Әмір Темір туралы
Құрметті Исраил САПАРБАЙ!
«Қазақ әдебиеті» газеті 18 мамырда жариялаған «Жігіттің падишасы – Әмір Темір» деп атаған тарихи сипатқа ие мақалаңызды оқып, өз заманында күллі Азияны дүбірлеткен, сол үшін «Азияның ақсақ барысы» атанған, үздік қолбасшы, кемеңгер, аса қаһарлы ел билеушісі жайында мейілінше көсілткен еңбегіңізді оқып, ізденгіштігіңізге қайран қалдым. Сөйте тұра, бауырым, осы еңбегіңіздің пролог атаған кіріспесіндегі қисынсыз бір жайтқа таң қалдым және сол сіз ардақтаған Әмір Темірге мүлдем жанаспайтын өзге пенде екенін үлкендік жолыммен ескертуге мәжбүрмін.
Өз уәжіңізге кіріспе сөзде сіз Ақан серінің «Майдақоңыр» алғашқы шумағын: «Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында, Шырқаған Ақан сері – «Майдақоңыр» – деген сөзін дәлелге келтіресіз де бала күніңізде мұғалім әкеңізбен тайталасқан оқиғаны қайталайсыз. «Ақан сері Әмір Темірді неге жігіттің падишасы…» – деп әнге қосқанын өзіңіз шүбәсіз сенген ойыңызды бекемдейсіз. «Ақан сері айтса бірдемені білген шығар, ауызға жайдан-жай ала салды деймісің…» деп әкеңізді де, оқырманды да осы тұжырымға мойындатасыз. Әлбетте іле-шала «Азияның ақсақ Барысы» атанған Әмір Темірдің күллі жорықтарын, кімдерді жеңіп, қаншама халықты өзіне бағынышты еткенін газеттің екі бетіне созып ұзақ сонар әңгімелейсіз. Оған айтар менің дауым жоқ, өйткені мен сол тұлғаның тарихынан бейхабар адаммын.
Мені ерекше таңдандырған жайт: Ақан сері өзінің «Майдақоңыр» әнін Азияның Барысына арнады деген сіздің тұжырымыңыз. Өйткені маған басқадай жайт мәлім. Ақан дүлдүл, бұл әнді XIV ғасырдың аяғында 27 елді қаусатқан билеушіге емес, өзінің замандасы Әмір Темірге арнаған.
Жә… енді осы адамның кім екенін айтайын: ол атақты шонжар Шорман бидің немересі; Баянауланың Ақкелін болысындағы ауылында мұсылманша сауат ашып, Омбы қаласында бірнеше жыл орыс мектебінде білімін көтерген; яки өз заманының алдыңғы легіне шыққан білімпаз азамат. Оның некелі қосағы – Шоқан Уәлихановтың туған інісі Сақыпкерейдің қызы, есімі Бәдиғұлжамал, ерекше сұлу жан. Ақан сері Қорамсаұлы осы бойжеткенге ерекше ғашық болған. Қыз да Ақандай өнерлі жігітке кетәрі болмаған сынды. Ақан сол сұлуға арнап қазірде дүйім жұртқа мәлім «Ләйлім», «Ақтоты» әндерін шығарады. Алайда, қазақшылық жол-жоба жеңіп, Бәдиғұл сұлу Шорманның кенжесі Әужанның ауылына ұзатылады. Сірә, сұлу қалыңдығын қимаған тәрізді, Ақан сері сол жазда Баянаулаға іздеп келіп, жас отаудың тура өзіне тоқтайды. Әмір-Темір сері қонағын бір ай құрметтеп, ерекше күтеді, екеуі бірін-бірі түсініп, ақырында құшақ айқастырып, өмірлік дос болып айырылысқан-мыс. Сол ауылдан аттанарда сері, Исраил, інім ілгеріде бір шумағын келтірген «Майдақоңыр» әнін шырқап, осы әнімді ерлі-зайыпты екеуіңе байладым, бақытты болыңдар!» деген-міс.
Шынында да осы тартудың бастапқы жолы «Жігіттің падишасы Әмір Темір» деп басталуынан-ақ оның жер-жаҺанды қан қақсатқан әскери қолбасшыға емес, өнер-білімімен өз қатарынан озған азаматқа арналғанын аңдау қиын емес…
Сөйтсе де осы ойымды мен жұртқа мәлім нақты деректермен бекітемін.
Жоғарыда мен айтқан жайт 2008 және 2010 жылдары жарық көрген Серік Жақсыбаевтың «Қаржас ұрпақтары» және ағайынды Д. мен Б. Біләловтардың (екеуі де Шорман бидің бертіңгі перзенттері) «Қаржас шежіресі» кітаптарында нақты жазылған. Сол кітаптарда Әмір Темір Шормановтың оқыс ауырып, жасаң жігіт шағында кенеттен опат болғаны жазылған. Оның артында екі перзент – Нариман, Аспандияр (осы жігіт Кеңес заманында ауылшаруашылығының аса ірі ғалымы атанған, фамилиясы Шорманов) есімді екі бала және бір қызы қалыпты, олардың да ұрпақтары өсіп-өнген-міс.
Мен осы деректерге академик Қ.И.Сәтбаев туралы Баянауылға жиі барып, сол елдің тарихын қазып жүргенімде кезіккен едім. Ақан сері Қорамсаұлын соншама қызықтырған Бәдиғұлжамал сұлудың бергі, Кеңес заманындағы тағдыры мүлдем аянышты. 1928 жылғы қазақ байларын тәркілеу кезінде баянауылдық белсенділер оны түрмеге қамап, «Шорман бидің әулеті тыққан қымбат қазынаны сен білесің, соны көрсетесің…» деп күні-түні дүрелеп, қайран сұлу ақырында түрмеде мерт болған.
Бәдиғұлжамалдың әменгерлік дәстүр бойынша қосылған ері Шорман бидің немересі Сәдуақас мырза Мұсаұлы. Сол ерінен ол 1901 жылы қыз бала көріп, есімін Нафиға атайды. Ол да шешесіндей сұлу, ерке қыз атанып ержетіп, Омбы шәрінде орысша оқыған. Мен бертінде осы сұлудың өзі және сүйіп қосылған ері ескі зиялы, Том университетін 1916 жылы тәмамдап, адам дәрігері мамандығын игерген, Алаш партиясының белсенді мүшесі Асылбек Сейітов. Ол Баянауылда, Қарқаралыда дәрігер болып еңбек етуден соң 1923-1937 жылдарда Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау бөлімін басқарған. Амал не, ол да сол кездегі «Халық жауларын іздеу» науқанында екі інісімен бірге атылған. Нафиға сұлу сол қазаны көтере алмай, жүрек талмасынан мерт болған. Тәубе дерлік гәп: оның Роза және Клара есімді екі қызы аман қалып, Шормановтардың тәрбиесінде өсіп, бертінде отбасын құраған. Мен Сейітовтер мен Шормановтар әулетінің бертіндегі шерлі тарихын арқау етіп, деректі хикаят жарияладым (2014 жылы жарық көрген
8 томдық «Шығармалар жинағымның» 2-томы).
Ескерту парыз: жастай сөнген Әмір Темір ғана емес, оның бертіңгі уақыттағы туыстары мен ұрпақтарының шерлі тағдырын нақты білгендіктен де Исраил Сапарбай әріптесімнің жаңсақ баяндауына түзету жасауды жазушылық парызым деп білдім. Сөйткеніме Исраил інім түсіністікпен қабылдар деген ойдамын.
Медеу СӘРСЕКЕ.
Семей.