«Мынау тұрған Абайдың суреті ме?..»
Біз Абай атамыздың өзін көре алмасақ та, суреттерін көріп өстік. Бала-шағасының ортасында отырған және Әбдірахман, Мағауия үшеуі түскен фотосы бар. Одан беріде, 1934 жылдан 1995 жылға дейін, қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан сызба суреттерінің саны – 30. Оның 25-і бет-бейнесі де, басқасы – отырған, тік тұрған пішіні. Бұл игілікке мүсіншілер қосқан үлес: Абекеңнің тұтас тұлғасы – төртеу, ал кеуде мүсіні – бесеу. Білетінімді осылайша тізіп отырғанда бұл мол еңбек жайында жан-жақты сараптама ой айтпақ емеспін, өйтуге өрем жетпейді: не суретшілік, не мүсіншілік қырым жоқ. Алайда, құрметті оқырман, сіздерге Ұлы ақынымыз Абайдың 6 суретін ғана ұсынуды жөн көрдім, бәрін беру мүмкін де, қажет те емес. 1-ші бейнесін – Әбдірахман мен Мағауия үшеуі түскен фотодан жеке алынғанын өзгелермен салыстыру жетіп жатыр (6-шыдан басқа төрт суреттің авторларын біле алмадым).
Иә, санап шыққан суреттер мен мүсіндерді шолғанымнан бір ғана айтарым: өмірде болған бір Абай – бейнелеу өнерімізде әлденешеу. Құдай жаратқанда: дөңгелек жүзді, кең маңдайлы, қой көзді, дөңестеу мұрынды болған Абекең мынау суреттер мен мүсіндердің бірінде – қушық шеке, қысық көз, бірінде – сопақ бетті, сүйір иекті, бірінде – торсық шеке, бүйрек бет…
Мені еріксіз таңдандырған және бір жәйт – суретшілердің Абекеңнің сақал-мұртын өздері жобалап сала бергендері. Ол «тәсіл» де мына суреттерде «мінеки!» деп тұр. Қараңыздар: бірі – қап-қара қою мұрт пен қауға сақал; бірі – селдір де бурыл мұрт пен шоқша сақал; бірі – аппақ жалбыраңқы мұрт пен ұзын ақ сақал; бірі – есілген мұрт пен сабау сақал… Бұлардың ішіндегі ең ерекшесі – Абекеңнің суретшілер Г.А.Аткнин мен А.П.Аткнина 1965 жылы салған бейнесіндегі сақал-мұрт. (6-сурет). Бұл – адамның табиғи сақал-мұрты емес, иір-иір сымдарды іліп-іліп қойған сияқты бірдеңе.
Меніңше, тарихи қай Тұлғаның болсын, атап айтқанда, Ұлы Ақын Абайдың бет-бейнесін жасауда бұдан былай «өзімбілемдікке» жол беруге болмайды. Абекең – әр түрлі рөлдерде ойнап өткен актер емес, ал сақалы мен мұрты кейіпкерлерінің болмысына қарай желімдеп ала салған жасанды мүлкі емес. Мәдениет және спорт министрлігінің, гәзет-журнал, баспа орындарының басшылары осыны ескергей!
Жамбыл бабамыз:
«Мынау тұрған Абайдың суреті ме,
Ұқсаған өлең-сөздің құдіретіне?…», – деген екен. Жырмен жасалған сол ұлы бейне әрқашан көкейімізде, көз алдымызда тұрғай!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
ПІКІРЛЕР2