшері бөгделеу жас таланттарға есігін айқара ашқан кез-тін. Бірақ осы жолғы сыйлығының – жыр аламанына қосқан жүйрігінің тойнағы тым бөлек еді! «Соц. реализм» атты тазкепеш-шірне – мәңгүрт-телпек басына көнмен тігіліп, шимен шегеленіп кигізілген, шекесі шытынап жүрген біз байғұс жарыққа үймелеген аквариумның мылқау шабақтарынша әлгі өлеңдерге шүпірлеп кеп үңілдік-ай!.. Ол өлеңдерден – біздер, яки ауылдан шыққан ақындар, басымыздан сан мәрте кешкен, бәріміз талай рет сезінген, алайда осы уақытқа дейін, біріміздің тіліміз олақтықтан, біріміздің ойымыз, бәлкім, біліміміз шолақтықтан, біріміздің түйсігіміз молақтықтан жеріне жеткізіп айта алмай жүрген өмір суреттері шұрқырап, сезімдері бұрқырап қоя берді-ай!.. Содан көп ұзамай ақынның өзімен танысудың да сәті түсті. 87-нің ерте көктемінде республикалық телеарна жас ақындар туралы хабар түсірді. Оған Семейден Тыныштықбек, Ақтөбеден Ертай Ашықбаев, Қарағандыдан Оңайгүл Тұржанова, Жезқазғаннан Бақтыбай Аманжолов, Шымкенттен Назым Байоралова, Алматыдан мен қатыстым. Ұйымдастырушы Қымбат Әбілда. Бұл хабардың басқа хабарлардан сипаты бөлектеу болды: студияда біз өлең оқыдық, қарсымызда қазақтың қабырғалы ақындары Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, С.Иманасов үшеуі отырып біздердің туындыларымызға сын пікірлер білдірді. Ол енді, басқа әңгіменің желісі… «Розыбакиев-269» дейтін жалға алған пәтерімде жалғасқан сыр-сұхбаттарымыз біздерді тым етене қылып жіберіп еді. Алыстан ағалары келген, желтоқсанда жәбір көрген жетім бала – мен біраз құсамды төксем керек… Міне, содан бері Тыныштықбек Әбдікәкімов, менің ғана емес, күллі қазақтың көз алдында. «Күллі қазақ» дегенім сәл асығыс сөз, барлық өлеңсүйерлердің десем, артық болмас…
2001 жылдың жазында Әбіш Кекілбайұлы елге келді. Бір оңаша сұхбат үстінде әшейінде көп құпиясын құлыптап ұстап үйренген ол кісі, неге екенін қайдам, менің шығармашылығым туралы мақала жазбақ болып жүргенін айтып қалды. Мен: «Аға, ықыласыңыз үшін ғана қарыздармын, аса көп жарияланып жатпасам да әдеби ортаға ертерек танылдым ғой. Менің елде көзтасалау болып жүрген екі талантты досым бар, бірі – Тыныштықбек, бірі – Сабыр Адай. Егер, мүмкін болса, алдымен осы екеуі туралы мақала жазғаныңызды қалар едім», – деп қиылдым. Ағам маған томсара қарап тұрды да, күрт ырзашылық танытты: «Алдымен өзіңді емес, достарыңды қамдағаның Құдайсүйер қасиет. Мен де солай едім. Осынымнан талай опық та жедім, бірақ қайткенмен де сенің бұның дұрыс», – деп сөзді келте қайырды. Аға сөзінде тұрды: 2001-дің қыркүйегінде Тыныштықбек туралы «Күн тұтылған бір әлем жүрер іште»; 2002-нің көктемінде Сабыр хақында «Өзегіңді үзе сүй өз еліңді» деген толғамды толғау-мақалаларын жариялады. Достарымның дуалы ауыз ағаның уәлі қаламымен күллі қазаққа танымал болуларына, аз да болса, септігім тиді-ау деген марқа-көңілмен жүрген мен өзім туралы мақаланың жазылмай қалғанына өкінгенім жоқ…
Сөйткен Тыныштықбектің «Алқоңыр Дүние» атты кітабы алдымда жатыр. Биылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Бұл сыйлықты ол әлдеқашан алса керек-ті. Алайда әр істің сәті мен орайы бар, енді беріліп жатса да өкініші жоқ. Достық, інілік қарыз үшін, одан да бұрын Қара Өлеңнің кепиеті үшін қолға қалам алмасқа болмады.
Хош, сонымен, «Алқоңыр Дүниенің» соңғы бетін жапқанда санамды ілкі қапқан ойдан бастайын сөзімді. Ең әуелі, Мүбәрак пайғамбарымыздың: «Менен кейін ақындар келеді», – деген сөзінің шын мәнін ұққандай болдым. Өйткені қоғам өзгерерде, дүние жаңғырарда ақындардың жүрек-қоңыраулары безілдеп қоя беретіні бесенеден белгілі құбылыс. Адамзат немесе ұлт өміріне зорлап таңылған өктемдік пен озбырлықтың, бассыздық пен басқыншылықтың қандай түріне де ең бірінші болып ақындар қарсы тұрып, солар жойқын аждаһаның толмас ындын, қанбас құрдымына алдымен жұтылады. Олар жұтылып кеткен күннің өзінде, қарап жатпайды, ұлттың қайта түлеп-тірілуі үшін рухымен, рухы сіңген шығармаларымен қызмет жасап жатады. Ал күні туғанда әлгі жеті басты жалмауыз аждаһаның бастарын ақиқаттың аса таяғымен езгілеп өлтіретін де сол ақындар! Аса таяқ – Алланың аянындай иләһи-илхам сөз! Зұлымдықтың үкімін ешқандай сот әділ шығарып көрген емес, ең бұлжымас үкімді шығарушы хас ақын ғана! Жендет-қоғам, сондықтан, ең әуелі, ұлттың рух шырақшыларындай ақындарын жазалап, ұлт санасын олардан «тазалап» отырған… Һарамы қоғамның жаназасын шығарған ақындарды алыстан іздеп жатпай-ақ, бір ғана Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Замананы болжауын» шолып шықсақ та жетіп жатыр.
…Мәңгі-бақи бұл дүние тұрмақ емес,
Қалжыратып, шаршатар күнде кеңес.
Өлмеген құл көреді, асықпаңдар,
Бұл Кеңес те таусылып, болад көмес…
Мың тоғыз жүз, міне, отыз бірінші жыл,
Жылқы кетіп, қой келді, мұны ырым қыл.
Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің,
«Қой анасы – бестен» деп бусайшы бел!.. – деп, Кеңестің (Совет өкіметі) қашан келмеске кететініне, тәуелсіздіктің қай жылы жететіне дейін қазақтың Ата-Тілінде тәпсірлеп кеткеніне таңданасыз да қоясыз… Біздің кейіпкеріміз Тыныштықбек Мәш-екең құсап Алланың кәламына немесе көненің іләміне сүйеніп отырған жоқ. Алайда Жаратушы Ие айырықша талант пен бөлекше талай берген ақын ішкі жойқын рухани қанағатсыздық пен сухани жарылыстың күшімен кешегі алапес қоғамға өз үкімін шығарды. Нанбасаңыз, тыңдаңыз…
«Ақындарың мен батырларыңның сүйегін, – Абақтылар түнегіне қақтаған, – Қызыл жаға көп «қаған», – Етіктері дастарханыңды таптаған, – Қызыл тулы шұбырынды ақтабан, – Көрсетті ғой аш ауыздардың сілекейлеріне асылып, – өлу дегеннің не екенін! – Ій-й, Қара Өлең шекелі, – Есіңде ме, Қызылпатшалық империя Ындыны, – бүлкілдеткенде Қызыл Сөздер түндігін, – Текті Ойыңнан қан ағып!.. – Қалқаныңды қақпақ етіп аузыңа, – Ақ қағазың – жайнамаз: намаз жаттап қып-қызыл, – Азаттықтың көздеріне құлдық тілін сұққызып, – Көлеңкеңе құлақ бітіп іңірде, – Түршігуші ең ғой тапаншалы күбірден…». Қалай, оқырман, осы жолдардағы шындықтардың әр қарпі бір тамшы уға айналса, сеспей қатарыңызға күмәніңіз бар ма?! Мен күмәнсізбін… Ары кеттік:
«Бастар барда, жоспар барда қоғамдық, – Обал болып, Арал болып жоғалдық! – Намыс таптап… нан ұстап та, қол алдық, – Бүлінбей-ақ, білінбей-ақ тоналдық! – Ақталдық та… Мақталдық та… Құп алдық, – Жүз мың жылға жетерліктей сыналдық! Жә, Қара Өлең, Тарихының сақал-мұрты күзелген, – Ұғымыңның Ұнжырғасын үзем мен! – Күдігіңді күрке етіп, – күретамырыңды білте етіп, – Не Қызыр жоқ, көз жасыңды сүртетін, – Не түлен жоқ түртетін, – Әлі отырсың қаперсіздік жұртында!..» Оқырман, мүлт мүдіріп, кілт кідіріп тоқтай қалыңыз! Міне, біз осы жерде ақын аузымен айтылып қалған сұрапыл ақиқатқа жолықтық! Ескі ілімнің айтуынша, адам баласын қозғаушы ішкі-сыртқы күштер: періште мен сайтан; рух пен нәпсі болса, оларды күшейтіп-әлсірететін пенденің өзімен-өзінің мігірсіз күресі. Жеке адам бойында жасалатын осынау Құдайлық эксперименттер нәтижесінде қоғам ілгері жылжиды. Ал сол жақсылыққа қарай қозғаушы Қызырдан (пайғамбар-періштеден) немесе жамандыққа бастаушы түленнен (ібілістің баласы) айрылсаң, адамның қандай құбыжыққа айналарын түстеп тануға көп біліктің қажеті бола қоймас. Міне, рухы да, нәпсісі де өлген, «жануариялық ілімге» мелдектеген міскін ненің қадіріне жетпек, кімді ардақ тұтпақ?.. Бізді осындай мүжәлсіз хәлге түсіру үшін: «Ауа да өртелінді. Су да тұншықтырылды. От та өлтірілді. Олар Топыраққа жерленді. Құсалықтан Топырақ та қайтыс болды…» «Даласына саусақ безеп тұрған қола Сұлбаны, – тәңір тұтқан Ұлы Түздің қара көзді ұлдары, – жат тілінде бұқаралық аят оқып, күні үшін… – Саясаттың қоза түскен ұрғашылық жынысы, – сақал-мұртын түземеген пролетар түрінде түске енетін, – халықаралық қорқыныштың түнінде» оянып кеткен Қазақұлының санасы енді қайтіп тарғылданар-малғұнданар, пәркіленер-тәркіленер екен деген үрейлі ой өне бойыңды, ене-көңілді жайлап алмады ма?.. Ақын аузынан абайламай, жоқ, айқын-кәміл-илхами айтылып қалған Ақиқаттан бізге, яғни «ақ қанды қара халыққа» қандай кесапат эксперименттер жасалғанын ұқтық! Сондықтан да, «жусаниялық құштарлығының обалы – жалмаңдаған жануарияның тұмсығында жоғалған» жұртқа қарап: «Яғни, «Боққа айналу» деген сөз бар, боқ тілде! – Кие де жоқ! Аруақ та жоқ! Періште де жоқ мүлде! – Тым құрмаса, түлен де жоқ түртіп ойнар көңілді!.. – Тфу-у!.. Өйткен жанталасы құрып кетсін өмірдің!» – деген ақынның өттей ащы ызасына сенің өрттей қыжыл, оттай қаның шыжғырылып қосылмаса, онда сенің де біржола «боққа айналып» тынғаның! Сондықтан да: «Шалақазақ түсінікпен шалап ішіп сан дарын, – Арманды Елдің әліппесін орманды Елдің томдары жаншып жатса, – Ар алдында жөн көргендей бұғуды, – Көкжал Ойлар үнсіз-түнсіз көкірекпен ұлуды әдет қылып, – тірлік мәнін күнкөріспен өлшетті!..» Рухсыз іс істеп, нәпсісіз ас ішіп, «көкжал ойлар ғана үнсіз-түнсіз көкірекпен ұлуды әдет қылған»; даласында «өлеңшөптен гөрі, арамшөптер өлермен» елге енді қандай сойқандар ұйымдастырса да болады ғой деген ой санаңды қауып, шоршып түсесің! Шоршытпаса, шошытпаса, ол шын шайыр бола ма?! Сондықтан да, «партсьездердегі кардиограммалық толқындар кәлласының ішіндегі нуклеинбелогын қызартып тастаған»; «бірге туған қарындасынан комсомоли қызды артық» көретін мұсалдат-мүгедектер армиясын жасақтаған; «арағының өзінен Жұмысшы мен Шаруаның иісі аңқитын» қоғамнан шыққан елге – жойқын ұмтылыстар мен жайқын ізденістер керек емес пе?! Әлі «боққа айналып» үлгермегендердің барына, ендігі келер ұрпақтың тек қана тұрғын-бейіт ғұмыр кешпесіне, ұрғын-кейіп бейнесіне енеріне сенгің келеді. Өйткені әлгіндей шындықтарды жайып салған Ақынның өзі күл астындағы шоқты көсеп: «Плюс-минус жұлдызданған ет-сүйекті денемнен, – элементтер ұшқын атып, жер мен көкке кеткенде, – сол бір Елес соңғы оттегін тұтандырып өкпемде, – Қанымдағы соңғы қызыл түйіршікке Күн тиіп… – Ақымақтау жусан болып, қайта өсемін қылтиып!» – деп тұрған жоқ па?!
Хош, сонымен… Ақын қазаққа ғана хас ең уытты, улы тілмен адамзат тағдырына өлшеусіз ауыртпалық, ұлт ғұмырына мөлшерсіз зұлмат әкелген социалистік қоғамның Үкімін шығарды! Оны енді Тәуелсіздік Тағдыры толғандырары сөзсіз. Енді ол бұрынғы «Ортақ» пен бүгінгі «Меншіктің» ара-салмағын таразылап жанұшырады. Кешегі Обыр-«Ортақтан» түтеленіп шыққан жұрт қазіргі Жебір-«Меншіктен» біржола түйтеленіп қалмаса екен деп қам ойлайды. Әр жүректе: туған топыраққа, төл тарихқа, өз ұлтына, Ата-Тілге, ертең келер ұрпаққа деген Ғашықтық гүлі бүр жарса екен деп армандайды. Оның ойынша:
…Ғашықтықта Обал бар ала-бөтен.
Ол жай ғана ымдаса,
Ымның өзі –
Ұланғайыр көкжасыл Далаға тең!
Опа таппай Обалды ұға алмайды,
Обырланған тірлікке қанағат ел.
Обал – маздап тұрғаны шиелердің!
Обал – боздап тұрғаны түйелердің!..
Обал – Тылсым Әлемі, шым-шытырық
Адам Бейнесіндегі Кійелердің!
Ал қанда қалғып жатқан Обалды ояту үшін қайтпек керек? Оның жауабын да «Алқоңыр Дүниеден» іздеп көрейік:
Өмір емес – Обалсыз сүрген өмір,
Ғашық қана – өлмеудің білген емін.
Жарыңды сүй, жарығым,
Жанмен бірге
Тән де қоса аңқитын түрге ене біл! ..
…Тұр әзірше түнеріп Замана-Түн,
Сүйе алмауды ел болып доғаратын
Кез де жақын қалды енді ағаратын!..
Опасызға оқ жетсе Қорала-Тіл,
Обал ғана үлгеріп қаға алады!
Бақыттылар бағына қол сұққандар
Тажал Ажал туатын шөп алады!..
Шайыр шиғырлары, шіркін, қай қиырларға сілтейді?! Адамзат ғұмырындағы ақырғы «қасиетті қас-қағымды», яки «Алтын заманды» аңсаған Армандының аһы-ұрғы үні емес пе бұл? Басқаны білмеймін, бұл жолдарды оқығанда, менің көз алдыма кәрі таулардың қойнауында қалғыған көне мешіттерде май шамы мүлгіген түндерде Жалған Дүниеде Жалқы Жаратушысымен Жалғыз жолығып отырған дәруіш елестеді. Ал санамда Қ.А.Ясауи бабамның:
Ғашықтық – от.
Басылмайды жанның шөлі,
Ғашықтыққа бөгет емес таудың селі.
Ғашық болмай танымаспын, Мәулім, Сені,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар! – деген тылсым
сырлы хикметінің; Ибн әл-Фаридтің:
Қылса ишара жұмбақ таным,
Сол болар ед тіл қатқаның,
Ал мен болсам, тіл-аузымды
жүрегіме құндақтадым.
О, егер де Синай тауы батса менше құса-мұңға,
Қалар еді басылмайтын
дауылдардың құшағында.
Жанарымнан аққан жастың тап болса
егер топанына,
Нұқ пайғамбар кемесі де шыға алмас ед сапарына! – деген тұңғы-ұйық қасидасының; Мәулана Румидің:
Мақсатымыз – суару ед әділеттің дарағын,
Ал залымдар өсірмекке әуре боп жүр тікенін.
Өшсін тікен! –
Ғашықтардың жаттап алып зар-әнін,
Жаз желі боп есіп түнде, қыздырамыз дүкенін, – деген мұнар мәснәуиінің; Жүніс Әміренің:
Аһ, соғармын желдей болып,
Аһ, тозармын жолдай болып,
Аһ, ағармын селдей болып,
Келіп көр, ғашықтық менен не жасады?! – дейтін діл-құса диуанының бағзыдағы Киелі Сарыны бабаурап қоя бергендей болды… Бағзы сарын демекші, осы кітаптағы:
Тәубаға елді түсіретін (күндердің бір күнінде)
Бір Жасыл Сөз барын білем Жапырақтар Тілінде!..
Құбылмалы заңға емес-ау,
Қанға ғана көнетін
Сол Жасыл Сөз
Мына Жалған Дүниеден көне тым, – деп келетін шумақ Шәкәрім қажының: «Жарға ғашық болғаныма таңданатын түк те жоқ, – Жер жаралмай тұрғанында менде Асықтың нұры бар!» дейтін, яки адам Рухы Алла нұрының бөлшегі екенін тәмсілдейтін танымымен туыстастығына қайыл қаласың! Туыспай да қайтсін: бір топырақтан, бір қаннан жаралса, одан да әрі туысар ед, бір танымнан нәр алса… Әрине, дүниені қырық айналып, Шыңғыстауды шырқ айналып Ақиқат іздеген және оны тапқан Қажының: «Ислам діні – ақиқат дін» деп жазып кеткені мәлім. Оның ағасы әрі тәрбиешісі Хакім Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, – Рас сөз ешқашанда жалған болмас!» – деген бағдаршам-жырын білмейтін қазақ баласы жоқ. Ал бүгінгі «Хақтың қасында қабыл болған» асыл дінді сарттық-арабтық-сәлафтық сандырақтармен былғаған дүбәраларға ызаланған Тыныштықбектің аузынан дін хақында кейде тым қатқыл сөздер шығып кетіп жатса, оған да сәл кешіріммен, кеңшілікпен қарау керек шығар. Тағы да Абайға жүгінеміз: «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла, – Пендесіне қастықпен кінә қойма. – Распенен таласпа мүмин болсаң, – Ойла, айттым, адамдық атың жойма!» Тағы да Шәкәрімге жүгінеміз: «Қояр ем мылжыңдамай сөзімді ұқса, – Қайтемін оны ұға алмай діннен шықса. – Азды ұқсаң, – бұл сөзімді анықтап ұқ, – Иеңдей болам деме, Иеңе ұқса!..» Демек, Иең – Кешірімді, Мейірімді һәм Әділ! Ендеше біз де сол сипаттарды бойымыздан іздеуге һәм табуға тиіс емеспіз бе, әуселесі биік оқырман!..
Хош, сонымен, сөздің әлқиссасында ишара қылдық-дүр: «Тыныштықбек дәуірі» 1987 жылдың басында басталғанын. Міне, содан бері ол үлкен мектеп қалыптастырған, қазақтың қасиетті Қара Өлеңін мүлде соны сапаға көтерген, шынын айтқанда, рухани әлемімізге құбылыс болып енген тұлға! Бұл айтқандарымды дос та, қас та мойындауға тиіс. Қабылдамай жатса, иманына аманат. Әлбетте, бұл мектептің түпбастауын әркім әр тараптан іздеуі мүмкін. Айтылмыш мақаласында сарабдал Әбіш Кекілбайұлы: «Бұл әуелде, өткен ғасырда Париж салондарында етек жайыпты. Классикалық бейнелеу өнеріндегі Ренессанстан кейінгі адамды әспеттеу үрдісі қалыптастырған эстетикалық қағидаларға байқатпай басталған шабуылдар бірте-бірте үдей түсті. Адамға тамсану азайып, таңырқау табалауға, аяушылық әшкерелеуге жалғасты… Өмірлік көріністер буалдыр елестерге ауысты. Қай нәрсе де табиғи қалпындағы тартымдылығын жоғалтып, қилы-қилы қитұрқысыз қызықтырмайтын қым-қиғаш құбылуларға ұшырады. Екі дүркін жаһандық соғыс дүниені екі рет асты-үстіне шығарды. Адамдардың бұрынғы көзқарасының ойран-ботқасы шығып, мінез-құлықтары да қырық құйқылжыды. Құйқылжыған құбылма көңіл төңірегіндегі ештеңені қаз қалпында көруге құлық таныта қоймады. Құбылтып, құйқылжытып көргісі келді… Суреткерлер Тәңірімен тайталаса бастады.
Бұл ағым әуелі Батыс Еуропаны түгел меңдеп, қалған құрлықтарға да аяқ салды. Бірақ Балтықтан бері өте алмай, ұзақ малтықты», – деп өздерін «сана-түпке ұмтылушылар» санайтын модернистік, содан соңғы постмодернистік ағымдардың бастау тегін, сыр-сипаттарын аз сөзге көп мағына сиғызып ашып кетіпті. Ал бұл ағымдардың философиядағы бастауы, әдебиеттегі, өнердегі бастауы деген мәселелерге келсек, тым шығай-маңып кетуіміз бек мүмкін. Сондықтан сөзімізді қысқаша шиырғанда айтарымыз мынау: Өздерін «эклектика қабырғасын» (адам баласының ақиқатты тануына бөгет келтіретін қабырға-мыс) күйретушілер деп санайтын модернистік һәм постмодернистік ағымдар өкілдерінің сана-түпке ұмтыламыз деп жүріп, өздерін ғана емес, адамзатты шыға алмас рухани шытырман-шырғалаңдарға салып жібергені жасырын емес. Ебіропаның, Американың, тіпті, күлліадамзаттың күн өткен сайын Құдайлық мәннен ажырап, азғындықтың ұйығына тартып бара жатуына осы ағымдардың аз ықпал етпегені там-тұмдап болса да айтыла бастады. Француз поэзиясындағы декаденттік-символистік ағымның басында тұрған Шарль Бодлердің әр өлеңін жазып болғасын: «Бұл маған Құдайдан келді ме, әлде ібілістен келді ме?» деп үргедектенуінде тұңғиық сыр бар. Кейінгі ағыстардың иірімдеріне ілінгендердің ондай ой ойлауға, үрейленуге құлқы да болған жоқ, әрі-беріден соң, шамасы да келмей қалды… Ал қазақ поэзиясында 60-жылдары түрлік-мазмұндық өзгерістер жасағысы келгендер болған. Алайда олардың ізденістері қоғамнан қолдау таба алмай тоқырауға ұшырады. Қытайдағы қазақтар арасынан қытайлық һәм ебіропалық жаңашыл ағымдардың соқпағына түскен Омарғазы Айтанұлы ғана өз ізденісін өмірінің соңына дейін жалғастырды… 80-жылдары Тыныштықбек түренінен түскен ізге өскен өнімдердің тұтас буыны қалыптасқанын жоғарыда айттық. Әлбетте, рухани әлем ізденіссіз қалған күні, ол өлі суға айналады. Мынау жаһанданған ғаламда әлеми әдеби үдерістерден біздің де шет қала алмасымыз анық. Тек қана бір ескертеріміз: сана-түпке ұмтыламыз деп жүргендер, Саға-Түптен ажырап кетпесе екен деген тілек қана! Ал Тұңғышбай Ешен мен Шәкәрімдей әулиелердің, Абай мен Әуезовтей хәкім-даналардың топырағынан жаралған Тыныш-ақынның діліне байланған шынжырдың үні – сол саф әуезелі әулиелердің Алтын Қазығына жалғанғанынан хабар беріп тұрардай…
Ақын шығармаларындағы метафизикалық қабаттар, мистикалық-мифтік қатпарлар арнайы зерттеуді талап етеді. Оған тоқталып жатуға дәл қазір мүмкіндігіміз жоқ. Тек қана ақынның сөз-жасам шеберлігіне оқырман назарын аудара кеткенді жөн санадым. Мысалы: мұңдақ (мұңдақ арман), есінек, мүсәдірәң, азғырын (есімденген етістік), тұмаурақ, мәкі, зімізім, күркірек, сұрық, мантықтау, құнси, айқылдану, көңсік, өбеген, жатырыс, лаулақ, құбаң, тебіренім, көмілім, күшемеу, шаңыра, кісінек т.б… Дегдар санаткер Тәкен Әлімқұлов марқұм: «Жаңа сөз жасай алмаған жазушы – жарымжан» дейді екен. Тыныштықбек тудырған сөздер де өгейленіп, шоқыбелденіп тұрмайды. Төл топырақта өсіп шыққан табиғи өнімдей иісі жұпарланып, тынысы іңкәрланып тұрады…
«Алқоңыр Дүниені» бір шолып шыққанда көз шоламызға ілінген пікірлердің бір парасы осылар болды. Егер түбіжіктеп зеуірттеп, індете тексерсек, әрине әңгіме мүлде басқа өрістерге шығып кетуі ғажап емес. Әзірге осыны қанағат тұталық…
Қысқасы, біз сөз танысақ, Мемлекеттік сыйлық шынайы поэзия, хас талантқа берілуі тиіс болатын болса, онда Тыныштықбек Әбдікәкімовтің осынау «Алқоңыр Дүниесі» әбден ылайық демеске ылажымыз жоқ.