Темір + махаббат = темір махаббат!
23.12.2022
386
0

Бүгін күн қатты аяз. Ауа күндіздің өзінде -25° көрсетіп тұр. Биыл көлікке қолы жеткен Дәлөк күніне екі-үш рет шығып, іші-сыртын аязға қарамай сүртіп, ырқына салса, жарты күнін сол көлігінің жанында өткізуге бейіл. Бүгін балалар да, Жәмиғаш та сыртқа шықпаған. Олар сыртта аяз дегенді естігендері болмаса, тысқа шығып, бетті қарыған аяздың шымшуына түспеп еді. Бір кезде Жәмиғаш:
– Әй, Дәлөк! Күн аяз ба? – деп сұрағаны сол еді, күні бойы «осы сұрақты қойса екен» деп дайындалып жүрген Дәлөк:
– Немене, мені казгидромет деп пе едің? – деп шап етті. Өзінше керемет жауап бергендей өз-өзіне риза болды. Әрі Дәлөк әйелінен бұрын, шақырған қонаққа сақадай-сай болып киініп алған. Шыттай киініп, айнаның алдында шіреніп тұрған Дәлөктің бұл тұрысынан әйелі ішінде жатқан шайтанын бірден оқып қойды. Әрине, 15 жыл бір үйде тұрып жатқан Жәмиғаш осы уақыт аралығында Дәлөктің іші-сыртын оқып, әр қимылынан не ойлап тұрғанын біледі. Қысқасы, Дәлөктің сәуегейі Жәмиғаш қой.
– Әй, шыттай киініп алыпсың. Адам сияқты барып, адам сияқты қайтайық. Ішімдікке тойып алып, шошқа сияқты үсті-басыңа тамақты ағызып, қорсылдап мазаны алма, – деп байының бойындағы шайтаны мен аузына байлау салды. Жәмиғаштың бұл сөзі Дәлөкке жаға қоймағаны анық. Ауа-райына қиқарланып, қыңыр жауап беріп тұрған Дәлөк:
– Жәмиғаш, сен қызықсың! Үйде бір дем алайын десем бір шишаны қимай, құнын айтып, құлақ етімді жейсің. Мынау су тегін арақ қой, ішіп-ішіп алмаймыз ба?! Удай қымбат уды кім бізге тегін береді, – деп мырс етіп, миығынан күлді. Бұл қылығы әйеліне жақпағаны анық. Соңғы 10 жылда Дәлөктің «ай» дейтін ажасы да, «қой» дейтін қожасы да Жәмиғаш қой:
– Сен тіл мен жағыңа сүйенбей далаға бар. Күннің райын біліп кел. Үстіме курткамды киемін бе, тонымды киемін бе? Соны білмей тұрмын, – деп Дәлөкке бажырая қарады. Сыртқа шығып бара жатып Дәлөк:
– Күннің аязын тіл, жағыма сүйен­бесем, қайдан білемін, – деп күңкілдеп шығып кетті.
Опа-далаптарын жағып, қас-кірпігін қайқайта қайырып, боянып-сыланып, мойны мен саусақтарына алтындарын тағып, айнаға қарап, ұзақ тұрып қалған Жәмиғаш кенже ұлына айқай салды:
– Әй, Шаншар! Анау әкең қайда жоғалып кетті?! Барып қарап келші. Қонаққа кешігетін болдық қой. Күннің райын білемін деп Арктикаға кетіп қалған жоқ па?! – Шаншардың іздегені де сол еді. Әкесімен құрдасындай қалжыңдасып, реті келсе шешесіне сөз айқасында жығып беріп қарық болатын. Оның да іші бір қызықты сезген болуы керек, тысқа жүгіріп шықты.
– Әке, әке! – деп дауыстаған Шаншар әкесінің аузы қанға бөгіп, ақ қардың беті қып-қызыл қанға боялғанын көріп, біраз тұрды да, үйге жүгіре кірді. Үйге кірген Шаншардың жүзі бір «сұмдық хабар» беріп тұр еді.
– Мама, мама, қан-қан – деп жан­ұшыра кірген кенже ұлдың дауысынан залда теледидар көріп отырған басқа балалары да, Жәмиғаш та үрейлене есікке ұмтылды. Шаншар үнсіз тұрып қалды. Енді шешесі Шаншарға айқайлады.
– Не болды, неге үндемейсің? – деп оны жұлқылай жөнелді.
Ұлы:
– Әкем көлікке жабысып қалыпты, – деді қайта сыртқа жүгірді. Түсте ғана үлкен ұлы жолда бір адамды бүгін көлік қағып кеткенін айтып отырған. Қазіргі жастардың жаргон сөзі көп қой. Жас кезінде сүйіп қосылған Дәлөгінің көлікке жабысып қалыпты дегенін естіген Жәмиғаш есі шыға, балаларының соңынан тысқа жүгірді.
– Құдай-ай, саған не жазып едім? – деп айқайлап, Жәмиғаш та көліктің қасына жетті. Байының амандығына көзі жеткен соң Жәмиғаш Дәлөкті нұқып қалды да:
– Әй, әпенде, неге үнсіз тұрсың?! Сен де, иттің баласы, өлтіретін болдың ғой, – Шаншарды желкеден түйіп-түйіп жіберді. Қылығына қарқ болған Шаншар:
– Мен көргенімді ғана жеткіздім. Көлік есігінің тұтқасына әкем жабысып тұр ғой, – деп Шаншар сырт айнала беріп, мырс-мырс күлді.
Сыртқа шыққан Дәлөк көлікті оталдырып, көлік ішіндегі жылуды анықтамақ болады. Ескі көліктің есігі кілтпен ашылады. Содан есіктің тұтқасының кілт сұғар ұяшығын аузының демімен жылытпақ болған ол жақын үрлеймін деп суланып тұрған еріні жабысып, соңында тілі жабысып, аязда 30 минуттай тұрып қалады. Күп боп ісіп кеткен тілін, ыстық су құйып жүріп, бұрқылдап, долданған Жәмиғаш Дәлөкті көліктен зорға ажыратып алды. Тілінің темір тұтқаға жабысқан жерінің бір қабат терісі сыпырылып, аузы түгел қызыл қанға боялған. Дастарқан басында Дәлөк үнсіз отырды. Құйған арақты да, салаттан да жей алмай қор болды. Бұл отырысы Жәмиғашқа әбден ұнады. Өзі қызыл шараптан ұрттап қойып отыр. Дәлөктің бұл отырысына таңғалған үй иесі:
– Дәлөк, саған не болған?! Аузын буған өгіздей үнің шықпай қалыпты ғой. Не ішпейсің, не жемейсің, – дейді. Оған жауапты Жәмиғаш өзі берді.
– Бұл ма?! Өзіне-өзі жасап отыр, – деп құрдастарына қарап, қарқ-қарқ күлді. Бұны түсінбеген құрдастары бірінен соң бір Жәмиғаштың аузына қарап «не болды, не болды?» деп сұрауларын үдетеді.
Жәмиғаш даналық сөз айтатындай, тамағын біраз кенеп алып:
– Ой, несін сұрайсыңдар. Бұны махаббатымен сыртта сүйісіп тұрған жерінде ұстап алдық. Құмартқаны соншалық, тілі жабысып қалыпты. Жабысатындай да болыпты. Даладағы -27° аязда жарты сағаттай сүйіскен ғой. Ол жабысқанын әлгі Шаншар жүгірмек құбылта жеткізіп, үрейімізді ұшырды емес пе. Жәмиғаш Дәлөкті құрбыларының алдында «қиратып» салды. Жәмиғаш кешкі болған жағдайды асықпай, мәнді әрі сәнді етіп, арасында күлкілі болу үшін өңдеп-өңдеп соққаны-ай. Дәлөктің құрдастары мен әйелдері күлкіге бір тойғаны-ай. Тілек арасында да, сөз арасында да құрдастары «Дәлөктің махаббаты Ләйлі мен Мәжнүннен де мықты екен» деп қыран-топан күлкіге қарық болды. Сонымен Дәлөк пен Жәмиғаш қонақтан үйге қайтты. Түнгі аяз бағанағыдан да қатая түскен. Көлік ішіндегі суық -31° көрсетіп тұр. Есік алдына келіп тоқтады. Көліктен шығып бара жатқан Жәмиғаш Дәлөктің көлігін сипалақтап кідіргенін байқап:
– Не, бүгінгі зәремізді алып махаббатыңды жарты сағат сүйгенің аз болды ма, құшырың қанбаса, құшақтап жат, – деп саңқ-саңқ күледі. Қонақ бойы шыдап отырған Дәлөктің шыдамы таусылып, аузынан түкірігін шаша:
– Зәмиғ-ғас, сссені м-е, – деп сақаулана бірдеңе дей беріп еді Жәмиғашта қалыс қалған жоқ:
– Әй, бураға ұқсап тіліңді аузыңнан салақтатып, көбігіңді шашпай, жүр үйге, – деп бұйырды.
Сағат тілі таңғы 07:00 көрсетіп тұр. Әдетінше таңғы шайға бәрінен бұрын Дәлөк тұрды. Бұл – осы шаңырақтың ешкім өзгерте алмас тәртібі еді.
Дастарқанда қуырылған жұмыртқа, ауылдан келген кілегей мен бал, қоспа мен талқан, мейрамхананың үлгісімен үшбұрышталып туралған ақ пен қара нан. Әркімнің алдында тарелка мен шанышқы, қасық, пышақ, ауыз сүртетін ақ қағазға дейін дайын. Қаймақ қосылған қызыл күрең шайын енді ұрттай бергені сол еді:
– Мынауыңның тұзы аз ғой, – деп шаңқ ете түске сөзден Дәлөк ұрттап отырған шайына қақалып қала жаздады. Дереу алдындағы жұмыртқаның дәмін татып еді, сәл тұзы аздау екен. Шаңқ ете түскен қатынына бажырая қарап:
– Тұзды аз пайдаланған денсаулыққа тиімді, – деп күңк етті.
Әйелі:
– Не, енді бізге тұзсыз ас іш демексің бе?! – деп саңқ ете түсті. Үстел басында отырған үш ұлда да үн жоқ. Бәрі көздерінің астымен әліптің артын бағып отыр. Тек кенже ұлдары жымың-жымың етіп әкесі мен шешесінің әр жауабын аңдуда.
Жұмыртқасын қуырып, шайын қайнатып, дастарқанын таңмен жайнатып қойса да, еңбегін еш қылған қатынына қаны қайнап, Дәлөк іштей ызаға булықты.
Кешке Дәлөк бәрінен үйге жай оралды. Кешкі асқа әйелі керемет етіп кеспе көже дайындап қойды. Барлығы үстелге жайғасты. Тек Дәлөк қана кешікті. Жәмиғаш:
– Дәлөк, бір жерден ауқаттанып келгенсің бе? – деді.
– Маған далада кім ас дайындап қойып­ты.
Әйелі:
– Жүр, онда асыңды іш, – деп үстелге шақырды.
Ашулы Дәлөк:
– Жоқ, тойып тұрмын. Рақмет, – деп бұрылып кете барды.
– Неменеңе тойып тұрсың? – деді Жәмиғаш.
– Таңғы астан бері ұлың екеуің тойдырдыңдар ғой, қазір кекірік атып тұрмын. Енді үстелге отырсам құсып қоямын, рахмет! – деп жатын бөлмеге кетіп қалды. Әйелінің ең бір дәмді пісіретін асы – кеспе көже еді. Жиі болмаса да барлығы құшырлана, сүйсініп ішетін асы еді. Бұның бәрін өзінің жуас­тығы мен жұмсақтығынан да көрді. «Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» қамыққан Дәлөк түнді дөңбекшіп, ұйқысыз өткізді.

 

Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір