Шетелдегі қаламгерлер шығармашылығы
Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ, әдебиеттанушы
Қазақстаннан тысқары елдердің ішінде Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей елінде өзге елдерге қарағанда қазақтардың саны көп. Бұлардың ішінде сан жағынан да, ақын-жазушылардың қосыны жағынан да ең көбі Қытай еліндегі қазақ диаспорасы. Аты шулы «мәдениет төңкерісінен» кейін ол жақтағы қазақ әдебиеті біршама жақсы өсіп-өркендеді. 1970 жылдардың соңынан қазірге дейін оларда 200-ден астам роман, 2000-нан астам повесть, бірнеше мыңдаған жыр жинақтары жарық көрген.
Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің бір топ талантты шоғыры қазақ елі тәуелсіздік ала салысымен атамекенге қоныс аударғанын білесіздер. Жақсылық Сәмитұлы, Серік Қапшықбайұлы, Оразанбай Егеубаев (Орекең бабалар сөзі 100 томдығының 10 томын Қытай қазақтарының ауыз әдебиетінен дайындаған болатын, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Сәли Сәдуақасұлы, Сейітхан Қалиұлы, Қазез Райысұлы, Керейқазы Нұрсадықұлы, Ыбырай Қошқари, Қажыбек Төтекин қатарлы аға буын қаламгерлер тәуелсіз қазақ еліне келіп, азат елдің әдебиетіне өз үлестерін қосты. Әсіресе, Жақсылық Сәмитұлы «Қаһарлы Алтай» деп аталатын трилогиялық романы арқылы Шыңжаңдағы қазақтардың азаттық күресін, басынан өткен ауыр күндерін төкпей-шашпай отырып мөлдіретіп жеткізіп берген болатын. Серік Қапшықбайұлы қазақ өлеңіне жаңа түр, жаңаша стиль қалыптастырған ақын. Ол кісінің жаңаша үлгідегі өлеңдерін терең танып-түсініп, зерттеп-зерделеген әдебиеттанушылар қазіргі таңда бола қойған жоқ. Тұрсынәлі Рыскелдиев «Ұлы көш» деп аталатын көптомдық романдар циклі арқылы арғы беттегі қазақтардың тағдыр-талайын кең масштабта бейнелеп берді. Жазушы бұдан кейінде Елбасын өзекті кейіпкер етіп ала отырып, Семей полигонының қасіретін және оның қалай жабылғаны жайлы келесі романын жазып, жариялады. Екінші толқын ақын-жазушылардан Тұрсынхан Зәкенұлы «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгі тас» қатарлы тарихи тақырыпқа жазылған романдарымен оқырман назарын бірден аударғанын білесіздер. Ғалым Қалибекұлы прозалық және поэзиялық шығармалары арқылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Әдебиеттің әр түрлі жанрында жазып жүрген «Көк тудың желбірегені» деген бір ғана ән мәтінімен бүкіл қазақ еліне танымал болған ақын Алмас Ахметбекұлы, «Ақжайқын» деген жыр жинағымен поззия айдынын ақжарқын күйге келтірген Сламхат Сейітқамзаұлы, Қалқазат Ыбырайұлы, Қазақстанда соңғы кезеңде діни-танымдық, имандылық тақырыбында өндіре жазып жүрген Керім Елемесұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы сынды ақындардың қарымы ерекше. Ақын, қытайтанушы, аудармашы, әлденеше жыр жинақтарының, ғылыми-танымдық кітаптардың авторы Дүкен Мәсімханұлы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды. Ләззат Игісінқызы мен Мағиза Құнапияқызы сынды қаламдас қыздар өз талантын қазақ еліне танытты. Мұрат Шаймаранды оқырман қауым шығыс шайырларының үлгісімен жазатын ақын деп бағалап жүр. Ақындар Ғадылбек Темірғалин, Мұқаш Қожахметтер де жыр жалауын желбіретіп келеді. Мұрат Шаймаранның тұстастары: Ауыт Мұхибек, Адалбек Ақмәди, Мұратхан Шоқан, Бекқожа Жылқыбек, Гүлісхан Домалайқызы, Ардақ Нұрғазы қатарлы ақындар өнімді еңбектеніп келеді. Ардақ Нұрғазы ақ өлең стилімен жазатын өзіндік өзгеше өрнегімен жаңаша жазатын ақын әрі білікті сыншы.
Бұлардан кейінгі толқында Рысбек Дәбей, Ұларбек Дәлей, Талапбек Тынысбек, Ұларбек Нұрғалым, Ерғали Бақаш, «Түн пырақтары» жыр жинағының авторы Тоқтарәлі Таңжарық, Ахат Әшуұлы, Төлеген Меллат, Ербол Алшынбай «Құлан ауған» жыр жинағының авторы, Қалау Сәлеметбай, Серік Боқан, Ризабек Нүсіпбек, «Боз жусан бүр жарғанда» жинағының авторы Ұмтыл Зарыққан қатарлы бір шоғыр талантты жас ақындар өнімді еңбектеніп келеді. Бұлардың ішінде Тоқтарәлі, Рысбектер ақ өлең стилімен еркін жазуды машық етіп келеді. Басқалары да өзіндік қолтаңбаларымен оқырман қауымның көз айымына айланып отыр. Ұларбек Дәлейдің «Қанымдағы қасқыр иісі» жыр жинағын айрықша атап өткім келеді. Ерғали Бақаштың «Жастық жалыны» жыр жинағы оқырман сарабына жол тартып отыр.
Бұлардан кейін «Қарала сырмақ», «Жапырақ жауған күз» жыр жинақтарының авторы Жақсылық Қазымұрат, Ретбек Мағаз, Есбол Нұрақымет, Әріби Дауыл, Естай Божан, Қайсар Қауымбек, Әділет Ахмет, Көкбөрі Мүбәрәк, Ерзат Асыл қатарлы бір шоғыр жас талантты ақындар үлкен үміт күттіріп, тебіндеп өсіп келе жатыр.
Прозада жоғарыда аталған үлкен жазушылардан кейінгі буыннан Мұрат Алмасбекұлы деген таланты жас жазушы шұрайлы тілімен, шашаусыз сюжетімен, көкейіңде ұзақ сақталар образдарымен есте қалатын жақсы әңгімелер жазып жүр. Оның «Қан», «Үш бейіт», «Ноқта», «Жол аруағы», «Бура Доңғыл», «Бөрібас белгі» қатарлы әңгімелері терең ой қозғаған шығармалар. Мұраттың «Ана қадірі» деп аталатын төрт сериялы көркем сценариі мен «Отыңды өшірме» атты 20 бөлімді телехикаясы Қазақстан Ұлттық арнасының тапсырысымен жазылып, түсірілім аяқтауға жақын алдында тұр. Мұрат кинодраматург болып қалыптасып келе жатыр. Иманғазы Нұрахметұлының «Топыраққа түскен сәуле», «Қайыршылар қақтығысы», «Шашы өртеніп тұратын қыз», «Бақсының күлкісі» қатарлы әңгіме жинақтары жарық көрді. Төрт томнан тұратын «Мөде қаған» тарихи романының алғашқы кітабы жарық көру алдында. Жазушы, аудармашы Серік Нұғыманның «Жоқ іздеген жан» қатарлы кітаптары жарық көрсе, жазушы Қойшыбек Мүбәрәк «Жат құшақ» деп аталатын әңгімелер жинағымен оқырман қауымға жақсы қырынан танылды. Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» атты романы жарық көрді. Рысбек Дәбейдің «Жылқы атылған жаз» деп аталатын романы үстіміздегі жылы жарық көрсе, «Әкелеріміз айтатын әңгіме», «Мөлтіл» қатарлы прозалық жинақтары оқырмандар қолында. Талапбек Тынысбекұлы «Арғы жағы Ертістің бергі жағы» атты кітабы жарық көрді. Болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған Ерболат Әбікеннің «Министр» атты әңгімелер жинағы оқырмандар арасында жақсы аңыс қозғады. Ерболаттың бес бірдей кітабы қазір оқырмандар қолында. Еркежан Бейсенбекқызының «Көктем қыздың ерніндегі күбірлер», Жеңіс Қаненұлының «Тыныштық», Дүйсенәлі Әлімақынұлының «Қараша құстар қазалы» қатарлы кітаптары жарық көріп, оқырмандардың жылы ықыласына бөленуде. Бұлардан кейінгі буыннан Есболат Нұрахмет, Әннас Бағдат, Ықылас Шалғынбайлар драматургия жағында өз жолдарын тауып келеді. Әннастың, Әскерханның пьесалары сахнада қойылып жүр. Кинодраматург Сержан Зәкерұлы «Тар заман», «Кейкі мерген» деген киносценарийлер жазды.
Фольклорист Асқар Игенұлы қазақтың халық ауыз әдебиетінен тоғыз том кітап құрастырып, өткен жылы баспадан шығарған болатын.
Ал Моңғолиядағы қазақ әдебиеті де жан-жақтылы дамыған, еңсесі биік әдебиет екендігін білесіздер. Ол елден Жүкел Қамай, Ерболат Баятұлы, Бахытбек Бәміш, Ақеділ Тойшанұлы қатарлы бір шоғыр орта буын ақын, әдебиетшілер қазақ әдебиетінің үлкен арнасына келіп қосылған. Бұлардың өкше ізін баса Әскерхан Ақтай, Ербол Бейілхан, Дәулеткерей Кәпұлы, Бахытгүл Зарқұмар, Ақсұңқар Ақынбаба қатарлы бір шоғыр талантты ақындар бар. Бұл ақындардың тілі шұрайлы, бейнелі де, бедерлі, сөз иірімдері астарлы да терең. Бұлардың ішінде Дәулеткерей мен Ақсұңқар «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері. Ал Әскерхан Ақтай драматургияға да қалам тартып, пьесалар жазып жүр. Ербол Бейілхан тартымды әңгімелерімен оқырмандарға жақсы таныс. Бұлардың барлығы да әлденеше жыр жинақтарының авторлары. Бұлардан бері қарай өлеңдерін терең ойға, пәлсафаға құрып жазатын Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Айжан Тәбәрәк, Бахытбек Қадыр, Алтынғадыс Күнтуғанұлы қатарлы талантты жастар шоғыры бар. Ербол Бейілхан өлеңмен қатар әңгімелер де жазып, жақсы танылып келеді. Әлі де жеке жинақтары шыға қоймағанмен, Нұрлан Қабдай, Өміржан Әбдіхалық сынды жас жазушылар алар асуы алда екендіктерін көрсетіп келеді.
Ал енді өзбек елінен келген әдебиет өкілдері арасында жас ақындар Бекзат Самадияр, Тұрсынбек Башар қатарлы жас таланттар бар. Бекзат Самадияр әдебиеттің сын жанрында да еңбектеніп, сыншыл ойдың иесі екендігін танытып келеді. Оның сын мақаласы «Рух» халықаралық әдеби конкурсында бірінші орынды жеңіп алған болатын.
Бауырлас түрік елінен абыз ақсақалымыз Қалифа Алтай Гималай асқан қазақтардың тағдыр-талайын өз басынан кешкен көшірмелері арқылы «Атажұрттан Анадолыға» атты қатарлы әлденеше жыр жинақтарында, естелік-эсселерінде боямасыз баяндап берді. Осы тақырыпты ары қарай Германияда өмір сүрген ағамыз Қасен Оралтай «Елім-айлап өткен өмір» кітабында одан әрі тереңдетіп қаузай түсті. Түрік елінде тұратын тағы бір бауырымыз Әбдул Уахап қара Мұстаф Шоқайдың өмірінен аса құнды кітап жазып шықты.
Қысқаша айтқанда, шетелдерден атамекенге қоныс аударған ақын-жазушылардың бір ғана айнымас тақырыбы болды. Ол – қазақ елінің Тәуелсіздігін жырлау. Дүниеге тарыдай шашылған алпыс баулы Алаш жұртының қуанышқа жарлы бүкіл өгей өмірін өзегіңді өртей отырып, өлең сөзбен өрнектеп берді. Бұл ұлттың ұлы құндылығы!
Сөзімнің соңында бір-екі ұсыныс айта кетуге рұқсат етіңіздер: Бірінші, Шыңжаң қазақ әдебиетінің классигі, Қытай түрмелерінде 40 жыл жатқан Қажықұмар Шабданұлының алты томнан тұратын «Қылмыс» атты роман-эпопеясы біраз жылдардың алдында аз ғана таралыммен басылып шыққанын білесіздер. Қазіргі кезде сол романды сұраушылар қатары өте көп. Сол шығарманы көп тиражбен қайта басып шығаруға ықпал етсеңіздер екен.
Екінші, 1880 жылдары Қазан баспасынан әлденеше жыр жинақтарын шығарған діни ғұлама, аса ірі ақын Ақыт Үлімжіұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Екі ғасырдың алдында Қазаннан кітаптары шыққан ақынның қазақ елінде бірде-бір жинағы баспа бетін көрмеген екен. Сондықтан Ақыт Үлімжіұлының кітаптарын шығаруға ықпал етсеңіздер екен.
Үшінші, шетелдегі қазақ жазушыларының қазақ елінде шығуға тиісті кітаптарын Жазушылар одағы жанындағы «Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің» сарабынан өткізіп барып шығаруға қаулы қабылдасаңыздар екен.