КЕРЕГЕСІ КЕҢ, КЕҢІСТІГІ ТҰТАС ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Қазақ – қай қиырда жүрсе де, өзінің рухани кеңістігінен табылатын халық. Ал осы рухани кеңістікті ұстап тұрған құбылыс ақын жазушыларымыздың шығармалары десек қателесе қоймаспыз. Жазушы Шәди Жәкенұлының төмендегі мақаласынан біз 1955 жылы басталған көштің керегесі кең, кеңістігі тұтас қазақ әдебиетіне есім-сойы елге мәлім қаламгерлерді әкелгеніне кезекті рет назар аударамыз, сол дүбірдің бүгінгі жастармен жалғасып жатқанына және куә боламыз.
Орайы туып «арғы беттен» 1955–1956, 1962–1969 жылдар ішінде ақын-жазушылар, өнер адамдары атажұртқа оралды. Олардың барлығын саусақ бүгіп санап жатпасақ та, белгілі тұлғалардың атын атауға болады. Олар: Балқаш Бапин, Уаһап Әбдырахман, Мұхаметжан Әбдрахманов, Жағда Бабалық, Нәбижан, Асхат Тайыпов, Қазыхан Манасбаев, Телмұхамбет Қанағатов, Ахметқали Бітімбаев, Қалдыбай Қанафин, Жексенбай Еділов, Рамазан Қамитов, Тойбек Хасенов, Бәкей Әубәкіров, Патиқ Жабықбаев, Дәнеш Рақышев, Әкімжан, Кәкең, Хамит Нөкішев, Бұқара Тышқанбаев, Ахмет Жүнісов, Рысбек Сарғожин, Жолдасбай Тұрлыбаев, Қабдеш Жұмаділов, Құрманбай Толыбаев, Елубек Байтақов, Уақап Қыдырханұлы, Ғалым Тыныбаев, Абылай Түгелбаев, Фарида Шарипова, Әмина Нұғыманова, Әлімғазы Дәулетхан, Нұрқасым Қазыбек, Нүкеш Бәдіғұлов, Жәркен Бөдешұлы, Қажытай Ілиясұлы, Айтан Нүсіпханұлы, Әбдеш Дайырбаев, Ғалым Нөкіш, Жанат Ахмади, Несіпбек Айтұлы, Марфуға Айтқожина, Құныпия Алпысбаев, Зұфар Сейітжан, Сара Таңжарық, Шара Таңжарық, Оразақын Асқар, Кеңесжан Шалқар, Мінуар Әкімхан, Қазыхан Әше, Жабайыл Бейсенов, Қазтай Әбішұлы…тағы басқалар.
Қабдеш Жұмаділов есімін бұл күнде жалпақ қазақ біледі. Алғашқы еңбек жолын Шынжаңда бастап, қаламын сонда ұштаған Қабекең қазақ топырағына өзін ғана алып келген жоқ. Қазақ сөз өнерінің қаймағын қалқып алып келді. 1962 жылы атамекенге оралған Қ.Жұмаділов «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды кесек дүниелер берді. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Оның екі кітаптан тұратын «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр» романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. «Соңғы көш» дилогиясына М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген. «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Дарабоз» романдары мен хикаяттар топтамасы орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, белорус, грузин тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде жарық көрген. Бүгінге дейін отызға тарта кітабы шыққан қаламгер.
Кешегі М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов мектебін жалғастырған қаламгердің өзіндік қолтаңбасы айшықты сөз өнерінде көрініс тапты. Бағасын алды.
Жанат Ахмади қазақ әдебиетіне шешен тілді, шетін еңбектер сыйлады. Оның қаламынан туған – «Дүрбелең», «Шырғалаң», «Есенкелді би», «Жарылқап би», «Қарадан туған хан Нұрабай», т.б. романдары мен хикаяттары қазақ әдебиетінің қазынасына қосылды.
Балқаш Бапин, Жағда Бабалық, Қалдыбай Қанафин, Ғалым Нөкішев, Айтан Нүсіпханұлы, сияқты тұлғалар қайраткерлік еңбектерімен, естеліктерімен бөліссе, Ахмет Жүнісов, Құрманбай Толыбаев, Ғалым Тыныбаев, Әлімғазы Дәулетхан, Құныпия Алпысбаев, Зұфар Сейітжан ғалымдық қырларымен, зерттеу еңбектерімен, тарихи тақырыптарымен көзге түсті.
Қажытай Ілияс, Қазыхан Әше сатираның сарбазына айналып, садағын тартты.
Нұрқасым Қазыбек, Уақап Қыдырханұлы, Кеңесжан Шалқар, Мінуар Әкімхан, Қазтай Әбішұлы да әдебиет және журналистика төңірегінде шама-шарқынша қалам сілтеді, өз соқпақтарымен із салды.
Шынжаң қазақ әдебиетінің ұлтанды бөлігін поэзия құрайды десек, Жүсіпбек Шайхыслам, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы бастаған ұлы көштің дүбірі де аз болған жоқ.
Сол ауылдың түтінін түтетіп, жыр ошағын көсеген сол кездегі жас буын өкілдерінен – Оразақын Асқар, Нүкеш Бәдіғұлов, Жәркен Бөдешұлы, Несіпбек Айтұлы, Марфуға Айтқожина секілді тұлғалар ата жұртына келіп, қара өлеңге қамшы басудан танған жоқ.
Өз кезінде біздің (Ж.Шәкенұлының) ықпалымызбен жарық көрген Шынжаң жас ақындарының «Талбесік» («Ақбота – Ш. Алматы, 2002 ж) жыр жинағын көргенде көрнекті қазақ қаламгері Қалихан Ысқақ: «Асықпайтын, жол жорғадай әсем ырғақ, сылдыраған бұлақ көзіндей еркін төгіліп жатқан зорлықсыз ұйқас, сосын сурет, сағыныш боп жүректі шымшыған пәк сезім, көңіл күй, сосын қоңыр үн! …Алтайдың аржағынан келген қоңыр үн. Несіпбек қайта бастаған қазақы өлеңнің жалғасындай десем қате айтпаспын деймін. Әрине, оның аржағында Мұқағали тұр: Біздің жазығымызда, тауымызда, қысқасы суретімізде қазақтың өз бешпетіндей… поэтикалық қадірін былай қойғанда, бұл жинақ туған жер, ата мекен туралы сағыныш, қазақы өлеңді сағынып қалып едік, бұл да сол сағыныштың жұбанышы болған сияқты» деп толқып еді. Қалиханның бағасын атамекен әдебиетінің алыстағы бауырларға деген бағасы десек артық айтқандық болмас.
Шынында да Жәркен Бөдешұлы мен Марфуға Айтқожина қазақ әдебиетіне сағыныш жырларын арқалап келді. Туған жер, өскен ортасынан алыстаған бейбақ жүректің мекен сағынышын нәзік жырға орап, жан тебірентерлік үн қатты. Несіпбек Айтұлы Мұқағали жырын, қазақ қара өлеңін өзгеше, өзінше толқытты. Н.Айтұлының нәзік сезімге оранған тәтті лирикалары, айшықты, рухты үні ұлт әдебиетінен өз орнын тапты.
Жәркен Бөдешұлының:
Туған жерім Жайыр тау,
Екі өркеші айыр тау.
Айыр таудан сұм тағдыр,
Тірідей мені айырды-ау
Немесе:
Қолымды созбас едім Айға бұлай,
Көзімнің жасын көрер қайда құдай?
Өр Алтай,
Тарбағатай,
Қайран Іле,
Ошақтың үш
бұтындай аймағым-ай, –
деген зарлы, сағынышты күйіне толқымауың мүмкін емес. Өлең өлкесінің аспанынан сынық қанат қызғыш құсты көресің. Ол бірде Махамбетше жыраулар сарынымен саңқылдайды. Бірде қорыған көлін айналып, жағаға, жартасқа мұң шағады. Енді бірде шағалаға айналып, шабыт көгінде бұлттармен қатарласады.
Сағыныш – Марфуға Айтқожина жырының да өзегі.
Құстар қайтып,
шұбырып барады елге,
Қауышады аңсаған дала, көлге!..
Алып кетер ажалдан бұрын мені,
Елге деген сағыныш –
Қара жерге…
Немесе:
Кеткен алыс аралап сағым қырды,
Жаным жырлы, айтатын әнім нұрлы.
Амалым жоқ айтпасқа
бұл шындықты,
Сағындырды туған жер,
Сағындырды…
Жүректі езерлік, поэзия тілімен өрілген өлең жолдары қаныңды тулатады, жаныңды шөлдетеді.
Оразақын Асқардың да ешкімге ұқсамайтын өзіндік қыры мен сыры, қолтаңбасы бар. Балалар әдебиетінде де бағын сынаған жемісті қаламгер. О.Асқарұлы, Б.Тышқанбаев, Н.Аманжолов, Е.Байтақов, А.Жүніс, т.б. сынды бір топ ақын кезінде Шынжаң қазақ поэзиясының алғашқы өкілдері қатарында қолына қалам алғандар болып есептеледі.
Жәркен де, Несіпбек те, Марфуға да, Оразақын да қазақ әдебиетінің өлең аталатын өлкесіне көл-көсір дүниелер сыйлады. Еркін, шабытты, талықпас қалпымен өнімді еңбек етті.
1991 жылы қазақ елінің еркіндік алып, көк жалауын желбіретуі, әлем алдындағы асқақ тұлғасы қазақ қаламгерлеріне де қанат бітірді. Алыс-жақын шетелдерден атамекенге оралған қаламдастар саны аз болған жоқ. Соларға бір көз салсақ, төмендегідей есімдерді атауға болады.
Алдыңғы буыннан: Серік Қапшықбай, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Жақсылық Сәмитұлы, Оразанбай Егеубай, Зейнолла Сәнік, Жұмәділ Маман, Ахметолла Қалиұлы, Сейітхан Қалиұлы, Меллат Рамет, Дәулетбек Қаңбақов, Мұқаш Дайырбаев, Сәли Сәдуақасұлы, Ғазез Райысұлы, Рахмет Қойшин, Қабылқақ Күлмесханұлы, Керейғазы Нұрсадық, Сламхат Сейітқамзаұлы, Халқазат Төлеуханұлы, Армиябек Сағындықұлы, Болат Бопайұлы, Өнерхан Өгізбай, Ахметжан Қайбар, Ыбырай Файзуллин, онан кейін – Керім Елемес, Алмас Ахметбек, Ғалым Қалибек, Дүкен Мәсімхан, Тұрсынхан Зәкенұлы, Ләззат Игісін, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Бекқожа Жылқыбек, Тұрсынбай Дәуітұлы, Серік Нүсіпұлы, Серік Нұғыманұлы, Тұрсынбек Байжұмаұлы, Мақсұтхан Дәлейұлы, Омаралы Әділбек, Әбдібек Әбманап, Қайрат Құлмұхамет, Өркен Ақантайұлы секілді орта буын бар. Жастардан – Адалбек Ахмәди, Мұратхан Шоқан, Иманғазы Нұрахметұлы, Ауыт Мұқибекұлы, Ермұрат Зейіпханұлы, Ардақ Нұрғазыұлы, Мағиза Құнапияқызы, Мұрат Шаймаран, Қалбан Ынтыхан, т.б. есімдерін атауға болады. Бұл есімдер көбеймесе азайған жоқ. Толысып, толықсып, өсіп отырды. Айталық, Ырысбек Дәбей, Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым, Гүлманат Әуелхан, Қойшыбек Мүбарак, Талапбек Тынысбек, Ерболат Әбікен, Оразбек Сапархан, т.б. кейінгі буын – жастардың шоғыры тіптен мол. Олардан кейінде құйрық тістесіп жеткен жастүлектер мен тастүлектер де жетерлік.
Аталған топтың ізін басқан орда бұзар отыздың арғы-бергі жағындағы жастар да жұрт көзіне түсіп, әр түрлі жүлделермен қанжығасын майлап жүр. Халықаралық, республикалық бәйгелерде маңдайы жарқырап көрінген кербестілердің шоғыры мол. Олар күйі келіп, күні оңынан туған тұлпарлар мекенінің дүбіріне дүбір қосуда.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
жазушы Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі