Кірпігіне мұң түнетіп күзгі аспан…
01.11.2023
628
0

Мұхарбек Жәкейұлы

Көкалат

Менің ауылымның Көкалат
аталуы жайлы аңыз көп

Сарғайып жеткен сан аңыз,
Сараңдау сөйлер көнеден.
Шабандоз біздің бабамыз,
Мәстекті мәпелемеген.

Далалық дана қырағы,
Қартың бар дайын құптауға.
Құмар-ақ қырдың ұланы,
Асауды ауыздықтауға.

Атмінез қаны қайнаған,
Көкпаршыл көкең қырдағы
Ашамай ерге байлаған
Бес жасар баласындағы.

Бап па еді, әлде, бақ па еді,
Бәйгеге басты тіккен күн?
Тұсауын кескен атбегі,
Сан алуан сәйгүліктердің.

Ту ұстап, тұлпар мінгеннің
Жылқы мінезі – мақтаным.
Жорықпен өткен күндердің
Серігі – арғымақтарым.

Сарғайып жеткен сан аңыз,
Сараңдау сөйлер көнеден.
Баһадүр біздің бабамыз,
Мәстекті мәпелемеген.

Біздің ауыл

Атыраулық досым Кенжебек Тұманбайұлы

«Сен туған ауыл қандай ауыл?» деп жиі сұрайды.

Бабадан қалған мұра аманатқа,
Сұрасаң біздің ауыл Көкалатта.
Ерлері ел басына күн туғанда,
Ереуіл еңку-еңку қонар атқа.

Төскейін торғын жапқан даласында,
Мақпал көл, мөлдір бұлақ жағасында.
Ежелден ен жайлаған біздің ауыл,
Ешкімнің қақысы жоқ таласуға.

Дауылы көрмегендей ноқта мүлде,
Жауыны бағынбайды Көк Тәңірге!
Кетеді ерке желі жаныңды емдеп,
Көңілің құлазыған сәттеріңде.

Бал татыр бақырдағы қара су да,
Жердегі кереметтің бәрі осында.
Жұмбағын жұмағымның шешемін деп,
Болмайды құмалақ сап, бал ашуға.

Қырында қыранқара ғарышқа өрлеп,
Ұланы қасқыр мінез, барыс келбет.
Көгінен Көкалаттың құс ұшырмай,
Көкем жүр көкірегін намыс кернеп!

Сағымы сылаң қағып көзді алдайды,
Қалайша жүрек қылы қозғалмайды?
Керіліп жатқан қыздай шалқасынан,
Көкалат көркіменен көзді арбайды.

Сұлуға сұқтанбайды, салт осындай,
Көлқамыс ханның ерке қалқасындай.
Жартоғай – жар басында жұмақ мекен,
Тәңірдің сыйға тартқан алқасындай.

Төгілген маңдай тері жолға мына,
Мұраптың мұратында мол мағына.
Айырған ақ тарыдан нәпақасын,
Сейітқұлдың соқпай кетпе қорғанына.

Барсақ деп сұраушы едің сен өтіне,
Тағдырын қарсы қойып жел өтіне,
Бойына Қабырғаның ел қондырған,
Айсаның апарамын бөгетіне.

Жайлауы жатып қалсаң жыр күтеді,
Құмына Айырқұмның сүңгітеді.
Жағасы Жыланшықтың тұнған тарих,
Табаның тиген жерге тіл бітеді.

Адасып, Айдың ерні көл бетінде,
Қиялын қалқатайдың тербетуде.
Жұлдызбен жымыңдасқан жұптасып ап,
Кетесің көл жағалап сен де түнде.

Шертетін шежіресін арасында,
Көресің көсемін де, данасын да.
Ескі әңгіме авторы біздің ауыл,
Кеттік оңда, Торғайға барасың ба?!

* * *
Кірпігіне мұң түнетіп күзгі аспан,
Күреңіткен көкжиекті сыз басқан.

Бурыл бұлттың бейнесінен беймәлім,
Аңғал далам үйіріп тұр иманын.

Құны қысқа болсын мейлі бес тиын,
Қызыл шырай қыз қайыңды дос дейін.

Жел соқты да – тыныштықтың дұшпаны,
Ақ ұлпа қар тал басынан ұшты әні!

Терек, сен де, керек сен де боларсың,
Әл-әзірге жабырқарсың, тоңарсың.
Тек сүюден, бек сүюден жаралған,
Мен қайтейін жүрегімді тоналған?

Бозғылт тұман, бозбаладай әңгүдік,
Сенің бипаз болмысыңда бар күдік.

Бозінген ой қалмасын деп болдырып,
Қар астынан қылтияды соңғы үміт…

* * *
Хабарсызбын хат келер
Хақтан қай күн,
Алдамшы арман ұстатар кімге тегін?
Мінсізбін деп мен тағы
ақталмаймын,
Мұхаммедтің міні көп үмбеті едім.
Және балгер емеспін болжам айтар,
Алты аласым жоқ тағы бес бересім.
Сенің жұмбақ жүрегің сонда байқар,
Ешкім бізбен бөліспес ештеңесін.

Қасіретім жазулы қабағымда,
Серік еттім достыққа жараса мұң.
Жүре тұрсын әзірге жанарыңда,
Маған әлі белгісіз болашағым.

Тәрік етіп Тәңірі тілегімді,
Менің мүшкіл хәлімді сұрасын кім?
Ауыл әні тербетіп жүрегімді,
Қолым жетпес биікке құлаш ұрдым.

Меніңкі емес білем, ақырғы дем,
Өр кеудем табытқа да сыймайтындай.
… Күрең белдер қоштасып жатыр білем,
Күреңіткен көңілмен қимай-қимай…

* * *
Тәттім-ау, тәнті етесің енді немен?
Ғашықпын көздеріңе мөлдіреген.
Айқасқан кірпіктерің аңдаусызда,
Қадалған жүрегіме сүңгі дер ем.

Ерінің дір еткенде үлбіреген,
Жандырып кете барды түнгі денең.
Масайтып махаббаттың бал шарабы,
Жазықсыз жүрегімді тілгілеген.

Жазалап жіберсең де мың дүремен,
Сенің от құшағыңа сүңгіп өлем.
Мың бір түн мұңсыз ғашық күйін кешіп,
Тудырсам қандай жақсы мың
бір өлең?!

Түсіме ендің

Ғаріптің ғашық хәлін түсінер кім?
Кеудемде өрекпіген кісінер мұң.
Аймалап айдың ерні ақ жүзіңді,
Сен бүгін түсіме ендің.

Жерсінбей жұмыр жерді келбеті кем,
Баз кешіп басқа әлемге сен кетіп ең.
Мекені баянсыз бақ, пәни жалған –
Не іздедің жер бетінен?

Жабыққан жүрегімді түнге малып,
Жылы леп еркелей кеп сүйгені анық.
Мен жүрмін баяғыша Иран бақта,
Үмітім гүлге оранып.

Иланып жоқтығыңа өте ме әр күн?
Қол бұлғап келмес жаққа кете бардың.
Адасқан үйірінен бала қаздай,
Мен тағы жеке қалдым.

Жылт еткен бір сәтіңді ғұмырға мың,
Балар ем, жұмбағыңды ұғынбадым.
Ғайыпқа ғарыштағы жол тарттың ба,
Әйтеуір, бұрылмадың…

* * *
Ютубқа үңіліп үздігулі,
Шаңырақтың кенжесі – біздің ұлды.
Алып бардым музейге Самалдағы,
Сәрсенбінің сәтінде күзді күнгі.

Отырғанша қамалып бөлмеде құр,
Дұрыс бопты келгені көрмеге бұл.
Танкі мініп, ұшақ та тізгіндеді,
Тақым қысып, тай мініп көрмеген ұл.

Мүмкіндікті музейлік жібермеді,
Мынау – қыпшақ, ал анау – ғұн ерлері…
Төрткүл әлем бас ұрған дәргейіне,
Бес қаруын бабамның түгендеді.

Таң қалдырар ғажайып күйге бөлеп,
Авторына мүсіннің сый да бөлек.
Бірер минут екеуміз аялдадық,
Балауыздан құйылған бейнеге кеп.

Келіп тұр-ау әрнені сұрағысы?..
(Гид келіншек ол да жүр құрақ ұшып).
– Әке, – дейді жеңімнен жаймен тартып,
Айтып берші, батыр ма мына кісі?

– Босамаса белдікте қылыш қыны,
Бұзылмайды әлемнің тыныштығы.
Оғландар от кешер Отан үшін,
Әрбір ұлан білуге тиіс мұны.

Ердің ерін еңіреп елді ойлаған,
Ұмытпаңдар ешқашан сендер, балам.
Он сегізде атойлап жауға шапқан,
Сағадаттай атаң бұл ел қорғаған!

Уақыттың иыққа артқан жүгін,
Бабаларың – баһадүр мақтан, күнім!»
– Онда менің қақым жоқ ер болмауға,
Менің атам батыр! – деп шаттанды ұлым.

Алпамыстай алысқан сан алыппен,
Қомпияды біздің ұл балалықпен.
Атасынан бастаса әңгімені,
Аузын ашып қалады бала біткен.

Елтануға болған соң енер есік,
Марқаямыз біздағы мерей өсіп.
Ел қорғайтын есейіп ер жеткенде,
Біздің үйде бір батыр келеді өсіп!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір