Ботайдан басталған бәйге
Туризм және спорт министрлігі және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Ботай қонысынан басталған Ұлы дала жорығы елордада өз мәресіне жетті. Марафон-бәйгеде сәйгүліктер Айыртау мен Астана арасындағы 500 шақырым жерді бірнеше күнде артқа тастады.
Аталған бәйгенің атқа міну мәдениетінің алғашқы ошағы саналатын Ботай даласынан бастау алуы да бекер емес. Тарихи орын бүгінде тұтас көшпенділер мәдениетінің қазығы қағылған киелі мекен саналады. Бірнеше мың жыл бұрын бұл жерде ең алғаш жылқы қолға үйретіліп, медицина, өнер, қолөнер өз дамуының биік сатысына жеткен.
Айыртау ауданындағы аламан бәйгеге қатысушы құрамалар Ботай даласына күні бұрын келіп, жергілікті табиғатпен, көне жәдігерлермен, мәдени мұралармен танысты. Бұл жорыққа Қазақстанмен қатар Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан, Мажарстан елінен келген командалар ат қосты. Еліміздің атынан бұрымды шабандоздардан құралған «Суын», «Томирис» командаларының қатысуы да халықаралық бәсекенің басты жаңалығы болды.
Жарты мың шақырымды бағындыруға жиылған қатысушыларды жарыстың ашылуымен Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов құттықтап, марафон-бәйгенің маңыздылығына тоқталды.
– Ботай – ең алғаш жылқы қолға үйретілген жер. Сол себепті тарихи мекеннің маңызы осындағы барша қатысушыларға құнды деп есептеймін. Бұл шара тек үздіктерді анықтау үшін ғана емес, еліміздің тұмса табиғатын, терең тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін таныту үшін ұйымдастырылып отыр. Барша шабандоздарға сәттілік тілеймін, – деді Исламбек Салжанов.
Бірнеше кезеңге созылған жарыс нәтижесінде, мәреге 17 команданың 9-ы ғана жетті. Қабардин-Балқардан келген шабандоздар үздік атанып, Алматы, Ақтөбе өңірінің құрамалары екінші, үшінші орындарды еншіледі.
Дайындаған Диас АЯҒАН