Алла сәулесі кеудесінеқұйылған ақын
(Серік Ақсұңқарұлының шығармашылығы хақында)
«Соңымыздан қалады біздің…»
«Серік Ақсұңқарұлының талантынтуған жердің Ақсұңқарын сақтағандай сақтап, аялауымыз керек!»
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ,
1986 жыл. «ХХ ғасырдың 20 сәті» хақында.
Өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар
«Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері әлі өз алдына, дербес мұқаба алып көрмеген: «Қарлығаш» атты жалпы жинақта ғана жарияланған. Мына шумақтар ақынның кез келген өлеңінің кез келген жерінен алынды. Мақтау үшін емес, жас жыршының аяқ алысын, сөз саптасын аңғарту үшін осы келтірілген үзінділердің өзі жеткілікті сияқты. Серік өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар. Ол үн кейде романтикалық сарынға ауысып кетеді. Бірақ ақын романтикасы реалистік деталь образдармен, бояулармен қанықтырылып отырады екен.
Өтеді өмір аңыз боп,
Жыр боп,
Айналып алтын дастанға.
Өлеміз дейміз, өтірік бәрі,
Кетеміз ұшып аспанға.
Соңымызда қалады біздің,
Өмірге қамшы өрендер.
Соңымызда қалады біздің,
Өлімге қарсы өлеңдер.
Сол жырды оқып туады ұрпақ,
Кетеді ұрпақ,
Келеді…
Осылай болған,
Осылай болмақ,
Осылай бола береді!
Мұндай ақындар карьеристік талаптан, лауреаттық медальдар қуу әрекеттерінен аулақ болса, талай жерге барады деп үміт етуге негіз бар».
Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ,
«Толық шығармалар жинағы»,
7-том, «Қазұғырт» баспасы, 2012).

Алла сәулесі кеудесіне құйылған…
«Егер Тәңірі саған қуат берген болса, дарын берген болса, көкірегіңе бір сәуле құйған болса, оны аялап ұстаған абзал. Бұл дарын аз ба, көп пе сен оны ешкімнен тартып алған жоқсың. Берсе, оны саған Алла берді! Басқа саланы айтпай-ақ қояйын, өзімізге етене таныс жазу-сызу төңірегіне ой салсақ, Тәңірі ақын болсын, жазушы болсын деп бір пендесін таңдады. Көкірегіне сәуле құйды. Менің Серік бауырым сияқты. Алла сәулесін ақын Ақсұңқарұлының кеудесіне құйды. Онымен қатар қанжығаласа туғандарға ондай қасиет берген жоқ».
Мұхтар МАҒАУИН,
Прага, 2011 жыл
Жаурағандардың жанын жылытқан
«Адам дәрігері адам кеселін емдейді. Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні… Ал ақын, егер ол ақын болса, ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді. Сондай нағыз ақындардың бірі – қасиетті Қызыларай тауында туған Серік Ақсұңқарұлы.
Киелі әулие бабамыз Лұқпан Хәкім айтқан: «емшінің үш амалы бар» деп. Біріншісі – дәрісі, екіншісі – қандауыры, үшіншісі – сөзі деп. Біздің қазіргі қарағайдай дипломды дәрігерлеріміз ауруды алғашқы екі амалмен емдейді. Үшіншісі – жоқ. Өйткені оларға үшінші амалды университетте де оқытпайды. Университет Лұқпан Хәкім өсиетін үйретпейді. Сондықтан болашақ дәрігер- тәліптер жылы-жылы сөз өнерінен, оның емдік құдіретінен құралақан. Дәрігерлердің бұл орасан олқылығын толтыруды Құдай ақындарға бұйыртқан. Әрине, нағыз хас ақынға.
Кеңес үкіметінің заманы еді. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезі өтіп жатты. Басқарманың мүшелерін сайлау кезінде баяндама, жарыссөз, айқай-шу тоқтап, аздап тыныс орнаған кезде мен:
– Қарқаралының Қызыларайынан келген Ақсұңқарұлы, қайдасың? «Көк бөріні» оқы! – деп айқай салдым. «Көк бөрі» съезд күмбезін күмбірлетті. Айтыстан шаршағандар Көк бөріден қуат алғандай сілкініп қалды. Әне, содан беріде заман өзгеріп, заң өзгеріп, талай жылдар өтіп кетіпті. Сондағы «Көк бөріні» оқыған «бөлтірік» қазір өзі Көк бөріге айналып, ердің жасы елуге толыпты. Соңғы жаңа кітабы «Адам ата-Хауа ана» жинағы қолыма түсті. Сүйсіндім.
Ақсұңқарұлы баяғы-баяғы бабасы Күлтегінді іздейді. Таба алмай, шарқ ұрады. Түрік әлемінің абыройын асқақтатқан Күлтегін заманын аңсап, Иисус Христостың оралуын зарыға күткен христиандар сияқты, ақын да ұлы рух пайғамбарларының қайта келуін аңсармен армандайды. Күлтегіннің өзі армансыз деп кім айтты? Оның да сатқын уәзірлері болған. Бәлеқор, жалақор, парақорлар сол заманда да сүмелеңдеп жүрген. Алып бәйтеректің өзегіне құрт түссе, бәрінен де сол жаман. Қысық көз, қисық тістілердің әккілігіне, парасына қызығып, елін, Отанын сатқан сұмырайлар ақыры айбынды түрік дүниесінің іргесін ірітті.
Ақсұңқарұлы өткір өлеңмен осы көң тарихты тірілтті. Дәл осы кезде, тәуелсіздік таразысының екі басы алма-кезек қалтыңдап, теңесе алмай тұрған шақта бұл поэма – қаһарлы қатаң ескерту. «Маңдайымның соры неге бес елі?!» – дейді Ақсұңқарұлы. Қайғылы да қаһарлы сұрақ. Сол сордан маңдай қашан ашылады? Көзі ашық, көкірегі ояу Көкбөрінің шаялаған тұқымдары осыны күндіз түні ойлағаны жөн.
Меніңше, бұл жинақ Қазақстан Жазушылар одағы басшыларының, Мемлекеттік сыйлық комиссиясы мүшелерінің назарынан тыс қалмаса, әділеттік болар еді деп ойлаймын. Маңдайың жарқырап, жақсы жырдан от лаулатып, жаурағандардың жанын жылыта бер, Ақсұңқарұлы!»
Шерхан МҰРТАЗА,
«Ақсұңқарұлы – ақын», «Егемен Қазақстан», 2000. 29.03.

Ойы да батыл, ашық, бояуы да айшықты
«Біздің дәуіріміздің Моцарттары әдебиетте көрінгенмен, Сальерилері әлі халыққа таныс емес. Осы саладағы жаңа ізденістердің бірін мен Серік Ақсұңқарұлының «Моцарт пен Сальери (осы заманғы нұсқа)» атты шығармасынан («Егемен Қазақстан». 16 шілде. 2014) көргендеймін. Талантты ақын ой батылдығына қоса, бейнелі суреттермен заман мен адам өмірі туралы танымын паш еткен. Бұрыннан өзіме таныс тақырыптың сырына, қайғылы оқиғалар легі мен әрқилы тағдырлар бастан кешкен өмір шындығына қайта бір көз жіберіп, ойланып қалдым. Жақсы жыр оқығанда, қашан да осылай. Тоқтайсың. Ойланасың. Оған парасатты поэзия биігінен қарайсың. Серік ақынның болмыс-бітімі бөлек өлең үлгісіне сүйенген, ойы да батыл, ашық, бояуы да айшықты жырына сүйсіндім. Оның жақсылық пен жамандықты тең ұстап, жарқын сурет пен қара бояуды өз шындығына сай талдап, аша білгеніне қуандым».
Академик Серік ҚИРАБАЕВ,
«Қазақ әдебиеті», 2014 жыл
Жан-тәнi түгел өлең-жырдан жаратылған
«Ақын Серiк Ақсұңқарұлын өз басым, шын мәнiнде, жақсы көремін. Маған оның өзгелерге мүлде дерлiк ұқсай бермейтiн өзiндiк дара дарыны ұнайды. Бүкiл болмыс-бiтiмi, кескiн-келбет, жан-тәнi түгел ғана өлең-жырдан жаратыла салғандай болып көрiнетiн ақындар болады. «Ақын деген – барша жұрттың алдында ақ жанын айқара ашып тұратын адам», – дептi ғой Шығыстың бiр ойшылы Акутагава Рюноскэ. Серiк – солардың бiрегейi».
Сәкен ИМАНАСОВ
Асқақ мұратты ақын
«Қазақ ұлтының адамзаттың ұлы көшінде басынан кешірген нәубет науқандардағы қилы да қиямет тағдыры туралы жас ақын толғаныстары топтастырылған «ХХ ғасырдың 20 сәті» кітабының қолжазбасы «Жалын» баспасына 1980 жылы тапсырылса да, ол қайта-қайта кері қайтарылып, ақыры араға табаны күректей төрт жыл салып, 1984 жылы әрең жарыққа шықты. Онда да қысқартылып, күзеліп-түзеліп дегендей. Сол кезде аталмыш баспада басшылықта болғандықтан мәселенің мән-жайын жақсы білемін. Ақын риза болмаса да, тұңғыш кітабының тұсауы кесіліп, жолы ашылсын деген ізгі ниетіміз болған. Біздің қолдан келгені осы еді. Сол кездегі цензураның қырағы сынағынан амалдап өткенбіз… Ақ ниетіміз ақталды. Содан кейін, Құдайға шүкір, Серік ақынның айы оңынан туғаны ақиқат…»
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Асқақ мұратты ақын», 25 маусым, 2015 ж. (Ана тілі»)
Тұлпар мен жабыны бір бәйгеге қоспаған
«Қазақ ешқашан тұлпар мен жабыны бір бәйгеге қоспаған. Біздің заманда сол мүмкін болып тұр. Мысалы, анау бір кісінің мынау бір туысы, інісі, құдасы Мемлекеттік сыйлық алады, оған ешкім таңғалмайды. Есесіне, Тынымбай Нұрмағанбетов, Серік Ақсұңқарұлы немесе Жәркен Бөдеш алмай қалуы мүмкін. Баяғы заманда мұндайға таңғалатын едік, қазір таңғалатын түк те жоқ…»
Есенғали РАУШАНОВ,
2023 жыл.
«Ұзан» кітабын оқығанда
«Ұзанды» зор ықыласпен оқып шықтым. Поэзия аттың жалы, түйенің қомында оқуды көтермейтінін сіз менен әлдеқайда жақсы білесіз. Сәті түскені осы болды.
Әуелі кітаптың атынан бастайын. Қазақта кісі есімінде жиі ұшырасатын осы сөздің түпкі мағынасы «ақын-жыраумен» байланысы барын бұрыннан білсем де кезінде академиялық «Древнетюркский словарьдан» таба алмаған соң семантикасына күмәнмен қараушы едім. Сіз оғыз-түркілердің ескіден қалған осы бір сөзін кітабыңыздың төріне шығарып, қазаққа біржолата байладыңыз. Бұл ұлттың жоғын сөзден түгендеген халыққа үлкен олжа деп білемін.
Сізді алғаш рет талантыңыз тауды бұзып, тасты жарып жүрген жетпісінші жылдарда көргем. Бізбен курстас ақындардың бірімен ҚазМУ-дың бас корпусындағы аудиториялардың бірінде «бұрқыратып» жыр төккеніңіз есімде қалыпты. Елде жүрген ақын болған соң есіміңіз Есенғали досыңыздай екпіндеп тұрмаса да, сөз қадірін білетін Алаш жұртына түгел жеткені анық. Бірақ бүгінгі әңгімені арғы-бергіні түгендемей-ақ «Ұзанмен» шектегенді жөн көрдім.
Келісті, кесек жинақ болып шығыпты. Біріншіден, жырларыңыздан көк түріктер сарынынан бастау алып, арыда Ақтамберді, Қазтуған, беріде Мағжан, Қасым болып жалғасқан қазақтың арынды, айбынды, алмас қылыштай өткір, айбалтадай жарқылдаған поэзиясын көрдім. Бұл – қазақ поэзиясында ежелден бар құбылыс. Сіз оған өзгеше реңк, ерекше қуат, отаншыл рух беріп, жаңа биікке көтеріпсіз.
Екінші байқағаным, орыс поэзиясының Пушкиннен Вознесенскийге дейінгі айдындарында құлаштап жүзеді екенсіз. Бұл – үлкен поэтикалық мәдениеттің белгісі. Заманына қарай жиі құбылған Евтушенконы қайдам, А.Вознесенский – үлкен талант иесі. Оның «Песня акына» атты өлеңіне В.Высоцкий әуен жазған. Сізге аударуға тұратын дүние.
Үшінші ерекшелігіңіз, ағылшын, француз, жалпы Батыс поэзиясын еркін меңгеріпсіз. Мұқағали поэзиясын зерттеушілер оның ағылшын тілін жетік біліп, осы тілде өлең жазған ақындарды түпнұсқадан оқығанына назар аудармайды. Мұқағали феноменінің бір құпиясы осында. Уильям Хенли – Күлтегін жырымен сарындас бір ғана дерлік өлеңімен ағылшын поэзиясының тарихында қалған тұлға. Сіздің аудармадан «Непокоренныйдың» сұлбасын көрдім. Шығыстың нәзирашыл дәстүріне сай еркін аударыпсыз. Шындығында, үніңіз «қырандай саңқылдап», жырыңыз «алмастай жарқылдап» тұр. Сізге қалтарыс, құпиясы мол тағы бір Уильямды (Блейк) оқуды, тіпті реті келсе аударуды ұсынамын.
«Құран» нұрынан туған жырлар іңкәрлігімен, ынта-ықыластың шынайылығымен баурады. Көп оқып, көп ізденіп, тақырыпқа генетикалық түйсікпен келгеніңіз көрініп-ақ тұр. Қысқа-нұсқа жазыпсыз. Мұндай киелі тақырыпқа адал ниетімен келгенді Ұлы Жаратушының өзі алқап отырады деген ұғым бар. Сізде де солай болғанға ұқсайды. «Құран» циклі алдағы уақытта жалғасын табады деп сенемін. Ондай жағдайда «Құранның» аудармаларын ғана емес, тәфсірлерін де оқуға, әсіресе түрлі мазхабтағы ғұламалардың түсіндірмелерін салыстыра зерделеуге кеңес берер едім. Кезінде Мәскеуден МГУ-дің орыс филологиясын тамамдаған Египеттен шыққан екі білімпаздың құрастыруымен 4 томдық «Значение и смысл Корана» атты іргелі еңбек жарық көрген. Мүмкіндігіңіз болса, соларды оқыңыз. Ол сізге қасиетті кітаптың хикметтеріне тереңірек бойлауға септігін тигізіп, көп дүниеге көзіңізді ашады. Бұл туралы кейін кеңірек отырып сұхбаттасудың да реті келер.
Кітаптың өн бойынан төрт кейіпкер көрдім. Әрине, әуелгісі – сүйсе жан-жүрегімен жалындап, лапылдап сүйетін, күйсе өзегі бірге өртеніп, жалын бүркіп, от шашып күйетін ұзан. Өзіңіз жақсы көретін М.Мағауиннің фантасмагориялық «Қыпшақ аруынан» шыға келгендей көрінетін сіздің ұзаныңыз маған ерекше ұнады.
Анаңыз Һалифа апамызға арналған жыр тізбегі де жүрегімді елжіретті. Тіпті 85-тегі анама телефон шалып, дауысын естігеніме мәз-мәйрам болып, Құдайдан амандығын тіледім.
Ақын жыры арусыз болушы ма еді. Нұрынан гөрі мұңы басымдау Баян сұлу бастаған арулар галереясы да Мона Лизадай бар құпиясын ішіне бүккен сырлы кейіпте сомданыпты. «Ұзанның» бас кейіпкері де, бас стихиясы да – поэзия. Кейде төрт кейіпкер бір-бірімен астасып, алмасып, бір күйден екінші күйге ауысып та кетеді екен (анаңыз қатарлас Ю.Мориц – бірде ақын, бірде – ару, бірде – періште түрінде қылаң беретіні сияқты).
Жинақтың менің көзіме түскен ұсақ-түйек селкеуліктері ретінде «пауэрді» өлеңге қосу немесе «гаваннан, заманнан» деген сіздей үлкен ақынға жараспайтын жеңіл ұйқастарды айтар едім. Ана туралы жүрек тебірентерлік жыр циклын тудырған ақын «шешемнің жатырына» деген анайылау тіркестің орнына «құрсағына» десе, қалай жарасып тұрар еді. Мұндай «әттегенайлар» тарпаң мінезді жинақтың тұтас келбетіне көлеңке түсіре алмаса керек.
«Ұзан» хас суреткер ғана байқай алатын нәзік сезімге, нағыз ақын ғана айта алатын азат ойға құрылған, талайдан бері шынайы поэзияға шөліркеген оқырманның құмарын басып, сарайын ашатын шымыр жинақ болып шығыпты, Қарқаралының қатпар тастарын жарып шыққан тұманың тұнық суынан қанып ішкендей болдым. Ерекше қуанғаным – Сарыарқаның салқын белінде саяқ жүрсеңіз де өзін ұлы бәйгеге жаратып жүрген сәйгүліктей бабында екенсіз. Ой-пікірімді ендігі жылдың екіншісіне қалдырмайын деп асығыстау жаздым. Келер жылы кең отырып сұхбат құрудың да сәті туар. Әрқашан аман-сау болыңыз, алдаспан жырдың, Ақсұңқар ердің баласы!»
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Астана, 12 желтоқсан, 2015 жыл

Оқырманды тарихы тұңғиық өткенімізге сүңгітті
…Орыс поэзиясында кенеттен Пушкин пайда болып, біздікіндей үзік-үзік боп қалған орыс поэзиясының дәстүрін бір-біріне жалғап, оны әлемдік поэзиямен сұхбатқа келтіріп, жаңа деңгейге көтерген. Мұндай талпыныстар XIX–ХХ ғасырда қазақ поэзиясында да болған, біздің алғашқы Пушкиндеріміз Абай, Мағжан, Мұқағали және әсіресе Өтежан, әлем поэзиясының жарқын да, көлеңкелі тұстарын да төл дәстүрімізге енгізіп оңай игере білген. Әйтсе де Кеңес дәуіріндегі қазақ поэзиясын «бассыз салт атты» деуге болады. Себебі ол ұлттық тұтастығын жоғалтқан, өткенімен байланысы жоқ, провинциалдық, фрагментарлық, идеологиялық-дидактикалық поэзия болатын. Сондықтан оның ең мықты өкілдері – Қадыр Мырзалиев, Жарасқан Әбдірашев, Мұхтар Шаханов болған. Олар көпе-көрінеу дидактикалық ақиқаттарды жаңа ашылған жаңалықтай әкеліп, замандастарына біраз күрделілеу озық ақындар ретінде көрінген. Өйткені ол кезде шегі мен шеті жоқ, қолпаш сөзуарлық, еш дербес ойы жоқ, барабанша соғылған арзанқол ділмәрсу ресми поэзияның қасиетті парызы саналатын.
Серік Ақсұңқарұлы өмір бойы Қарағанды аймағында тұрса да, поэзиясының әрбір кезеңінде астаналық, яғни ең ірі, татымды, ең жан-жақты және терең ұлттық ақынымыз болып келеді. Мен мұны «Пушкин синдромы» деп атар едім. Өйткені Пушкиннен бұрынғы поэзия, Ломоносов, Тредиаковскийлер өлеңдері, оқуға келмейтін, жергілікті, аймақтық қана мағынасы бар әрбір сөзі, сөйлемі қалт-құлт етіп тұрған провинциалдық поэзия болатын. Ал Пушкин болса орыс поэзиясын аймақтық, диалектілік, ахлақтық ергежейлігінен арылтып, оп-оңай ғана әлемдік деңгейге көтерген. Сол сияқты Серік Ақсұңқарұлы да біздің кеңестік отарланған болмысымыздан аттап өтіп, оқырманды тарихы тұңғиық өткенімізге сүңгітіп, әсіресе Алаш дәуірінің, әсіресе Алаш дәуірінің ұлт боп қалыптасуымызда өшпес із қалдырған ізгі құндылықтарына бойлатады».
Әуезхан ҚОДАР,
«Азаттық» сайты,10 қараша, 2016
Ақын ғана емес, үлкен интеллектуал
«Серік – арқалы ақын ғана емес, үлкен интеллектуал. Өлеңдерінен білімділік есіп тұрады. Тіпті көптеген өлеңдерінің мәнісін білім деңгейі төмен оқырман ұқпауы мүмкін. Жиырма бірінші ғасыр ақынының қаламынан туған жыр тұғыры осылай биік болғаны жөн-ақ! Әлбетте, поэзия – тоғышар тобырдың ермегі емес, бекзат талғамның еншісі».
Марал ЫСҚАҚБАЙ
«…Көкте ұшып жүретін құс баласына мидың түкке де қажеті аз! Өйткені, о жақта «көлденең көк аттылы жоқ! Жолды кес-кестеген кесірлері көп жерде жыбырлап жүрген біздерге болмаса…».
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМ
Жақсының соңынан сөз ереді
«Ей, ақ шалмалы пірлердің нұры шалқып туған, гүлі аңқып туған жиені, жүрегіңіздегі дүр-гауһарды осылай жарқылдатып тұрмасаңыз, мына фәни әлдеқашан түнектеніп кетер ме еді?.. Өзіңдей шайырлардың арқасы ғой, әлі де жүректеніп тұрғаны!.. Жас кезінде соңынан аңыз, есейе келе арыз көшкен ақын, осы – Ақсұңқарұлы!».
Светқали НҰРЖАН
Найзағай ақын
«Қарағандыда қазақтың ғажап ақыны Серік Ақсұңқарұлымен таныстым. Ақынның образын жасап жүрген ақындар аз емес қой. Серік Ақсұңқарұлы – тумысынан ақын, табиғатынан ақын, ұлы ақын! Қарағанды десе, есіме Серік Ақсұңқарұлы түсетін болады. Бір қалыпқа, шеңберге сыймайтын найзағай ақын!
Серік аға Ақсұңқарұлы «Ресейде халық санына шаққанда біздегідей ақын көп емес. Ондағы өлшеммен қарасақ, біздегі ақын боп жүрген біраз ақын ешкім болмайтын еді», – деп еді. Серік аға – ақынның образын жасамайтын, еркін, қалыпқа сыймайтын ақын. Ақынның образын жасайтын пенделерден шаршаймын…».
Аягүл МАНТАЙ

Ақын зертханасы
(С. Ақсұңқарұлына)
Оның мінезі — жасыл найзағай
сияқты шатырлақ,
Нағыз керек болмыс ақынға-ақ!
Сүйсе, лапылдап түгі қалмай сүйеді,
Суыса, Арқаның сары аязындай сақылдақ.
Оның ойлары — ешкімнің ойына
келмейтін мәтіндер,
Толық тану үшін алыс тұр һәм
жақын кел.
Оның айтуынша: ақын деген
шоколад жеу керек,
Сыра ішіп тұру керек әкімдер.
Оның өлеңі — Мәриямның қолындағы өткір қайшыдай,
Бір қарасаң, күшейтпелі,
Бір қарасаң, жай шырай.
Ол өлең жазса – отты айналған пәруана көбелек,
Өлең жазбаса, жеңілген әскер сынды ойсырай.
Оның рухы —
тұманға жалғыз сіңіп
жоғалған көкбөрі,
Жапанға ылғи жалғыз қонатыны
содан шеткері.
Оның әлемі – біздің әлемдей қызыл,
жасыл, көк емес:
Үйі – кітапхана,
Жолдасы – жалғыздық,
Абай – мектебі.
Оның кітаптары – қаланған жартастар кәдімгі,
Сөрелердің алдында
Ақын сергек,
Ақын сабырлы.
Ұқыптап алмасаң төбеңе құлауы мүмкін Неруда,
Құлатып алуың мүмкін Қадырды.
Оның қаламы – пырақтардың болат тұяғы,
Оның қағазы – қазақтың байтақ қиыры мен қияны.
Жазу үстелі – домалақ Жер беті,
Майшамы – миындағы қиялы.
Оның құбыласы Хакім Абай мен Қасиетті Құран тек,
Шәк келтіреуге болмайды бала, бұған көп.
Ол қазір де Алланың алдына барғандай тап-таза,
Өлең жазып отырғанына күмән жоқ.
Мирас АСАН.
Халықаралық «Шабыт»
фестивалінің лауреаты
ПІКІРЛЕР1