СЕН НЕ ДЕГЕН ҚҰДІРЕТТІ ЕҢ, ЗЕРЛІ ӨЛЕҢ!
06.08.2018
1774
0

 

 

Жазира БАҚАЕВА


Тегінде, композиторлық болсын, сәулетшілік, тіпті, аспаздық я басқа дарын болсын, кез келген талант – адамның ойлау жүйесіндегі айырықша парасаттылық қасиет, Дүниені жүрекпен көріп-тани білудегі ерекше суреткерлік жұпар код. Сондайлық таланттардың ішіндегі ең қуаттысының – Сөз Патшасы – Өлеңмен өмір сүретін ақындық екені де еш талас тудырмайды.
Жақында, бізге ақын Бақыт Беделхан бауырымыз Жазира Бақаева атты қарындастың бір топ өлеңін жіберіпті. «Ақын ғой, оқып көріңізші!» – дейді, қамқор көңілмен. Рас, ақын екен! Жырларын бір деммен оқып шықтық. Түйдек-түйдек көркем де көсем сөз! Сезімнің көзімен көріп, түйсіктің тілімен сөйлеу!..
Жазираның осы күнге дейін әдеби ортаға қалайша кеңінен танылмай келгендігі, ол да – бізді таң қалдырған бір жәйт.
Ақын Жазираға тілегіміз: ашынып жазар жырлары аз болса екен, ел қайғысын жазса да, ерен қош аңқыта жазса екен!

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ


***

Ойға тыным,
жанға маза бермеген,
Бақ боп қонып,
Сор боп сөзге ермеген.
Саз ғұмырда жүрегімді тербеген.
Сен не деген,
Құдіретті ең, зерлі өлең!

Көңіл тербеп,
көкірегімде көктеген,
Өмір сыйлап, өзегімнен теппеген.
Тағдырыма тұмар таққан – текті өлең,
Сен не деген,
Мәртебелі Мектеп ең!

Оттай лаулап,
Жанарымнан өшпеген,
Көктей қаулап
Көлеңкеге көшпеген.
Балаусадай бедер жерге өспеген,
Сен не деген
Өркен едің – есті өлең!

Пәк сезімнен нәр алам-ау, сірә мен,
Ой-санамды жаулап алды бір әуен…
Хақ Тағалам қайта әкелсе, өмірге,
Өлең болып туар ем!!!

Тау ғой менің сауыт киген сыңарым!

Тауды сүйем,
Тау ғой менің тапжылмайтын тұрағым!
Жартасында жаңғырамын,
Жамыламын мұнарын…
Қиянында мекендеймін,
Қия шыңға шығамын…
Балапанын мәпелеймін,
Ұясында қыранның.

Тауды сүйем
Тау ғой менің сауыт киген сыңарым!
Қойнауында құттанамын,
Жайлауында құрағым…
Аршалы сай астарында,
Жайқалады Шынарым,
Аспан таудың асқарында,
Жайылады Ұларым!

Тауды сүйем,
Тау ғой менің мәртебелі мекенім!
Өзенінде құлап ағам,
Өзегінде өсемін…
Кербез сұлу кер маралдай
Көк шалғынын кешемін…
Бетегелі белге оралмай,
Түгенделмес есебім…

Тауды сүйем,
Тауда қалам,
Таумен ғұмыр кешемін,
Таумен бірге өшемін,
Таулар көшсе,
Мен де бірге көшемін!!!

Мендегі Мен…

Неге жолықтың?
Онсыз да,
Өкініштен опық жеп жүрген кезімде.
Сен жоқ кезде де,
Сұрқай өмірді сүрген едім ғой…
Қасірет мұңым тұнып тұрса да көзімде,
Ешкімге үндемедім ғой…

Адалым!
Қорқауларға неге тістеле бергенсің?
Өзің де,
Арлан едің ғой!
Сол қайырсыздардың ішіне,
Тегіңді емес, кегіңді алуға барған едің ғой..
Тілімді неге алмадың?
Мен саған
Қиырды емес,
Қиянды шарла – дедім ғой!

Білем ғой, білем!
Қасат қардың үстіне,
Қып – қызыл қаныңды сорғалатып жүрсең де,
Қыңқ етпей қырсығатыныңды да,
Дұшпанның салған жарасы жаныңа батса да,
Өкініп жатып,
Өмірге құлшынатыныңды да.
Білем ғой!

Адалым!
Сен саяламаған ғұмырға,
Мен саялайды дедің бе?
Сені аямаған жауыздар,
Мені аялайды дедің бе?
Сен көтермеген азапты,
Мен көтерсін дедің бе?
Мен өткен қыл көпірден,
Сен де өтерсің дедің бе?!

Серт

Өзім нәзік болғаныммен,
Ұлтым – Дүр!
Ішім оттай жанғанымен
Сыртым нұр!
Қазақтықтан,
Ғажап – құттан айрылмай,
Сауық – думан ортасында ғұрпым жүр…
Өзім әлсіз болғаныммен,
Сертім нық!
Ай алыстау қонғанымен,
Жер – кіндік!
Дала жырдан,
Сана нұрдан құттанып,
Ақ әлемге сіңіп барады еркіндік…

Өзім ұяң болғаныммен,
Көркім құт!
Өмір ғазал болғанымен
Көр – шындық!
Әр ақ таңның,
Жаратқанның сыйымен,
Күмбірлеген күй сазындай шертілдік…

Көңіл алаң болғанымен,
Сөнбес Күн.
Өзгеге де, өмірге де селбестім.
Уақыт емші…
Бақыт елші, ендеше,
Сертім – өлең,
сөз өлтірмей, өлмеспін!!!…

Қайрау

Қырсық күндерден,
қымыран іріген шақта кіл,
Жасанды қылықпен
жарамсақ болмай жатқа құл.
Келімсек сөзден,
телімсек көзден жасқанбай
Ақ адал арым, адал пейіліңменен ақтарыл!

Баянды ғұмырдың,
базары тарқамай тұрғанда,
Ұрын боп келген,
ұры уақытқа ұрланба.
Қалытқыдай боп қараша жұртыңа жыр сыйла,
Айналсаң – айнал, ол үшін құлдық – құрманға…

Тықыр таянбай,
тынышы кетпес жандай құр,
Мазаңды кетірген,
мардымсыз ойды маңдайға ұр.
Кеңпейіл жандардан,
керегеңді аулақ салмастан,
Тар жолда тайқып кетпейтін досты
таңдай біл.

Сарабдал жандардан,
Сабырсыз болсаң да, сын естір,
Кедергілеріңді төзім тезімен күрестір.
Жүрекпен сүйіп, жүрекпен күйем – деуші ең ғой,
Үркек жырыңды үкілеп жұртыңа үлестір…

Өкпелей берме,
Өткінші жаңбыр төккенге,
Кезі келсе де, керенау тартқанға кектенбе.
Пенденің бәрін періште көріп аяла,
Өйткені, жаным, өлермен қылық жоқ сенде!!!

Жұлдызы сөгілген әлем ішіне түнедім

Даңқтыны да,
Дауылпаз соғып,
дабыра салғанды да көрдім
дәл бүгін,
Өзімшіл кеуде, өнерін көрсетті
өктем боп.
Жасанды пиғылдан жалыққаным сонша
қарап отырып қалғыдым,
Бірақ, ұйықтап та кеткем жоқ…

Кеше,
Жұлдызы сөгілген әлемнің ішіне түнедім,
Жартыкеш Айдың ұшар басында
мұңым қонақтап.
Бүгін, күймелі Күннің астында отырып алып
сақ – сақ күлемін,
У-дың өзін сорпа ішкендей сораптап…

Әлі күнге үміт үзбей келгенмін,
“Әркімнің жүрегінде бар еді ғой” – деп Құдайы.
Неге екенін тәкаппар пенделіктен – ақ,
іздей бергенмін,
Ардың бейнесін шынайы…

…Көрдім!
Жанарында тұрды от ұшқындап.
Құдды бір,
Тау мен тасты қопаратындай бекініп.
Неге екенін бірақ,
күле береді мысқылдап
Өкініштісі – сол болды,
оның да,
Өмірді сүйетіндігі – Өтірік!

Сарын

Жағымпаз тірлік, жоқ – арың!
Жаттанды жыр ғой соғарың.
Қыл арқан салған мойныңа,
Мен емес,
Мына қоғамың…
Бауыздалып жатсаң да,
Қанға қатып қабағың.
Жан ұшырып жатсаң да,
Жалындағаны -ай, жанарың.
Обалың кімге… обалың!

…Боза да, боза, боза екен,
Бозаның нағыз өзі екен!
Бозадан ұрттап алам да,
Боздаған елдің хал-жайын,
Бозала таңға сөз етем.
Бозаң да, бозаң, боз далам,
Ботана шерді қозғаған.
Өткенге куә сен ғана,
Топырағың торқадай
Тозаң боп ұшып тозбаған.
Бүгінге куә мен ғана,
Бөктергілі көштен озбаған.
Шүрегей бұзып шырқымды,
Шүйкедей етті жұртымды.
Шұбарлап тілім, дінімді,
Шұбалаң етті ғұрпымды…
Бөрлі байрағымды бөз етті,
Бөдене — тірлігімді сөз етті.
Басымды жерге иердей,
Қасиетіме тиердей,
Қай қараңқалғырдың көзі өтті?!
Алып-сатып бар тұстан,
Саудагер ғана семірді.
Көрінде өкіргір көртышқан,
Кереге бойлап ішке еніп,
Жылдық азығымды кемірді.
Арып-ашпай нем қалды!
Биліктің сөзі заң болды,
Байшыкеш өсіп паң болды.
Жазықсыз жала жабылып,
Көкке ұлыған қасқырдың,
Жемесе де аузы қан болды…
Келімсек келіп Кенді алды,
Телімсек келіп белді алды.
Ілкіде бір,
Іргесі берік ел едім,
Ірімей іштен нем қалды!
…Боза да, боза, боза екен,
Бозаның нағыз өзі екен.
Қол жетпес тұстан қадалған,
Қай қараңқалғырдың көзі екен?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір