Серікбай ӘБІЛМӘЖІН. Аспан жаққа ұшуға бір құштармын…
Қазақстан Жазушылыр одағының мүшесі, ақын Серікбай Әбілмәжіннің есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Оның өлеңдері «Сарыарқа самалы» жыр жинағына, «Жыр маржаны атты қазақ поэзиясының он томдық антологиясына енген. «Хан тәңірі» баспасынан «Үркертолғақ», «Фолиант» баспасынан «Сарша тамыз» атты жыр жинақтары жарық көрген. Жуырда мезгілсіз қайтыс болған аяулы ақынның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

МЕНІҢ МАУСЫМДАРЫМ
Күп-күрең, күрең, күрең күз,
Күреңсе бояп беттерді,
Сенен де бір жаз өткен-ді.
Сап-сары, сары сағыныш,
Қаз қаңқылындай көктемгі,
Менен де бір наз өткен-ді.
Күп-күрең беткей налыма
Сайранды шаққа өткен бұл,
Оралар жаз бен көктем дүр.
Сағыныш, босқа сарғайма,
Келмеске бізден кеткен жыл,
Ортаймас зарын төккен жыр.
Ақ тұма аппақ қаңтарым,
Қайтейін, суық сұлусың.
Жаза алмай жүрген жырымсың.
Қара өлең, аппақ, ақ өлең,
Қайтейін, сынық сырымсың,
Бүлінсе, жүрек бүлінсін!
Бүршігін жарған көк өрім,
Келдің бе тағы, көктемім,
Өртей де жаздап от демің?!
Сағыныш сол, сол баяғы,
Көктеммен бірге өткенің,
Оралар қайта деп пе едің?!
Жаз келер ертең жапырақ
Жайқала өсіп, гүл ырғап,
Қайғысыз әнін ыңылдап,
Сағыныш сол, сол баяғы,
Мұңың да жиі құлындап,
Жырың да жасын сығымдап,
Сарыла күтіп өтерсің,
Айнымас досым екенсің!
ЕРТЕК
— Алаштың күні туар арқадан,
Алшыдан түсіп сақасы.
Тұран жеріне жұмақ орнайды,
Тәңірінің тиіп батасы.
Сегіз ағасын іздеген Төстік,
Таяуда бәрін табады.
Атқосшылыққа сегіз дәу ертіп,
Көршілес жауды шабады.
Айдаһарды да өлтірер бір күн,
Алтын тас атып зақпаннан.
Самұрық құстың жұмыртқасына,
Өрмелеп бара жатқанда.
Жеті басты дәу жерге құлайды,
Жетінші басы шабылып.
Алты құрлығың алғыс айтады,
Менің рухыма табынып.
Керқұла ат мінген Кендебайдың да,
Оралар шағы жақын-ды…
Хан Жәңгір енді қуғындамайды,
Махамбеттей ұлы ақынды.
Тірліктің мәні басқаша болады,
Тауық жемі үшін терлейтін.
Содан соң бізге заман келеді,
Ақындар ерте өлмейтін.
Қолданар әлем менің тілімді,
Хат-хабар қағаздарына.
Астана жақты етер құбыла,
Саяси намаздарына.
Аралың толып, Ертіс кеңейер,
Ырысы шалқып күнгейдің…
— Ол күндер бізге қашан келеді?
— Білмеймін.
***
Бір нәрсеге кектенем,
Дүрдәразбын түгесімен өкпемен.
Ойнап жүріп күйіп қалды төзімім,
Жанымдағы жалыны мол отпенен.
Бір нәрсеге қуанам,
Жүрегімде өлең аман, жыр аман.
Көк түркілік кеңістікте тербетем,
Көкірегімді аршып алып күнәдан.
Бір нәрсеге мұңданам,
Маған несін күмілжиді бұл ғалам?!
Күлтегіннің тас кітабын оқып көр,
Мен туралы жырлаған.
Түсініксіз ғасырлар,
Жоңғар құмға жұмбағың көп жасырған.
Сәруар нұрың сәл қиыстау түскен күн,
Нәубат өткен нала толы басымнан.
Оған анау мола куә қырдағы,
Оған мынау балбал куә мұңлы әні.
Оған куә желтоқсанның ызғары,
Оған куә отыз жеті құрбаны.
Оған куә Кененің әз басы,
Оған куә аналардың көз жасы.
Бассыз көмген молаларға барып қайт,
Қасіретіңді қозғасын.
P. S
Есі бар жұрт армандар,
Таусап айтар тәубам бар.
Нәлет саған қан құстырған қас жауым,
Алғыс сенің рухыңа, Тарландар!
ЖОРЫҚ
Маған астар бола алмайды мыналар,
Асхана мен асқазанның құлдары.
Қайда қарап жүрді екен мұндарлар,
Мен жоңғармен қан төгіскен жылдары?!
Қарашы-ей, бір төрде отырып бөсуін,
Кесесінде у ма, әлде шырын ба?!
Қайда қарап жүрді екен мұндарлар,
Оймауытымды оқ тескенде қырымда.
Әй, шіркін-ай! Не істеймін, не етемін?
Тәңірім-ай, түйсік берсең не етеді!
Төбе биің анау қасқа болса егер,
Ғұн жұртының кеткен екен кетеуі.
Күн түбіне жортпаймын деп сеніп ем,
Тұлпарым да болған күлік майтабан.
Тарланбоздың қамау терін шығарып,
Қылышымды қайрашы, ұлым, қайтадан.
Тағы соқтыр аты мәшһүр ұстаға,
Ер шабатын шал тірі ме Алтайда?
Шаһит кешер сарбазымның жый бәрін,
Ерге сенбен жорық көрмей қартайған.
Абылайша артар нардың бұйдасын,
Керіскедей кез аттардың шылбырын…
Қанға қолды матырар күн белгіле,
Жақ тартатын білек сайла күн бұрын.
Бітіспеймін саудасы үшін сартпенен,
Сәлдесі үшін арабыңа бас имен.
Орысың кім мына менің алдымда,
Қытайың кім қазақтардың қасында?!
Жауыңмын деп келсе алдыма күпсініп,
Айнымасқа серт еткем.
…Тобышығын ойнақтатып бір бабам,
Шығып келе жатса осылай ертектен!
БҮГІН
Өмір сүру дегенді күйбең тірлік деп ұғып,
Темір жарғақ теңгенің сыңғырына елігіп.
Ар-ұяты базардың ақша екен деп емініп,
Адасып жүр тегі жұрт.
Тірлігінің ырғағы — шайлық-сулық есебі,
Шәкене бір күн кешу, жарты құрсақ —
төсегі.
Толғанарлық арыдан сөз сөйлесең көшелі,
Соқыр тиын деседі.
Қалт еткенде қолдары салған әні одағай,
Басын басып кетсең де мыңқ етпейді обадай.
Қамбасына тірліктің қоқсық жиған
қоғам-ай,
Әз халқыма обал-ай!
Ар ұятың бұйым ба?
Ұждан деген немене?
Ойланғандай болады қолын қойып төбеге.
Сапар шеккен болады қалт-құлт еткен кемеде.
Адасып жүр демесең, көңілдері даладай,
Таласып жүр демесең, аңқаулығы баладай.
Профессорлық атақтың жоқтығына қарамай,
Үш жүзінің тағдырын үш жүз жыл
бұрын болжаған,
Қайран да, қайран, бабам-ай!
ЖАЛҚЫ ШУМАҚТАР
Түн көрін қазады іргеме,
Ай аят оқиды «мүрдеме».
Махаббат ніліндей тәп-тәтті,
Түнімен тауысайын бірдеңе.
***
Уа, Жаратқан! Тәңірім!
Бұл хас Сақта әлі уайым, әлі мұң.
Сорлы елімді бассыз мойын басқарған,
Шерлі елімнің кімнен көрем салымын?!
***
Ықылым бір ғасырдың тізбегінен,
Ықылым бір жылдардың іздерінен,
Соғып өткен сұрқайлы күз желінен,
Өзімді іздедім мен.
ЖАҢА ҚАЗАҚ ПЕН КӨНЕ ҚАЗАҚ
Оқшау қалған обадай ел ішінен,
Медет тауып даланың бөрісінен.
Мүлгіп қана отырмын күбір-күбір,
Дыбыс естіп түн дейтін көр ішінен.
Медет таптың іргелі ел ішінен,
Итің жақын даланың бөрісінен.
Заман желі сен үшін оңнан соғып,
Заман желі мен үшін терісінен.
«ӨЛЕҢ САТАМЫН»
Қан сатар едім, мұнайдан қымбат емес ол,
Ар сатар едім, ақшадан қымбат емес ол.
Ән сатар едім, әнімнің құны белгілі,
Жан сатар едім, ешкімге керек емес ол.
Өлеңнен өзге үлесім аз бұл өмірге,
Ақынның құны қаншалық қымбат
еліңде?!
Өлеңге емес, ақшаға сатып аласың,
Тірі пенденің қара қос тігер жерін де.
Өлеңде құн жоқ, сатып алмайды, білем мен,
(Өлеңін қорғап бұл қазақ кеше мың өлген).
Жерменен бірге, елменен бірге ессіздер,
Өлеңнен қымбат киесін сатып жіберген.
Міскіндік ол да, өлеңі өсіп, елі өспей,
Именшек ие келімсекке де теңеспей…
Айырбасталған аз ғана еркіндігіме,
Артымда қалған Алтайдан қымбат
емес қой.
Өлең табылар аман болса егер домбырам,
Сатылған жерді қайтара алмас мөлдір ән.
Айырбасталған қызыл көздердің сұғына,
Қымбат емес ол Астырахан мен Омбыдан.
Өлең табылар сен аман тұрсаң, мен есен,
Еңсесі түсер бедерсіз пенде емес ем.
Желтоқсандағы тапталған табан астында,
Қаракөздердің арынан қымбат емес ол.
Есе бермеген кешегі есіл ұлдардың,
Қанынан қымбат емес ол.
Тұран төсінде жосылып жүрген құланның,
Қағынан қымбат емес ол.
Жерін қорғаған батырдың қаны төгілген,
Арғымақтардың жалынан қымбат емес ол.
Елін қорғауға жалғызын берген ананың,
Зарынан қымбат емес ол.
Сатылмай қалған бүгінгі байлығымыздың,
Барынан қымбат емес ол.
Осынша берген бодауды қалай ақтаймын,
Рухы сатылған жұртымды қалай
сақтаймын.
Ділім сатылса, дінімді қалай сақтаймын.
Тілім сатылса, кегімді қалай жоқтаймын.
Өлең сатылса, өлімді қалай жоқтаймын.
Өлеңде менің кием мен ием, бақ, қайғым.
Теңгесі қалмай торыққан ақын сөзі бұл,
Сатылмайды өлең!
Алмайды ешкім!