Әлемдік үрдістегі сирек құбылыс
Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры
Жалпы адамзат тарихында мемлекеттің астана ауыстыруы адамды таңқалдыратындай оғаш оқиға емес. XVIII ғасырдан бері 69 ел өзінің астанасын бірнеше рет ауыстырғаны белгілі. Олардың ішінде АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Франция, Қытай сияқты бүгінгі күні жоғары деңгейде дамыған елдер де бар.
Әрине, әрбір елдің астана ауыстыруының өзіндік себептері бар. Аса қуатты мемлекет АҚШ бір кезде Англияның Солтүстік Америкадағы отарларының тәуелсіздік жолындағы күресте жеңіске жетуі нәтижесінде құрылған болатын. Сол күрестің кезінде астананы қайта-қайта ауыстыруға тура келді. Ақыры жаңа, тәуелсіз мемлекет құрылғаннан кейін бірқатар қалалар астана болу мәртебесіне өздерін лайықты санап, бақталаса бастады. Осындай жағдайда АҚШ парламенті жаңадан ғана біріккен штаттардың барлығының көңілін табу үшін олардың барлығына бірдей қашықтықта жатқан жерде жаңа қала салуды ұйғарды. Осылайша 1790 жылы Вашингтон қаласының негізі салынды, қаланың атауы бірінші американ Президенті Джордж Вашингтонның құрметіне қойылды, ал астана тұрған штатқа Америка құрлығын ашқан Христофор Колумбтың құрметіне Колумбия деген ат берді. 1800 жылы Конгресс және барлық мемлекеттік мекемелер Филадельфиядан Вашингтонға көшіп келді. Канаданың астанасының ауысуы да оның өткен шақтағы отарлық тарихына байланысты еді. Елдің бұрын ағылшын отарлары болған бөлігінің бас қаласы Торонто мен француз отарлары болған бөлігінің бас қаласы Монреальдің арасындағы астана мәртебесіне талас келісімпаздық жолмен шешіліп, екі жақтың шекарасында орналасқан шағын қала Оттава астана болып жарияланды.
Қазақстан астанасының қайта-қайта ауысуы да осындай өткен шақтағы мемлекеттілігінің қалыптасу тарихына байланысты. Кеңестік кезеңде астана үш қаланың бірінен біріне ауысты, қазақ елінің бас қаласы әуелі Орынбор болды, одан кейін Қызылорда мен Алматыға көшті. Бұл ауысулар Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің жоқтығынан еді. Кеңес Одағының құрамындағы республикалардың шекаралары қозғалмалы болды, Орынбор басқа республиканың жеріне қосылды да, астана тым шағын қала Қызылордаға, одан кейін Кеңес-Қытай шекарасында тұрған Алматыа көшірілді. Бірінші көшіруде болашақ астана болатын қаланың тиімді инфрақұрылымының болу қажеттілігі және жылдам өсу мүмкіншіліктері ескерілмесе, екінші көшіруде астананың мемлекеттік қауіпсіздіктің талаптарына сай келу талабы ескерілген жоқ. Бұл, әрине, Қазақстанның бодан ел екенінің салдары еді.
Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстан дербес сыртқы саясат жүргізе алмайтын, тікелей қорғаныс стратегиясы да жасалмаған. Бодан ел халықаралық маңызы зор мұндай мәселелер
үш бас та қатырып жатпайтын. Ал тәуелсіз мемлекет үшін бас қаланың жалпы ел территориясының географиялық орталығы болуы, демек шекаралардан алысырақта орналасуы айрықша қажетті шарт болып табылады. Осы шарттарға Астана қаласы әбден сәйкес келді. Тура осыған ұқсас оқиға Латын Америкасының үлкен елдерінің бірі Бразилияда болғаны белгілі. Мемлекет астанасының елдің шекараларынан алыс жерде болу шартымен Бразилия астанасын жағалауда тұрған Рио-де-Жанейродан елдің халық сирек қоныстанған ішкергі өңірінде 1957-1960 жылдары арнайы салынған Бразилия қаласына ауыстырды. Пакистанның астанасын Карачиден Исламабадқа көшіруінің себептерінің бірі жақын көршісімен қарым-қатынастарының үнемі шиеленіс жағдайда болуына орай бас қаланы кауіпті шекаралардан алысырақ әкету мақсаты болғанын байқаймыз.
Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласының шағын қала Астанаға көшірілуі мен Бразилия астанасының жаңа ғана салына бастаған қалаға ауысуының ұқсастығы осы екі қаланың елдің шекараларынан алыс болуымен ғана шектелмейді. Бұл қалалар астананың қала ретінде кеңею, өсу мүмкіндігінің мол екендігіне де сәйкес келеді. Алғашында Бразилия қаласы шамамен 500 мың халық тұратын астана болады деп жоспарланған еді. Ал бүгінгі күні бұл қалада 2 миллионнан астам халық өмір сүріп жатыр. Қазақстанның астанасы болған кезде ол елдімекенде 300 мыңдай тұрғын болса, биылғы жылы тұрғындар саны 1 миллионнан асты.
Бұрын орасан үлкен территориясы мен мол табиғи байлығы бар Орталық және Солтүстік Қазақстан аймағы астана болып отырған Алматыға қатысты алғанда периферия болып саналатын. Тың жерлерді игеру де бұл аймақтың табиғи даму үдерісін бұзып жіберді. Бұл осы аймақта урбанизация үдерісінің табиғи түрде, яғни, жергілікті халықтың қалаға ауысуы емес, басқа батыс кеңестік республикалар тұрғындарының ағылып келуі түрінде жүрді. Ұлттық экономика тұрғысынан қарағанда астананы ауыстыру қаржы ағымдарының бағыттарын өзгертуге мүмкіндік берді. Бұл жас Астананың өсу перспективаларын күшейтумен қатар осы аймақтағы миграциялық үдерісте де түбірлі өзгерістер туғызды. Бас қаланың Астанаға ауысуы Орталық Қазақстанның енді өнеркәсіп орталығы ғана емес, іскерлік пен қаржылық ұясы болуына да жағдай туғызды. Тап осындай өзгерістерді Бразилияның жаңа астанасынан да көреміз. Бірнеше жылда ғана негізі қаланған Бразилиа қаласы 70-ші жылдарда кәсіпкерлік орталығына айналды, ол бүгінде елдің ұлттық жиынтық өнімінің 3,5 пайызын береді.
Бүгінгі таңда астанасы орналасқан аймағында халықтың тым тығыз қоныстануы, астананың экологиялық жағдайының күннен күнге нашарлай беруі, оның табиғи апаттар жиі болатын жерде орналасуы сияқты мәселелер мазасыздық туғызып отырған мемлекеттер баршылық. Мәселен, Индонезия халықтың орналасу тығыздығы аса жоғары Джакартадан астананы көшіру идеясын үнемі талқылаумен отыр. Тайландтың астанасын үнемі су тасқынына ұшырап отыратын Бангкоктан басқа қалаға көшіру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Иран мен Жапонияның қазіргі астаналарының жер сілкінісі жиі болатын жерлерде орналасуы да осы елдер үшін шешімін таптыруы тиіс көкейкесті мәселе болып отыр. Алайда бұл мемлекеттер шұғыл шешім жасай алмай отыр. Осы жағдайларға қарайтын болсақ, Қазақстанның астанасын жылдам шешіммен Астанаға көшіру – Елбасының ең басты көрегендігі дей аламыз.
Қазір кез келген шетелдіктер қызыға қарайтын Қазақстан Елордасының өркендей өріс жаюы – әрине, іскер басшының жүзеге асырып отырған мықты саясаты. Көрініс, көркі де өзге ешбір елдер орталығына ұқсамайтын шаһардың бүгінгі экономикалық, мәдени өрлеуі жұрт назарын аударып отырғаны да рас. Кешегі келеңсіз көріністі елдімекен бүгін өзгелерді де елең еткізер астанаға айналуы – әлемдік үрдісте сирек құбылыс. Құлақ естігенге емес, көз көргенге сенеді деген, міне, осы.
Жиырма жылда жаһанға танылған қаланың ертең жас ұрпақтар жалғастырар жаңалықтарын Көшбасшымыз әлі де айқындай түсер.
Ең бастысы – ел іргесі тыныш болсын деп тілейік.