Сыр ақын жайлы сырлы кеш
15 маусым күні Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Александр Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтың
95 жасқа толуына орай кеш өтті.
Ақынның ұлы Қасым Мәуленовтың бастамасымен ұйымдастырылған кешке Мәуленовтер әулеті мен зиялы қауым өкілдері жиналды. Кеш шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ашып, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Есенғали Раушанов Сырбай Мәуленовтың өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндама жасады. Қаламгер, сатирик Мыңбай Рәш жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, қаламгер, сыншы Ғаббас Қабыш та Сырбай Мәуленов жайлы естелік айтты. Сырбай Мәуленовтың ұрпақтары мен туыстары да сөз сөйледі. Жасөспірім балалар Сыр атаның өлеңдерін жатқа оқыды, олардың арасында Сыр ақынға өлең арнағандары да болды. Кеш «Дала media» шығармашылық орталығы ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласып, Қазақстан ұлттық арнасымен бірлесіп түсірілген Сырбай Мәуленов туралы деректі фильм көрсетілді.
Ақынның кешіне орай Б.Н.Ельцин атындағы Ресей президенттік кітапхананың бас директоры, Заң ғылымының докторы, профессор, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі. Александр Вершинин, Бүкілресейлік сыртқы сауда академия профессоры, Ресейдің Еңбек сіңірген заңгері В.Шумилов, Мәжіліс депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, Астана қаласындағы №37 С.Мәуленов атындағы мектеп директоры А.Сегізбай, Қостанай қаласындағы №24 мектеп директоры Б.Кушмурзин құттықтау хат жолдады.
Кеш соңында Қасым Сырбайұлы әкесінің шығармашылығын насихаттап жүрген азаматтарға алғыс хат беріп, сыйлықтар табыс етті.
Ж.АДЫРБАЙ,
ХАТУ-дың 1 курс студенті.