ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ «ШАБДАЛЫ» ДӘМІ
06.08.2018
1707
0

Бала күнімізде кино деген барлығына ортақ, кәрі-жас демей көретін көркем дүние болатын. Бұл ұғымның өзгергеніне талай жыл болды. Заман ағымына қарай кино-тауар, кино-бизнес, кино-өнер болып жіктеліп кетті. Тауардың жақсысы сапалы шикізаттан шығатыны секілді, киноның жақсысы қомақты қаржыдан деген ұғым пайда болды. Әрине, бұған қарапайым көрермен қосыла қоймайды. Өйткені, олар үшін фильмге кеткен шығын, кинодағы операторлық шеберлік, режиссерлік шешім, актер ойыны (ондағы фальш пен кәсібилік) аса маңызды емес. Қарапайым жұртқа фильмнің айтар ойы түсінікті, өзінің тұрмыс-салтына жақын, жалғанның титтей де болса мәні бар тұсын дөп басып көрсетсе болды. Осы ой қарапайым халықтың рухына бірталай уақыт азық бола алады.


Ал, кино турасында біраз білгені бар, осы салаға бет бұрған мамандар әр премьерадан шыққан соң, ондағы айтылған ойды емес, шығармашылық ұжымның сол ойды қалай жеткізгені туралы пікір алмасады.
Шіліңгір шілдеде қазақ киноөнерінің қоржынын толықтырған «Шабдалы» туралы да осы ойды айтуға болады. Ол «Өнер – өнер үшін» дейтін кәсіби мамандардың сарабынан өте қоймағынымен, өнерден өмір туралы ой түйетін «Өнер – адамзат үшін» деген ұғымнан алыстай қоймаған жұртқа жағады. Осы ретте, фильмнің болған уақиға негізінде жазылғанын ескеруіміз керек. Бұл оны көрерменге біртабан жақындатып тұр десек артық етпес. Кейіпкерлер – ойдан шығарылмаған, нанымды, сіз бен біз өмір сүріп отырған осы қоғамның адамдары. Жалпы алғанда, фильм көңілден шықты. Тек қыз бен жігіт танысатын тұста таксиге ақша қалдырып кеткен ерлі-зайыптының ақшасын алып барған жігітке қыздың: «Сіздің орныңызда басқа біреу болса ақшаны алып алар еді», – дегеніне: «Жоқ. Менің орнымда кез келген адам солай етер еді, қазақпыз ғой», – деп айтқаны томпақтау болды. Мұнда көрерменді өз ұлтын бағалауға шақыратын идея болғанымен, белгілі бір ұлтты өзгеден дараландыруға ұрындыратын балаңдық бар.
Режиссер Жандос Құсайын бір сұхбатында: «Актердің ұдайы бір характерді ойнауы көрерменді шаршатады», – деген екен. Бірақ, осы фильмде «Нысана» әзіл-ысқақ театрының әртісі Нұрбол Айтуловты сол жаттанды характерде таңдағаны бізді ойға қалдырды. Басты рольдегі кейіпкер мен құрбысы базарда кездескенде «Прокурордың әйелі» күйеуі қайтқан соң қатты қиналған шығар деп күтесіз, алайда олай болмай шығады. Алғашқы көріністегі бұл олқылыққа гримнің дұрыс жасалмауы яки жарықтың дұрыс берілмеуі себеп болған шығар деген ой түйдік.
Фильм ұзақ жылдар «Прокурордың әйелі» эйфориясымен өмір сүріп келген қазақ қоғамының бейнесі сияқты. Біздің қоғам қолында билігі бар адамның сөзі – сөз, ісі – дұрыс деген ұғыммен өмір сүріп келеді, ондай адамдардың ішкі жан-дүниесіне үңіліп те үлгермедік. Еңбек адамдарына енді мойын бұра бастадық, тиісінше жеріне, руына қарамай адамды бағалауды да енді-енді дағдыға айналдырып келеміз. «Шабдалы» фильмі біздің қоғамның бейнесін өз хал-қадірінше әдемі, қарапайым етіп жеткізді. Осы қарапайымдылық дәл қазір біздің көрермен үшін қайырлы болар… Бір анығы: көрермен «Шабдалыдан» көптен күткен жылылықты аңғарып шабдалының дәміндей дәмді сезінді. Ағашына қарай жемісі, бағбанына қарай ағашы. Таңдау тек адамдарда.

Назым ДҮТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір