СЕН ДЕ МЕНДЕЙ САҒЫНЫШТЫ ӨБЕРСІҢ…
05.02.2024
461
7

Әйгерім ТҰРЛЫҚОЖА

* * *
Сен де мендей жалғыз ба едің,
Көгершін,
Сен де мендей сарғайдың ба, Жапырақ?
Сен де мендей сағынышты өберсің,
Сен де мендей мұңаярсың атырап!
Мәні қалмай сайраны мен сауықтың,
Түйдек-түйдек жырға малам қаламды.
Есімде жоқ қашан дерт­тен сауықтым,
Есімде жоқ тауысқаным шарамды.
Айта алмаймын мұңын шағып күйімнің,
Жалғыздығым кімге керек осы күн?
Білмейді ешкім мекенжайын үйімнің,
Мен – көбінің сыр бөлісер досымын…
Ішім дауыл, өп-өтірік күлем кеп,
Жүрегімді ту сыртынан құшайын.
Шалдығып­пын шыр айналып жүрем деп,
Қанатымды беріңдерші ұшайын!

* * *
Жапырақ сарғайып, О, кімді сағынды?
Сөнбеген жылуын аяй ма алып Күн?
Желменен ұшады қуалап сағымды,
Мен деген кофені сағынып қалып­пын…
Иісіне құмартып келемін көшемен.
Бір жұтым ауадай бойыма тарайтын.
Бариста, бір шыны эспрессо нешеден?!
Екі қант, ән қосшы, жүрегім қалайтын!
Кофе бер қоюлап, құрамы сиқырлы,
О, мені бөгеме! Тезірек дайында.
Әуенге мастанып, тыңдайын күй түрлі,
Жыр оқып махаббат, адалдық жайында.
Тоналған ағаштың тағдырын алаңдап,
Тәңірден сұрауға бір медет, жылылық,
Сап-сары бақытқа бір қадам табандап,
Күтеміз неге үміт немесе ұлылық?!
Жапырақ жүректер малынып жалынға әр,
Ең ыстық құшаққа үзіліп құласа,
Мейірім жоқ деуге сенбеймін таңым бар,
Адамдар мұңайып, жанарлар жыласа.

* * *
Мен сенің өміріңде
қанша сәт тұрақтайын?!
Күндерді санама тек!
Санама, жылатпайын.
Бақыт­тар өлшенбейді
сағат­тың тырсылымен,
Сезімнің дүрбелеңі,
Тағдырдың қырсығы – Мен!
Сен соған көнесің бе,
Шөлдесем бұлақтаймын?!
Сағынсам келесің бе?
Келші деп сұратпайын!
Жанарда шықтар легі.
Өзің кеп құтқар мені,
Күмәннің елесінен,
Парасат кемесінен.
Мендегі сана бекем!
Ойларым ала бөтен…
Тек, сенің ғұмырыңның
нешінші тармағында,
Оқылмай қалады екем?
Оқылмай қалады екем…

* * *
– Алматыда жұмыс бар ма?
– Жұмыс бар.
Сауда-сат­тық, базар, көше…
тыныс тар.
Ығы-жығы сабылысқан адамдар,
Жарнамаға толы жетім бұрыштар…
Алматыда әр алуан тіршілік,
Теңге іздейді ала таңнан құлшынып.
Нан сатады, жан сатады кей адам,
Құдайына жасамай-ақ құлшылық.
Еліктірген қызыл-жасыл желіктер,
Ағыл-тегіл зулап жатқан көліктер.
Тамыр ұстап тамашалар тағдырды –
Көше толы тәуіп, бақсы, көріпкел…
Алматыда не керектің бәрі бар.
Қулық, сұмдық дәл іргеңнен табылар.
Біреулердің өмірі – гүл, бағы – бал,
Біреулер бар түзу жолдан жаңылар.
(Көрем десең, пешенеңнен көрерсің,
Келем десең, несібеңді қабыл ал!)
– Алматыда тағы не бар?
– Не керек?
Көптің жайы – жел ұшырған ебелек.
Сынған тағдыр, тапталған ар…
– Тағы не?
– Түнгі алаңда отқа оранған көбелек…
Алматыда жүгіріп жүр бала арман,
Бала арманы жоқшылықтан қамалған.
Мезгіл ғана мезірет қып тосады
және күліп қарсы алады таң алдан.
* * *
Жаным – жарық,
Сәуле менің қуатым.
Мұзарт шыңдар – белестерім шығатын.
Уақыт деген – өмірдегі өлшеуіш,
Ал, өзім кім?
Тәуекел ғой шын атым!
Тән еместей маған осы – тосылу,
Бағыты жоқ көпке ілесу, жосылу
Менікі емес! Үйлеспейтін әуендер,
Менікі емес қайырмаға қосылу!
Менікі емес!
Өтірік сөз, жалғандық!
Бәріміз де күлдік, талай алдандық.
Болмашыға ауыртпаймын басымды
Отырмаймын дүниені арман ғып.
Менің жолым – бір орында тоқтамау.
Барымды да, жоғымды да жоқтамау.
Тұсбағдарым – жақсылыққа ұмтылу,
Мендік әлем – жүректерге от қалау!
Мен бөлекпін, түсін, мейлі түсінбе!
Түсініксіз болғандығым үшін де –
Бақыт іздеп алты құрлық аспадым.
«Бақыт деген сыртымда емес, ішімде!»
Жаным – жарық,
Сәуле менің қуатым.
Мен өлеңмін!
Ғасырда бір туатын.
Мен өмірді сүю үшін келгенмін.
Ал сен кімсің? Шын атың?

* * *
Мен торда қамалған құстаймын,
Тұтқының шығармын?!
Еркіме қойсаң да ұшпаймын,
Еріксіз шығармын…
Шыдамға шырмалам, бір тынам,
Дертімді білер ме ең!
Кетем деп оқталам, бұлқынам,
Сен бірақ жіберме!
Жіберме, жіберсең қиналам,
Баз кешем сенделіп,
Өзіңсіз әлемге сыймағам,
Сауықтым сен келіп.
Жап-жарық шуағы күнімнің,
Үміт­тің сәулесі.
Айтшы тек, мен сенің кіміңмін?
Жүректің әуресі…

* * *
Өзіңе ғана үміт арт, қане,
Өзгелер оны ақтамас.
Жер беті түгел аламан және
Өмірдің өзі бақталас.
Сындарға қатал сынып кетпегін,
Шыдам мен болсын ой сергек.
Қанатың болса биік көктегі,
Құлашын кеңге қой сермеп.
Жастығың жалын, ғажап емес пе?
Жарқ етсең жарық жасындай!
Жасқаншақ болсаң азап емес пе?
Туламай, толқып, тасынбай!
Өмірдің өзі бақ таластырад(ы)
Арамдық, айла көздеме.
Өзіңе ғана үміт арт, бірақ
Жоғалтпа сенім өзгеге.

* * *
Жарқ етіп жарып аспанды,
Жап-жарық әлем басталды.
Түн қайт­ты жиып айылын,
Сәуледен бәлкім жасқанды?!
Дүние ашып кірпігін,
Ай сылқым күннен үркіді.
Бір күнім жетіп межеге,
Бәйгеге түсті бір күнім.
Көш түзеп бұлт­тар будақтап,
Асыр сап ойнап тулатпақ.
Бір әсем әуен шырқалар,
Құс біткен көкте шулап қап.
Тіршілік айтып ғазалын,
Жаңа бір дастан жазамын.
Ей, менің жарық дүнием!
Мен бүгін сендей тазамын.

* * *
Түсіме ылғи теңіз кіреді,
Тербелген толқын жағасы.
Аспанмен оның егіз жүрегі,
Аспандай биік бағасы.
Көкпеңбек түсі жанды баурайды,
Баурайды көзді ол тынбай.
Көкжиек тұстан таң қылаулайды,
Оянам, тулап толқындай.
Телегей теңіз – тіршілік кешіп,
Лайланбас түбі шайқалсаң.
Жағалауына құлшынып келіп,
Тыныштық іздеп қайтам сан.
Асау да асау ағыстарында,
Жай тауып жаным жатқанда.
Толқынға бұйра жабысқанымда
Оянып кетем ақ таңда.
Теңізбен бәлкім, егіз жүрегім,
Оянам жарық отынан.
Түсіме ылғи теңіз кіреді,
Жағада үнсіз отырам…
* * *
Сен білмейсің, аспан – менің мекенім,
Ол жақта да тіршілік бар аздаған.
Бір күндері құс боп ұшып кетемін,
Арманыма маздаған…
Шын махаббат сезімдердің жалауы,
Мәңгі алауы – ессіз, көзсіз ғашықтық.
Орындала бермейді деп қалауы,
Біз, биікке асықтық…
Жанарыңа сыя ма аспан көлемі?
Өз жүрегің – жер бетінің жұмағы.
Ақындардың ең ғажайып өлеңі –
Сағыныштан тұрады…
* * *
Салқын күндер сығалайды есіктен,
Ол да аңсайды жылылық.
Жылы сөзге жылынбайды кешіккен.
Кешікпейді ұлылық!
Жапырақтар жарысады желменен,
Қайда барып мерт боларын кім білсін?!
Ең ауыры күту және келмеген,
Келмегенді күт­тіретін күн құрсын.
Естеліктер ескі күнмен жаншылар,
Кез­десуді қалдырайық бұрышта.
Арманыңды алдамайтын таң шығар
Жүрегіңді жылы ұста!
* * *
Сен маған өкпелеме, алақаным,
Басталады осылай ала таңым.
Тіршілік деп ұстат­тым сұр әлемнің
тұтқаларын, менсінбей бар атағын.
Күйбең күндер бықсыса алам ыстап,
Суығы мен ыстығын жалаң ұстап.
Саған тағы бір мезет тыным бермей,
Жыр жазамын түндерде қалам ұстап.
Талай есік жабылып, ашылмады,
Саған сендім жанымның бас ұрғаны.
Алақанмен сүртілген маңдай терім,
Алақанмен көшіргем ғасырларды…
Сен бересің ең тәт­ті адал асты,
Мейіріммен қымтайсың жалаңашты.
Ұстап қалғың келгенде сәт­ті уыста,
Уақыт долы құйындай ала қашты.
Уысыңда тау-тас та үгілетін,
Сиқырың бар, бар нендей құдыретің?
Алақаным аяулы сенен гөрі,
Кешіре біл жүрегім, жұмыр етім.
* * *
Уақыт тоқтап қалғандай,
Дала тыныш.
Мүлгіп кеткен сияқты төңірегім.
Тырп етпейді тіршілік, жаратылыс,
Ал мен түнде сүретін Өмір едім…
Өмір едім…
Тасынған өзендерім,
Толқынымен тау-тасты еркелеткен.
Көшіп бара жатқандай кезеңдерім,
Оралмайтын тәрізді ерке көктем!
Жұлдыз біткен аспанның дулығасы,
Ай сыланып,
Құс үнін көктен іздер!
Мен ұйқыға кеткенде, Шулы ғасыр,
Оятуды ұмытып кетпеңіздер!
* * *
Жылдарға күндер ілесті,
Көнеде кепкен кенезем.
Жыр есті бөлек сыры ескі,
Сарғайған сары терезем.
Үңілген талай түйме көз,
Сыртынан ғана бақылап.
Жұпыны үйге тимеңіз!
Сыйып тұр бүкіл атырап.
Сығалай сәуле тарайтын,
Қызықтап қоңыр бөлмені.
Әйнектен жиі қарайтын,
Тани ма сірә, ол мені?..
Өз үйім менің – киелім,
Сағыныш желі еседі-ей!
Жағалай көше жиегін,
Жол тосқан кәрі шешедей.
Жақтауы ескі, сыз қалған,
Даладай ашық есігі.
Күтетін ылғи бізді алдан,
Балалық шақтың бесігі.
Аяңдап басқан адымдай,
Жеткізбей ізі шалғайдан.
Жәдігеріндей жадымда,
Терезем қалды сарғайған.

ПІКІРЛЕР7
Аноним 05.02.2024 | 16:12

🔥🔥🔥🔥🔥
Мына ақынның өлеңдері сұрапыл екен👍🏼

Аноним 05.02.2024 | 16:21

Мықты. Айгерім өте мықты жазады.

Аноним 05.02.2024 | 16:36

Бөлек ақын,бөлек қыз Ай-Керім
Жазарың көп болсын!
Өлеңдерің керемет 😘

Аноним 05.02.2024 | 16:50

Керемет, жазу стили озгеше екен

Аноним 05.02.2024 | 16:53

Жарайсың, Айдай керім Айкерім!
Өнерің өрге жүзсін!!!

Аноним 06.02.2024 | 19:06

Мен қазақ қыздарына қайран қалам…. От екен өлеңдері!!!

Аноним 14.02.2024 | 11:21

Тунган лирика,сом бейне…
Коп болды окымаганыма осындай журек сырларын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір