Құлагердей мерт болған қайран ақын
31.05.2024
342
0

«Қазақ поэзиясының Құлагері» атанған қазақ әдебиетінің ақтаңгер ақыны Ілияс Жансүгіров 1894 жылы мамыр айында қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан Ілияс 1921 жылы Ташкент­тегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп өз ауылында мұғалім болады. Ке­йінірек «Тілші» газетінде жұмыс істеп, содан соң Алматы қаласындағы Қазақ ағарту институтының меңгерушісі қызметін атқарады. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген Ілияс Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы болды. Биыл қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған алыптардың бірі – Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толды.
Жазушы Бақыт Мерекенова – Ілиястың тұңғыш ұлы марқұм Саят Жансүгіровпен ағалы-қарындастай жақын араласып тұрған екен. Саят ақсақалдың ортамызда жүрген кезінде әкесі Ілияс Жансүгіров туралы айтқан әңгімелері – 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ақын жайлы өмірдің ащы шындығы мен баланың әкеге деген кіршіксіз махаббаты жайында өрбиді. 

  – Саят аға, сіз «Фатима» деген пьесаны көрдіңіз ғой, бұл туынды туралы пікіріңіз қалай? – деп сұрағам бір әңгімеміздің барысында.
– Иә, көрдік. Залға лық тола жиналған көрермендердің ашық, ажарлы жүздеріне қарап менің де көңілім көтерілді, өйткені ол әкем Ілиястың өмірінің рухани ерекшеліктері туралы қойылған сахналық қойылым еді. Ең алдымен айтарым, біз әлі «Ілиястану» ат­ты ғылыми тақырыптың шетін ғана білеміз. Ол туралы мұрағат­та жатқан дүниелер көп. Мен Қазақстанның Республикалық мұрағатын ақтарып отырып, мынадай қолжазба таптым. Онда Ілиясты зерт­теуші бір замандасым былай деп жазыпты: «Бұл қоймада Ілияс ағамыздың «көптеген балалары» жылап жатыр, олар «бізді жарыққа шығарыңдар» дегендей жүрегіңді ауыртады».
Расында, Ілиястың (әкемнің) өмірінде көп зерт­теушілер біле бермейтін қараңғы тұстары – тарихта әлі ашылмаған жаңа парақтары баршылық. Шынымды айтайын, әкем төрт әйелінің қайсысын көбірек жақсы көрді, кімді жан-тәнімен сүйді, ол жағын мен жете білмеймін. Мүмкін, ата-аналарының қарсылығымен еріксіз айырылысып кеткен, шағын ауылдағы ең сүйкімді қыз, алғашқы бала махаббаты Жәмиләні ес-түссіз жақсы көрген шығар? Әлде ес біліп, ержете келе жүрек қалауымен қосылған екінші әйелі Аманшаны жан-тәнімен сүйді ме екен?
– Ілиястың өзі жазған пьесаның басты рөлдерін ауыл сахнасында қыз бен жігіт болып орындап жүріп, бір-біріне ессіз ғашық болып қосылған, ке­йінірек өкпе ауруынан қапыда қайтыс болған Аманшаны айтып отырсыз ба?
– Иә, сол Аманшаны айтып отырмын. Жаңадан қосылған жас жұбайлардың әлі ыстық-суығы басылмай жатып, Ілиясқа Мәскеуге оқуға жолдама беріледі. Ілияс жан жары Аманшаны жалғыз тастап кетуге қимай, екі ойлы болған кезде Аманша күйеуінен қиыла өтінеді:
– Мен үшін жолыңыздан қалмаңыз, мен сізді ауылда күтемін. Сіз алыста жүргенде біздің шексіз махаббатымыз күннен-күнге арта түспей ме? Егер сіз мені қимай бұл мүмкіндікті жіберіп алсаңыз, мен өз-өзімді кешіре алам ба, айтыңызшы? – деп бота көзі жәудіреп, Ілиястан жауап күтеді.
– Ия, менің қамқоршы, жан жарым! Бәлкім, бұл айтқаның дұрыс шығар, онда уақыт созбай жолға жиналайын, – деп Ілияс ертеңінде алыс сапарға ат­танады.
Міне, сөйтіп Ілияс Мәскеу қаласына білімін жалғастыруға алыс жолға кеткен кезде Аманша жүкті күйінде ауылда қалған. Ол уақыт­та ауыл тұрмақ қалада да медицина әлі жете дами қоймаған кез. Аманша кішкентай перзенті шетінеп, уайым-қайғыға душар болады. Жас келіншек босанған соң баласынан айырылып, ауыр дертке шалдығады. Бұл аурудан оңайлықпен айықпайтынын сезген келіншек өзін ойлаудың орнына, алыста арман қуып жүрген күйеуі Ілиястың жайын көбірек уайымдайды. Көңілін сұрап келген туған-туысқандарына Мәскеудегі Құдай қосқан жан жолдасы Ілиясқа ауырып жатқанын айтпауды өтінген. Ондағы мақсаты – Ілияс ауылда қалған әйелі Аманшаны уайымдап, оқуын жалғастыра алмай қалмасын деген сүйген жардың өзін құрбан етуге даяр қамқорлығы еді. Өзінің жарық дүниедегі санаулы күндері қалғанын білген ақылды әйел ең соңғы қоштасу хатын жазып, Ілияс ауылға келген кезде жеке қолына беруді тапсырады. Соңғы хатында Аманша былай деп жазған. «Мен туған-туыс, дос-жараннан ауыр дертке шалдыққанымды әзірге сізге тіс жарып айтпауды өтіндім, өйткені Мәскеудегі оқуыңызды еш уайым-қайғысыз жалғастыруыңызды қаладым. Соңғы күндері жалп-жалп етіп сөніп бара жатқан шырақтай күш-қуатымның таусылып бара жатқанын сезем. Осы хат қолыңызға тиген уақыт­та бар шындықты естисіз, кішкентай сәбиімді сақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Біздің ыстық махаббатымыздың куәсі болған кішкентайымыз туа салып жарық дүниемен қоштасып, көңіліме қаяу салды. Егер мен жазған соңғы қоштасу хатымды оқып отырсаңыз, ол кезде менің жарық дүниемен қоштасқан сәт­терім болар. Ештемеге уайымдамай, Алланың басқа салған ісі деп қабылдаңыз. Сіз мықтысыз, сондықтан алдағы уақыт­та талай биіктерді бағындыра алатыныңызға сенем! Сізді бір Аллаға тапсырдым, Аллаға аманатсыз! Хош, хош аман болыңыз, жаным!» – деп алтыннан жасалған неке жүзігін ақ матаға қоса түйіп, қоштасу хатын қалдырған.
1925 жылы отыз бір жасында жоғары білім алу үшін Мәскеудегі мемлекет­тік журналистер институтына оқуға барған Ілиясқа әйелінің қайтыс болғанын Аманшаның «күйеуіме айтпаңыздар» деген сөзін жерге тастап, ешкім батылы барып естірте алмайды. Сөйтіп, Ілияс оқуын бітіріп, Аманшаға базарлығын алып, сүйген жарын сағынып, жүрегі лүпілдеп алып-ұшып келгенде ғана Аманшаның қайтыс болғаны туралы суық хабарды естіп, ақын қат­ты күйзеледі. Жан жүрегін жаралаған жоқтауын сүйген жары «Жарымның моласында» деген өлеңге сыйдырған.
Жан жолдас, жатырмысың
жер қойнында,
Жер – үйшік, топырақ –
төсек өз бойында.
Аямай-ақ денеңді жерге тыққан
Туғаның, туысқандық өз мойнында.

Томпайып топырағың үйіліпті,
Күреңсе күн қуартқан күйігіпті.
Күрекпен нар өркеш те таптау тауып,
Күн қағып, жауын жауып, жел үріпті.
Өзіңмен айырылғанда алысып қол,
Кетіп ем келемін деп жүріп аз жол.
Күтем деп қол алысып
қалмап па едің,
Мынау не, топырағыңда
тұрғаным бұл?

Келді ме сені мұнда түйеге артып,
Жапты ма кілем шапан
тым қызартып.
Күн аумай бейсенбіге қояйық деп,
Көмуге асықты ма молда тантық.

Жапырлап алысты ма сені шешіп,
Қазды ма терең құдық жерді тесіп.
Қабыршы қамыспенен
тұрқыңды өлшеп,
Қайқайып тұрды ма екен –
«міне» десіп,
Орап па, ақ денеңе ақтан кебін,
Қондырмай кигізді ме етек, жеңін, – деген ақын сүйген жарының қайғылы тағдырына қат­ты қамығып, мұң-зарға толы лирикалық өлеңдерін арнаған. Аманша ақылына көркі сай, әдемі, ата-бабаның салт-дәстүріне адал, үлкенге ізет­ті, кішіге қамқор, сыпайы мінезді көркем жан болыпты. Көз көрген ауылдастары сол кезде жаңа қосылған жас жұбайлар Ілиястың қыстыгүні Аманшаны аялап, жас баладай қол шанаға салып көрпеге орап, серуендеп жүрген шақтарын көріп, оның әйеліне деген шексіз махаббатына таңғалғанын әлі күнге де­йін жыр қылып айтады.
Сонымен қатал тағдыр қоспаған ақынның төрт әйелі – орта мектепті бітіре салып қосылған бала махаббаты Жәмила, сәбиі туа сала шетінеп кетіп, соңынан өзі ауырып қайтыс болған Аманша, Ілекеңді табиғи әсем даусымен баурап алған әнші қыз Бәтима Төребаева, досы Біләл Сүлеевтің бұрынғы жан жары, қылықты келіншек Фатима Ғабитова. Осындай сұлу кербез қыз-келіншектердің төртеуін де кезінде ақын Ілияс жан-жүрегімен ұнатқан болар деп пайымдаймын. Менің осы ойыма Азат Сүлеев те (Біләл Сүлеевтің ұлы) қосылатын. Сонда екеуміз әзіл-шыны аралас бір-бірімізге былай дегенбіз: «Біз де әкеміз сияқты аналарымызды бөліп-жармай төртеуін де жақсы көреміз», – дейтінмін. Менің ол ойымды Азат қостап, риясыз көңілмен қосылып, қуана күлетін. Бәлкім шындық осында шығар, расында балалары болған соң әкемізді де, анамызды да жанымыздай жақсы көретініміз ақиқат. Әкем – әйелдері мен балалары түгіл туған елін жан-тәнімен сүйген адам.
– Ақынның тұңғыш ұлы Саят­тың анасы Бәтима Төребаева – мамандығы ұстаз болғанымен, әсем қоңыр үнімен асқақтата ән салған сүйкімді қыз Қазақ филармониясында жұмыс істеп, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова сияқты әншілермен әріптес болған талант­ты әншілердің бірі. Сүт­тей ұйыған отбасы ұл, қыздарын асырап отырған үлгілі отбасы саналатын.
– Әлі есімде осы Алматы қаласындағы Төлебаев көшесінің бойында орналасқан шағын үйде әкем Ілияс Жансүгіров, анамыз Бәтима Төребаева, қарындасым Сайра төртеуміз және атамыз Жансүгір – бәріміз бірге тұрғанбыз, – деп жалғастырды әңгімесін Саят аға. – Анам мен әкем 1929 жылы қосылыпты, ал мен – 1930 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлымын. Сол кезде атам Жансүгір күні бойы бізбен бірге үйде қалып, немерелеріне бас-көз болған. Сайра деген қарындасым болған, бірақ ол жастай кет­ті. Қарындасымның қалай қайтыс болуын ке­йінірек толық айтып берем.
Атам Жәкең ұсталық өнерін өте жоғары бағалады, мені кеудесіне тығып, шапанына орап алып үйдің маңайында серуендеп жүріп, көшедегі шашылған тағаларды жинап, таяғына іліп алып қораға кіріп келеді екен. Сонда жұмыстан үйге оралған Ілияс әкесіне жаны ашып тіл қатады:
– Көке, не баланы, не тағаны жерге қойсаңызшы, – дегенде атам бірден суырып салып:
– Баланы да, тағаны да бағалаймын, жерге оларды тастамаймын, – деп тақпақтай жауап беріпті.
– Пәлі! Сөз тапқанға қолқа жоқ, сіздікі дұрыс, көке! – деген Ілияс жадырап, күліп жіберіпті. Әкем ол кезде Қазақ Кеңестік социалистік республикасының Жазушылар одағының төрағасы болып жұмыс істейтін. Әкем күні бойы жұмыста, жиі-жиі қызмет бабымен іс-сапарға баратын. Сондай уақыт­тары әкем Ілияс досы Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитоваға ғашық болып қалған сияқты.
Ақындығымен қоса серілігі де бір басынан жетіп артылған Ілияс Жансүгіров Біләл досы түрмеге түскен кезде оның зайыбы Фатиманы ұнатып қалып, бірнеше өлең арнайды. Бірер күн үйге келмей басқа жақта қонып қалғанын білгенімен, тәрбиелі әйелі Бәтима Төребаева күйеуімен ұрсысып, таласуды жөн көрмей, үндемей жеңеді. Сондай күндердің бірінде Ілияс әйеліне оңаша айтатын әңгімесі бар екенін білдіріп сөз бастайды.
– Бәтима, сен мені кешір, мен басқа әйелді ұнатып қалдым. Ол әйелді сен де жақсы танисың, менің досым Біләл Сүлеевтің әйелі – Фатима Ғабитова. Мен сенімен айырылысам, келісіміңді бер?! – деген кезде жас келіншек Бәтима Төребаева көз жасына булығып, күйеуіне келісімін береді.
– Егер басқа әйелді ұнатып қалсаңыз, жолыңызға бөгет болмайын. Қайте­йін, тағдырдың басқа салғанына көнемін, – деп айғай-шусыз сабырлы мінез танытып, көз жасына ерік береді. Әкемнің киім-кешегін жиып, күйеуін у-шусыз шығарып салады. Басқа әйел болса сол жерде шу шығарып, жібермеуге әрекет жасар еді. Ал менің анамның тәрбиелі, сабырлы болғанына таңғалмасқа шарам жоқ. Әкем Ілияс 1894 жылы туған, анам Бәтима Төребаева 1912 жылы дүниеге келіпті, демек, анам әкемнен он сегіз жас кіші болған. Мүмкін анамыз жас болғандықтан, жасы үлкен әкемнің айтқанына көне берген шығар. Киім-кешегін ала салып асығыс кетіп бара жатқан Ілиясты байқап, бір шаңырақтың астында тұратын әкесі Жансүгір ұлын тоқтатпақ болып:
– Отбасыңды ойран етіп, басқадан бақыт табамын деме, балам. Келініміз өте инабат­ты, үлкенді сыйлайтын тәрбиелі жан. Егер сен басқа әйелге үйленсең бұдан былай ауылға біржола кетем, енді қайтып оралмаймын. Сондықтан асығыс шешім жасама, ұлым. Әлі де ойлан! – деп шарт қояды.
– Әке, өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Мен Фатима Ғабитовамен бақыт­ты болғым келеді, сондықтан кешіріңіз. Мен ақылды тыңдамай жүрегімнің қалауын таңдадым, – деп бір сөмке киім-кешегін ұстаған күйі үйінен біржола кетеді. Ұлына қат­ты өкпелеген Жансүгір айтқан сөзінде тұрып, ауылға қайтады және сол күйі қалаға қайта оралмайды.
Ілияс Жансүгіровтің тұңғыш ұлы – Бәтима Төребаевадан туған Саят Жансүгіров бала күндерін толғана есіне алатын.
– Әлі есімде, әкем Ілияс зор тұлғалы, балуан денелі кісі болатын. Отбасында кішігірім отырыстар болып, қонақ келгенде әкем жанға жайлы қоңыр дауысымен домбыра тартып, ән салатын. Менің әкем сегіз қырлы бір сырлы адам еді. Қазір «халық әні» деп жүрген «Елім-ай» әнінің мәтінін де, сазын да өзі шығарған, осы әнді нақышына келтіріп айтқанда барша жұрт сілтідей тынып, құдірет­ті ән кімді де болсын баурап алатын. Қалың жұрт әкемнің ақындық өнерін білгенімен, сазгерлік, әншілік, күйшілік өнерін біле бермейтін. Бала күнімде әкем «Шилі өзен, қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-ай» әнін өзінің жанға жайлы күміс қоңыр дауысымен айтқанда, бала болсам да сүйсіне тыңдайтынмын, бірақ өкінішке қарай, әкемнің шығарған әнін көпшілік: «Халық әні», – деп жаңсақ айтып жүр. «Байтал түгіл – бас қайғы» заманда әкемнің тек өлең жазып қоймай, ән шығарғанына да таңғалам. Тегі, менің әкем бар жағынан аса талант­ты адам болса керек.
Әкем анаммен айрылысқан соң бізді ұмытпай қамқор болып жүрді. 1934-35 жылдары біз анам Бәтима Төребаева екеу­міз Ілиястың шақыруымен Оңтүстіктен Түркістан, Келес, Сарыағаш жақтан Алматыға келдік. Әкеммен кездескенім әлі күнге де­йін есімде. Әкем бізді көргенде көңілі тасып, «Балам, балапаным!» – деп, айналып-толғанып кішкентай баласы – мені қос қолымен құшақтап алып, көкке көтерді. Менің атымды Саят деп әкем қойыпты, өйткені әкем саятқа шығып, аң аулауды жақсы көрген екен. Менің Саят деген есімім ке­йіннен қазақ ішінде кең тарап кет­ті. Анам екеуі айырылысып кеткенімен, кездескен шақтарында сағынысқан жандардай жылы сөйлесті, оған мен куәмін. Олар неге ажырасты? Сол кездегі бала мен үшін бұл сұрақтың жауабы жұмбақ күйінде қалды.
Саят ағамен әкесі мен анасы жайлы сұрағанда көзінде айықпас мұң тұратын. Ол ауыр күрсінді.
– Мен әкемнен алты жасымда тірідей айырылдым, ал анам Бәтима Төребаева «Социалистік Қазақстан» газетінде корректор болды. Ол кезде журналистер, корректорлар күні- түні көз ілмей жұмыс істейтін. Бір күні бірінші бет­тегі «Ұлы Сталин» деген сөз «Улы Сталин» болып, қате кетіпті. Содан бастап НКВД анамның соңына шырақ алып түсті. «Сен күйеуің Ілияс пен екінші күйеуің Ибадия Тәукелов «халық жаулары» болған соң өш алу үшін әдейі қате жібердің», – деп тергеп-тексеріп есін шығарды.
Анам Ілияс басқа әйелге үйленіп кеткен соң, Ибадия Тәукелов деген кісіге екінші рет тұрмысқа шыққан болатын. Көп ұзамай өгей әкемді де «халық жауы» деген желеумен ұстап әкеткен. Ақыры анам өкпе ауруының ашық түрінен ауруханада жатып қайтыс болды. Ең соңғы күні анам жатқан ауруханаға келіп, шешеммен сөйлестім. Бұл менің анамды соңғы рет көруім екен. Анам Бәтима шаралы үлкен бота көздері жасқа толып, құлази сөйледі.
– Құдайым-ай, Айша қайда, Айша келмеді ғой? – дегенде мен, «Тәте, Айша майданда ғой», — деп жауап бердім. Сол сәт­те анам: «Сен қарындасың Саидаға бас-көз бол, қош болыңдар», – деп соңғы рет бақұлдасты. Сөзінің соңын айта алмай, көз жасына булығып, «сау бол» дегендей қолын бұлғап теріс айналды. Сөйтіп, мына жарық дүниеде қайран анамыздан айырылып, панасыз қос жетімек жалғыз қалдық. Тәтеміз Айша Сиқымбаева ол кезде өз еркімен Ұлы Отан соғысына кеткен. Тек 1943 жылы аман-есен туған елге оралып, маған бас- көз болды. Мен Айшаны – «анашым» деп атаушы едім.
Осы сөздерді айтқан Саят аға көзі жасаурап әңгімесін жалғады.
– Анам Бәтима Ташкент көшесінің (қазіргі Райымбек көшесі – ред.) бойында жерленді. Кеңес өкіметінің тұсында анамның зираты мен басқа молаларды түгел тегістеп, автостанция салып қойды. Ең құрымаса анамның басына барып гүл шоғын қоя алмаймын. Кеңес өкіметінің қыңыр саясатының салдарынан анамның өзі де, тіпті моласы да жермен-жексен болды. Басқалар сияқты туған анамның моласына барып, құран оқып еске түсіре алмайтын болдым. Менің әкем мен анамның өмірі тым аянышты болды.
Саят Жансүгіров жанарына жас үйіріп, әке-шешесінің ауыр тағдырын есіне алып көңілі босады.
Ілияс Жансүгірұлы замандастарының арасында ақындық талантымен ерте танылып, Қазақ КСРО Жазушылар Одағының төрағалық қызметін атқарған. Бірақ Сталин заманында қазақтың зиялы қауымы көп зардап шегіп, «Халық жауы» деген желеумен репрессия құрбаны болып, жазықсыз атылып кеткені ақиқат. Ақкөңіл ақын Ілияс Жансүгіров өзі қызметке алып қамқор болған М. деген бір әріптесінің жап­қан жаласынан ақырында «халық жауы» атанып, сталиндік репрессияға ұшырады. Осындай кезде «күшік асырап, ит ет­тім, ол балтырымды қанат­ты. Біреуге мылтық үйрет­тім, ол мерген болды, мені ат­ты» деген ұлы Абай ақынның өлең жолдары еріксіз есімізге түседі.
Құндақтаулы сәбиін бауырына басып, отағасын түрмеге іздеп барған Фатима Ғабитова абақтының бастықтарына жалынып-жалбарынып жүріп кездесуге әрең дегенде қол жеткізген көрінеді. Күні-түні тергеп азапталған Ілиястың жүзі жабырқау, азып-тозып жүдеп кеткен екен. Ол жағдайын сұраған әйеліне қысқа жауап беріпті: «Ұйықтатпай күндіз-түні тергеуге алады, жалпы бұл жер – нағыз тозақ!». Аз ғана уақыт­тан соң: «Уақыт­тарыңыз біт­ті», – деп Ілиясты алдына салып айдай жөнелген жендет­тердің көзінше Ілияс әйеліне соңғы сөзін айтып үлгерген.
– Фатима, балам саған аманат. Ержеткен соң ақын-жазушы болмасын, мен сияқты жазықсыз қор болады. Одан да жай ғана етікші болсын», – дейді.
Ке­йінірек сол «етікші болсын деген
Болат Қазақфильм киностудиясында қызмет істеді. Кейде фильм үзіліп кеткенде, «Сапожник! Етікші!» деп қалжыңдаушы едік, – деп Саят аға күлді. Бірақ көзіндегі айықпас мұң бір сәтке де кетпеді, ауыр күрсініп әңгімесін жалғастырды.
– Сол кездегі солақай саясат­тың кесірінен әкем Ілияс Жансүгіровтен, анам Бәтима Төребаевадан тым ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметін көп тарт­тым. Бірақ менің бағыма қарай жақсы адамдар жолығып, менің жоғары білімді азамат болып, халқыма қызмет жасауыма мүмкіндік туды. Орта мектептің соңғы сыныптарында оқып жүргенімде шешемнің жиені, ағайынымыз Тұрғыт Османұлы талант­ты сазгер Нұрғиса Тілендиев басқаратын «Отырар сазы» ұлт­тық аспаптар оркестріне жұмысқа орналастырған болатын. Сабақтан шыға сала оркестрге барып, жұмыс істеп жүрдім. Бірде сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне сөзжұмбақ ұйымдастырып, соңына «Жансүгіров Саят Ілиясұлы» деген аты-жөнім жарияланған болатын. Менің аты-жөнімді көріп: «Ойбай, Ілияс ағамның артынан ерген асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Саятым тірі екенсің ғой!» – деп әкемнің жиені Болат Ешмұхамедұлы Тәшенов ағам (Ол кісі Дінмұхамед Қонаевпен бірге оқыған) мені бас салып, қапсыра құшақтады. Қобыраған шашымнан аялай сипап, бетімнен сүйді.
– Кезінде Ілияс нағашым бізге қамқор болып, оқытып еді, сол жақсылығын қайтарып, мен сені Мәскеудегі Тау-кен нститутына оқуға жібере­йін. Бірақ әкең туралы ешкімге тіс жарма, «халық жауының баласы» деп есіңді шығарар, – деп ақылын айт­ты. Сөйтіп, мен Мәскеудегі институт­ты бітіріп, жоғары білімді тау-кен инженері болып елге оралып, еңбек жолымды бастағам. Ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Қазір мұражайдағы әкемнің өлең, поэмаларын орыс тіліне тәржімалап, балалық парызымды өтеп, еңбек етудемін, – деді Саят ақсақал.

Бақыт МЕРЕКЕНОВА,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
Халықаралық «Әдеби Азия»
байқауының лауреаты,
«Құрмет» ордені,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір