22 ЖЫЛДАН СОҢ БӘЙГЕ АЛҒАН ӘҢГІМЕ
30.07.2018
2035
0

Газетіміздің өткен санында есімі ұмытылып бара жатқан қаламгерлерді, кезінде мойындалған, бірақ қайта жарық көрмеген шығармаларды, фотосуреттерді тауып, жариялап отыруға уәде етіп едік. Редакцияға алғашқы хат жазушы Қуандық Түменбайдан келіп түсті. Жазушы осыдан 22 жыл бұрын жазылып, қуғынға ұшырап, кейін халықаралық деңгейде бәйге алған әңгімесі туралы баян етеді.


1995 жылдың қазан айында «Қазақ әде­биеті» газетіне «Адам» атты әңгімем жариялануы мұң екен, мерзімді басылым­дар­да «Сұмдық-ай!», «Жағамызды ұста­дық» деген натуралистік қарабайырлықпен ой қорытқан мақалалар жарық көрді. Шы­ғарманың сондағы «кінәсі» – Ауған соғысында дұшмандар екі қол, екі аяғын кесіп алып, өз жеріне парашютпен тастаған әшкере адам – Кеңес жауынгерінің тағ­дыры. Ол аһ ұрғанда анасының жанұ­шы­рып жанынан табылуы, «советтік өмір шын­дығын» әшкерелеп, соғыс құпиясын сыртқа шығаруы.
Сол кездері Қазақстан Жазушылар одағына, менің атыма қолмен жазылған бір хат келіпті. Осыдан 23 жыл бұрын жазыл­ған ауылдағы қарапайым оқырман­ның хатын мұртын бұзбай «Ақ параққа» ал­ғаш рет жолдап отырмын.

Қуандық Түменбай

Қадірлі Қуандық аға!

Қалыңыз қалай? Денсаулығыңыз ше? Осы жуықта «Қазақ әдебиетінің» бетінде жарық көрген «Адам» атты әңгімеңізді оқып едім. Мені үлкен тебіреніске салды. Бұл әңгімеңіз туралы әсерім, түйгендерімді мына бір шағын мақалада жазып едім. Егер сіздің көңіліңізден шықса, баспасөз бетіне беруге жараса, менің сізге деген ризашылы­ғым­да шек болмас. Ал, көңіліңізден шық­пай қалса, мүмкіндігіңіз болса, маған жау­ап хат жазсаңыз екен.

Құрметпен ініңіз:
Алмат Жалбағаев деп білерсіз

Мазаңызды алғаныма ғафу етіңіз. Өзім мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен мұ­ға­лім болып істеймін. Менің адресім: Тал­ды­қор­ған облысы, Ақсу ауданы, Жансү­гіров атындағы кент. Пушкин атындағы көше, 2-16 пәтер.
6.11.1995 ж

Уа, Адам, Сен кімсің?!
(Жазушы Қ.Түменбайдың «Адам» атты әңгімесін оқып едік…)

Бір кездері қазақ әдебиеті Одақ әдебие­тімен, қала берді, арғы-бергі әлем әдебие­ті­мен иық теңестіріп, өзінің сан қилы та­ри­хында Өрлеу, Кемелдену дәуірін бастан кешіп еді. Бұл Өрлеу, Кемелдену дәуірі 60-жылдары өзіндік үнімен, өзіндік мәне­рі­­мен келген, күні бүгіндері «маңдайының қас­қасы қарақұсына тақаған» орта буын­ның еншісіне жатады. Заманымыздың заң­ғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп алғысқа толы ақ батасын беріп кеткен, әде­биетімізде өзінше бүтін бір толқын тулатқан 60-жылдардың түлектері туралы сыбағалы сөз әлі алда деп білеміз. Әйтсе де, біз сөз еткен осынау орта буынның ізін суытпай әдебиеттің киелі табалдырығынан аттаған Қуандық Түменбайдың есімі оқыр­мандар үшін ыстық деп білеміз. Неге?
Өйткені, күні бүгіндері көркем әдебие­тіміздің басынан бағы тайып, базары тарқа­ғандай кезеңде /мұның себебі сауаты бар әр пенде үшін өзінен-өзі түсінікті ғой деп ойлаймын/ мерзімді баспасөз бетте­рінен мына тамұқ заманның, күн­делікті өмірі­міз­ге дендеп енген бөтен құлық, тағы қылық, қарау ниеттің түп-төркінін кәнігі бір та­мыр­шыдай тап басқан әңгімелері арқылы ара-тұра бір жылт етіп көрініп қалып жүр­ген Қ.Түменбайдың оқырмандар жүрегіне жол тауып, бірден баурап алуының сыры неде? Ең бастысы, бүгінгі заманның сұр­қыл­тай бейнесі мен есірік характерін әде­бие­тімізге елдің алды боп, алғашқылардың бірі боп алып келуінде.                                                                 Әсіресе, жазушының «Қояншық» және «Адам» атты екі әңгімесін зер салып, зейін қойып оқысаңыз, біздің тілге тиек еткен сөзі­мізге толық дәлел бола алады. Соның ішін­де, осы жуықта ғана «Қазақ әдебиеті» апталық басылымының (№24. 3 қазан, 1995 ж.) кезекті санында жарияланған «Адам» атты әңгімесінің көтерген әлеуметтік жүгі күллі Адамзат үшін күн тәртібіне өткір қойы­лып отырған атың өшкір соғыс тақы­ры­бын да, «басына күн туып» отырған елі­міз­дегі түрлі қоғамдық дерт-мерездерді де майдан қыл суырғандай шеберлікпен әшкере етіп, әдемі суреттеп береді. Бір-бірі­мен сабақтасып жатқан ұшы-қиыры жоқ осынау қалың қасіреттер қопасының ен ортасынан менмұндалаған Адамның аянышты тағдыры – әңгіменің көк жұлыны болып отыр.
Бұл әңгіменің бірінші «планына» Адам тағдыры мен әлеуметтік кесірді қатар шы­ғар­ған – әлгі көп айтатын көркемдік шын­дық дегеніңіз осы екі аралықта табылса ке­рек-ті. Шығармада ауған соғысында дұшмандардың қолына пенде боп тұтқынға түскен, болашағынан көп үміт күттірген Арарат Қайранасов ақыр соңында екі қол, екі аяғынан айырылып, өмірлік мүгедек боп елге оралады. Әңгіменің шиыршық ат­қан тұсы осы. Осыдан кейін еркебұлаң, Құ­дай қосқан қосағы Надежда Разина соғыстың тірі күйігі, «томар» боп қалған мүгедекті қайтсін, күйеуінен заңды түрде сот арқылы сырттай ажырасады. Сонда На­дя­сынан күдер үзбеген Арарат Қайранасов: «Әйел! Әйел бар ма жердің бетінде?» – деп ышқына қиналады.
«Әйел іздеп отыр. Бір ай бұрын бір саға­ты жүз доллар еді, енді қайдан табамыз? – Әкесі ерні жыбырлай бастағанда шешесі ала көзімен ата қарады…
Әкесі киініп іске кетті, шешесі «Бүгін учас­ке аралайтын күнім еді» деп, дауыл алдындағы әлдебір сұмдықты мегзейді. «Жәйлап ұлының қасына жақындады. Жалт қарағанда көзінен әлемтапырақ буырқаныстың толқынын көріп қап, ағы көп қара шашынан сипап тұрып, қараңғы бөлмеден қара мысықты іздей сөйледі.
– Ұлым, тілегіңді мен орындасам қайтеді?!
Арарат сылқ түсті. Сосын жұмсақ крес­лоның жап-жалпақ жақтауына кереқарыс маңдайын ұрғылап, өкіре жылады. Иығы мен жуан саны селкілдеп, креслоға көміл­ген әшкере Адам тынымсыз бұлқынды.
Ішіне сыйып, кең дүниеге сия алмаған ұлының қасында көз жасын бұлаған анасы «бір сен үшін етімнен ет кесіп беруге әзір­мін» деп тұр еді».
Осымен әңгіме тәмам. Ал, сен бұл дү­ние­нің бақыр құны қалмағандай, әлдебір соққыдан мең-зең күйде басыңды қос қол­дап ұстап отырсың – түңіліске толы «бәрі бітті» дегенді ішінен талайлар айтқан шы­ғар.
Бұл арада жазушы қатты кетті, шектен асты дерсіз. Онда қателескеніңіз. Бұл жазу­шы­ның қаламынан туған сұмдық емес, өмірдің өзі осыған әкеп тіреген бүгінгі күн­нің бүкпесіз жексұрын шындығы. Мұнда шындықтың түк жазығы жоқ. Бар айыбы – Шоқан Әлімбаевша айтсақ: «Ең адалы – айтылған ой» және «Шындық – қашанда табиғи екендігінде». Адамның табиғаты – күрделі. Адамды әшкере ететін де өзінің нәпсісі. Адам бойындағы қарама-қай­шы­лық осыдан келіп туады. Ал, әңгімеде Адам­ның адамдығы мен хайуанилығы – әлеуметтік әділетсіздік қоғамда жаппай етек алған жерде сынға түсе айқындалып, осы екі ортада қаламгер «Сен кімсің, Адам?!» деген жауабы жоқ осынау қасіретті сауалды кесекөлденең тартады /бұл сауал­дың қасіретінің өзі сонда шығар, – жауабы жоқ/ және бүкіл ғасырлар бойы қалыптас­қан адамзат әулетінің қастерлі үрдісі, ар-иман ұғымын белінен кесе бір-ақ басып, Шындыққа жасқанбай тіке қарайды. Қарайды да, ар-иман әлеуметтік жосықсыз құбылыстың құрбаны болатынын меңзейді. Бұл әңгімедегі жазушының шындығы – өзінің жан бұлқынысы, әрі-беріден соң жүгенсіз кеткен қоғамдағы түрлі дерт-мер­ез­дерге қарсы наразылығы деп білеміз. Айтып айтпай не керек, шоқтығы биік, сал­­мақты осы «Адам» атты әңгімесімен-ақ жазушы есімі әдебиет тарихында қалады деп нық сеніммен айтқымыз келеді.

Алмат Жалбағаев


P.S.:
Алматты іздеп жүріп тауып алдым. Ал 2017 жылы Стокгольмде өткен Халықаралық әдеби фестивальде әңгіме номинациясы бойынша осы әңгімеммен лауреат атандым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір