2017 жыл – әдебиетіміз үшін табысты жыл
29.06.2018
813
0

Любовь ШАШКОВА,
ақын, аудармашы


Ойлап қарасам, өткен жыл облыс ор­та­лығымен қоса, Алматы, Астана секілді ірі шаһарларда, шетелде тұратын көптеген Қазақстан ақын-жазушыларын ашқан жыл есебінде есте қалды. Олардың ішінен Адольф Арцишевский, Ғаділбек Шалах­метов, Бақытжан Қанапиянов, Надежда Чернова, Светлана Ананьева, Темірболат Ахметов, Ольга Григорьева, Юрий По­минов, Ольга Шиленко, Сергей Комов, Любовь Медведьева, Евгений Титаев, Александр Курленя, т.б. айрықша атап өтуге тиіспін. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты құжатында қалың қаламгер қауымы мен Қазақстан Жазу­шы­лар одағының алдына жаһандану жағ­дайында тек қазақ мәдениетін, қазақ әдет-ғұрпын, ұлттық кодты сақтап қалу ғана емес, төл әдебиетімізді, мәдение­тімізді, өнерімізді өзге кеңістікке шығару, әлем жұртшылығына таныту, дәріптеу мәселесін қойып отыр.
Осы ретте, шетелде жарық көрген Қа­зақстан қаламгерлеріне тоқталып өтуді жөн көрдім… 2017 жылдың қазанында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пә­терінде «Қоғамдық сананы жаңғырту: Нұрсұлтан Назарбаев моделі» атты ғылыми-теориялық конференция өткенін білесіздер. Аталмыш шара аясында қазақтың қарымды қаламгері, ақыны, жазушысы, кинодраматургы, әрі қоғам қайраткері Бақытжан Қанапияновтың французшаға аударылған «Обратная перспектива» аты жыр жинағының тұсауы кесілді. Оны Тьерри Маринья тәржімаласа, алғысөзді Кира Сапгир мен бельгиялық профессор, әдебиеттанушы Кристофер Жерар жазды. Бақытжанның «Плач кочевой звезды» орысша, армянша, ал «Коче­вая звезда» кітаптары орысша, по­-
л­як­ша сөйледі. Қазіргі Қазақстан әдеби үрдісінен хабар беретін Светлана Ана­ньеваның шетелдегі әріптестерімен бірлесе жазған кітабы Венгрия мен Румынияда (Валентина Вегваримен «Русская лите­ратура в мировом пространстве» және Ха­диша Нұрғалимен ««Национальные литературы в мировой культуре») жарық көрді. Бұл тізімге Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Мировой литературный процесс: контент, направления, тренды» атты ұжымдық монографияны қосыңыз. Осынау ғылыми еңбек Молдова, Ресей, Қытай әдебиеттанушыларымен тізе қоса отыра, Светлана Ананьеваның редак­ция­сымен жарық көрген. Мәскеудегі «Моло­дая гвардия» баспасынан «ҒАӨ» («ЖЗЛ») сериясымен ақын, жазушы Валерий Михайловтың Николай Заболоцкий туралы жазылған «Иволга, леса отше­ль­ница» атты кітабы оқырманға жол тарт­қаны белгілі. Заболоцкий үшін Қазақстан жат жер емес. Себебін айтайын, ол он жыл бойы айдауда болып, Қарағандыда қа­мал­ған. Ал, В.Михайлов сол – Қарағандының тумасы. Онда Валерийдің аталары шахтада жұмыс істеп, әкесінің отбасы сол қалада опат болған. Михайловтың Зоболоцкий жөніндегі еңбегі – «ҒАӨ» сериясы аясындағы Лер­монтов пен Баратынскийден соңғы ізін ала шыққан үшінші кітап. Замандастары Зобо­лоцкийді орыстың ұлы ақындарымен қатар қойған. Ал, Корней Чуковский оны Тютчев пен Баратынскийден ешбір кем санамаған. Өткен жылдың соңында дәстүрлі Мәскеу кітап жәрмеңкесінде интеллектуалдық күш-қуатына қарай (non/fiction) Валерийдің бұл кітабы үздік жүздікке енгенін айтып, Сіздерден сүйінші сұрағым келіп тұр. Ал, үзінділері «Просторда» жарияланған (№10-12, 2017 ж., 1-3, 2018 ж.). Сол Мәскеудегі «Ху­дожественная литература» баспасынан Ғаділбек Шалахметовтың «Пятый сон» кітабы жарық көрді. Ол тарихи романды да «Простордан» (№8, 2017 ж.) оқи аласыздар. Ақпанның орта шенінде Қазақстан Жазу­шылар одағы Әдебиетшілер үйінде ақын, режиссер Бақыт Қайырбековтың «Много­точие» атты жинағының тұсаукесері мен сол аттас шығармашылық кеші өткен еді. Байқасам, «Многоточие» жүрекпен жазыл­ған екен. Ондағы тағдыр, ондағы сезім оқыр­манды бей-жай қалдырмай, еріксіз елітетіні сөзсіз. Осы жинақтағы Жадыра Дәрібаеваның өзінің курстасы, әрі қатарласы Бақыт турасындағы мақаласы ақын табиғатын тани түсуге мүмкіндік береді. 2017 жылы Адольф Арцишевскийдің 80 жасқа толуына орай жарық көрген «Созвучие» атты өлеңдер топтамасын ерекше атап өткім келеді. Мұнымен қатар, Любовь Медведьеваның «Ра­дость моя», Ольга Григорьеваның «Ничегонеповторенье», Александра Кур­леня­ның «Свидание с эпохой», «Безбородый обманщик», «Новые приключения Федота-стрельца-удалого молодца», Евгений Ти­таевтың «По утренней росе», Михаил Синельниковтың «Семиречье» мен Ольга Шиленконың кітаптары – 2017 жылдың олжасы. Мәскеудің «Дикси Пресс» баспа­сынан «Соединяя берега» атты жинақ оқырман қолына тиді. Оған Евгений Курдаков, Сергей Миляев, Петр Лопатин, Юрий Савченко, Федор Черепанов, Сергей Ко­мовтардың шығармалары топтастырыл­ған. Былтырғы жылы жарық көрген Надежда Чернованың «Кудыкины горы» мен Темір­болат Ахметовтың «Родник у озера» атты прозалық жинақтарына жоғары баға берер ем. Ал, ай бұрын Мәскеуде орналасқан Қазақстан елшілігінде кезекті «Казахстан-Россия» альманахының тұсауы кесілді. Ол шараға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет, Одақ төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Төлен Әбдік, Есенғали Раушанов секілді ақын-жазушылар қатысты. Жинақтың құрастырушы-редактор міндетін мен атқардым. Су жаңа альманахты та­ныстыру барысында әдеби байланыстар жөнінде сөз болып, тұшымды ойлар, парасатты пікірлер айтылды. Жарық көрген соңғы 3 том – Қазақстан мен Ресей әде­биет­танушылары мен сыншылары үшін таптыр­мас дүние. «Казахстан-Россия» альмана­хы­ның әдеби жағрафиясы мейлінше кеңеюіне 2017 жылдың мамырында өткен Еуразия халықтарының I съезі сеп болып, онда тек қазақ қана емес, сондай-ақ, әр-әр жерде шоқпыт-шоқпыт боп жүрген татар, башқұрт, якут, бурят, Солтүстік Қапқаз қаламгерлері шоғырлану нәтижесінде, 63 автор бір-бірінің шығармашылығымен танысты. Ендігі, төртінші кітап әзірлену үстінде екенін ұмытпағайсыздар. Ұлы Шуберт: «Қызығу­шы­лық жоқ жерде, өнердің де өрісі тары­лады» деген екен. Дәл осы сөзді әдебиетке де қатыс­тыра қолдансақ, шындықтан алыстамасымыз анық.

Орысшадан аударған
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір