ОТҚА ОРАНҒАН МЕНДЕЙ АҚЫН БОЛҒАН ЖОҚ…
Серік АҚСҰҢҚАР
Ақын
Адамда одан бір тірі пенде озбаған,
Елінің шері – өзінің шерін қозғаған;
Мұхамед ғ.с. – нен кейін, пайғамбар
Туған жоқ –
Асау ақындар туды боздаған…
Құрт пенен қырттан безініп,
Безінген сайын алдынан солар кезігіп; –
Пайғамбар-деді – ақынды Пушкин, өзінің,
Пайғамбарлығын ішінен өзі сезініп!
Бұл қоғам – таяз, тар – әрі,
Ресейден шығып, жаһанды шарлап барады.
Құлдарды көріп, көңілі күнде құлазып,
Патшаға, тіпті, мысқылдап, күле қарады.
Қырандай, дәйім, Қырымға қарап көздері,
Жер бауырлаған жәнтікке жаны төзбеді;
…Бір кезде ақын Пайғамбар болған еліне.
Қазір – кім?
Оны білмейді, тіпті, өздері…
***
Ару Латын, – әлі он сегіз жасында.
Жақсы менен Жайсаң соның қасында.
Ғаламзатты қартайтты да ғашық қып,
Кербез Сұлу келді біздің ғасырға,
Адамзаттың бүгіні – сол, өткені,
Қысы, жазы, күзі де – сол, көктемі.
Гомер дейтін ақын – ақын болғалы,
Латын дейтін – латын болған, өйткені.
Асқақ жыры – алтын Алаш қахында, –
Ару Латын тәнті мендей ақынға.
…Біреу жетсе айдарынан жел есіп,
Мен жетермін Қасиетті Латынға.
Иуданың сүйісі
Жүрек – ауру, миғұла ойда – ми іші.
Мына жердің қайда жұпар иісі?
Ию-қию дүниеден көргенім –
Иуданың сүйісі!
Соның еріні өбіп мені –
Өлтірді!
Мына ел соған мәз боп, неге желпінді?
Социализм капитализммен сүйісіп,
Екеуінен екі естілеу ел туды.
Қара жолдар тас жолдармен қиысты.
Қарсы заряд бір-бірімен түйісті.
Коорупция дейтін Мекер шықты да,
Жатып алып Мемлекетпен –
Сүйісті!
…Қайтем, мен де Тәңіріме қайтам мен,
Оған сонда не бетімді айтам мен?!
Қолына ұстап Қасиетті Құранды,
Уақаптар да сүйісіп тұр – Сайтанмен!
Тілі де жоқ, ділі де жоқ, бесігі, –
Нәсіл шықты, мұндай жұрттың несі ұлы?!
Поэзия Сальеримен сүйісіп,
Сайқал туды, – Халтуратай есімі!
Жүрек – ауру, миғұла ойда – ми іші.
Мына дүние – Иуданың сүйісі!
Мен де дарға өз еркіммен барар ем,
Бесіктегі немеремнің иісі-ай!
Періштенің иісі…
Адам
Сайтаны азғырып,
Жұмақтан құлғанадай қуылып,
Тентіреп кеп Жерге тіреген табанды;
Бастан кешіп қауымдық,
Феодальдық-патриархальдық,
Капиталистік,
Фашистік,
Коммунистік заманды;
Орысша – «Человек»,
Испанша – «Personas»,
Ағылшынша – «Human»,
Французша – «Personnes»; –
Қазақ қана: «Адам» деген –
Адамды!
Көрген жұртпыз көресінді, жоқтықты.
Көрінген ит бізге неге соқтықты?!
«Інжілдегі» «Адам» деген асқақ сөз –
Қазақтікі!
Басқа тілде жоқ, тіпті!
Дүниенің ғажабы да –
Біздікі!
Азабы да –
Біздікі…
Ақын мен ұлт
Жиырма жыл ма, отыз жыл ма озғалы,
Жазбай кеткен…
Көзден ұшып боздағы, –
Қайран, Олжас қаламсабын қайта ұстап,
Facebookте ботадай боп боздады…
Ғылымның да қалмай, мүлде, құны түк,
Мұздай жанын Муза келіп жылытып; –
«Қоғам жырға зәру кезде жазып ем…» –
Деген сөзін қапелімде ұмытып!
Жиырма жыл ма, отыз жыл ма озғалы,
Жазбай кеткен…
Көзден ұшып боздағы, –
Бұлттан түскен Бұхар жырау секілді,
Қайтып келіп, қалай бүгін боздады…
Кім бұл сонда?
Жиырма-отыз жыл озғалы,
Олжас болып, біреу бүгін боздады.
Facebook те асау аттай арындап,
Бір қайғы кеп, жүз қайғыны қозғады!
Байдан асқақ қойған арлы жарлыны,
Шөжелердің сап болды ма зарлы үні?
Ақыны жоқ ұлт болмайды, болса егер –
Қырт болады ондай жұрттың барлығы…
Мұнай заманы
Күнім түсіп қайдағы бір жаманға,–
Өзек жалғар талшығымды табам ба?
Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,
Мұнай деген құдай болған заманда.
Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін,
Өз елімді келді-ау, нұрға бөлегім.
Иномарка-лардың маторларында,
Бензин болып жанып кетті өлеңім!..
Мұнай-Тақсыр өртке қарай тақымдап,
Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап;
Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым), –
Лаулап!
Заулап!
Өршіп өрде –
Лапылдап!!!
Мөлт-мөлт еткен көздің жасы жанарда, –
Жанып кетті – тамшы болып тамарда!
…Отқа оранған мендей ақын болған жоқ,
Мұнай келіп құдай болған заманда.
Сайтанның миы
Бұ Сайтан бізге кектеніп,–
Құрттай боп қаптап,
құрлыққа кейін кетті өріп.
«Адамға бас іи!» – дегенде Алла, – имеген,
Жүрегі барын көрген соң иттей жек көріп!
Сайтанның бізден болмысы бөлек, жат – үні.
Адамнан безіп, албасты болған ақыры.
Жүрек жоқ онда, – махаббат, ғаділет сезім де,
Миы бар мұздай, ақылы.
Білігі – бөлек, ілімі,
Қайда барсаң да – осының сойқан бүлігі.
Эйнштейіннің миы да бұған жетпейді,
Елтайдың миы түгілі…
*Е. Ерназаров.
***
Кириллица – ет жақыным,
Жатым да, –
Жан тартпаған мендей бөтен ақынға.
Қашан көшіп Қасиетті Латынға,
Айтам осы Алаш-Анам қахында?
Бодан елдің ақыны боп алға асып,
Ессіз заман –
Егеменмен алмасып; –
«Жиырма сәті ХХ-шы ғасырдың»,
Кириллицада қалып қойды шаң басып…
Өмірім де, өлеңім де дау әлі.
Басым кейде Батыс жаққа ауады:
Не болады ағылшындар оқыса,
Мен Арқада жүріп жазған «Хауаны?..*».
Тәңірі бұлбұл ұялатып таңдайға,
Қанша мәрте неше қилы салды ойға.
Мен түгілі Мағжан қалып бара ма?
(Жазылғаны осы болды маңдайға!).
Бірге қонып-гүлге қонған арамен,
Арудың да қолаң шашын тарап ең.
Құрлықтар мен мұхиттардан өте алмай,
Жанымдағы жапонға да жете алмай,
Кириллицада қаласың ба, қара өлең?
*«Хауа-Ананың босануы» жыры
Түрік шәйірімен сұхбат
Назымының жақтырмайтын өлеңін,,
Неткен сонша тәкаппар ең, өр едің?
Хикметті берсең егер – маған бер,
Мен сендерге Шөмішбайды берейін?
Үзілген жоқ бізде жырдың қоры әлі,
Атой салса, арқаға аруақ қонады;
Егер Шөкем сайрап берсе түрікше,
Бұ Түркия бұлбұл бағы болады!
Алашқа да, ақынға да өкпе жоқ,
Тәңірімен сөйлеседі бетпе-бет:
Ұлықбек пен Ғалым келген кезде де,,
Елп етпепссің екі көзің көкте боп?
Біздің елде ақын деген жетеді,
Бірде – жерде, бірде – көкте – мекені.
Тыныштықбекті өзім ертіп келейін,
Тіл табысса Ердоғанмен екеуі?
Мәңгі өлмейді Хафиздерден қалған жыр.
Қайда Сұлтан Сүлеймендей тарлан бұл?
Біздің елде Күлтегіннің басында,
Темірхан жүр, –
Көк Түрік деп, зарлап жүр!
Назымының жақтырмайтын өлеңін,,
Неткен сонша тәкаппар ең, өр едің?
Хикметті берсең егер – маған бер,
Мен сендерге Шөмішбайды берейін?
Марина Цветаевадан
«Из строгого, стройного храма…»
(М. Ц.)
«Құдайдың үйі – Храм» – деп жүр ғой ел оны,
Сол жерден шығып, басында – гүл-тәж үкілі, –
Азаттық Ару жымиып күліп келеді,
Ар менен Ұят – Адами Болмыс – Бітімі.
Біз тұрмыз күтіп, жауып сол жүрер жолды да,
Тоқтатып көзін қадар деп кімге ол енді?
…Ару дегенім – алаяқ қатын болды да,
Аяр мен Сұмның соңынан ере жөнелді…
***
Үлкен затты сүйемін мен, зорларды,
Ақсораңды!
Алтай –
Арқа –
Орманды!
Қасым аға –Қайсеновтей шалдарды,
Ақын болса, –
Олжастайын тарланды!
Сүйем, айхой, асқақ-асқақ ойларды!
Өр ойыма бой ілеспей қойған-ды…
Рухани Ергежейлі кез болса,
Сойқан салып, ел көзінше сойғам-ды!
Соныменен күнім батып, таң атты,
Қайран, заман, қалай жерге қаратты?
Меніңше, осы рюмкамен ішкенше,
Стақанмен ішкен жақсы арақты…
Стақанмен іше алмай ғап арақты,
Ақтоғай да маған таң боп қарапты…
Анда-санда ұрттап қоям, қайтейін,
Фужердегі тәтті қызыл шарапты…
Әзәзілдің жыры
Ері кеткен ел ғой бұл,
Қу мен сұмы, езі – аман.
Алла!
Енді без одан!
Тәңірі деп Сені алғаш мойындаған бұ жұртпен,
Мен шатыраш ойнағалы не заман?
Қазақ мені көрген жоқ,
Қапылыста тап бердім.
Жақсысына сор бердім,
Жаманына бақ бердім.
Өзек жалғар талшық бердім біреуге,
Біреуіне алтынға аптап, тақ бердім.
Ханы менен қарашасын алдым да,
Ортасынан екі айырып, –
Қақ бөлдім!
Сол-ақ екен, Бітіп кенет жал бұған,
Өз еліне өзі барып салды лаң.
Жайқаң қағып келе жатса жаманы,
Арқан керіп шығады ылғи алдынан, –
Көптен күткен құдалары секілді,
Сал-серісі, бұлалары секілді;
Зар боп көрген ұлы сынды кекілді, –
Осыларсыз ел болмайтын секілді,
Енді ешкімнен кем болмайтын секілді!
Ықылас деген бір қазақ,
Ылғи мені күтіп алып жолымнан,
Бірде – оңымнан шығып, бірде – солымнан;
Махамбеттің басын ұстап жүгіріп,
Жүреді еріп соңымнан…
Тойы да – көп, асы – көп.
Шеттерінен мәз боп кәрі, жасы кеп;
Қабыма, әне, салып жатыр қиқулап,
«Мынау – біздің Хан Кененің басы!»-деп,
«Мынау – ақын Махамбеттің басы!»-деп.
«Мынау – батыр Кейкіміздің басы!»-деп.
Жөңкіледі жолымда һәм – соңымда,
Маған ұқсас бір жері бар оның да;
«Кімсің?» – десем,
«Мен – қазақпын!» – дейді ол,
Қазақтың басы – қолында!
Санағам жоқ, тау-тау болып толды қап,
Бассыз қалған тобырға енді қонды бақ!
Ендігі бас кімдікі екен, – білмеймін, –
Бір мықтының басы, әйтеуір, сол, бірақ…
Алматы
Алатау, айхой, тау елі,
Нұрғисадайын сиқыр ғой, шіркін, әуені!
Ашулы Алла жұмақтан жерге қуғанда,
Адам мен Хауа осында түскен әуелі!
Таза еді онда Адам да,
Аспан,
Ауаңыз,
Алатау жатқан –
Ақ шыңы, бақша-бауы – аңыз.
Өзге елде жоқ бір алманың асыл тұқымын,
Өзімен бірге ап келді мұнда Хауа Қыз.
Ақсораң қалып мұң шалып бірде қабағын,
Алатау шығып алдымнан, таң ғап қарадым.
Алматы деген Ару Қыз кіріп түсіме,
Мен бүгін, міне, алпыстан асып барамын…
Жетісу, қайран, жаһанда жоқ бір жер едің,
Қолға шам ұстап іздесе әркім керегін;
Алматы, егер – Еңлік Қыз болса жалғанда,
Мен – Кебек деген еңіреп жүрген ер едім!
Еңкейер жерде – еңкейдім,
Шалқаяр жерде – шалқайдым,
Ақсораң сынды кенжесі едім Алтайдың.
…Алматы деген бір Ару қызға қол жетпей,
Қарағандыда…
Қара шал болып қартайдым…
***
ХХ-шы ғасыр елден неге жеріді,
Көрмей біздей серіні һәм періні?
Жаңа ғасыр келе салып, о, ғажап,
Ойлап тауып әлеуметтік желіні, –
Алқымдағы Айсберг еріді…
Дүрс-дүрс еткен етіктердің ізінде,
Қалды Тарих –
Қара таңба жүзінде.
Әне, Юнна Мориц те отыр Фейсбукте,
(Елу жылдай болған «Қара тізімде!»)
«Қара тізім» қалды өткен ғасырда,
Болған онда Қасым да.
Бәріміз де жүрдік «Қара тізімде»,
(Мағжан жүрген, бірақ, оның басында!).
Жаңа ғасыр, – басылмаған желігі,
Ойлап тауып әлеуметтік желіні, –
Айсберг еріді…
Жүре берсін халтурщик те, қайтесің?
Үре берсін, кешші кеще-періні?
Ресейде – Юнна Мориц отыр ғой,
Қазақстанда – Ақсұңқардың Серігі…
Біреудің әйелі
Біреудің әйелі…
Көзінде нұр тұнып,
Тұрады құлпырып,
Жүреді құлпырып!
Соларды көргелі көңілде хошым жоқ:
Фейсбукте тұрады «досың» боп!
Өтірік!
Ойнайды еркекпен ол әлі,
Әлемді әлеуметтік желімен шолады!
Дос деген болмайды сұлуда,
Болса – тек күйеуі болады…
Дидары– Күн,
Ай – өңі –
Біреудің әйелі!
Құдай-ау, не деген әдемі!
Қашан бұл бітеді, о, сұмдық,
Әдемі әйелдің әлегі?!.
Көзінде нұр тұнып,
Тұрады құлпырып,
Жүреді құлпырып!
Мен түгіл, қарайды,
Дүние ішінен бір тынып…
Ұмтылып!..
Әйеліңнен де әдемі!
Дидары – Күн,
Ай – өңі!
Бір күні түбіме сен жетіп жүрмеші,
Біреудің әйелі?!
Муза-Мұқағали
Ел-жұртыңыз сүйіне бір қарады.
Күндесіңіз – күйіне бір қарады.
Е… қайтеді боққа қонған шыбындар,
Сіздей болып…
Гүлге қонған Араны?!.
***
Гректің – «Одиссеясы,»
Қырғыздардың «Манасы», –
Екі құрлық – екеуініңің арасы.
Көркем ойға – тәнті, көсегелері
Көгеретін күллі елдің баласы.
Цивлизация қосып екі араны,
Жаһаныңды жайпамаса жарады?
«Одиссея» теріс қарап грекке,
Қырғыздардан – «Манас» безіп барады…
Дидарына қарап ем,
Баяғы алтын бастауына зар әлем?
…Қайда жатса табу оңай қазақты,
(ДНК*-сында тұруға тиіс – Қара өлең?).
*ДНК — макромолекула, обеспечивающая хранение, передачу из поколения в поколение и реализацию генетической программы развития и функционирования живых организмов.
***
Балалық – балдай һәм қызық!
Әрі – күлкілі!
Шыбық қой ол бір жарылған жаңа бүртігі.
Он үште едім. Он алтыдағы көрші қыз:
– Қыз сүйіп осы көрдің бе?! – деді бір күні.
– Жоқ… дедім мөлдір көзіне көзім түйісіп,
Лүпілдеп жүрек, лапылдап қаным, ми ысып:
– Кел! – деді ол – онда! Ешкімге егер айтпасаң,
Екеуміз күнде тұрайық өстіп – сүйісіп!
Шарбақтың алды.
Қоңыр күз еді.
Ай – жарық.
Ерінге ерін тиді де, қалдық байланып:
Дүние кетті геометриядағы ғажайып,
180 градусқа айналып!
(Көп жайды көрген кісіміз көрші үйден біз,
Елжіреп, сонсоң, еріннен талай сүйгенбіз!).
Терезесіне телміріп қарап отырам,
Есіктен қашан шығар деп , шіркін, сүйген қыз!
Бір жылдай жүрдік ерінге ерін түйісіп,
Лүпілдеп жүрек, лапылдап қаным, ми ысып.
Бір күні үйге алаңсыз келе жатқанда,
Бір жігітпенен тұрғанын көрдім сүйісіп!
Баяғы жерде…
Баяғы тұрған шарбағы…
Мен емес екем, – басқа екен мұның ардағы!
Сол күні күллі қыздарды кеттім жек көріп!
…Кейіннен бұлар қалай кеп мені арбады?!.
Ақын мен ұлт
Жиырма жыл ма, отыз жыл ма озғалы,
Жазбай кеткен…
Көзден ұшып боздағы, –
Қайран, Олжас қаламсабын қайта үстап,
Facebookте ботадай боп боздады…
Ғылымның да қалмай, мүлде, құны түк,
Мұздай жанын Муза келіп жылытып; –
«Қоғам жырға зәру кезде жазып ем…» –
Деген сөзін қапелімде ұмытып!
Жиырма жыл ма, отыз жыл ма озғалы,
Жазбай кеткен…
Көзден ұшып боздағы, –
Бұлттан түскен Бұхар жырау секілді,
Қайтып келіп, қалай бүгін боздады…
Кім бұл сонда?
Жиырма-отыз жыл озғалы,
Олжас болып, біреу бүгін боздады.
Facebook те асау аттай арындап,
Бір қайғы кеп, жүз қайғыны қозғады!
Байдан асқақ қойған арлы жарлыны,
Шөжелердің сап болды ма зарлы үні?
Ақыны жоқ ұлт болмайды, болса егер –
Қырт болады ондай жұрттың барлығы…
***
Бәріміз қияндағы ауылданбыз.
Өлеңмен қаршадайдан ауырғанбыз.
Дүркіреп үстіменен шаңды ауылдың,
Сіркіреп жауып өткен жауындармыз.
Там да – өлең,
Тау дағы – өлең,
Жартас та-өлең,
Арқаны көктей шолып, Балхашпенен; –
Ақынбыз дегеніміз бос сөз екен,
Атымыз шықты аспандап «алқаш» деген.
Жасыннан жаралғанбыз, – дауылдан біз,
Бір жауса басылмайтын жауындармыз.
Атағы жерді жарған бір кездері,
Біз деген – Алкаш деген ауылданбыз!
Бүгін біз – Ұрымда, ертең – Қырымдамыз,
Қалтаға ақша түссе бір ырғармыз.
Советтің заманында қаулап өсіп,
Қынадай қайта-қайта қырылғанбыз.
Көңілдің көктем еді хошы нағыз,
Біз жайлы көшеді әлі жосып аңыз.
Есенин дейтұғын бір әулиеге,
Желігіп жет атадан қосыламыз.
Ақын да – арам қазір…
Қара да тұр,
Таяп-ақ қалғаны ма заманақыр?
Үндістің тайпасындай, бізден-дағы,
Тігерге тұяқ қалмай бара жатыр…
***
Алматы аэропорты.
Пернегүлмен, –
Сырласып қол ұстасып мен де жүргем.
Бетке алып Қарағанды қалың жұртын,
Ұштым мен, айхой, дәурен, –
Пернегүлмен!
Ұштық біз көкте «Сәулем-айға…» басып,
Самолет Күнге тақап, Айдан – асып!
Салонға кіре бере аймаласып,
Салоннан түсе бере аймаласып…
Жүрдік біз бұ шаһарда айдан асып,
Шалықтап күнде «Сәулем-айға…» басып;
Көшеге шыға бере аймаласып,
Көшеде жүре бере аймаласып!
…Алматы аэропортына ұшып кеп мен,
Аң-таң ғап жүрем жерге түсіп – көктен:
Перінің Қызы екен ғой Пернегүлім,
Қай жаққа мені тастап…
Ұшып кеткен?!.
Кеткен із көрінбейді, келген ізбен,
Боран да одан кейін… сел де жүрген.
Аңғалақ Ақан сері атам құсап,
Перінің қызыменен мен де жүргем…