АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ КІТАП СӨРЕСІ
30.07.2018
1440
0

Елордада «Astana Kitap Fest» аясында демалыс күндері ашық аспан астында қоғамдық кітап сөресі өткізілді. Бұл шарада тұрғындар ұсынылған кітаптардың арасынан өзіне ұнағанын таңдап, оны оқып шыққан кітабына айырбастай алды.


Алғашқы «Astana Kitap Fest» фестивалінің мақсаты – халық арасында кітап оқуды насихаттау. Кітап алмасу шарасы «Арбатта» өтті. Тұрғындардың бірі өзіне ұнаған кітапты ақы төлемей үйіне алса, енді бірі, оқып шыққан кітабын қоғамдық сөреде қалдырған. «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінованың айтуынша, мұндай сөрелер қалалықтар үшін таңсық дүние емес. Астананың көптеген сауда орталықтарында жұмыс істейтін қоғамдық кітап сөрелері бүгінде халықтың жақсы бағасын алып үлгерген. Лаура Демесінова табысты жүзеге асқан жоба болашақта да жалғасатынына сенім білдірді. Аталмыш қауымдастықтың бастамасымен Астанада былтырдан бері «Вolashak books» жобасы іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда қоғамдық кітап сөрелері «Сарыарқа», «Ханшатыр», «АжарMall», «Азия парк», «Керуен» сияқты сауда орталықтарында бар.
Жоба жасөспірімдер арасында кеңінен танымал. Сонымен қатар, «Astana Kitap Fest» кітап фестивалінің аясында қала тұрғындары мен қонақтары түрлі салада жетістіктерге жеткен атақты астаналық тұлғалармен кездесті. Олардың қатарында, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Дарын» академиясы мен «Жастар» футбол клубының негізін қалаушы Әділ Игембердиев пен «Томирис» фильмінде басты рольді сомдайтын актриса Альмира Тұрсын Bookdating алаңында жиналғандарға өздері оқыған кітаптар жайлы айтып берді.
Book Dating аясындағы мұндай кештер елордада үш жыл қатарынан ай сайын өткізіліп келеді. Фестивальді Астана қаласы әкімдігі, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және Аста­на қаласының орталық­тандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.

А.ҚУАНЫШ,
ХАТУ «Электрондық журналистика» бөлімі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір