АНА БҮРКІТ АТА БҮРКІТТІ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙДЫ?
Армине Ванян
Ұрғашы бүркіт тұмсығымен ағаштың бір бұтағын сындырып алады да, көкке самғайды. Сосын заңғар көкте ұзақ қалықтайды. Ұябасарды көрген шәулі атаулы айналасына жинала бастайды. Сол кезде ұябасар тұмсығындағы бұтақты төменге тастай салады. Көптің ішінен бір бүркіт суырылып шығып сол бұтақты жол ортадан ұстай алады. Бұтақты қайтадан ұябасардың тұмсығына қыстырады. Ұябасар бұтақты қайтып алады. Сөйтеді де қайта тастайды. Жаңағы бүркіт қайтадан жерге түсірмей қағып алады. Осылай бірнеше рет қайталанады. Ұябасар біраз уақыт осындай сынақ жасайды. Ақырында сынақтан сүрінбеген, әлгі бұтақты жерге түсірмеген шәулімен жұптасады. Екеуі жұптасқан соң шағылысады. Бүркіттер де аққулар секілді адал құстар. Бір жұп соңына дейін бірге қалады. Ал, сынақты не үшін жасағанын сәл кейіндеу түсінесіз.
Жұптасқан соң екеулеп биік құздың басына үлкен ұя салады. Алдымен бұта-талдарды әкеліп, қаңқасын құрастырады. Сосын екеуі тұмсықтарымен үсті-бастарынан мамық пен қанаттарын жұла бастайды. Осы мамықты ұяға қалың салып, жел уілдейтін барлық тесікті бітейді. Ұяны жылы, ықтасын етеді. Осындай сүйкімді, жылы ұяға ұябасар жұмыртқасын басады. Сосын одан шыққан балапандарын бауырымен жылытады. Балапандар жұмыртқа жарғанда (балапандар өте әлжуаз, тыржалаңаш, қауқарсыз болады) сарша мен ұябасар кезектесіп бауырымен жылытып отырады. Балапанның қанаты қатайғанша жылы-жұмсақты аузына тосады. Жаңбыр мен ыстық күннен қанатымен жауып, қалқалап, көзінің қарашығындай сақтайды. Су тасып, жем тасып, тұмсығымен аузына салып отырады. Осылайша балапан тез өсіп, жетіледі. Қанаты қатая бастаған кезге дейін ата-анасы мейлінше қамқор, мейірімді болады.
Содан, мінекей, балапандар өсті-ау дегенде аталық пен аналық уақыт келді деп есептейді… Сарша ұяның ең шетіне отырып, оны қанатымен сабалайды. Ұядағы мамықтың бәрін тарсылдатып қағып тастайды. Не үшін? Мамық пен жылы-жұмсақтың бәрінен ада қылу үшін. Ұяның бұтадан құралған қатты қаңқасын ғана қалдырады. Мамықтан айырылып, балапандар аңырайған тесіктері көп ебедейсіз ұяда қалады. Не боп қалды? Бұған дейін ата-аналары сондай мейірімді еді. Қамқор болып еді. Әкелері ұяның шаңын қағып жатқан кезде ұябасар балық аулап келеді. Балығын ұядан сәл әрегірек, шамамен бес метр аулаққа апарып қояды. Балапандарға көрінетіндей жерде отырады. Сосын балапандарының көзінше әлгі балықты асықпай жей бастайды. Балапандар ұяда отырып бақырып-шақырады. Не боп қалды? Бұрын бәрі басқаша еді ғой деп түсіне алмай дал. Ата-аналары жем тасып, су тасып, ауыздарына тосатын, ал енді ұяның мамығын қағып салды, өздері балық жейді, балапандарға бермейді. Не істесе болады? Қарын ашты. Ұядан шығу керек. Балық жегісі келген балапандар ұядан шығуға қарекет жасайды. Бұрын шығып көрмеген. Егер ата-анасы мәжбүрлемесе әлі де шықпас еді. Балапандар тырмысып, ұядан шығады. Балапан бүркіт ұядан асып түсті. Қимылы ширамаған, әлі дұрыс жүріп-тұра алмайды. Түк білмейді. Ұя жардың басында. Оған ешбір жыртқыш жете алмайды. Балапан жарға шығып кеткен соң тайғанақтап, төменге құлдилайды. Осы сәтте (баяғыда бұтақты жерге тигізбеген сарша) әкесі балапанды арқасына қондырып үлгереді. Қайтадан ыңғайсыз ұяға әкеліп салады. Бәрі басынан басталады. Балапандар тайғанақтап, жардан құлайды. Әкесі арқасын тосып, аман-есен ұяға жеткізеді. Әкесі Қыран болғандықтан балапанына арқасын тосып отырады. Қырандардың бірде бір балапаны жардан құлап өлмейді екен. Осылай құлап жүріп балапан бұрын жасамаған қимыл жасап үйренеді. Желге қарсы қанатын жайып, ұшады. Осылай қырандар балапандарына ұшуды көрсетеді екен. Балапан қанатын жайып, ұшуды үйрене салысымен ата-анасы оны балық аулауға ертіп әкетеді. Бұдан былай тұмсығына балық қыстырып, балапанды тамақтандырмайды.
Бұл өзіңнен туған бала мен рухани шәкірттеріңді тәрбиелеу әдісінің тамаша мысалы. Балапанды жылы ұяда артық ұстап қоймаудың ескертпесі. Өзі де балық ұстай алатын шамасы бар кезде аузына дайын асты тыға бермеу. Дегенмен, ұшуды үйрету үшін шексіз мейірім керек. Барлық ізгілік пен даналықты біріктіре отырып, балапанға жаңа дүниені тануға жол ашу өте маңызды. Ұябасар бұтақты жерге тастап, бекер сынақ жасамайды екен. Ол балапандарының жардан құлап өлгенін қаламаған соң осылай өзіне мықты сыңар іздейді. Саршасы осал болса, балапанын не күтіп тұрғаны белгілі еді. Қырандар балапанды онсыз да аз басады. Біреу, не екеу ғана…
Аударған
Шынар Әбілдә