Қазақ өзгере қойған жоқ
Жалпы, тарихи уақытты кесікті мерзімдеуде ұлы тұлғалар өмір сүрген, сол тұлға қаламына іліктірген кезді темірқазық етіп алу ертеден қалыптасқан жайт қой. Мәселен, батыс ойшылы Карл Ясперс «Тарихтың арналымы мен мағына-мәні» («Смысл и назначение историй») атты еңбегінде біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырдан бергі уақытта адамзат баласы өзгеріске ұшыраған жоқ дейді.
Серік САҒЫНТАЙ,
ақын, жазушы
Ежелден отырықшы ел үшін өзіндік меже болсын. Ал біздің «күн тәртібіміздегі» Абай өмір сүрген кезге дейінгі қазақ қандай, одан кейінгі қазақ қандай деген сауал да ұлы ақынды оқыған сайын оралып тұруы керек дүние. Етек-жеңіңді жиып, кеше мен бүгінге қарау үшін, кешегіден тиянақ тауып, ертеңге баптану үшін, әлбетте. Қазақ Абайдан кейін аса көп өзгеріске ұшыраған жоқ-ау. Өзгерсе, киімі, тұрағы, материалдық жай-күйі аздап өзгерген шығар. Рухани ой-ауаны сол қалыпта қалған сыңайлы. Себебі, ұлы ақын жазған қашық болатын, асық болатын бес нәрсе адамзат баласымен бірге туып, көрге бірге көмілетін құбылыстар ғой. «Қараша, желтоқсан мен… Алдымда қалың тұман… Соқыр жандай, ілбігем бір үміттің отын барлай. Кезікті қасат қарлы қыр баурынан, Күзекте ықтырмамен отырған «бай». Күзеуде ықтырмамен отырған бай, Өмірін ойлап өксіп, опынғандай. Ерте емес кеш барарға жері де жоқ, Жер түгіл тақым сүйер тоқым қалмай. Күзекте ықтырмамен отырған бай… «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай…» Шаңырақ, Казгородок, сорлы Бақай…* Ескі өлең, ежелгі мұң, егілге ел, Қазақтың өзгермеген пормына сай. Қазақтың өзгермеген ғұмыр көші, Азат күн, түрілгенмен түн іргесі. Өгіз аяң өмірді күту үшін, өзге әлемнің белгілі кідірмесі. Өзге өмірге кетті де дана һакім, Қазақтың жазған жан жоқ жарақатын. Сағаттың шықылдағын ермек етіп, Заманның алам дей ме ел марапатын?! Қай-қайда қуған қиял жалғанға жат, Қайғы ойлап, қам жегенмен арман – мазақ. Күзетте қалғып кеткен қарауылдай, Күзекте ықтырмамен қалған қазақ. «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай…» – деп, абайлап жазып та көргенбіз. Қазақ өзгерген жоқ. Ал, ұлы ақын айтқан «Толық адам» мәселесі қай заманда да ашық қалатын мәселе. Ол деңгейге жету үшін, ақын өлшеміне бойыңды шақтау үшін өмірлік ұстанымың бүтін, анық болмағы шарт. Оған мына қым-қуыт аласапыранда адасқан қазақ жете алмайды. Бүгінгі қазақ ойы сан-саққа бөлінген, іздегені шартарапқа шашырап кеткен, ортақ мақсат-мүддесі анық ұлт деу қиын. Мәселен, әсіредіншілдер Абайды қатардағы көп пенденің бірі санайды. Олар үшін Абайға дейінгі, одан кейінгі қазақ қызықты емес. Олар сонау 6-7 ғасырда өмір сүріп жүр. Өмірлік идеалы да сол заманғы адамдар. Болмаса, қаланың қазағын қараңыз. Түгелімен дерлік, ана тілінде сөйлемейді. Жарым жан жарнамалар анау. Жарайды, тіл мәселесі жауыр тақырып дейік. Бірақ адам көзімен көріп, құлағымен естіген дүниесі арқылы айналасына үн қатады ғой. Сол арқылы өмір сүреді ғой. Теледидарлар, газеттер, баспадан қанат қағып жатқан кітаптар, электронды ақпарат құралдары беттерінде иін тіресіп тұрған қателік. Шала қазақ боп, шала сауатты, дүбәра ұлт боп барамыз. Ұлт боп толық қалыптаса алмай барамыз. Толық адамға жету қайда?! Ұлтың, ортаң шала сауатты, дүмше боп тұрғанда жеке бастың абсолют биікке көтерілгені кімге керек! Сондықтан, біз Абайдың ең нашар өлшемдегі адамдары санатынанбыз деуге болады…
*қазақ құқы тапталған ауылдар еді.