БАТЫР
13.08.2018
2241
0

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ


***

Соңғы кездері Батыр көбіне оқ­шаулана беретін: күн ұзын түйе­нің жүнінен жасалған бөстекте жам­бастап жатады да қояды. Қыз­мет­ші жігіт арқылы өзі шақырт­па­са, бәйбішесі мен тоқалы да үстіне өз еріктерімен кіре бермейді. «Япыр-ай, өзін-өзі соншама оңа­шалап, Батырдың талқаны тау­сы­лу­ға таяды ма, немене?» – деген сыбыр-сыбыр сөздің естіліп қала бергеніне де біраз уақыт болған.
Оның етегінен тартып, еңсесін ез­ген екі ауыр қайғы болатын: біріншісі – ата мирас жау қолынан өл­мегені… «Батырдың ажалы – жау­дан» дейтін қатал кесім бұлардың тұқы­мына тән ұлағатты ұран сөз, жау­ға шаба алар қай-қайсысы да ат жалын тартып мініп, қолына най­за ұстағаннан: «Е, Құдай, сол ті­лек­ті бере көр!» – десетін-ді. Де­сетін де, жан алып, жан беріскен қан­ды қырғында өлем-ау дейтін ой ешқайсысында болмайтын. Ата­сы кіндік тұсынан бойлап кір­ген сұр жебеден, әкесі мойын түп­тен тиген семсердің өткір жүзінен қа­за тапты. Ал, бұған келгенде… Ба­тыр әкесі мен атасынан аз не­ме­се кем шайқасқан жоқ. Он алты жа­сында төрт көз сауыт киді. Жау қа­расы көрінгеннен жер тарпитын тоқ­пақ жалды торы айғыр дей­мі­сің, қамшы сілтетпей-ақ қара тұя­ғымен бір орнында шыр ай­нала­тын қабырғалы қазанат деймісің, қаншама жыл қайсысының белі­нен қашан түсті. Сондағысы ел мен жердің намысы. «Аттан!» – де­ген­де, алтын сақадай алшысынан түсіп, алдаспанын айға, күрзісін күн­ге білегенде, әлгі намыс үшін жау қолынан мерт болсам деп көкседі. Елі мен жерінің құрбан­дығы болу – ұрпақтан-ұрпаққа қа­лар мәңгілік аманат еді. Амал не, жаныңды жалғыз сәтте жаһан­намға жібере салатын дүлей дұшпанның аруақ-айбаты, қуат-пірі бұған келгенде, абыройдан айырылып адыра қалды. Әйтеуір, тіктеп келген кім де екі бүктеп кете алмады… Қылыштас­қан­ды ер үстінен ұшырып, най­заласқанды ат көтіне түсіріп кете барған. Сонда ғой… Сонда жан сауға сұраған аз. Десе де: «Батыр-ай, жанымды қи!» – деген Құдай­дың құлдары да болды-ау… Иә, ондайлар да болған. Қайсыбірде, жаудың бірімен жекпе-жекке шықпай ма. Жастау кезі ғой, жа­самыс батырмен бие сауым най­за­ласып ат көтіне түсірмей ме. Со­сын сала құлаш семсерін суырып алғанда, көзі жаутаңдаған алпам­са­дай неме: «Батыр-ай, жанымды қи!»  демесін бе. «Оның не? – деген бұл. – Жау қолынан мерт болу  батырдың мұраты емес пе-әй?!». «Бұл қай сөзің? Өлудің қай жері мұрат?». «Найсап, батыр дүниеге елі мен жерінің құрбандығы болу үшін келмейтін бе еді?!». «Оны қайтесің. Жанымды қи, Жаугер!».
Батыр оған енді қайта көз сал­ма­ған. Атын қатты тебініп, жасақ­тарына қарай жөней берді. «Нә­летіні тірі қалдырып кеткенің қа­л­ай, Батыр?»  дескендерге: «Ол өзі де өлген адам екен», – деді бұл. – Ба­тыр емес, қатын. Қатынды қа­лай өлтіремін!..».
Басын көтеріп насыбай иіс­кеді. Балтыры сыздай бастаған. Ды­быс беріп еді, қызметші жігіт лып етіп кіріп келді. Ойыңды айтқызбай білетін сұңғыла:
– Шақырайын ба? – деді.
– Сөйт.
Көп күттірген жоқ, үйге үлпіл­де­ген түркімен қатыны енді. Оған ая­ғын созған. Ұрғашының, әрі жұм­сақ, әрі ыстық алақанынан бойың балқиды. Аялап сипағаны қандай… Сол аялап сипаған ыстық алақан балтырдан өтіп, тізеге жет­кенде көңілің қутыңдап, жоғары қарай өрлей берсе деп үздігетінің-ай. Сәл езу тартты. Мұрты тікірей­ген.
– Жай ма, батыр? – тоқалының дауысы ән салып тұрғандай ырғал­ды.
– Есіктің ілгегін салшы.
– Ауырып отыр ем…
– Не ауру? – Батырдың өңі суы­ды.
– Сол, әлгі…
– Ә… Ә…
Көзін қайта жұмған. Суық леп өзе­гін тіліп өткен: «Жаратқан-ай, мені екі нәрседен қақтың ғой: ажа­­лым жаудан келмеді, бір ұл пер­зентке зар қылдың…». Бәй­бі­ше­сі төменгі өзен бойындағы ата­лы жердің қызы еді. Екі қыз туды да, тоқтап қалды. Қыз кезінде сол­қылдаған тал шыбықтай сұңғақ бой­лы-ақ болатын, алғашқы қыз­ды туған соң тез тола бастап, көп ұзамай екі бұтының арасы майға толып, ана қаздай талтаңдап қал­ған. Қатты семірген тауық жұ­мырт­қа тумайды деуші еді, сірә, бәйбішенің жатырын май басқан. Оның үстіне мына түркімен то­қалынан кейін бәйбішесінің төсегіне оқта-текте барады, әрі онысы апыл-ғұпыл, әйтеуір «әриай-дай» еді.
Түркімен тоқалы… Онда ма… Онда мұның елуден асқан кезі. Қайсыбірде, бұлар жоқта ауылды шауып кеткен түркімендерден қа­рым­та қайтару үшін мұздай темір құр­санған қазақ жасағы атқа мін­бей ме. Араға әдейі екі ай салып мі­неді. Сөйтіп, екі күншілік жер жү­ріп, таң енді қылаңытқанда, қалың ұйқы құшағында жатқан түркімен ауылын бас салмай ма. Екі айдан бері арттарынан келуге тиіс қуғынның қарасы көрінбей, «қазақ қорықты» десіп, Құдай, тобаларын ұмытқан сеңсең бөрік, сіреңке қара түрікмендер азанғы айғай-сүреңнен төбелеріне оқыс жай түскендей сасқалақтап, киіну­ге мұршалары жоқ, қолда­рын­да жалаң қылыш, дамбалдары­ның ауы мен бауы салақтап, киіз үйден атып-атып шыққан. Жа­са­нып келген жауға бей-берекет қару сермеп жүрген Құдайдың құл­дары бұйым ба, қазақтар олар­ды жусатты да салды.
Мұндайда жаудың өзіне істе­генін өзіне істеу, тіпті, асырып жі­беру кектің еселеп қайтқаны. Қа­­­тыгез заманның қатыгез әрекеті көз жас, мұрынбоқты қаперге ала бер­мейді. Жылатқанды жылату ке­рек. Сенікінен мұныкі әулие емес. Кек қан төгумен ғана қайт­пай­ды. Өшті жауыңның ұрғашыла­рын масқаралаумен алу, тіпті, ләз­зат.
Қазақтардың азаматы әлдебір жиын-тойға ма, өзгедей шаруамен бе, тысқары кетіп, осыны аңдыған түр­кімендер ауылды бас салғанда жа­сайтын сұмдық сойқаны – қыз-ке­ліншектердің ұзын етегін төбе­сі­не көтеріп, түйіп тастап, білген­де­рін істеп, құмарлары қанған соң, көделі қималарына қоз тол­тырып кететін. Қамшының сабы­мен піспектеп. Бұл қорлық пен көргенсіздік – сол қорлық пен көргенсіздікті тудырды. Қазақ жа­сақ­тары түркімен ауылын шауып кек алғанда, түркімен ерлерін ке­ре­геге таңып байлап тастап, көзде­рін жұмылмайтындай етіп еттеріне ши тіреп, керіп ашып қоятын да, дәл қарсы алдында әйелдерін тыр жалаңаштап аяусыз умаждайтын.
Түркімендердің түте-түтесін шы­ғарып, Батыр жасағы енді әлгі әре­кетке кірісуге ыңғайлана бас­та­ғанда, шеткері тұрған киіз үйден бес қаруы сай төбедей түркімен жігіт шыға келді. «Батыр, – деді дауы­сы қаңсып, қамығып. – Ба­тыр, әуелі мені өлтір!». Шамамен бұдан екі мүшелдей кіші. Күндер­дің күнінде осы қорлықты көрер­мін деген ой қаперіне кірмеген аусар, адуынды жас енді мына дүниеден түңіліп, болғалы тұрған сұмдықты болдырмау үшін өзін құрбандыққа шалғалы тұр. Егер Батыр қазір жасақтарына иек қақса, мына жалғыздың жанын қас­ қағымда жаһаннамға жібере са­лады. Алайда, бұларға атадан қал­ған бір мирас батырды жабы­лып жеңуге болмайды. Ол өзіңді қорлау. Өзіңді-өзің қорлағың кел­месе, оны жекпе-жекте жең. Жеңе алмасаң, өзің көксейтін жаудан өлу мұратыңа жетесің. «Атыңа мін! – деді, сонда бұл. – Шық, былай!».
Жаугерлер орталарын ашып, қақ жарылды.
Екеуі ұзақ айқасты. Түркімен әрі жас, әрі тым қайратты еді: ұр­ған сайын найзасы Батырды ер үсті­нен солқ-солқ қозғап, ұшырып жібере жаздады. «Сірә, ажалым осы­дан болар, – деген Батыр іш­тей. – Жекпе-жектен – өлімім. Оқыс тиген қылыштан, қаңғыған же­­беден емес, ерге тән жекпе-жек­­тен жер жастанды. Ерлікпен дер…».
Түркіменнің найзасы келесі сіл­тегенде, сүбесінен қадалды. Әне-міне, ат бауырына түсетін сәтте, талай жаугершілікте иесінің жағ­дайын тақымынан аңғарып, керек жағына жалт беруге әккілен­ген қара төбел қазанат Батыр қи­сайып бара жатқан жаққа қарай шалт қимылмен, шапшаң бұры­лып, шұғыл айналсын. Сол сәтте түркіменнің найзасы тайып кетті. Бойын түзеп алған батыр ендігі жерде өлімді де, өзгесін де тарс ұмы­тып, тек оттай қаулаған намы­сымен ғана қалды. Бірақ, өзін долдануға жіберген жоқ. Долдан­ған адамның көзі дым көрмей кетіп, отқа өзі түседі. Жеңістің ең жеңіл жолы – ақыл, айла, әдіс. Қайта бір бетпе-бет келгенде, өзі жақ­сы білетін тәсіл – ұшы тарал­ғының астына өтіп, ер қа­сына байланатын шумақталған қыл арқанды көз ілеспес шап­шаңдықпен түркіменнің мойнына тастап жіберген. Осы мезетте, әккі қара төбел қазанат артына қарай жалт беріп, қарғып кетті. Төбедей түркімен ат жалынан, ер басынан ұстап үлгермей, ақалтекенің үсті­нен қара жерге төңкеріліп түскен. Батыр оны қырылдатып біраз жер­ге сүйреп барып, кері оралды. «Аруақ! Аруақ!»  десіп жасақтары азан-қазан.
Қылшылбыр буындырып, қы­рылдап жатқан түркімен көзін аш­ты. Қып-қызыл жанарынан екі ірі тамшы жас ыршып шықты. На­мыс пен қорлықтың оттай ыстық екі тамшысы. Батыр найзасын кө­теріп, оның кеудесіне дәлдеген. Бойлата сұғып жібермек. Іркілді. Батыр адамды жеңу де, жеңген соң өлтіру де қиын. Көзің қимайды. Әсі­ресе, мынандай боздақты. Қыр­­шын ер… Найза көтерген қо­лы аспанда салбырап ұзақ тұрың­қырап қалды. Сол мезетте, киіз үйден, Құдай-ау, көрерге көз керек, уыздай жас әйел жүгіре шы­ғып, қылшылбырға буынып, үсті-басы топырақ болып жатқан түр­кіменді дауыс шақырып бас сал­­сын. «Қосағым!» – деп сыңсы­ған­­да сай-сүйекті сырқыратады. Соңынан бұлтың-бұлтың жеткен үйелмелі-сүйелмелі қос бүлдіршін де еркектің үстіне барып төнді. Ба­тыр кез келген шешімді шұғыл қа­былдайтын. Жасақтарына иек қақ­ты. Бәрін ыммен түсінетін жау­герлердің екеуі сытылып шығып, барған бойы қырғи мүше, қыпша бел келіншекті екі қолтықтан ілді де әкетті: «Жаныңды қидым, – деген сонда Батыр, түркіменге. – Бірақ қатыныңды алып кетемін!». «Өйткенше, өлтіріп кет, – деді анау боздаған, бордай тозған дауыс­­пен. – Өлтір!». Бұл ләм де­мес­­тен ер қасасындағы қылшыл­быр­дың байлауын шешіп, оны түр­кіменнің кеудесіне қарай лақ­тырып тастады да, атын тебіне берді. «Өлтір! – енді түркімен түйе­­дей бақырды. – Өлтірмесең, жер түбіне кірсең де, сені мен өлті­ремін!». «Мә! – деген бұл сонда ер­дің қасына тиіп тұрған дорба­дай ауын уыстап ұстап. – Мынаны жеп ал, әуелі!»…
Көзі жұмулы Батыр мырс ет­кен. Салалы саусақтарымен бал­тыр­дың көк етін сығымдап отыр­ған тоқал қасын керді.
– Ойыңызға күлкілі жағдай кел­ді ме, Батыр?
– Тыныштық, – деді.
– Қанша жыл біргеміз, бір ашыл­майсыз маған?
– Қатының барыңның бәрін біл­се, оның байына әуестігі жоға­ла­ды.
– Қызық екен!
– Қызық емес, рас.

Ол көзін ашты. Қырықтан жаңа асқан тоқалы әлі құлын мү­шесінде дерлік. Сол баяғы құ­май көз, құба жүз… Қаз кеу­десі сәл қимылдаса, дір-дір ете­ді. Қиылған белдің ар жағында қо­лың тисе, ұлпадай әсер ететін томпақ, тоқ бөксе…
Мұның көргені бәйбішесі мен тоқалы ғана емес еді. Сонда он алты, он жеті жасқа жеткен­нен бергі жерде желіккен жең­ге­лерімен басталған сері сүрең­нің соңына шам алып түспесе де, оңтайы келгенде қасы-көзі қиыл­ған ұрғашының ыңғай бер­генін шатқаяқтатып кете бе­ре­тін. Көбіне – апақ-сапақта. Қа­зақ шіркін өрістен мал қай­тып, ауылы азан-қазан болып ке­тетін сол апақ-сапақта аңды­ған қатынын, қорыған қызын тарс есінен шығарып, сиырын бай­лап, қойын қоралап, жыл­қы­сын тұсап, отпен жағаласып, ошақ­пен алысып, сіңбіруге мұр­шасы келмей кетеді емес пе. Е, сонда…
Көзі қайтадан тоқалына түс­ті. «Сүйегі асыл зәді», – деп қой­ды іштей. Болмаса, қырықтан асқан қатын өстіп талшыбықтай бұралып отыра ма, сыры да, сы­ны да кетпей. Жалпы, түркімен­дер қыздарын қазаққа қараған­да, ертерек қатын қылады. Қос алмасы енді бұлтиған қыздарын ал­дарынан өткізіп, сеңсең бө­рік­терін дәлдеп жіберіп қалады. Ти­генде қыз жығылса, жығыл­ды, жығылмаса қойныңа сала бер. Мынау да, әрине, байына ер­те тиген.
– Қатын-ақсың, – деді Батыр ке­­ле­сі аяғын созып жатып.
– Оныңыз не?
– Рас айтамын, – Батыр көзін қай­­­­та жұмды.
Байынан жекпе-жекте жеңіп, тартып әкеліп, енді қой­н­ы­на саларда төсек шетінде екі иы­ғы дір-дір етіп, құнысып отыр­ған өрімдей келіншек: «Екі ұлым қалды онда, – деп еңіреп жі­бер­ген. Екі ұлым…». «Енді ме­­­нен туасың, маған тап ұлды! –де­ген Батыр, – қане, кір көр­пе­ге!».
Жаудан келген олжаның ең ба­ғалысы – ұрғашы. Сонымен мау­қын басқанша еркектің жауы­на деген өшпенділігі басы­ла қоймайды. Ой, сұмдық-ай… Неге? Кектің күйігін сонымен баса ма, әлде бұл еркектің өзі шық­қан жерге өмір бойы үздігіп өтер пәтуасыздығы ма?
– Әттең, – деді Батыр сол көзі жұ­­мулы қалпы. – Ұл туып бере ал­­ма­дың.
– Құдайдың ісі, – деп тоқа­лы кі­нәлі жандай басын жерге сал­ды.
– Екінші қызыңды туған соң, сен де бәйбіше сияқты тоқ­тап қал­дың. Ұрығым көксі­діктеніп кет­ті ме немене?!
– Сол екінші қызды зорға бо­сан­дым ғой. Соның зардабы ма…
– Түркімен байыңның көзі­нен шық­қан екі тамшыны көріп едім. Сол көз жасы ма екен… Қар­ғыс жаман, – деп Батыр енді тұрып отырып тағы насыбай иіс­кеді. Өлтіріп кетпесең, қа­ның­ды ішемін деп еді. Келмеді… Тірі ме екен, а?!
Екеуі де біраз үнсіз қалды. Со­сын тоқал тіл қатқан:
– Қымыз әкелдірейін бе?..
– Қоя ғой, әзір.
– Үйден мүлде шықпайтын бол­дыңыз. Атқа мініп біраз сейіл­де­мейсіз бе?
– Одан не шығады?
– Сергисіз.
– Адам атқа мініп, дала кезбек тү­гілі, қанат байлап көк зеңгірге ұш­са да, жанын жеген ойдан қа­шып құтыла алмайды.
– Сізді азапқа салатын не?
– Жау қолынан өлмедім.
– О, Құдай, сұмдық қой мұ­ныңыз!
– Атадан қалған мұра.
– Түркіменде мұндай жоқ.
– Қазақта бар.
– Сосын?
– Бір ұл…
Әйелдің өңі қызарды, қы­сы­лып-қымсынғаны білініп тұр.
– Тағы біреуді алып берсек…
Батыр мырс етті.
– Үмітсіз – шайтан. Тоқалы шын пейіл білдіріп-ақ тұр.
– Үміт өзіңді-өзің емексіту. Өй­тіп, әне-міне, иә, иә, деп елпең­дей­тін жайым жоқ. Қайтесің, –деп Ба­тыр тоқалының бұрымынан си­пады. Барып шаруаңмен айна­лыс, енді.
Оңаша қалған батыр тағы да ой қау­зайды. Жаңа «түркімен байың­ның» дегенде тоқалының селт етіп, танауы қусырылғанын еске ал­ды. Ұмыта алмайды, сірә. Қыз­дай қосылғаны. Қыздай қосылып, сосын оның жауына қатын болу… Неткен сұмдық зауал. Құдай-ау, бұдан өткен қорлық бола ма? Әйел­дің пешенесіне осы теңдесі жоқ азапты жазған кім?! Тәңірі ме? Тәңірі қайда, біз қайда… Біз, ер­кектер емес пе бәрін істейтін?! Біз ойлап тапқан жоқпыз ба небір сұм­дықты: ұрыс-таласты, қан ішу­ді, біреудің елін талап, жерін тар­тып алуды, біреудің қатынын күш­пен алып, қатын етуді… Ұзын­да кеткен өші мен қысқада кеткен ке­гін іздейтін: дүниені бүлдірген, бүл­діріп жатқан, бүлдіре беретін біз, еркектер екенбіз-ау, осы. Өзі­міз­дің қарау, бұзық қылығымыз, әдетіміз, пейіл-ниетімізбен әуелі дауласып, артынан жауласып кете барамыз. Болмаса, осы даланы қойы қоралас, жылқысы аралас, жұр­ты қоңсылас жатқан қазақ пен түркіменнің қайсысын, қай күні, қалайша түлен түртті. Өткендерден қалған сөз: қазақ-түркімен жаулы­ғы қазақтың ақ байталынан шы­ғып­ты әуел баста. Желден жүйрік екен жануар. Қазақ пен түркі­мен­нің қай бәйгесінде де алдына жыл­қы салмаған. Енді, осыған түр­кі­мендердің сілекейі шұбырмай ма. Адамды Құдай бір нәрсеге үздік­тірмесін. Үздіксе, соған қолы жет­кенше жаны қалмайды. Қу тама­ғын ішіп отырып та, құс салып жүріп те, насыбайын атып отырып та, қатынының жұмсақ бөксесін си­пап жатып та, әлгіге аңсары ауа­ды да тұрады. Сөйтпесе, түр­кі­мен­дер жердің шаңын бо­ратып, аспанның басын ай­нал­дырып, шабатын қазақтың ақ байталын сұрап қа­зақ­қа қолқа сала ма. Қазақ желден жүй­рік жүйрігін мұрты жоқ, сап­сиған сақалының ұшы сіміріп тұр­ған қымызына ортан белінен ба­тып кететін сеңсең бөркін ба­сынан алса, тердің күлімсі иісі бұр­қырап жүректі айнытатын қыз­талақтарға қалай мінгізіп жібереді. Осыған ерегіскен түркімендер ақ байталды өрісте жүрген жерінен ұстап алып, бауыздап кетіпті.
Мына қорлыққа қазақ қайтіп шы­дасын? Ерін намыс өлтірген, ас­қынғанды тәубесіне келтірген жұрт қой, бұл. Қаһары қара бұлт­тай қаптап шыға келді. Әншейінде он мың жылқысынан бір тайды қас­қыр тартса, қайғыдан қан жұ­тып жатып алатын байлар тізіліп ке­ліп суын ішсе, өзеннің ағысын тоқ­татып тастайтын үйір-үйір жыл­қыларын ауыл-ауылға айда­тып әкеліп: «Ал, қане, азамат біт­кен атқа мін! Кек қайтар!» – дес­кен ғой. Сөйтті де, қазақтар сеңсең бөрік, сіреңке қара Құдайдың пен­делерін қуып отырып құмға тық­ты да тастады. Сол екі арада қан­ша қырғын өтті. Қазақ пен түр­кіменнің қаншасы қыршын кетті. Тапталған абырой қанша…
– Япыр-ай, – деді Батыр дауы­сын шы­ғарып. Ақ байталды бауыз­дап тас­тамаса ғой, түркімен­дердің мы­на ұланғайыр далада іргемізге ір­гесі тиіп, інгенімізге ін­гені сүй­ке­ніп отыра бермес пе еді. Зобалаң жа­сап, зобалаңға тап бол­ды. «Шы­ға­сыға – иесі басшы» деген сол…
«Әлде, – деп те қояды бір – ойы, – жау­ласудың себебі басқада, тым те­рең­де ме екен? Кім білсін!? Кім білсін!?».
Сәл мызғып алсам деп еді, оны­сы болмады. Қайдан сап ет­ке­нін, тоқалының жаңағы «біреуді алып берсек қайтеді» деген сөзі ойы­на оралды. Алам десе, Құдайға шү­кір, малы жетеді. Беделі – сұм­дық. Бірақ… Иә, ол ұл туып бере ме, бұған? Мұның сасайланып, ұрығының көксідікке айналған кезі емес пе?! Ұрғашының ауын дым­дағанға мәз дәурені баяғыда өт­кен. Бұған керегі – ұл. Беу, дүние!..
Атадан екеу еді. Артынан ерген жалғыз інісі дүниеден бас құрауға үлгере алмай кетті. Неге өйтті?.. Япыр-ау, неге?.. Азанғы шайын енді ішіп отырған. Ауылдың бүкіл итін шулатып екі атты есік алдына тоқ­таған. «Батыр үйде ме?!» – де­ген зәрлі дауыс киіз үйдің жабығын жел­пілдетіп жібере жаздаған. Қыз­метші жігіт міңгірледі: «Үй-де». «Онда ұста ат тізгінін!».
Еңкейіп екеу үйге кірді. Өңдері өрт сөндіргендей, мұрттары жы­быр­лап Батырға қатар келіп қол соз­ған: «Ассалаумағалейкүм!». Ат шап­тырымдағы ар жақтан ата­лас­тар. Бүгін бірге туса да бұлардың тасыр-тұсырына қитығып отырған Батыр: «Немене, мен қартаяйын дедім бе, жоқ сендер жетіп, жетіл­дің­дер ме есігімнің алдына ат тұя­ғын ойнатып!». Шоқша сақалдысы сар­нап қоя берді: «Алдырған ал­бырт, анасының қойнын ашыпты де­ген, Батыр!». «Бұл не бипаз? Ай­­тарыңды артыңа тықпай, ау­зың­нан шығар!». «Ініңіз адал ма­лымызды айдап әкетіп, түркі­мен­дер­ге асырып жіберіпті. Ішінде ауыл иесінің бір қыздың қалыңына бермейтін күллі ауылды алған бәй­гесімен асырап атырған… Онысын қой­шы, аруағымызды аспан асты, жер үстінде асқақтатып отырған әй­гілі жүйрігі бар». «Не дейд! – Ба­тырдың қолы белінде жүретін ұзын сапысына барып жармасты. Жаптым жала болса, екеуіңді ауыл­дан шығармай бауыздай­мын!». «Біз мақұлмыз, Батыр», – деп шоқша сақал бауырсақты қай­маққа малып алып, аузына тас­тап жіберген. Жанындағысы ашық түндіктен аспанға әңірейіп: «Е, Құдай!» – деп қойды. «Сонда­ғы­сы – ініңіз әйгілі жүй­­­рігіне қолқа салғанда, ауыл иеміздің бермей қой­ғаны». Шоқша сақал бауыр­сақ­ты шайнамай жұтқан ба, қыл­ғынып қалды.
«Әй!» Батырдың сұп-суық, сұ­ра­пыл дауысынан отырғандар тү­гел селк еткен. Үйге қызметші жі­гіт лып етіп кіріп келді. «Шақыр, әл­гіні!». Болған әңгімені сырттан тү­гел естіп тұрған ол көзді ашып-жұм­ғанша ғайып болды. Батыр тең­селген. Бүкіл ішкі сарайында жан азабы аңырап қоя берді. Япыр-ау, не нәрсеге душар бол­ға­лы отыр. Жаудан қайтпаған, өлім­нен сескенбеген жүрегі… Алғаш рет кеуде сүйегін тесіп кетердей дір-дір етті. Өзегі өртеніп, өкпесі қабынып, өмірем қауып барады. Сүйекке таңба… Осыдан еді ғой бұлардың қорқатыны. Ағайынның ала жібін аттау… Атасына нәлет де­­гізетін, адам түгілі аруақ, Құдай­дың да қарғысына қалатын қарау­лық. Тұқым-тұяғында болмаған. Енді келіп… Енді келіп, бұлардың ата­дан балаға жалғасып келе жат­қан әйгілі батырлығында не абы­рой қалады. Бұлардың ба­тыр­лы­ғы­ның түп атасы Адалдық пен Әділ­дік еді ғой. Қайсыбір бабасы: «Адалдық пен Әділдіктен асқан ба­тырлық болмайды», – деп кет­пеп пе еді?! «Аспан айналып жерге түс­се де, ағайынға қол салма демеп пе еді. Ит-ай, ұзында кегі, қысқада өші кетсе де, қаны бір туыстың маң­дайына басқанын қалай дәті ба­рып, көзі қиып қайдағы бір түр­кімендерге асырып жіберді. Қай­тіп?».
Қызметшіні сыртқа қалдырып үйге інісі кірді. Сәлемін ешкім ал­ған жоқ. «Мыналардың айтып отыр­­ғаны рас па?» – деді Батыр бауы­рына. «Рас». «Қайтесіз, ба­тыр, бауырыңызды өзіңіз жаза­лай­сыз ба,  – деп ана екеуі елпең етті. – Қай­тесіз?». «Алып кетіңдер, қан­дай жаза қолданасыңдар, үкім өз­деріңнен!».
Бауырынан: «Неге өйттің?» – деп сұраған да жоқ. Алажіп атта­ға­ны рас екен, біліп қайтеді. Ары қа­рай пешенесінен көрсін. Арам әре­кетке ара түсу мұның қанында жоқ. Ағайынға қол салған  ағайын­ның қарғысына ұшырауы тиіс. Иә, сол…
Бетін іргеге беріп, бүк түсіп жа­тып алған. Мән-жайды естіген ағайын-туыс үстіне кіруге батпа­ды. Ауылда бір қабағы қату ты­ныш­­тық орнаған. Сірә, ай шамасы өт­кен шығар. Жеткен хабар: інісі бауыз­далыпты. Батырдың сұра­ға­ны: «Жанымды қия көріңдер деп жа­лынып, жалбарынбап па?». «Жоқ. Тек қол-аяғымды байламай бауыз­даңдар», – депті. «Е, онда боп­ты».
Батырдың көзінен қанша бір жыл­дан кейін боданадай екі там­шы жас шыққан. Онысын да еш­кім­ге көрсетпеді. Қан жылаған іші. Өзін бауырының алажіп аттап, аруақ ұрса да, өлімін ерлерше қар­сы алғанымен жұбатты. Ең сенімді екі адамын оңаша шақырып алған. Айтқаны: басына дұға оқып, мо­ласының жатқан жерін адаспай тауып бара алатындай болып ке­лің­дер!..
Олар сөйтті. Содан бір түнде Ба­тыр әлгілермен барып, бауыры­ның мәйітін қазып әкетті. Ешкім онысын білмес үшін, топырағын қал­пына келтіріп, үйіп тастаған. Бауы­рының мәйітін ауылдан жы­рақтау Ұлы өзеннің бойына оңаша жер­леген. Ойы:  ата-бабамыздың аруақ­тары үркір. Айдалада қалмай, осы­лай жатса да, шүкір…
Одан бері де қанша жыл өтті…
Батыр орнынан тұрып, жайлап да­лаға шықты. Қызметші жігіт бо­сағаға сүйеніп қалғып-мүлгіп отыр. Түс әлеті. Ауыл тып-тыныш. Ан­да бір кемпір бұзауын бұйдалай ал­май әлек. Құдықтан қос ше­лек­пен су алып осы үйдің отымен кі­ріп, күлімен шығатын қыз келеді. Осы қыз мұның ордасына қаңғып келді ме, әлдекімнен қашып келді ме, Батыр білмейді. Бәйбішесі, мі­не, екі жылдан бері оны күң ре­тін­де ұстайды. Сорлының үстінде сауыс-сауыс бөз көйлек, тозығы жет­кен қамзол, ескі бөрік. Оны­сын көзіне басып кие ме, бетінің жартысы көрінбейді. Қайсыбір күні түс ауып, ет пен қымызға мел­дек­теген жұрт ұйқыға басқалы жатқан шақта Батыр қыз тұратын шошаланың тұсынан өтіп бара жатып, судың сылдырын естіп қал­ды. Жайлап жабдықты көтеріп ішке үңілсе, күң қыз суға шомы­лып отыр екен. Үсті-басын сабын­мен езіп, шайыну үшін орнынан түрегеліп, төбесінен төмен қарай су құйып жіберіп еді, ар жағынан үлкендігі ерте пісетін ақ алмадай қос анары тікірейіп, белі қиылып, көделі жері күлтеленіп шыға келді. Батырдың көзі бұлдырап, басының айналғаны. Есін әзер жиып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, жылдам тайып тұрған.
Батыр енді көзі ауылдың шет жағына тіз қатар орналасқан алты ақ үйге түсті. Асқанбайдың алты ұлы­ның ақ отауы. Асқанбай сон­ша­лық атақты да, асқан бай да емес… Алайда, алты ақ отауы бар. Ба­тыр терең күрсінді.
– Батыр аға, түскі асыңызды іше­сіз бе?  қызметші жігіттің би­паз, бипыл дауысы дәл құлағының түбінен естілді.
– Сөйтелік,– деді бұл.

***

Байжұманың күн бесінінде на­сы­бай иіскеп отырған үстіне қыз­метшісі кірген.
– Батыр…
– Айт.
– Төбедей бір түркімен аттан тү­сіп жатыр.
– Төбеттер неге үрмеген? Жал­ғыз ба?
– Жалғыз, қаруы жоқ.
– Кіргіз.
– Түркімен көрмегеніне талай жыл өтіп еді. «Мұнысы кім? Нағып жүр?» деп ойлады. Сөйткенше, қо­нақ есіктен екі бүктеліп ене бер­ген. Со бойы:
– Ассалаумағалейкүм, – деп қос қо­лын бірден ұсынған… «Япыр-ау, мы­нау…  Батыр қатты таңырқады. Мынау сол ғой, иә соның өзі».
Иегімен төрді нұсқады. Қонақ­тың ұзақ жолдан атсоқты болып қалжырағаны білініп тұр.
– Жол болсын, қонақ.
– Жоғымның ізімен келемін, ақ­сақал.
– Сонда не, жоғыңның ізі біздің ауылға бастап келді ме?
– Мені танымадыңыз-ау, сірә?
– Далбасаңды… – деп қалды Ба­тыр. Өлтіріп кет! Өлтіріп кетпе­сең, жер түбіне кірсең де, қаныңды іше­мін деп едің. Өйтерің бар, жиыр­ма жылдан бері қайда жүр­дің! Әлде менің қаусаған шағымды күттің бе!
– Кек қуып келгем жоқ, тегі.
– Онда қай түлен түртті?
– Қатынымды қайтарып беріңіз.
Батырдың аузы аңқайды.
– Не… Не дедің?
– Қатынымды қайтарып беріңіз.
– Әй, ит, оны мен жиырма жыл қа­тын қылдым ғой.
– Құдай тілеуіңізді берсін, қай­та­рыңыз қатынымды. Екі ұлы өсті. Анасын іздейді.
– Менен де екеу туды ғой, Ба­тыр­­­дың дауысы бір түрлі жұм­сар­ды. Екі қыз.
Екеуі де үнсіз қалды. Бір кезде Батыр тіл қатты.
– Өлтірем деген сертің қайда?
– Берген серттен тайдырған екі ұлым. Үйелмелі-сүйелмелі еді ғой. Өз басым ата-анадан жалғызбын. Бір­де сапардан қалжырап келіп, күн сәскеге дейін ұйықтап қалған екен­мін, оянғанда әдет бойынша қару-жарағымды көзбен іздесем, кө­рінбейді. Далаға жүгіріп шық­тым. Екі ұлым есік алдында мон­тиып отыр. «Қаруым қайда! Кім алды?» – деп азынаған дауысым­нан екеуі бірдей қатты шошып кетті. «Оны біз шыңырау құдыққа тас­тап жібердік, әке», – десті күй­бең­деп. «Тастап жібердік деген­де­рің не?!». Түтеп кетсем керек, он­сыз­да үрпиіп отырған екі ұлым еңіреп келіп етегіме жармасты. «Олар­дың керегі жоқ, әке. Олар­мен жүрсең, біреулер жау екен деп өл­тіріп кетеді, –  десті олар. – Өлтіріп кет­се… біздің атамыз, апамыз да жоқ қой. Біз өліп қалмайбыз ба?».
Өмірімде алғаш рет оқыс қатты тіксініп, қатты ойланып қалдым. Бала періште. Бұлардың аузына Құдай салып тұрған шығар дедім. Содан жұрттың: «Ей, мынау қаты­нын алып кеткен қазақтан кек алмады ғойын» естігім келмей, қараң-құраң уақ малымды алдыма салып, жалғыз атым мен екі ұлым­ды жетектеп, бір түнде құмның терең түкпіріне сіңіп кеттім. Көп жыл оңаша ғұмыр кештік. Ма­лы­мыз көбейді. Ел ортасына балалар өскенде бір-ақ оралдық. Екі ұлды үйлендіріп, отау еттім. Енді олар анасын іздейді. Анасының бей­несі, сірә, жадыларынан өшпейді. Сіз алып кеткенде, естері кіріп қалған еді ғой…
Батыр ләм деген жоқ. Жыл­қы­дан тай алдырып сойдырды. Қо­нағын сыйлап, жайғастырған соң, түрікмен қатынын оңаша шақы­рып алды. Көп сөйлеген жоқ.
Бұрынғы байың келді. Әдейі­леп іздеп келіпті, өзіңді. Қайта­рыңыз деп отыр. Кесімді өзіңе айт­қызам. Таң атқанша ойланып, ер­тең ел алдында шешіміңді өзің айтатын бол.
Ертесіне Батыр ауылдағы игі жақсы дегендерді ордасына жиып, қонақтың бұйымтайын естіртіп, жұрт алдына түркімен қатынын шақыртты.
– Олжалап әкеліп едім, – деді тоқалға. Жиырма жылдай отас­тық. Асылы, разымын. Екі қыз туып бердің. Адал ыдысымды арам­даған жоқсың. Мына қонақ – қыздай қосылған қосағың еді. Арнайылап ат терлетіп келіп, өзіңді қайтар деп отыр. Зорлықпен әкетіп едім, енді зорлық қылғым кел­мейді. Қайтамысың, қаламы­сың – қалау өзіңде.
Әйел дауысын шығармай ұзақ егілді. Ақыры соңында:
– Еліме, жеріме, ауылыма қайта­рыңыз. Құдай тілеуіңізді берсін, сөйтіңіз, – деді.
Батыр Қатынды қайтарды. Әуелде, Құдай қосқан қосағына қо­сып жіберді. Өз қолымен аттан­дыр­ды. Аттандырып жатып сұраған: «Екі қызыңды шынымен қиып барамысың?». «Қиын. Қай­тем… Қыз бала қайтсе де ата-ана­сы­ның жанында қала алмайды, түбі кетеді. Қыз бала жат жұрттық… Құдай алдарынан жарылқасын олардың. Өзіңізге табыстадым. Мен еліме, жеріме, ауылыма ба­райын».
Еңіреп қалған екі ұлыма кетіп барамын деген жоқ. «Елім, жерім, ауы­лым…». Сонда әркімнің ең қым­баты осы үшеуі ме?! Сірә, осы үшеуін ұмытпас ешкім. Осы үшеуі деп аңырап өтер кімде-кім. Әй, әй… бірақ Құдайдың құлдары тегіс өсти ме. Кез келген пенденің жү­ре­гінде осы үш қымбаттың гүлдеп тұра­тыны неғайбыл. Тойған же­рін­де жүре беретін ит сияқты ездер қайда, кімдерде жоқ олар! Ал, мына то­қал… Өстіп тұрып Батыр өзіне-өзі қатты налыды: қан­ша­ма жылдар қойнында жатқан ұрғашының қадір-қасиетін танып білмегеніне өлердей өкінді.
Аз күнде жағы суалып, көзі кір­тиіп қалды. Тоқалдың кеткеніне жа­сы елуге келсе де, тақымының ыс­тық-суығы басылып болмаған бәй­бішесі мәз мұны әрі-бері иек­теп… «Менің әукем кісінеуден қал­ған» деп Батыр оны кеудеден ите­ріп тастаған.
Бір жылы түркімен тоқалынсыз өтті. Жиі-жиі түсіне кіретін: бұған қымыз құйып беріп отыра ма-ау, ая­ғын уқалап отыра ма-ау, көр­пе­сін қымтап жата ма… Қайсыбірде ол құмтөбеде тұр. Бұл ұмтылады оған. Енді жете бергенде, құм су­сып кетіп, етекке қайта сырғып тү­седі. Әбден діңкелейді. «Батыр еліңе, жеріңе қайт, – дейді анау.  – Ұл пер­зент көксеуші едің, Құдай оны бе­реді, саған. Сенің қуатың түге­сіл­ген жоқ. Түгесілмейтін қуатты бойыңа оттай ыстық жас тәнімнің жалынымен сіңіріп кеткем…».
Құдайдың құдіреті, осы түстен соң, Батырдың қандай да бір күш ең­­сесін көтере түскен. Атқа міне­тін, өзен бойын аралап кететін, ыңыл­дап ән айтатын әдет тап­қан.
Қазір де қалың бөстек үстінде тікесінен тік отырып, жалғыздан-жал­ғыз: «Ә, Құдай!» – деп езу тар­тады.
Кенет, сырттан бәйбішесінің шаң­қылы естілді. Зәнталақтың өс­тіп айдың-күннің аманында қа­радай шыжбалақтайтыны бар. Сон­дағысы осы үйдің отын жағып, суын тасып, малын қайырып жүр­гендерді тасқаяққа сигізу.
Әдетте, әупілдеп-әупілдеп қою­шы еді, мына шаңқылы барған сайын үдеп барады. «Бұл қаншық бұтына сие ме?» – деп орнынан тұ­рып, жабықтан сыртқа сығаласа, бәйбішесінің қолы әлгі күң қыз­дың бұрымында, бейшараны сүй­релеп жерден алып, жерге салып жатыр.
– Адал ыдысымызды арамдап… – деп қыздың басын олай да, былай да сілкігенде, бәйбішенің май бас­қан іркілдек беті желіп келе жат­қан сиырдың желініндей бұлғақ-бұл­ғақ етеді. – Қарабет! Құдайдың ұрып қойғанын, ертерек неге айт­­­падың. Жіберетін едім ғой бір қаңғыбас­тың артына мінгестіріп! – Адал ыдысыңды арамдаған мен емес, Батырдың өзі, – дегені қыз­­дың бір кезде.
– Әй! – Бәйбішенің аузы аң­қайып қалды. – Андағың не?!
Батырдың өзі, деді қыз. Өзі­нен сұра.
Бәйбіше қызды жөніне жі­бе­ре салып, бері қарай талтаңдады.
Батыр барып орнына жайғас­ты. Қатыны ырсылдап бір қыры­мен әзер үйге енгенде, көзін жұ­­мып жатып:
– Жанды жеріңе біреу ағаш ты­­ғып алды ма сонша шаңқыл­дап? – деді зілді үнмен.
– Ойбай, ана күң…
– Е!
– Іші білініп қалыпты.
– Білінсе ше!
– Өзіңнен көріп отыр, ойбай!
– Онікі рас.
– Расы несі? – деді бәйбіше­нің ба­сы бұлғалақтап.
– Рас! – деп Батыр басын көте­ріп ал­ды. Қайсыбірде апақ-сапақта мал келіп жатқанда құрғырға көңі­лім ауып кетіп… Білесің ғой, ер­кек­тің көңілі ауса, албастыдай ба­­сады. Енді былжырамай ол қыз­­ды ай­рықша күтімге ал. Өл­сең де аман-есен босандырудың қа­мын жаса! Ұл туса, атын Сек­сенбір қоям.
– Сексенбір… – бәйбішенің тілі бай­­ланып қалғандай болды. Оны­­сы кәлимаға келіп бар дал­ба­­сала­ға­ны: – Неге Сексенбір?..
– Қазақта Алпысбай, Жет­піс­бай, Сек­сенбай дегендер иттің ба­сынан көп. Ал мен ұлымның атын Сек­сен­бір қоямын.
Осыны айтып бөстекте күн ұзын жатып алатын Батыр орны­нан көтеріле берген. Дәл жас ке­зін­­дегідей жеп-жеңіл тұрды. Сөй­тіп, ашық түндіктен сы­ғы­рай­ған күн көзіне көзін салып: «Е, Құ­дай… шүкір!» – деген. Шү­кір деп тұ­рып, осы жаңа «іші білініп қа­лып­тыны» естіген сәтте аяқасты бойы бусанып, екі са­майынан шү­мек­теп аққан терін сүр­тіп тас­тады. Сүртіп тастап, ал­дында аб­дырап, аузы аңқайып қал­ған бәйбішесін иығымен қаға-маға жарық дүниеге жадырап шық­қан. Жадырап шықты да кө­зімен шошала маңынан күң қыз­­ды іздеді. Мана бәйбіше жұл­­қып-сілкігенде түсіп қалған жаман бөр­кі жерде, қалың қара мақпал шашы иығын жауып, екі қолымен сәл томпиған ішін си­пап тұр екен… «Әйтеуір, тілектің бірін бер­дің-ау, Құдай!» деген сосын дауысын шы­ғарып.

***

Сексенбірдің жасы төрттен ас­қанда, Құдайдың аманатын тап­­сыруға дайын Батыр оның тұ­­лы­мынан сипап жатып: «Жау­дан өлу – біздің тұқымда ата мирас еді. Ел мен жер үшін ғой. Сөй­те­мін деп аз өңмеңдеген жоқпын. Қайте­мін… Қас дұшпанның қай­сысы да жа­ным­ды ала алма­ды. Сексен­бір, сенің пешенеңде не жазудың бар екенін мен қайдан білемін. Не қылса да, ел мен жер­ге жаныңды садаға етіп кеш мы­на алқын-жұлқын ғұ­мырды… Әй, сонда аунап түсем ор­ным­нан» деп жатып жан тәсілім етті. Сексен бес жасында!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір