Ауылдан Астанаға дейін
Колхозбайдың қаласы
Жамбыл облысының Жуалы ауданында тұратын, сексеннің сеңгірінен асқан Қалқозбай жездеміз тауықтың санын тоқсанға жеткізіп, жұмыртқасын Борандының базарына тасып, біразырақ қаржы жинамақ-ты.
Астанаға бару – басты мақсат. «Бәйтерекке» шығу – тәтті арман.
Кесірін қарасаңызшы, бір түнде Терісбұлақтың түлкісі тауығын түп-түгел дерлік тамақтап кетіпті. Төрт-бесеуінің ғана тірі қалып, бұрышқа қарай бүрісіп тұрғанын көрген Қалқозбайдың қаны қайнады. Қазекең «Мал ашуы – жан ашуы» деп бекер мәтелдемес. Төрт түліктің тізіміне кірмегенімен, қызыл тауық, қара тауық, ақ тауық, тарғыл қораздардың ызасы оңайға соқпады.
Түлкіге қақпан құрды. Бірнеше күн кірпік ілмей, сумақай сұрғылтымның жолын аңдыған. Көп ұзамады, қу түлкіңіз қақпанға түсті. Тірідей теректің мықты бұтағына ілді. Сирағынан сымтемірмен шандып байлаған. Сәл көкшілсары көздерінен сорасы пора-пора парлай сорғалаған түлкіге қарап, бүй деді: «Осыншама қорламас едім, қу түлкі. Өзің фашист екенсің. Тауықтың төрт-бесеуін, жүдә тіпті тоғыз-онын жей ғой. Екеу-үшеуін әкете ғой. Қырып тастағаның қалай?! Тартасың енді сазайыңды!».
Он бір бала тапқан келіншек-кемпірі Қамқасы бар, ұл-қызы бар, тауық шығынының орнын тез толтырып, жауыз түлкіге тартқызған жазасына қайран қалысып, Қалқозбайдың қалтасына қомақты қаржы салысты. «Астанаға аман-есен барып қайтыңыз», – десті.
Елордада, Есілдің жағасындағы биік үйлердің бірінде тұратын жиені күтіп алды. Бір аптадай армансыз қыдырды. «Бәйтерекке» шықты. Басқа да таңғажайып орындарды тамашалады. Терісбұлақтан жүз есе үлкен Есіл өзенін бойлап сейіл-серуен құрды. Ертегі әлемінен қайтқандай, қанат байлап ұшқандай ауылына оралған.
Қалқозбай «Біз Астанаға барғанда…» деп бастап, бір жылға жуық жырлап жүрді. Жекеменшік тауық шаруашылығы шалқып, табысы еселенді. Түлкінің тұмсығы батпайтындай бекем қора салып алды. Астанаға жыл сайын сапарлайды. Барған сайын танымай таңғалады. Жыры жылға созылады.
Шәрібектің шаһары
Шәрібек ақсақалдың жасы да Қалқозбаймен шамалас. Көрмегені жоқ. Отыз жетінің зобалаңында әкесі қамалған. Соғыс кезінде өгіз арбадан жолға емес, жарға құлап, миына зақым тиген. «Қобыланды батыр» жырын жатқа білетін бала бір-ақ күнде түгел ұмытқан. Алпыс жылдай арбадан басқа көлікке қолы жетпеген.
Осыдан алты жылдай уақыт бұрын Шәрібектің «жіппен жүретіні» туралы әңгіме гу ете қалған. Ауылында. «Жіппен жүретіні несі? Немене сонда, циркке орналасып па?» – десті жұрт. «Жоқ-ә, түсінбедіңіздер сіздер. Жіппен емес, «Джиппен» келе жатыр екен…».
Кенже ұлы Елордада аса үлкен лауазымға ие боп үлгеріпті. Шәрібек соның қолында тұрады екен. Астанадан аппақ «Джиппен» келетін болыпты. Ауылына. Шынымен-ақ, Шәрібек апта өтер-өтпесте шеткі үйдің алдында ақшаңқан «Джиптен» түсіп, айналасына маңғаздау қарап тұрды.
Бұрындары онша жақтыра бермейтін бауырлары бұл жолы бәйектене жүгірген. «Өй, сол Шәрібекті қойыңдаршы, жардан домалап, шүйдесі тасқа тиген бәле ғой» дейтіндер «Шәке-Шәкелеп», көке-көкелеп, мал соймаққа кіріскен.
Шәкең: «Біздің шаһарымызда», «Айналайын Астана», «Бір күні Кенесары ханның ескерткіші түбінде ойланып отырсам, осы ауданның ардагерлері арнайы сапармен барып, шаһарымызды тамашалап жүріп-
ті», – деп тамылжыта әңгіме шертеді. Кенже ұлы шынымен-ақ мемлекеттік қызметтің биік буынына шығып үлгерген сияқты. Екі қызы елорданың бизнесінде екен.
Басына тиген зақым да, миына келген залал да онша байқалмайтындай. Деседі. Ауылындағы ағайындары.
Таныстардың талайы Астанада
Сонау 1995 жылыңыздың соңына таман республикалық газеттің тілшісі мына бізге бірнеше сауал қойып, сұхбат жариялаған. Сұрақтың біреуі: «Сіз астананың Ақмолаға ауысуына қалай қарайсыз? Егер оң қарасаңыз, осыдан он-он бес жыл кейінгі астананы қалай елестетесіз?», – деп тұр екен. «Астанамыздың Ақмолаға ауыстырылуы дұрыс деп санаймын. Он-он бес жылдан кейін ол қалаңызды танымай қалуыңыз бек бәлкім. Биік-биік, зау-заңғар ғимараттар зораяр. Көпқабатты үйлер самсап тұрар. Ақмола жаққа, Арқаға қарата біздің Оңтүстіктің жастары да, жасамыстары да көбірек қоныс аударады. Құдай қаласа, астанамыздың аппақ үйлерінің балкондарынан: «Әй, ояққа емес, бұяққа қарай жүрсеңші! Жүдә шыли кешігіп кеттің ғой. Өлә-ә-ә, колбасаны көп алғансың ба?» дегендей шымкенттік «диалекті» әуендері естіліп жатса керек-ті», – дегенбіз («Қазақ елі» газеті, 1995 жылғы, 29 желтоқсан).
Әзіл-шыны аралас болжамымыз дұрыс боп шықты. Оңтүстіктен, Шымкенттен жаңа астанаға қоныс аударғандар, жұмыс іздеп кеткендер еселенді. Осы тақырыпты біз жиірек қозғаймыз. Ол – тіпті де жершілдіктен емес. Ақиқаты солай ғой, айналайындар. Әрбір бес қазақтың біреуі Оңтүстік өңірде тұрып жатса, әрбір төрт-бес қазақтың біреуі Шымкент жақта дүниеге келіп жатса, өздеріңіз-ақ есептеп көріңіздерші. Қазақстанның барлық жерінде, Атырау, Ақтау, Ақтөбеде, Семей, Өскемен, Павлодарда… әсіресе, Астанада Шымкент жақтан барып жұмыс істеп, мекен етіп жатқандарға терең түсіністікпен қараған абзал-ақ. Барлық өңірлеріңізде, әсіресе Астанаңызда әрбір бес кетпеншінің біреуі, әрбір бес кеденшінің біреуі, әрбір бес-алты шенеуніктің біреуі, әрбір бес-алты депутаттың біреуі, төрт-бес студенттің біреуі Шымкент жақтан болатыны түсінікті, ұғынықты емес пе?!
Таныстарымыздың талайы Астанаңызда. Бүгінде. Солардың бірқаншасының айтуынша 1997 жылы Ақмолада 300 мыңға жуық қана тұрғын болған. Қазір елордаңызда 1 миллион 50 мыңдай халық тұрады. «Қаншасы Шымкент жақтан барған екен, а-а-а?» деп, қалжыңдап қоятындар да жоқ мес.
Жалпы, қазақтың қасиетті жері – бір ғана жер. Қазақтың қай баласына да – қазақтың қай жері де бірдей ортақ. Қай-қандай қаласы да сондай.
«Әлем қаласы» атанған Астана шаһары да сондай.
Елордамыздың жиырма жылдығы бүкіл байтағымызға бақ-береке әкелсін! Ырыс-құтымыз ынтымақта екенін ерекше есте тұтайық!
Мархабат БАЙҒҰТ.