2023: ӘЛЕМДІК ӘДЕБИЕТТЕГІ ЖАҢАЛЫҚТАР
31.12.2023
306
0

2023 жылы әдебиетте нендей жаңалықтар болды? Оқырман қандай шығарма оқиды? Осы ретте біз 2023 жылғы өнер саласындағы оқиғалар тізбегімен таныстыруды жөн көрдік. Ван Гогтың ұрланған картинасы табылды, оқырмандар Азияға бет бұрды, Нобель сыйлығы берілді және басқа да жаңалықтарды еске түсірейік.

  Қайта табылған жәдігерлер

Биыл 2023 жылы сурет өнеріндегі маңызды оқиға бұл – Винсент Ван Гогтың суретінің табылуы. «Көктемгі бақ» деген туындыны 2020 жылы нидерландық музейден ұрлап кеткен еді. Биыл белгісіз біреу Артур Бренд деген өнерге қатысты қылмыспен күресіп жүрген тергеушінің есік алдына қойып кеткен. Содан кейін тергеушінің пәтеріне тағы алты картинаны тастап кеткен. Бұлар – жалпы құны 100 мың еуро тұратын нидерландық монархтардың портреттері.
Сондай-ақ биыл Англиядағы пәтерді жөндеу кезінде құрылысшылар 1635 жылы жазылған өлең жинағындағы оқиғаларды бейнелеген ХVII ғасырда жасалған фрескаларды тауып алған. Одан бөлек Хэмптон-Корт сарайының кураторлары Артемизия Джентилескидің картинасын тауып алған. Бұл картина 200 жыл қоймада жатқан. Түсі өзгеріп, оған қоса біреу үстіне басқа сурет салған.
2023 жылы табылған өнер туындылары ішінде француз реалисті Гюстав Курбенің картинасы да бар. ХІХ ғасырда салынған картина 2016 жылы Пенсильвания университетінің стоматология мектебіндегі жертөлесінен табылған.
Биыл табылған құнды өнер туындыларының бірі – Рембрандтың екі жұмысы. 1635 жылы салынған картиналарды бір отбасы 1824 жылы сатып жіберген. Бұл туындылар тек пандемия кезінде табылып, биыл анықталды. 

Нобель сыйлығы

Биылғы Нобель сыйлығының әдебиет саласы бойынша лауреаты – Юн Фоссе. Норвегиялық ақын, жазушы, драматургтың шығармашылығына Швед академиясы «Жеткізуге болмайтын, жеткізе алмайтын нәрселер қылаң беретін жаңашылдық пьесалары мен прозалары үшін» деген анықтама берген. Лауреаттың драмалары – ХХІ ғасырдың басында әлем сахналарында қойылған сұранысқа ие шығармалар. Ю.Фоссе бұған дейін Ибсен сыйлығы (1996), Нетровский сыйлығы (2000), Брага сыйлығы (2005), Киелі Олаф Ордені (2005), Швед академиясының Солтүстік сыйлығы (2007), Халықаралық Ибсен сыйлығы (2010) секілді бірнеше сыйлыққа ие болған.
«Мен әлемнің құпиясы туралы жазғым келеді. Оңай жол, оңай жауап іздемеймін. Өзімнен кейін де жұмбақ болып қалатын дүние қалдырғым келеді. Дегенмен, ешқашан қиын жазуға тырыспадым. Менің жолым – қарапайым жазу, барынша терең бойлау», – дейді Ю.Фоссе.
30 жасында пьеса жаза бастаған жазушының бүгінге дейін 40 шығармасы қойылған. Шығармалары 50 тілге аударылып, бір мың театрда сахналанды.
«Жаңа есім: Септология VI-VII» деген соңғы романдарының бірінде қарияның Құдаймен қарым-қатынасы туралы баяндалады. Бұл роман өткен жылы Букер сыйлығының шорт-листінде болған. Ю.Фоссе Нобель сыйлығын алған төртінші норвегиялық. Соңғы рет осыдан 95 жыл бұрын скандинав елінің әдебиеті әлемдік сыйлыққа ие болған еді. Бьернстьерне Бьернсон (1903), Кнут Гамсун (1920) және Сигрид Унсеттен (1928) кейін Юн Фоссе де тізімге кіріп отыр. Оның шығармашылығындағы минимализм, норвег тілінің шұрайы мен өз ұлтының табиғатын модернизм әдістерімен бітістіріп жіберіп, өз жолын тапқан жазушы деп те айтады мамандар. 

Оқырман не оқиды?

ТМД елдеріндегі кітап нарығын зерттеген мамандар оқырманның Азияға деген аңсары ауып тұр дейді. Азиялық авторлардан бастап, шығыс элементтерін қосқан шығарма (қытай, жапон, кәріс), азиялық стильде әрленген мұқабаға дейін бүгін сұранысқа ие. Сары құрлыққа қызыққан оқырманның саны көбеюінің себебі – мәдениет. Ерекше сюжет, кейіпкерлердің өзгеше ойлауы, менталитет өзгешелігі еуропалық, батыстық адамдарға ұнайды. Бұл үрдіс анимэлердің, музыка мен кино, сериалдар мен мангоның арқасында жүріп жатыр. Әлем жұртшылығы бұл өзге сипаттағы өнерге аңсары ауып тұрғаны да содан.
Қазір әлемде young adult бағыты қарқынды дамып келеді. Бұл – жасөспірімдер мен жастарға арналған әдебиет. Бүгінде көркем әдебиет нон-фикшнге жетіп үлгерді. Оның басты себебі – жастарға арналған прозаның көбеюі. Осыдан он жылдай бұрын жастардың кітап оқуы, оқымауы туралы көп әңгіме, дискуссия болатын. Бірі – жастар кітаптан мақұрым, мүлде оқымайды, осымен кітап дәуірі өледі десе, енді бірі – керісінше, жастар гаджетпен әлеуметтен жырақ қалып, кітап оқуға кіріседі. Бұл – қоғамда өз орнын табуға тырысқан адамның әрекеті. Екі адам бірдей кітап оқыса, онда олардың қызығушылығы да бір деген сөз. Ортақ ой, ортақ нәрсе тапқан адаммен қарым-қатынас құру да жеңілдей түседі. Осы айтылған сөз бүгінде шындыққа жанасып келеді. Тіпті Қазақстанда да кітап оқитын жастардың саны көбейді. Оған біздегі баспалар санының да күрт артқанынан байқауға болады. Қазақша кітаптардың сөредегі орны көбейді. Бұның бәрі – жастардың, жасөспірімдердің үлесі. Қазақстандағы кітап нарығы солардың арқасында әупіремдеп жұмыс істеп тұр.
Үшінші тренд бұл, әрине, классикалық әдебиет. Бұл кітаптарды қайта басып, шығара бергеннен ұтылған баспа болмайды. Классикалық шығарманы жаңа мұқабамен заманға сай, оқырманға ұнайтындай етіп әрлеп, сатылымға шығарса, бұл кітаптар дүкен сөресінде ұзақ тұрмайды.
Мұқабаның өзін өнер туындысына айналдырып, бүгінде кітапты әрлеуге әлемдік деңгейдегі иллюстраторлар келіп жатыр. Қазір визуалды көрінісі әлдеқайда маңызды. Бұрынғыдай классикалық үлгідегі кітаптар ешкімге қызық емес. Үoung adult аудиториясы үшін мұқабаның өзі «арт туынды» болуы маңызды әрі текстің иллюстрациясы салынуы керек.

Букер сыйлығы

Биыл Букер сыйлығы болгариялық жазушыға бұйырды. Ақын, жазушы, әдебиетші, сыншы Георгий Господинов «Time Shelter» деген романы үшін халықаралық сыйлыққа ие болды.
Бұл романы оқырманға қызық тақырыпты арқау еткен. Бұл – жады тақырыбы. Шығармада баяндаушы Швейцарияда Альцгеймер ауруын емдейтін клиника ашқан Гаустин есімді адаммен таныстырады. Гаустин емделушілердің жадын қайтару үшін 1940, 1950, 1960, 1970 т.с.с. белгілі бір дәуірді көрсететін арнайы бөлмелер дайындайды. Оның тәсілі сәтті болғаны сонша, алдымен желіде тарап, клиника өсіп, кейін белгілі бір дәуірді көрсететін қалалар пайда болады. Оған тек ауру адамдар ғана емес, өмірден жалыққан, өткенін сағынғандар да барады. Кейін Еуропада референдум өтіп, белгілі бір елдер нақты бір дәуірге оралуға ұйғарады.
Бұл романда утопия мен фантастика астасып кеткен. Оқырманға қызық әрі өтімді шығарма. Әлбетте бұл роман жыл­дың ең үздігі бола алмас, дегенмен 2023 жы­лы шыққан шығармалар арасында бел­гілі бір деңгейде мұрағатта қалатындай роман.

Дублин сыйлығы

2023 жылы Дублин сыйлығын неміс жазушысы және драматург Кати Оскамп алды. «Марцан, менің махаббатым» романы 2019 жылы басылған. Бұл – оның ағылшын тіліне аударылған алғашқы шығармасы. Бұл туынды көбіне жазушының өмірлік тәжірибесінен алынған. Шығармада К.Оскамп бір жағынан мемуар, екінші жағынан Марцан тұрғындарына деген махаббатын жазған. Берлиннің жанындағы қалашық кезінде ГДР-дың үлкен тұрғын үй кешені болған. Дублин сыйлығының қазылары мұндай романды бұрын-соңды оқымадық дейді. Бірде ішек-сілең қатып күлсең, енді бірде көзге жас үйіреді.
Романда Кати есімді кейіпкер әдебиеттен жолы болмаған соң, педикюр маманы болады. Марцандағы клиенттері мен әріптестерінің әңгімесін мұқият тыңдап, сондағы тіршілікті адамдардың сыры арқылы көрсетеді. Әр әңгіме әдемі әрленген. Әзіл мен шындық, қайғымен бітіскен.

P.S. Биыл әлемдік әдебиетте айтарлықтай жаңалық бола қойған жоқ. Дегенмен, әдебиет – қашанда «үнсіздікті» қалайтын өнер саласы. Мұнда сурет, кино, театрдағыдай визуал эффектілер жоқ. Әдебиетте адамдар өзімен-өзі қалып, шығарманы іштей қорытып, соны қайта сүреді.
Үнсіздікті ұнататын әдебиеттегі өзгерістерді айтпасқа болмас. Жоғарыда атап өткеніміздей, әдебиет жастар мен жасөспірімдерге бағытталып барады. Бұның себебін әлеуметтанушылар түсіндіре жатар. Жалпақ тілмен айтсақ, қоғамдағы оқшаулану кітап оқуға жол ашып отыр. Қазақстандағы кітап нарығы да сол үрдістің шебін бастан кешіп келеді. Кітап ұстайтын жастардың, әсіресе мектеп оқушыларының саны өсіп келеді. Бұл алдымен корей, жапон мәдениетіне қызығатындар екенін де айта кеткен жөн. Бүгінде манга мен дораманың кітаби нұсқасын іздеп оқитын мектеп оқушылары көп. Баспа саны мен сапасы да өсіп келеді. Әлемдік классика, балаларға арналған шығармалар, жаңа шыққан кітаптарды аудару ісі де алға жылжуда. Бұл үрдіс тоқтамаса, біздің де әдебиетіміз әлемдік ареналарда бой көрсетіп, нарыққа кіріп, халықаралық деңгейде айтылады деп сенеміз.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір