Сиқырлы бояулар
Қазақ балаларына арналған прозалық туындылардың еңбір өміршеңдігін дәлелдеген санаулы шығармалардың бірі – көрнекті жазушы Молдахмет Қаназдың «Чика – Дабылдың баласы» хикаяты. 1971 жылы елімізде тұңғыш рет жарияланған балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгеге түскен жүздеген қолжазбалардың ішінен іріктеліп алынған он екі шығарманың қатарында осы шап-шағын хикаят та бар-тын. Соғыс кезіндегі тылдағы қияметқайым оқиғаларға құрылған бұл хикаяттың ерекше көзге түсіп, кішкентай оқырмандардың ілтипаттарына ие болатын, ап-айқын көрініп тұрған екі қасиеті бар. Тақырыптың күрделілігіне қарамастан, шығарма ерекше ықшам. Бірде-бір артық эпизод түгілі әлдеқалай шалқыма сөйлем таба алмайсыз, жасөспірімдердің оқып, қабылдауына жеңіл. Көркемдік жүк көтеріп тұрған қай сөйлем болмасын нақпа-нақ. Шағын шығарма бола тұра тартымды оқиғалар мен суреттерге бай. Демек, жасөспірім оқырмандардың қабылдауларына оңтайлы. Ал тақырып болса, қазақтың кең пейілі. Соншалық қиян-қыстау кездің өзінде ұлт жатырқауды біле бермейтін, өзге жұртты өзіне сіңіріп алатын халқымыздың ежелгі бауырмал қасиеті.
Дүниеге келгеніне елу жылдан өтсе де, бұл хикаят өзіне жүктелген табиғи борышын мүлтіксіз орындап келеді екен. Шығарма алғаш «Жалын» журналында жарық көрді. Қазақ тілінде бірнеше рет жеке кітап болып шықты. Орыс, өзбек тілдеріне аударылып жарияланды, содан бері жарық көріп келе жатқан балалар мен жасөспірімдерге арналған талай жинақтарға еніп жүр. Повесть 2013 жылы Мәскеуден «Қазіргі әдебиет антологиясы» сериясымен шыққан үш томдықтың «Домбра и колыбель» жинағына енген. Демек, хикаят бірінен кейін бірі алмасып келе жатқан ұрпақтардың талай толқынына адал қызмет етіп, кәдесіне жарап келеді деген сөз, шығарманың өміршеңдігіне қолма-қол айғақ. Осы сөзіміздің тағы бір дәлелі – Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасы ұжымының жазушының 80 жылдығына орайластырып, жыл басында 11-14 жас аралығындағы балалар үшін жарияланған «Чика – Дабылдың баласы» шығармасының мазмұнын бейнелеуге арналған «Сиқырлы бояулар» атты кітап безендіруге жариялаған халықаралық конкурсы. Конкурс алдын ала – «Минимализация шеберлігі», «Бірегей техника», «Көркемдік шеберлік», «Бейненің мәнерлілігі», «Ойламаған интерпретация», «Балалық пәктік», «Ұлттық ерекшелік» атаулы жеті номинация белгілеген.
Конкурс мәреге жетіп, алдын ала жарияланған шартқа сай қыркүйектің соңғы күндері Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы академиялық драма театрында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге қаланың әдебиетсүйер тұрғындары, жас оқырмандар, ұстаздар, кітапханашылар мен шығарманың авторы қатысты.
– Әу баста, іс басталар тұста аз адамнан құралған шағын ғана ұжымсыңдар, қаржылық мүмкіндіктерің де шектеулі, қалай болар екен деп күмәнданғандар да болған. Соған қарамастан, бұрын мұншалық тәжірибеміз болмаса да, тәуекел деп, алғаш рет бастап кеткен ісіміз ұлттық руханиятқа бей-жай қарай алмайтын демеушілер мен азғантай ұжымымыздың бір кісідей жұмылуы арқасында бүгін, міне, өз мәресіне жетіп отыр. Бүкіл ұжым қуаныштымыз, – дейді Абай атындағы Қарағанды Мемлекеттік балалар кітапханасының директоры Баян Уатаева. Конкурсқа бас-аяғы 122 жұмыс түсті. Байқаудың ауқымы кең болды. Жұмыстар Қазақстанның он облысынан, сонымен бірге Ресей, Қырғызстан, Франция, Израиль мен Германияның балғын суретшілерінен келді. Біз үшін бұл аса күте қоймаған қызықты, тартымды да пайдалы оқиға болып тұр. Осы шарамыз арқылы кітапханамызға көптеген жаңа оқырман тартылды. Кітап сұраушылар қарасы көбейе бастады. Әлі де молая түседі деген үміттеміз.
Суреттерде оқыған шығармалардан шабыт алған балалар адал достық, әке мен баланың кездесуі, ауыл табиғатын өз таным-түсінігінде әсерлі бейнелеген. Балалардың еңбектерінен көрініп тұрғандай, жас суретшілердің шынайы танымдары мен пейілдерінен шыққан әрқилы, қаншама мазмұндағы біріне-бірі ұқсамайтын түрлі-түсті еңбектерді бағалау үшін алдын ала кәсіби суретшілер мен иллюстрацияшылардан құралған қазылар алқасы 13 жеңімпаздарды іріктеп алды. Конкурсты осы шешімнің негізінде қорытындылап отырмыз. Балалардың еңбектері болғандықтан, ешқандай техникалық бөгесіндер болған жоқ. Жыл аяғына дейін бізге түскен жұмыстарды электрондық нұсқада буклет жасайтын боламыз. Оқушылар үшін олар біздің сайтта қолжетімді. Арнайы іріктелген қазылар алқасы байқауға қатысқан жұмыстардан келесі еңбектерді жеңімпаз деп тапты:
Бас жүлде – Дана Әділхан, Түркістан облысы, Отырар ауданы «Көктем келді. Тәнзила жылап алды» еңбегі үшін;
I орын – Екатерина Стребкова, Қарағанды қаласы, «Түнгі апсанға қарап» еңбегі үшін;
II орын – Ангелина Гнездилова, Қарағанды қаласы, «Достықтың басталуы» еңбегі үшін;
II орын – Эрика Майер, Қостанай қаласы, «Сағына күткен қауышу» еңбегі үшін;
III орын – Ольга Лукичева, Қостанай қаласы, «Көптен күткен кездесу» еңбегі үшін;
III орын – Вероника Шмидт, Қарағанды қаласы, «Ертастың түсі» еңбегі үшін;
Номинациялар бойынша үздік жұмыстар:
«Минимализм шеберлігі» – Наталия Зильберман, Израиль, Ришон Ле Цион қаласы «Чика – Дабылдың баласы» еңбегі үшін;
«Бірегей техника» – Сымбат Асылбай, Түркістан облысы, Арыс қаласы, «Әкесін күткен бала» еңбегі үшін;
«Көркемдік шеберлігі» – Малика Жақыпова, Қостанай қаласы, «Көктем келді» еңбегі үшін;
«Бейненің мәнерлілігі» – Полина Бойко, Қостанай қаласы, «Чика баланың портреті» еңбегі үшін;
«Ойламаған интерпретация» – Еврар Апак, Франция, Париж қаласы, «Жайлау» еңбегі үшін;
«Балалық пәктік» – Кәусар Құлмаханбет, Түркістан облысы, Арыс қаласы, «Бақытжан қазақша біледі екен» еңбегі үшін;
«Ұлттық ерекшелік» – Максим Евсеев, Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы, «Чика – Дабылдың баласы» еңбегі үшін.
Іс-шараға арнайы келген жазушы Қаназ Молдахмет Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданынан қатысқан Іңкәр Жанқожаға сыйлыққа ұялы телефон табыстады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.
Байқау облыстық кәсіподақ ұйымының да назарын аударды. Олар қарағандылық балалардың қызықты жұмыстарын атап өтіп, әрқайсысына бағалы сыйлықтар үлестірді. «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы А.Өсерова, Евгения Яшина, Алуа Оралбай, Сафия Мурзакаева және Камила Имашеваларға өз сыйлықтары мен сертификаттарын табыс етті.
Қарағандыда бұрыннан өтіп келе жатқан ұлт руханиятына байланысты іс-шаралардың қай-қайсына да білек сыбана кірісіп, қолдап та, демеп те жүрген кәсіпкер «Нәтиже» ЖШС директоры Ерлан Әшімов деген ұлтын сүйген азамат бар. Жазушылар одағы Қарағанды облысы қосынының төрағасы Жанат Жанқашұлы көрнекті балалар жазушысы М.Қаназдың творчествосына байланысты бұл іс-шараға осы ретте де демеушілік көрсетіп отырған Е.Әшімовке Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулеттің Алғыс хатын жария етті.
Байқауға «Qasym баспа үйі» ЖШС мен Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы да демеушілік етті.
Конкурсқа қатысушылардың барлығына да сертификат табысталды.
Осы күндері Қарағандыдағы Абай атындағы балалар кітапханасы мен А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның жас оқырмандарының жазушымен өткен кездесулері әсерлі, әм емен-жарқын әңгімеге ұласты. Қалай да бұл шараның облыс оқырмандарын бір серпілтіп тастағанына күмән жоқ.
Құрманғазы СЕМБИЕВ,
филология ғылымының докторы,
профессор, Қарағанды «Болашақ» академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі